Қазақ халқы қыздарының сыңсудағы ән-өлеңі мен мақамдарының көркемдік ерекшеліктері

Әлемдегі әрбір халықтың өзіндік әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері болады. Сол қатары қазақ халқының да өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрып, салты бар. Халықтың әлеуметтік тұрмысында әдет-ғұрып, салт-дәстүр, оның тарихымен тығыз байланыста дамитыны белгілі жағдай. Дәуірдің өзгеруі мен экономикалық жағдайдың ілгерілеп дамуына байланысты, халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дүниеге көзқарасы өзгеріп отырады. Әрине, әдет-ғұрып, салт пен сана да заманға өтіп, дәуірлер ауысқанда қоғамдық тілек жағдайға жаңа түрге еніп, мазмұнына сай бұрынғы қалпын біртіндеп өзгерте бастайды. Бұл жайт халық әдебиетінде анық аңғарылады.

Қазақ халықының әдебиеті халықтың өткендегі салтын, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін елестететін халықтық туынды. Халық әдебиеті ерте заманда ауызша пайда болып, көпшілік арасына кең тарағандықтан әр түрлі өзгерістерге ұшырады. Қазақ халқының тұрмыс-салт өлеңдерінің бір саласын үйлену салтына байланысты айтылатын ән-өлеңдер-той бастар, жар-жар, сыңсу, қыздың сыңсу сөзі арқылы қоштасу т.б айтуға болады.

Халқымыздың тұрмыс-салт жырларының ең көп тарағандарының бірі сыңсу. Түр жағынан сыңсу- қоштасу, көрісу, сарын делініп әртүрлі аталғанымен мазмұн жағынан бір-бірінен көп алшақтамайды. Өйткені қай-қайсысы да ұзатылар қыздың өз жұртына деген сәбилік ортақ сезімін білдіреді.

Сыңсу-ұзатылар қыздың ата-анасы алдында ел-жұртымен, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарымен, туып өскен ауылымен, жастық дәуренімен қоштасу ретінде ән-әуенмен айтылатын қазақ қыздарының өлеңі. Қыздың өз туып-өскен үй-ішімен қоштасып, жат елге кететіндігін әбден мойындаған, ақырғы айтылатын сөзі, соңғы арман-мұңы ретінде ән-әуенмен орындалады. Қалыңдық туған-туысқандарымен қоштасу ретінде өзінің құрбы-құрдастары мен тетелес сіңлілері және жас жеңгелерін ертіп жүріп, ауыл арасында (бір үйден екінші үйге жеткенше) әндетіп сыңситын. Сыңсудың негізгі мақсаты-ұзатылып жатқан қызды көп жылайтпай қоштастыру. Қыз туған-туысқандарының, апа-жеңгелерінің жақсылығын, ел-жұртының қайырымдылығын, туған жерінің табиғатын бейнелеп айтып қоштасқан. Мысалы:

Ақ отауым тіккен жер майдан болсын,

Ақ жүзімді көрерге айнам болсын.

Кісі әкесі кісіге әке дейді,

Айналайын әкемдей қайдан болсын?

 

Қарағай ма екен, тал ма екен,

Талдан да биік бар ма екен?

Үйде жүріп, түзде өлген,

Қыздан да мұңлық бар ма екен?

Ата-анасы мен туған-туысқандарына ұзатылып бара жатқан қыздың сыңсу өлеңдері арқылы жұртқа жариялап, өзінің ішкі көңіл-күйін, мұң-шерін айтып, наз өкпесін білдіреді.

Заманым өтті басымнан,

Дәуренім өтті қасымнан.

Бұл не деген іс болды,

Көлінен кеткен құс болдым.

Бұлғақтап жүрген заманым,

Қандай да бір жерге тұс болдым.

Ата-анам еді дәулетім,

Мен жұртыма жау ма едім?

