Батыр Баян” – Мағжан поэмасының шыңы

Қазақ тарихында үлкен орын алатын – жоңғар қалмақтарының шапқыншылығы. Халқымызға қасірет әкелген кезеңде өлімнің намысы мен жігерін, қаһармандығын жаңына қару қылып сермеген нар тұлғалы, арыстан жүректі айбынды батырларымыз жайлы жар да, аңыз да көп.

Халық санасында батырлығымен бедерленген сондай ерлердің бірі-Баян батыр. “Баян – артына аңыз да, нақты дерек те қалдырған тарихи тұлға , – дейді Өмірхан Әбдіманұлы өз еңбегінде [11,384 бет].

Ұрпақтарының айтуынша, Баян батыр 1700-1715 жылдар аралығында туған, 1757 жылы дүние салған. Әдебиеттанушы Қанарбаева Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданының тұрғыны, Баян ұрпағы Зейнолла Олжабаевтың аузынан батырға қатысты шежірелік дерек жазып алған. Сол дерек бойынша: “Баян – уақ руынан, Уақ – Шоға, Шәйкөз, Баржақсы, Жансары, Мұрат дейтін тайпалардан тұрады. Шоға – Баянның арғы атасы.Уақ руының біраз тайпалары Семей, Аякөз, Өскемен аймақтарын мекендейді. Тіпті Уақ тайпаларын Шу өзені төңірегінен, Баянауыл маңынан да, қала берді Ақтөбе төңірегінен де, Қытай мен Монғолиядан да кездестіруге болады. Уақ елінің ескі атамекені Қостанай мен Қызылжар қалаларының екі аралығындағы Обаған өңірі. Шоға –Баянның жетінші атасы. Шоғадан Байыс, Байыстан Қырғызәлі, Қырғызәліден –Мүлкіс, Мүлкістен – Қасаболат, Абылай, Алтыбай атты үш ұл бала, Қасболаттың үлкен ұлы Баян, кіші ұлы – Жарбол. Баяннан Бұлан, Бұланнан – Манабай, Манабайдан –Басшығұл (1842ж туған). Бастығұлдың Құлтабай, Жаныбай, Олжабай дейтін үш ұл баласы болды, Олжабай Бұдан он жыл бұрын дүние салды. Олжабайдың баласы Зейнолла қазір есен-сау. Солтүстік Қазақстанның Булаев ауданында жауапты қызметте. Құлжабайдың баласы Шер 19990 жылы қайтыс болды. Шеридің Қайырбек Қаһарман атты екі балалары Булаев ауданындағы Қарағанды совхозында қызмет істеп жүр”. [12,4 бет].

Қара шежіре Баянның Ер Көкше, Ер Қосайдың тікелей ұрпағы екенін айтады. Оның Әлкей марғұланда терісіне шығармайды.

“Батыр Баянның әкесі Қасболат, Қасболаттың әкесі Қарабас та Уақ елінің ноқта ағасы Шоғаға өте сыйлы адам болған деседі. Батыр Баянның өз ұрпақтарына ата санатсаңыз одан арғыларын да Жаубасарға дейін тереңдеп бере алады. І. Есенберлиннің “Жанталас” романында “Баянның арғы аталары монғолдан сіңген Салы, Аян дегендер еді”, – деуі негізсіз. Өйткені, Салы, Аян деген батырлар қазақтың да, монғолдың да тарихында болмаған, қиялдан туған адамдар, – деген дерек келтіреді Ерік Асқаров өз еңбегінде [6, 125бет].

Мағжан Баянға қатысты жазба мағлұматтарды жетік білген. Шығарманың көркемдік қуатын арттыру үшін шындықты  “бұрмалауға” да барған.

Поэма да басты кейіпкер – Баян батыр, оқиға Баян мен батырдың айналасы, Абылай хан, Ноян, қалмақ қызы арқылы өрбиді.

Баянның шыққан тегі мен нәсілін ақын былай суреттейді:

Арқада бір өзенді дер Обаған,

Сол жерде аз ғана Уақ қоныс қылған.

Уақтың ерте күнде өжет –қайсар

Ер Көкше, Ер Қосайдай ер болған,

Сол ері ерте күннің, Ер Көкшенің

Нәсілінен қайтпас алмас Баян туған. [1,32 бет].

Мағжанның поэмасындағы Баян батыр шынайы көркем образ. Біз поэмада ең алғаш Батыр Баян тұлғасын, сол кезде ел тұтқасын ұстап отырған хан Абылай сипаттауынан танимыз:

Қанайым, ойың ұдай, тілің шаян

Амал не, келген жоқ қай батыр Баян.

