Іс-әрекеттің жалпы психологиялық теориясын жасаудың негізгі бағыттары мен мәселелері

XX ғасырдың басында Л.С.Выготский психологиядағы іс-әрекет бағытының нобанын белгіледі. Бұл кезде психотехниктер (еңбек психологиясының мамандары) еңбек іс-әрекеті түрлерінің профессиографиялық мазмұнын жетілдіріп, адамның еңбекке кәсіби жарамдылығы мәселелерін шешуге талпыныс жасады. Олар еңбекті еңбек іс-әрекеті ретінде қарастырды, бірақ олар бұдан психологияда жаңа пайда бола бастаған іс-әрекеттік бағытпен еш байланысты көрмейді.

XX ғасырдың ортасында С.Л.Рубинштейн психологиядағы субъектілік-іс-әрекеттік бағыт идеялар жүйесін ұсынып, дамытты. А.Н.Леонтьев іс-әрекеттің жалпы психологиялық теориясын жасап шығарды.

Еңбек психологиясының мамандары Н.Д.Левитов, Ю.Б.Котелова, К.К.Платонов және басқалары еңбекті оның психологиялық компоненттері жағынан қарастыра бастады. Еңбектің кәсіби еңбек іс-әрекет ретіндегі индивидуалды тұлғалық және әлеуметтік тұлғалық мәселелері қозғалды. Адамның еңбекке, еңбектің адамға, еңбектегі тұлғаның тұлғаға бейімделу мәселелері қойылды.

XX ғасырдың соңғы ширегінде Б.Ф.Ломов психологиядағы іс-әрекетті зерттеуде жүйелі әдіснаманы қолдану қажеттігін негіздеді. XX ғасырдың соңы іс-әрекет мәселесіндегі үш ғылыми мектептің маңызды үлесімен белгіленеді.

В.Д.Шадриков іс-әрекетті зерттеудегі жүйелік бағытты дамыта отырып, кәсіби іс-әрекеттің системогенезінің психологиялық теориясын жасайды және индивидуалды іс-әрекет пен қатынастар психологиясы мәселесін жаңаша қойды.

Психологиядағы субъектілі — іс-әрекеттік бағытты дамытушы А. В. Брушлинский іс-әрекет теориясын жасады. Мұнда әрекетке процесс ретінде, оның тұтастығына, субъектінің интегралдығы мен бірлігіне ерекше назар аударылды. Е.А.Климовтың іс-әрекет теориясын жасаудагы маңызды ғылыми үлесі еңбекке адам іс-әрекетінің әлеуметтік маңызды өнімі ретінде, адамға еңбек субъектісі ретінде бағытталды; еңбектің психологиялық белгілерін бөліп шығару және еңбекті жеке адамның кәсіби айқындалуы мәселелеріне байланысты жіктеу болып табылады.

Адамтану жүйесіндегі іс-әрекет бағытын Б.Г.Ананьев жасады. Ол адам іс-әрекетінің түрлерінің иерархиялық жүйесін айқындап, іс-әрекет субъектісі туралы бөлшектенген түсінікті енгізді. Оның ұйымдасуындағы тұлғалық және иидивидтік сипаттар арақатынасты «полярлы» және «молекулярлы» деңгейлерге бөледі. Психологиядағы іс-әрекет бағытына байланысты негізгі мәселелік жайттарды төмендегіше бөлуге болады:

  • Іс-әрекет категориясының психологиядағы басқа да категориялармен өзарақатынасы.
  • Іс-әрекет түрлерінің табиғаты мен арақатынасы.
  • Іс-әрекет және шығармашылық, іс-әрекеттегі шығармашылық, іс-әрекеттің адамның шығармашылық мүмкіндіктерін ашудағы ішкі байланысы.
  • Жеке адамның іс-әрекетінің басталуы.
  • Іс-әрекет және мінез-құлық.
  • Іс-әрекеттен еңбек түрлерінің пайда болуы мен өсуі.
  • Зерттеу мен практикалық тапсырмаларды шешуде іс-әрекет ұғымдарын пайдалану.
  • Іс-әрекет бағыты нұсқауларын салыстырмалы талдау.
  • Оқу іс-әрекет ретінде.
  • Қарым-қатынас іс-әрекет ретінде.
  • Жеке-дара және бірлескен іс-әрекет.
  • Іс-әрекет және өмірлік іс-әрекет.
  • Танымдық процестердің іс-әрекеттік табиғаты.
  • Тұлғааралық қарым-қатынастың іс-әрекеттік жанамалануы.
  • Іс-әрекеттегі биологиялық пен әлеуметтік арақатынас.
  • Ойлау мен оқытуды компьютерлендіру мәселелеріне пайдалану үшін іс-әрекет бағытын жетілдіру.

Іс-әрекет бағытының дербес бағыты ретінде сана мен іс-әрекет бірлігі принципінің нақты эмпирикалық түрі аталады.