Жат жұрттық болып кеткеннен,

Кетер-ау бастан сәулетім, – деп ұзатылып бара жатқан қыз көңіл-шерін ән-әуенге қосып, ел жүрегін елжіретеді. Қыз ұзатылар алдында жақын жеңге, құрбы қыздарын ертіп ет бауыр туыстарын, жекжат-жұрағаттарын, дос-жолдас, көрші-қолаңдарын аралап қоштасып шығады. Сыңсуда қимастық сезім, балалық кезеңмен қоштасу сарыны басым келеді. Сыңсу өлеңдерін қыздың өзі табан астында шығарып орындаған, кейде ақындар шығарып, мәтінін дайындап берген. Егер қалыңдық өз сүйгеніне емес, өзге жанға, кейде егде тартқан адамға ұзатылса, сыңсу мазмұнында ата-анасына деген өкпесі де қамтылған. Сыңсу арқылы ол жиналған көпшілікке естірте мұңын, қайғы-қасіре тін шығарып, өзнің арман да бара жатқанын білдірген. Жалпы сыңсу өлеңдерінде екі түрлі сезім көрінісі байқалады: бірі-қуаныш, екіншісі-қайғы үстіндегі қоштасу, сондықтан оның әлеуметтік сипаты басым көрінеді. Қыздың сәукелесін жеңгесі киіп жүреді. Мысалы:

Алтын да менің босағам,

Аттап бір шығам деп пе едім…

Күмісте менің босағам,

Күңіреніп шығам деп пе едім?

Қайран ауылым қалады-ау,

Қарасам көзім талады-ау!

Әлпештеген ел-жұртым,

Жылай да жылай барам-ау!

деп, бұлаңдатып өсірген өз жұртын қия алмай, бүкіл балалық шағы, бал дәурен өмірі көз алдына келіп, сол сәттегі мұң сағынышын ұлттық сазды әуенмен, өз жүрегінен шыққан, немесе сонымен үндесетін шумақтармен білдіреді. Кейбір сыңсу ән-әуенмен айтылған өлеңдерде қыз өзі туып өскен отанымен қоштасып, туған үйіндегі ата-анасының алдында еркелеп өскен қызықтарын еске түсіріп, жат жұрттық боп бара жатқанын, ол жерде алғаш жалғызсырайтынын айтып, дауыс шығарып сыңсудың ән-әуенін салып мұңын айтады. Сыңсуда ұзатылар қыздың жеке басының мұңы әлеуметтік мәселелерімен ұштасып, ескі әдет-ғұрыпты әшкерелеумен қатар қоғамдық ортаның, азаттық аңсаған әйелдер көзқарасы білдірілген. Сыңсу өлеңдері құрылысына қарай жеті, сегіз, он бір буынды болып келеді. Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес.

Қыз өзін көлінен айырылған аққуға, үріккен елікке, тобынан айырылып қалған киікке теңеп айтатын тұстары да жиі кездеседі. Түркі халықтарының ауыз әдебиетін көп жинаған В.В. Радловтың жазып алып, жариялаған еңбектерінде мына түрде кездеседі:

Қара суды қақ жарып қаз барады,

Анасынан айырылған қыз барады.

Қара суға қан құйсаң, ағар кетер,

Жат кісіге қыз берсең алар кетер.

 

Аққу көнбес ешкімнің байлауына

Қайтар ән сап қалықтап жайлауына

Қыздан сорлы бар ма екен, тәңірім-ай,

Мал бергеннің кетеді айдауына.

Ата-анасы мен туған-туысқандарына ұзатылып бара жатқан қыздың сыңсу өлеңдері арқылы өзінің ішкі көңіл-күйін, мұң-шерін айтып, наз өкпесін білдіреді.

