Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің қазақ әдебиетіндегі алатын орны

Бір кезде қолдан еріксіз шығып кетіп, ойда жоқта қайта оралған тәуелсіздік ата– бабаның аңсаған арманы, бұрынды –соңды төгілген киелі қандардың өтеуі екені рас. Бірақ біз осы бостандыққа жан- жақты дайындықпен, кескілескен саяси күреспен жеттік десек ,асыра айтқандық болар еді. Әділетке жүгінсек , баяғы Алаш қозғалысынан кейін бізде ұлт азаттығын ұран ғып көтерген бірде –бір партия, не ұйым болған емес. Отызыншы жылдардағы аштық апаты мен сталиндік репрессияның қазаққа батып кешкені сонша, зиялы қауым ендігі жерде ошаң етіп бас көтеруден қалған. Бертінде өзге халықтар арасынан Кеңес билігіне наразы неше алуан дисидент тер шығып жатқанда, қазақ қауымының тым – тырыс жатуы-соның бір дәлелі. Мұндайда бет – жүздік етіп айтарымыз — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ғана. Бұл оқиға рухани сілкіністің басы болғаны рас. Бірақ ол да арыдан келе жатқан саяси күрестің сарабдал нәтижесі емес. Кремльдің шектен тыс дөрекілігінен туған стихикалық қозғалыс болатын.

Осы бір айдай ақиқатты еске алып тұрған себебіміз бұл әңгіменің дәл бүгін алпысқа толып ел құрметіне бөленіп отырған, Мемлекеттік сыйлықтын лауреаты, « Түрік дүниесіне қызмет» атты халықаралық сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауинге тікелей қатысы бар.

Сөзіміз түсінікті болу үшін сонау алпысыншы жылдардың екінші жартысына бір сәт ой жіберіп көрелікші. Мұхтар Әуезов дүниеден өткен соң, әдебиеттегі реалистік, халықтық бағыттың туын ұстайтын, көш бастар дара тұлға табылмай, рухани дүниеміз бір мезет күңгірт тартып қалғаны естеріңізде шығар. Бір мезетте қатар

жарық көрген Есенберлиннің тарихи романдары мен Мағауинның зерттеу еңбектері үлкен бетбұрыс, рухани «жарылыс» жасады  десек асыра айтқандай болмас. Көне тарих қойнауын ақтарып, ескіні еске түсіретін бұл шығармалар халықтың үзіліп қалған зердесін қайта жалғады. Қазақтың іргелі ел болғанын, мәдениеті, әдебиеті болғанын бүгінгі ұрпақтың есіне салып, ұлттың еңсесін көтерді. Дәл осы тұста бұған дейін тиым салынып келген тағы  бір тақырып бой көтереді. Ол — шет елдегі қазақтар тағдыры. Басқа бір империяның тепкісінде жатқан қандас бауырларының ауыр халін аңсаған арманын кітаптан оқығанда, мұндағы жұрт өз бейнесін айнасындан көргендей әсер алғаны анық. Бұл тақырыпта тұтас бір романдар циклін жазған қаламгердің кім екенін айтпасам да, жұрт оны басқа ешкімен шатастырмайды. Өйткені, ол көп емес, бір-ақ адамның есімімен байланысты. Ал осы жылдары М.Мағауин жетектеп әкеліп, әдебиет төріне отырғызған Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетай мұраларының әсерін тілмен айтып жеткізу қиын. Ең ғажабы, жыраулар поэзиясында әлі ешкімге құл болмаған азат көшпендінің айбынды үні жатыр еді. Сондықтан да қалың жұртшылық бұл шығармаларды тарыққанда тандай жібітер тіршілік нәріндей қабылдады. Мағауин туралы сөз болғанда жырауларға соқпай өту күнә. Бір сәт жырға кезек берелікші. Естеріңізде бар ма, Доспамбеттің:

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым, өкінбен.

Толғамалы ала балта алып,

Топ бастадым, өкінбен.