Көп жаудың албастысы, ел еркесі,

Баянның батырлығы алашқа аян.

Баянның аруақтықұр атынан

Көп қалмақ болмаушы ма еді қоқақ қоян?

Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат,

Баянсыз қанатымды қалай жаям?!

Би Қанай аттанбайды хан Абылай,

Келмеген қандыбалақ батыр Баян! [1,3 1 бет].

Қалмақтарға қарсы жорыққа жиналған кілең алып батырларды дәріптей өрнектейді де, досына бедел,жауына айбар, әйгілі ханның тек Баянды күттіріпқоюын ескертумен-ақ бас кейіпкердің ерен тұлғасын асқақ көрсетеді.

Абылай жауабын естіген Қанай батырларға келіп, Абылай сөзін жеткізеді:

Аяңдап батырларға қайтты Қанай,

Байлаулы бөрілерді аза қылмай,

Кестелеп сөзбен сипап айтты Қанай,

Күндеу ме, көтеру ме? – кім біліпті,-

Батырлар десті жалғыз: “Баян болса-ай”.

Көкшенің бауырында өңшең көкжал

Күңіреніп күтіп жатты күндер талай,

“Жоқ” десе жатпайтұғын батыр Баян,

Апырым-ай келмеуінің мәні қалай? [1,32 бет].

Абылай сөзін естіген батырлардың пендешілікпен күндеуі ме, әлде Баянды көтеру ме кім білсін, бірақ осы жолдарынан Батыр Баянның ерекше тұлғасы көрінеді:

Жас Баян жауды талай көрмеп пе еді,

Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе еді,

Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,

Сан қолға аш бөрідей кірмеп пе еді?!

Жебесі көбе бұзып, жүректі үзбей,

Найзасын, сірә, шалғай сермеп пе еді?

Бәрін айт, бірін айт та басқа батыр

Баяндай “алашым” деп еңіреп пе еді?

Бұл жолы кешігуі жай емес қой,

Тұлпарым кез болды ғой орға, тегі!, – деген Абылай сөзінен батырдың хан ордасындағы және әскеріндегі орны ен беделін байқаймыз, Қанды балақ батыр Баян жоңғар басқыншыларына қарсы күресте қазақ жасақтарының абыройы мен рухы болғандығы – тарихи шындық.

“Үш жүздің батырларының арасында кімдерді ерекше бағалайсыз?” деген сұраққа Абылай хан екі батырдыңесімдерін айрықша атайды. Олар: бәсентиін Малайсары байлығымен, батырлығымен, мінезімен ерекшеленсе, уақ Баян ақылдылығымен, батырлығымен, ержүректігімен ерекшеленеді, -деп айтқан Абылай хан. [4, 221 бет]. Шоқанның бұл  мәліметтері өз заманында батыр Баян ханына да, қазақ жұртына да мәлім, айбынды қолбасшы және ер жүрек жауынгер болғандығын айғақтайды. Бүкіл өмірінің қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған батыр Баян Қасаболатұлы, алғырлығы, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген. Қазақ – жоңғар шайқастарына қатысып “Батыр Баян” атанған.

Мағжан осы тарихи шындықтың бәрін білген. Сондықтан Мағжанның “Батыр Баян” поэмасын – атты жүрек ақынның батыр тұлғасын дәріктеп, бар шындық болмысын, батыр – пенденің ішкі иірімін, жан күйзелісін шебер суреттеген, ірі туындыға жатқызамыз.

Енді оқиғаға қайта оралайық. Абылай хан қалың қолмен тек тек Баянды ғана күтіп отыр. Баянның кешігу себебі мынау: жорықтардың бірінде Баян қалмақтың он төрт жасар, сұлу қызын артына салып алып келеді. Оған өзі де інісі Ноян да ғашық болады. Автор бұл тұсты былай береді:

Болмасын жас сұлудың білгеннен соң

Ер Баян қарындас қып ерік берген.     ” “”””””

Алайда, ар алысқан жүрегі мен

Теңізде алысқандай күшті сең мен.

Осылай іштен күйген Батыр Баян [1,33 бет].

Батырға тән мәрттігі мен ары аласұрған жүрегіне тоқтау салады. Ар жолынан аттамағаны-анық азаматтығы.

Осылай ғашықтық дертіне ұшырап, адам айыға алмай жүргенде соққы үстіне соққы болып жанындай бауыры Ноян сезімі ессіз елітіп, қалмақ қызының соңынан ілесіп, елін, жұртын тастап қалмақ жеріне бет түзейді.

Осы оқиғаны естіген сәттегі баянның халін Мағжан әсері күшті, нанымды суретті сөздермен бейнелейді. Ақын Баян характерін ашуда, оның батыр, ержүректілігімен қоса батырдың пендешілік қасиетінің барын, оның да бірде қуанып, бірде тұнжырай, сезімге берілетіндігін көрсетеді.