Қазақтың тұрмыс-салт жырларының ішінде сыңсу да ел аузында жай айтылатын сөз емес. Сыңсу өзінше бөлек әуен, бөлек мақаммен айтылатын өлең үлгісі. Сыңсудың әе-әуен, мақамын нотаға түсіріп, музыка фольклоры саласы бойынша зерттеуді күтіп тұрған тақырып. Қазақ халық арасында сыңсу өлеңдерін негізінен айтып шығарушылар қазақ қыздары мен әйелдері. Кейде белгілі халықтан шыққан талант иелері мен ақын, жырау, жыршылар да сыңсу ән-мақамының сөзін жазып, елге тарататын кезі де болады. Сыңсу халық поэзиясысына тән өлшемдерге құрылып, бірде жыр, бірде қара өлең үлгісінде келеді, лирикалық сипаттағы музикалық сарын, айшықты поэзиялық өрнекпен айтылады. Сыңсу өзінше бөлек әуен, бөлек мақаммен айтылатын өлең үлгісі. Сыңсу ән-әуенмен айтылатын өлең үлгісі халықтық мұра ретінде ХIХ ғасырдан бастап жазып алынып хатқа түсірілді. Сыңсу ән-өлең үлгілерін ең алғаш жазып ала бастаған ғалымдардан: В. В. Радлов, Машһур Жүсіп Көпеев, Әбубәкір Диваев, Қыдырәлі Саттаров, Уахат Қыдырханов тағы басқа азаматтардың аттарын құрметпен атауға болады.

Үйлену салтына байланысты тұрмыс-салт жырларының бір түрі – сыңсу. Сыңсу халық арасында өте көп тараған салт жырларының көркем де мазмұнды бір саласы. Сыңсудың айтылуы мен ән-мақамы бір түрлі ұқсас болса да, ішкі жанрлық құрылысы мен түрлері де көп.

«Түр жағынан сыңсу, қоштасу, көрісу, сарын делініп әртүрлі аталғанымен мазмұн жағынан бір-бірінен көп алшақтамайды» — деп жазады филология ғылымдарының докторы Ш. Керімов.

Сыңсу дүние жүзі қазақтарының барлығына дерлік бірдей сақталған деуге болады. Сыңсудың жиналуы ХIХ ғасырдың соңынан басталады. Бұл жанрдың айтарлықтай үлгілерін В. В. Радловтың Санкт-Петербург қаласынан1870 жылы түрік халықтарының халық әдебиеті қатарында қазақ халық әдебиетін жинап, құрастырып, диалекті ерекшеліктерін сақтай отырып, өте кең территорияны аралап жинағаны белгілі. Мысалы, «Қазақтар құрамындағы түрлі тайпалардың арасында тілдік айқын айырмашылық жоқ. Бар болғаны күнде де, даланың өзім болған Омбы мен Семей аралығында, Бұхтарма маңайы, Алатау дуаны, Шу өзені мен Ташкент төңірегінен сөздік қоры жағынан қазақ тілінде, әрине, Солтүстігінде орыстардың, оңтүстігінде сарттардың (парсы халықтарының-Қ. С.) әсері байқалады. Сондай-ақ, даланың Орынборға таяу батыс бөлігінен Ильминский жинаған материалдар тілдік жағынан шығыс қазақтары тілімен дәлме-дәл келеді. Сондықтан да мен қазақ әдебиеті үлгілерін бір және екінші томдардағыдай жергілікті диалектілік айырмашылықтарға қарай топтап шығаруды қажет деп таппадым да, өз материалдарымды мазмұнына қарай жіктеп беруді жөн көрдім», — деп жазады В. В. Радлов.

1978 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жар-жар», «Той бастар», «Күйеу келтір, қыз ұзат» — деп аталатын жинақтарда да айтарлықтай сыңсу ән-өлеңдерінің үлгілері жарияланғаны белгілі. Сыңсу жанрына тән туындылардың жан-жақты зерттелмей келуіне себеп оның жиналып, жеке жинақ, кітап көлемінде жарық көрмегендігінен деп қарау керек.