Тобыршығы биік жәй салып,

Дұшпан аттым, өкінбен.

Тоғынды сарты нар жегіп,

Көш түзедім, өкінбен!

немесе Шалкиіздің:

Қоғалы көлдер, қом сулар,

Кімдерге қоныс болмаған.

Саздауға біткен сарыағаш

Кімдерге сайғақ болмаған.

Жағына жалаң жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған.

Жағы түкті жылқы айуан

Иесін қайда жаяу салмаған

деген өзекжарды өкінішін сезінгенде, немесе Ақтамбердінің:

Күлдір де күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз.

Күдеріден бау тағып,

Кіреуге киер ме екенбіз…

Тобылғы сапты қамшы алып,

Тұмар мойын ат мініп,

Қоныс та қарар ма екенбіз!

Ел жазылып жайлауда

Жақсылар кеңес құрғанда,

Мұртымыз көкке шаншылып,

Бұрын да сөйлер ме екенбіз!

дейтін арманға толы жолдарын оқығанда көзімізге мөлтілдеп жас келмеуші ме еді?! Шүкір, осының бәрі текке кеткен жоқ. Бұл күнде азат болдық «Мұртымыз көкке шаншылып» бұрын сөйлер күйге жеттік.

Мұхтар Мағауин орта ғасырдағы жыраулар поэзиясынан небәрі жиырма алты жасында диссертация қорғады. Сөйтіп, академик апара алмай жүргенде, жас ғалым ол шекті үш ғасыр ғалымдарымыз қазақ   әдебиеттінің тарихын Бұқар жыраудан ары жылжытты. Университеттің ғылыми кеңесінде өткен бұл қорғаудың қандай табысқа жеткені әлі көз алдымызда. Бүкіл халықтық мерекеге, әдебиеттің тойына айналды. Бірақ, амал не, кезінде әдебиеттану ғылымына дүбірлі бетбұрыс жасаған сол еңбекке, қатып қалған қағида бойынша, небәрі кандидаттық қана дәрежеге берілді.

Жалпы, тарихқа, әдебиетке қатысты зерттеулерге Мұхтар одан кейін де ат ізін суытпай қатысып келеді. Ал оның Абай айналасындағы ақындық дәстүрді жіті зертей жүріп, Шәкәрім сынды тұлғалардың шығармасы түгіл, атын атау мүмкін болмай тұрғанда солардың өлеңдерін орысшаға аударып, «Қазақ поэзиясының антологиясы» деген атпен, 1978 жылы Ленинградта бастырып шығарған ерлік еңбегін бұл күндері алғыспен еске алмасқа хақымыз жоқ.

Әдетте, мүшелтой кездерінде той иесіне мадақтаулар көп айтылып жатады. Алайда бүгінгі сөздің жөні басқа. Өйткені Мұхтар Мағауин біреулердің көтере мақтауына, абырой асырып, атақ шығаруға зәру боп жүрген жазушы емес. Мұхтарды оқушы жұртшылық онсыз да жақсы біледі. Оның шығармалары туған халқының санасында, әр үйдің кітап сөресінде. Біздің міндетіміз- жазушының өмір жолын, әдебиетке сіңірген еңбектерін қайталап еске салу қажет.

Көркем әдебиетке әркім әрқалай жолмен келеді. Біреулер өмірде бастан кешкені, көрген — білгені көп болып, жүре келе сол қазынасын жұртпен бөлісуге талпынды. Енді біреулер ұзақ жыл баспасөзде істеп, қалам қызметіне бірте- бірте машықтанып, бойы үйрене келе әдебиеттің қонақжай ауылына ат басын бұра салады.

Жазушының бұлайша ерте қанаттануына сенімді себептер бар.