Ақылға алғыр құстай ашу келді,

….Ақыры ашу ерді билеп кетіп,

Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді,

Өлді ақыл. Атып тұрып Баян батыр,

Боз үйден ақ жыландай шыға келді. [1, 37 бет].

Алаш жұрты үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы қашырып, бетін жуған батырды кім болсын құрмет тұтады. Қашқындықтан, сатқындықтан кешірілмес күң санайтын батыр екі жасқа жаудырылған нәлет-қарғысқа шыдап отыра алмайды. Заманында ел, жер намыс үшін Мүде хан әкеісн өлтірсе, Баян да дала заңына бағынып інісі мен сұлу қызға қарсы қару жұмсады. Жиренішті, бірақ керек те құдіретті жол.

Екі жасты жер жастандырғаннан кейін:

Күлдей қу тұнжыраған түндей болып,

Жия алмай, құр теңселіп, ақыл есті,

Тұрды да біраздан соң батыр Баян.

Атынан есі ауғандай құлап түсті. [1, 38 бет].

Күңгірт тартқан мезгілде зарланып күңіренеді. Ащы сор басылды. Енді Баян өзіне-өзі сот құрады. Өзін құшпаннан бетер айыптайды. Бір Баян ойы екіге жарылады. Бір ойы айыптаса, екінші ойы ақтайды. Бұдан әрі батыр жанындағы әр қилы ой, әр қилы жауаптар ішкі үні арқылы өз аузынан айтылады:

Жейтұғын өз күшігін болдым бөрі,

Ісімді мынау ағат немен жабам? -[1, 39 бет]. Деп өзіне ауыр кінә тағады. Оған ішінен тағы бір ойы дау айтады:

…Жоқ әлде жоқ, жоқ …әлде..өлтірдім бе,

Інімді алты алаштың намысы үшін? -[1 40 бет] деп жанын жалаған өкініш жалынына су себелегендей, өз-өзіне келе бастайды.

Баян “батыр” деген көне атына қарамастан, әдебиетіміз үшін жаңа кейіпкер еді. Баян уақ руынан десек те, ұлт қаһарманы. Ол отаншылдық биікте самғаған қыран. Халық мүддесі категорияларымен ойлайтын қаһарман. Өзін-өз күшігін жеген бөрі есептесе де  оның Отан атынан опасыздықты жазалағанын ұмытуға болмайды.

Ел беті енді маған болсын арам,

Алашым, аттанамын жауызда өлем! [1, 40 бет]. Деп батыр Абылай ортасына тартып отырады. Батырларға Баян келіп қосылғаннан кейін, Абылайдың қалың қолы жорыққа аттанады. Бірақ, қалмақтар соғыспайық деп, келісімге шақырады, сыйлық тарту етеміз дейді. Абылай хан қалмақтардың сыйлықтарын алып алайық та, сосын шабайық дегенді айтады. Абылай сөзін автор былай береді:

Ерлерім, ойым осы! – деді. Абылай,-

Бұл ойды теріс дейтін адам барма?-[1 45 бет]

Сонда Баян:

Сөзімді не кектерсің, не жүктерсің

Ойыңды теріс дейді Баян – анық!

Талқыға салмай шындық табылмайды,

Құл ғана …. ылғи қабылдайды

Қу қалмақ күні кеше алдамап па еді,

Шоңқитып Ой Қытай мен  Өр Қытайды -[1 45 бет]

Баян- дара туған тұлға. Ойға бай, ойының дұрыстығын кімнің алдында да

иленбей дәлелдеуге бар. Абылай хан шешіміне батырлар ішінен сурылып жалғыз батыр Баян қарсы шығады. Мемлекет басшысына бағынғысы келмегендіктен олай етпейді, ханды қателіктен сақтандырғысы келеді. Халықаралық қатынастан,тарихтан, соғыс тәжірибесінен білімі бір қайраткерден кем еместігінен. “Талқыға салмай шындық табылмайды” дейтін берік нанымнан. Мұнда Мағжан стиліне тән суреткерлік психологизм аз сөзбен көп жайларда аңғарылып тұр. Яғни, Баян мақсатына жетпей шынбайтын қайрат иесі және көреген екендігін байқаймыз.