Сыңсу үлгілері қазақтың салт-санасына байланыста қыз ұзатылар шағында той тарқап, қызды туып-өскен үйінен аттандырар кезде айтылады. Сыңсудың сөзі мен ән-әуен, өзіндік мақамы жиі айтылып жүргендіктен, ел аузында тез тарап, жатталып кеткен. Ертедегі қазақтар салтында ұзатылар қыз өзінің туған ауылындағы ағайындарының үйіне тойдан алдын барып, үйме-үй қыдырып жүріп, ән салып, өлең айтып жүріп салтанатты түрде қоштасатын болған.Ұзатылған қызды құрбы-құрдастары ертіп алып, барлық жастар сейіл құрып, алтыбақан теуіп, ойын-күлкіден соң әр үйдегі қоштасу кезі сыңсуға ұласады екен. Сыңсудың бұл көрінісі қазақтың ақтабан шұбырынды заманынан кейін бұл салт анағұрлым әлсіріген, сиреген сияқты. Оның бірінші себебі, ел-жұрт өз елінен ауып, басқа ру-тайпалармен аралап отырғандықтан болса, екіншіден, қыздың ағайын-туыстары да алыс қияндағы ауылда болғандығынан ауыл аралап жүріп қыз сыңсуының салтанатты түрде айтылуы сиреген, бүгінде қыз сыңсуының ауыл аралап жүріп салтанатты түрде өтуі ұмыт бола бастағаны байқалады. Үшіншіден, қыз сыңсуы қаншалықты дәрежеде ұмыт бола бастады десек те, қыз он бес, жиырма жыл бойы туып-өскен үйінен, басқа елге ұзатылып кетер алдында, өзінше бөлек ән-әуенмен, мақамына келтіріп, сыңсу айтып қоштасқан.

Сыңсу аяқталар кезінде көп арасынан туыс-ағайындарынан ел ағасы, жасы үлкен кісілерден біреуі шығып ұзатылатын қыз бен қалыңдыққа ақыл-өсиетін айтады. Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес.

Ақыл-нақыл, кеңес, жұбатудың жалғасы болшақ тұрмыстың өзіндік қызығы мен өмірде қоғам үшін қиыншылыққа төзіп, өнегелі үй болу мен көп болып көбею үшін тілек білдіреді. Жұбатудың жалғасы әзіл-оспақ, қалжыңға ұласады.

Академик Мәлік Ғабдуллин жұбату өлеңін айтқан кезде қандай тақырыптарға байланысты айтылатындығын түсіндірілген: «…үй-іші, ата-анамен, ағайын арасымен тату-тәтті, әдепті бол, үлкенді сыйла, салдыр-салақ болма, мал-мүлкіңді шашпа, тазалық сақта, оқыс мінез көрсетпе, өтірік-өсек айтпа, жарлыларға көз қырыңды салып жүр, сараң болма,- деген белгілі дәстүрге айналған жұбату , ақыл-өсиеттерде айтылатын негізгі әңгімелер осы тәрізді болып келеді», — дейді.

Сыңсу — халық поэзиясына тән өлшемдерге құрылып, бірде жыр, бірде қара өлең үлгісінде келеді, лирикалық сипаттағы музыкалық сарын, айшықты поэзиялық өрнекпен айтылады.