Мағауиннің туған жері бұл күнде әдебиеттіміздің Меккесіне айналған

Абай ауылымен қоныстас. Бақалас бойы шежірелі Шыңғыстаудың күнгейі қашан мектеп бітіріп, алыс астанаға аттанғанша, қазақтың көне  көз қарияларының бірі, атақты атбегі Мағауия ақсақалдың тәрбиесінде өскен зерделі баланың естіп- білгені, сүтпен бітіп, сүйекке сіңген дүниесі аз болмаса керек. Бұл жағынан Мұхтардың жазушы болмасқа

қақысы жоқтай. Бұдан ары оны адамтану ғылымының ұзақ сапар жолы күтіп тұрды. Ізденіске толы студенттік жылдар, аспирантура, диссертация қорғау, осының ара- арасында прозалық шағын жанрында қалам ұстарту, баспагерлік, педагогтық жұмыстар. Міне, былай қарағанда, кедергісіз төте жолдай көрінетін, шын мәнінде, ізденіске, мехнатқа толы жазушы соқпағы осындай.

Әдетте, жоғары оқу орнын бітірген немесе ғылыми дәрежесі бар қаламгерді әдебиетке мол дайындықпен келген деп жатамыз. Өз басым бүгінгі қазақ қаламгерлері арасында жастайынан батыс пен шығыс әдебиетін көп оқып, мол қаныққан, сол арқылы шығарма жазудағы балаңдық, шәкірттік кезеңді барынша қысқартқан, ілім- білімге жетік жазушы деп Мұхтарды бөліп айтар едім.

Мағауин — ең алдымен прозашы, үлкен романист. Әдебиетке араласқан қырық жылға жуық уақыт ішінде жазушы қаламынан, ғылыми еңбектерін есепке алмағанда, ондаған әңгіме « Тазының өлімі», «Қара қыз», «Бір атаның балалары» сияқты повестер, «Көк мұнар», «Көк балақ», « Аласапыран», « Сары қазақ», «Шахан сері» романдары және «Мен» атты мемуар туды. Бұл аз ба, көп пе? Кейбір жазғыштармен салыстырғанда, жұпыны көрінуі де ықтимал. Бірақ, жазушы еңбегі ешқашан санмен өлшенбейді.

Мүшелтой үстінде жазушы қаламынан туған шығармаларды бас басына талдау міндет емес. Кезінде соның қай- қайсысы да жұртшылық жүрегіне жол тапқан, әдеби сыннан әділ бағасын алған дүниелер. Мұхтарды кең құлашты романист ретінде танытқан, бүгінде дейінгі көркемдік ізденістерінің биік шыңы саналатын бас кітабы-

«Аласапыран» диологиясы. Көтерген тақырыбының бұрын із түспеген сонылығы жағынан болсын, жазушы шеберлігінің биікке жол тартқан кемелдігі жағынан болсын, бұл роман- әдебиетімізге үлкен олжа салған шығарма.

 Әрине, «жалғыз шапқан ат жүйрік» дейтін емес, бізде әр жылдар. жарық көрген тарихи шығармалар жеткілікті. Ашығын айтсақ, солардың көпшілігі- қатып қалған схема бойынша, Қазақ КСР тарихының көне оқулығына иллюстрация түрінде жазылған дүниелер.

Тәуелсіздіктен кейін тағы бір ұшқарыққа тап болдық. Тарихи фактілерді белінен басып, әркім өз ұлысын, өз ата-бабасын дәріптейтін татымсыз кітаптар көбейді. Мен бір мақаламда «Аласапыранды» қазақ прозасындағы ұлы романдардың бірі деп атағам. Қазір де сол пікірдемін.

Сонау Алтын Орда, Ноғайлы дәуірінен бергі қазақ хандығының тарихын терең зерттеген Мұхтардың мол білімі мен суреткерлік шеберлігі «Аласапыранда» жақсы үйлесім тапқан. Көз алдыңыздан XVI ғасырдағы қазақтың азат даласы, Ібір- Сібірдегі Көшім хандығы, мұнаралы Мәскеудегі орыс патшалығы ретімен тізіліп өтіп жатады. Хан ордасы деген не? Хан кім, қалға кім? Алаш бегі, ұлыс бегі  деген

кімдер? Батыр , би, сұлтан, оғлан дегендер не міндет атқарады? Олардың ішер асы, киген киімі, асынған қару-жаруға қандай? Разы болатынымыз: жазушы осы сұрақтардың ешқайсысын айналып өтпей, белінен баспай, білгірлікпен дәл суреттейді.

