Жүйке жүйесіне жалпы шолу

Жүйке жүйесі (systema nervosum) ағзада тарихи ұзақ даму нәтижесінде қалыптасқан. Эволюциялық даму кезеңінде де жануарлар сияқты адамдар ағзасындағы жүйке жүйесінің құрылысы мен қызметі сыртқы ортаның түрлі құбылыстарына байланысты өзгеріп, күрделеніп отырған. Өйткені ағзаның сыртқы ортаға үнемі бейімделуі қажет болды. Осыған байланысты кез келген тірі мақұлықтың тіршілік етуі үшін өзінің айналасындағы сыртқы және ішкі ортамен, яғни, денедегі мүшелердің қызметтерімен тығыз байланыста болуы керек. Сонымен бірге олардың мүшелері мен ұлпалары өзара тұрақты байланыста болып, күрделі физиологиялық жұмыс атқаруына тура келеді. Бұл жағдайлар сөздің пайда болуына байланысты адам баласы да өте жоғары дәрежеге көтерілген, Адамдар көрмесе де сөз арқылы сол нәрсенің бейнесін, мазмұнын түсіне білді. Олар естігенін есте сақтауға бейім болады.

Әрбір мүше, әрбір мүше жүйелері өз алдына бет-бетімен, тәртіпсіз қызмет етпеуі үшін адам денесінде оларды бір мақсатта ретке келтіріп, басқарып тұратын арнаулы жүйе қалыптасқан. Бұл – жүйке жүйесі.

Жүйке жүйесінің маңызы мұнымен бітпейді, ол адамның қимылын реттеп, адамның психологиялық құбылысын да басқарады. Ес, ақыл, ой, қалау, ынта, талап, құмарлық, күйіну, сүйіну, қайрат, көңіл және сана, ерік, көргенді білу, сөзге түсіну, әр түрлі әдеттердің қалыптасуы, өмір-тұрмыс өзгерісіне бейімделу деген секілді жағдайлардың барлығы да жүйке жүйесінің үлесіне тиестін іс-әрекет.

Денедегі көптеген мүшелердің бағзы біреуінің жұмысы жүйке жүйесімен басқарылмай қалса, сол үлескіде ауру пайда болады. Мысалы, бауырдың қызметін алайық. Бауыр – негізінде өт бөледі. Өт ұлтабарға құйылып, астағы майды ыдыратып, оның уытталуына жәрдем ететінін жоғарыда баяндадық.

Адам өте майлы ас жегенде жүйке жүйесінде қандай құбылыс болатынын қарастырып көрейік. Әр түрлі рецепторлардың жәрдемімен мидағы асқорыту орталығына бауырдың өтті мол бөлуі хабарланады. Ал бауырдың кенеттен мол өт бөлуге мүмкіндігі болмай қалады, сондықтан қарындағы майлы ас (мысалы қуырдақ) қорытылмағандықтан денеге сіңбейді. Бауырдың іс-әрекеті бұзылып, ауруға шалдығады. Жүйке жүйесінің мүлтіксіз қызмет атқара алмауынан денеде басқа да аурулар, міне осылай дами береді.

Адам айналасындағы табиғатпен де жүйке жүйесі арқылы байланыс жасайды. Жүйке жүйесі сыртқы табиғи әсер мен ағзада болып жататын әр түрлі өзгерістерді сезім мүшелері арқылы адамның талдап түсінуіне мүмкіндік туғызады.

Жүйке жүйесінің қызметтері бұзылса, адам айналасындағы жүниені түсіне алмайды. Ондай адамдар кейде сал ауруларына ұшырап, қимылсыз қалады. Адамдардың кейде жақсы мен жаманды, алыс пен жақынды ажырата алмауы, ұятсыздыққа баруы, кейде тамақ ішудің қажеттігін түсінбей қалуы – ми қызметінің бұзылуы нәтижесі. Бұл – қауіпті жүйке ауруы. Халық ондай адамды «ақылынан азған, есалаң» немесе «жынды» дейді.

Жоғарыдағы қысқаша шолудан-ақ жүйке жүйесінің адамның барлық тіршілігін ішкі және сыртқы ортаның өзгерулеріне лайықты бейімдеп, ретке келтіретінін білдік. Ағзаны сыртқы ортамен байланыстырып, оған бейімдеп отыратын жүйке жүйесінің әрекеті жүйке жүйесінің жоғарғы дәрежелі қызметі болып табылады. Ал тек қана денедегі мүшелердің қызметін ғана реттеп, келістіретін және басқаратын жүйке жүйесінің әрекеті жүйке жүйесінің төменгі дәрежелі қызметі деп аталады. Жүйке жүйесінің мұндай қызметтері физиология пәнінде толық өтіледі.

Жұлын, ми және жүйке талшықтары аса күрделі жұмыстарды басқарып, реттейтін жалпы жүйке жүйесі болып табылады. Жүйке жүйесі морфологиялық құрылысы мен қызметтеріне қарай, сондай-ақ дененің қай мүшелерін жүйкелендіруіне байланысты үш бөлімге бөлінеді.