Ақыры қалмақтар Абылайды алдап кетеді: Хан жауынгерлеріне елге қайтуға жарлық жасайды. Мұны естіген Баян:

“Апырмай, Алаш арын жоқтамастан

Жеңіліп бұл қайтудың мәні қалай? –

Деді де атып тұрып топ ішінен,

Ерлерден от екпінді жолбарыстай

Жүз жасты жолдас қылып тарта берді,

Таң ата: “Қайдасың, – деп –қалың Қытай? -[1 47 бет] Баянның кейінгі қалмақ қолы туралы хан шешіміненкеліспеуі – алаш арын жоқтаумен бірге, жан жарасына ем іздеу.

Поэмада ерекше шабытпен жырланған эпизод, сөз жоқ, Баянның қалмақтармен соңғы айқасы, Баян жүз жігітті ерткен бойда, Іле бойын жайлап жатқан көп қалмаққа лап қояды. Жыр маржанын төгілткен Мағжан “Батыр Баян”поэмасында қазақ елінің тарихи шындығы мен тағдыры көрсетіледі.

Аз қазақ көп қалмаққа салды атойды,

Көк аспан қара түтін шаңға толды.

Алдаспан ажал менен бәсеке боп

Қанішер қайқы қара қанға толды, -[1 47 бет] деген жыр жолдарында қырғын соғыс көрінісі суреттеледі.

Қан майдандағы Баян кейіпкердің батырлығымен сипатын:

Қалың қол ортасында батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян.

Екі көзі екі қызыл шаң боп кеткен,

Аузынан көбік болып бұрқырап қан.

Оң-солға алда… сілтегенде, –

Бұлақтай қалмақ қанын бұрқырытқан,- [1 48 бет] деп ер Баянның соғыстағы бейнесін береді. Ақын нені жырласа да сүйсіне жырлайды. Өзіне сұққан найзаны жұлып алып, қалмақтың басты алдаспанымен шапқан батырды:

«Қыларың, қатын қалмақ тағы бар ма?»-

Деді де, суырып ап жау найзасын:

“Алаштың арқалы,-деп,- қайдасың?”-

Жыландай жарқ еткізіп алдаспанды

Түсірді топ еткізіп қалмақ басын. [1 49 бет] деп суреттейді.

Жау найзасынан жараланып, өмір мен өлімнің арасында талықсып жатқанда да екі жастың бейнесі батырдың жанын сыздатады. Бақиға бет бұрған батыр көз алдындағы елес бейнеден кешірім сұрайды.

“Іс өтті ажал жетті. Енді не бар?

Қоштасып айтысалық соңғы сөзді!

Келіңдер, қарақтарым, кешіріңдер!”-деп,

Ер Баян әлсіз ғана қолын созды. [1 49 бет]

Өзін ар алдында күнәлі санаған батырдың адамгершілігі,қолымен істегенін мойнымен көтеруге даяр бірбеттілігі оның тұлғасын биіктете түседі.

Ер жүрек, аңғал батырдың сәбидей сезімі де ең соңғы тынысы үзілер шағында да еліне, алты алашына деген адалдық пен сүйіспеншілікке толы.

Күнәмді тәңір кешпес, кешер бірақ

Жауын да жан берген соң алты алашым,- [1 49 бет] деп Баян батыр жасаған бір қателігін арқалап, тәңірісіне аттанады.

Мағжан ел рухы мен батыр рухының биіктігін барлығынан да жоғары қояды. Елдің мүддесі Баян үшін қымбат, халқының жау табанында басылмауы жолында жан аямай күрескен Баян батыр – ерліктің, отаншылдықтың үлгісі.

“… Оның киялын еркіндік үшін қандай жауға да шабатын, қайтпаған албырт ерлік иесі, жеке басының мүддесінен ел мүддесінен жоғары санайтын кіршіксіз, таза, өр мінезді жандардың бейнесі кернейді. Соның бірі –Батыр Баян. Ақын баянның теңдңсі жоқ өжеттілігін адам ерлігінің жарқын мысылы етіп ұсынбақ болған”, – дейді әдеьиет зерттеушісі ғалым Р. Бердібаев.

Баян қылығы – мұсылмандық парасаттылық, ұстамдылық және қазақ халқына тән салқынқанды ақыл, момындық тағы басқа қасиеттерді өзіне жинаған мәрт тұлғаның болмысын танытады.

Мағжан бас қаһарман Баянның саяси – әлеуметтік тұрғыдан батырлық образын, рухани – гуманистік тұрғыдан психологиялық портретін, тұрмыс – тіршілік тұрғысынан пендешілік болмысын ашқан.

Ш. Елеукенов Баян бейнесі жайынды: “Баянды жаңа типті кейіпкер деуге бір себеп –ол Абай армандаған, Мағжан қостаған болашақ адам, атап айтқанда, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстайтын толық адам”, – деген пікір айтады [15. 263 бет]. Бұл пікірмен келісуге болады.