Сондай-ақ, сол дәуірдегі Ресей патшалығының ішкі- сыртқы саясаты, таяу болашақта Шығыс Еуропа мен жарты Азияның қожасына айналғалы тұрған елдің жан-жаққа өлермендене созған ашқарақ қолы, Мәскеудегі тақ үшін тартыс, бәрі-бәрі де романда өз бейнесін тапқан. Сүйсінерлігі, осыншама мол материалды қамтыған қос

томды кесек — шығарманы оқығанда, шұбалаңқылық, не оқиға селкеулігі сезілмейді.

Себебі, соның бәрі де бас қаһарман Ораз-Мұхамет тағдырына қатысты түрде, негізгі желіге көгенделіп берілген.

Жалпы Ораз – Мұхамет бейнесі- өзінің қайталанбас трагедиялық

болмысымен оқушы айнасында өшпес із қалдыратын, қазақ прозасында бұрын- соңды ұшыраспаған, классикалық деңгейдегі, аса айшықты тұлға. Тағдырдың айдауымен жат ортада жүрген осы бір асыл текті азаматты жан тартып, жақсы көріп кететініз сонша, роман соңында оның қазасы суреттелетін беттерді көзге бас алмай, тебіренбей оқу мүмкін емес.

Жаңылмасам, жетпісінші жылдардың соңын ала, Мұхтар Мағауин бір топ әдебиетшілермен бірге « дөңгелек үстел» басында  отырып: Қазақ романы XX ғасыр соңында дүние жүзін жаулап алады деген болжам айтып еді. Жазушының сол болжамы орындалды дейміз бе, әлде сәуегейлік күйінде қалды ма?

Біздің ойымызша, Мұхтардың бұл сөзі де шындықтан тым алшақ кетпеген секілді. Бұл күнде қазақ романы озық елдер әдебиетін қуып

жеткені рас. Ал кітабымыз дүние жүзін «жаулап» алмаса, оған қазақ романы жазықты емес, асылымызды таныта алмаған кінә өзімізде. Қазір дүниеде шекесі шылқып тұрған әдебиет бар ма?

Сонымен, алдымызда жаңа ХХІ ғасыр тұр. Ол бізге жаңалық болғанымен, арыдан келе жатқан қазақ халқы мен қазақ әдебиеті үшін

көп бекеттің біріндей ғана. Көш керуені әлі тоқтаған жоқ. Соның алдыңғы легінде көш бұйдасын соза тартып Мұхтар Мағауин кетіп барады.[2; 24-25 бет]

М.Мағауин XV-XVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын зерттеген.   Содан кейін Қазақ ССР ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болған. ХҮ-

ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген қазақ ақын- жырауларының бір томдық жинағы «Алдаспанды» шығарды. Ең алғашқы 1958 жылы жарық көрген « Қобыз сарыны» деген әдеби зерттеу кітабы әдебиетіміздің тарихын үш ғасыр ары жылжытқан, қажырлы да қайратты еңбек болды. Шалкиіз, Қазтуған, Асан Қайғы, Бұқар жырау, Ақтамберді сияқты баба жырауларымыздың бүгінгі ұрпағымен қайта табысуына үлесі мол.

Халқымызға кеңінен танымал суреткер лайықты бағасын алған талант. Әу бастағы ғылыми зерттеулерінен «Әйел махаббаты», «Тазының өлімі», «Көк мұнар» тәрізді алғашқы жылдардағы көркем әдеби туындыларынан бастап түп- түгел оқырман назарында жұртшылық аузында. Көбінесе,ақындар пешенесіне ғана жазылған бұл танылмайдылық қара сөз шеберлерінің үркердей ғана тобының еншісі екені де шындық.