Сонымен, «ақ жүзі он төртінде толған айдай» бойжеткен ұзатылатын болды (бұған дейінгі салт пен дәстүр бір төбе). Бойжеткеннің көйлегі, қамзолы, кемер белдігі, бастысы басында қалыңдық екенін айғақтайтын сәукелесі болуы тиіс. Сәукеле – ұзындығы он қарысқа дейін биіктей беретін әшекейлі қалыңдықтың бас киімі. Мұның әр қарысы қымбат бағалы тастардан құралады. Айталық, бірінші қарысы күмістен, екінші қарысы алтыннан, үшінші қарысы гаухардан деген сияқты. Сонысына қарап, яғни сәукеленің биіктей бергеніне қарай қыздың бағасы да арта беретін болған. Қазақ байлары арасында қызының сәукелесін жүз жылқыға жасағандары да кездескен. Ал, қоңыртөбел дәулетті, кедей, кепшіктің қыздары сәукелесін қымбат маталармен әшекейлеген көрінеді. Сонымен, қыз сәукелесін киіп, аттануға әзірленеді. Бұл кезде жігіт ауылынан бір топ кісі қызды алып кету үшін құда түсе келеді. Бұлардың саны жеті, тоғыз, он бес секілді тақ сан болуы қажетті.

Адам өміріндегі ең бір қызықты да, қуанышты да ұмытылмас белең. Оның үйленіп, жеке отау тігуі. Ұрпақтарының үлгілі семья құруы-сол жастардың ата-аналары мен ауыл адамдарының ғана тілек талабы емес, қоғамдық қажеттілік. Семья – мемлекеттің іргетасы. Қоғамдағы әр семьяның босағасы берік, мерейі үстем болмай мемлекеттің мықты борлуы мүмкін емес. Сондықтан «қоғам қандай жағдайда жаңа үйленген жастар өнегелі отау бола алады?» деген сұрақты шешу үшін, алдымен, өз еліміздің семья тарихына шолу жасап, бүгінгі күннің мақсат мүддесі тұрғысынан сын көзбен саралап шығуды мақұл көрдік.

Осы жарлыққа сай аталарымыз әрбір жеткіншектің жеті атасын білуін міндеттеп, «Жеті атасын білмеген жетім», «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп қатты сөгіп, керісінше жеті атасын тартып айта алатындарды «Жеті атасын білген жігіт, жеті жұрттың қамын ойлайды» деп артына аталы сөз қалдырған.

Сонымен, ойымызды қорыта айтар болсақ, қазақ фольклоры — әдебиеттің бастауы бола тұра, өзіндік қасиеттерге де бай. Соның ішінде «сыңсу» жанры ерекше өзіндік тәрбиелік мәні бар жанрлардың бірі.

Пікір

Мақалада қазақ халқының әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлерінің өзіндік ерекшеліктері жан-жақты сөз болады, олардың тарихи кезеңдер, әлеуметтік өзгерістерге сай ішінара өзгеріп отыратындығы да дәлелденген.

Қазақ қыздарының сыңсу ән-өлеңдері мен мақамдарының көркемдік ерекшеліктеріне баса көңіл бөлінген болып, олар өлең мәтіндерімен ыспатталған. Сыңсудың негізгі мазмұны – қыздың ата-анасымен, туған-туысқандарымен, апа-жеңгелерімен олардың жақсылығын, ел-жұртының қайырымдылығын, туған жерінің табиғатын бейнелепайтылатын қоштасу екені дәлелденген.

Резюме

В статье рассмотриваются и анализируются своеобразные особенности устно-народного творчестве, национальных обрядов, в том числе причитание, их развитие и некаторые обрядовые изменения в результате историческах обновлении и традиций.

Особое внимание уделено и художественно-жанровым особенностям причитании, содержаниям и структуре обрядого стиха приведены текстовые примеры разнобразного содержания.

Доказывается что основное содержание причитании –это прощание девушка с родителями, родственниками, сестрами, родной природой , отмечая их добрату к доброжелательность, красоту родной природы и т.д.

Summary

In the articlethe unique features of the oral folklore, national ceremonies, including lamentation, their development and ritual changes as a result of historic renovation and traditions are considered and analyzed . Particular attention is paid to the artistic genre features lamentations, content and structure of the rite of the verse are examples of various text content. It is proved that the basic content is the wailing girl goodbye with their parents, relatives, sisters, mother nature, noting their kindness, the beauty of mother nature, etc.