Ауыл шаруашылық малдарының пироплазмидоздары

Ауыл шаруашылық жануарларының пироплазмидоздары-қоздырғыштары организмдегі эритроциттерді және басқа торлы эндотелий жүйесінің торшаларын зақымдайтын, үлкен бір аурулар тобы. Қоздырғыштары ауру малдан сау малға кенелер арқылы жұғады, яғни бұл трансмиссивті аурулар болып табылады. Аурулардың осы тобына тән белгілер: дене ыстығы көтерілуі, қан аздық, сарғыштану, жүрек-тамыр жүйесінің және қарын-ішек жолдары қызметінің бұзылуы.

Пироплазмидоздардың эпизоотологиясы. Пироплазмидиоз ауруларының эпизоотиялық тізбегінде үш буын бар. Бірінші буын-қоздырғышпен инвазияланған жануар; үшінші буын – ауруға бейім жануар, екінші буын – тасымалдаушы кене. Пироплазмидтер бірінші буынан – донор-жануарлардан, екінші буынға – тасымалдаушыларға, ал олар арқылы үшінші буынға – ауруға бейім жануарлар – реципиенттерге беріледі. Соңғылар инвазияны қабылдап алып, тасымалдаушылар үшін донор-жануарларға айналады да, сонан соң олар бейім жануарларға ауру таратады. Бұл аурулардың эпизоотиялық тізбегі осылай ұштасып, ауру қоздырғыштары осылай жылдан-жылға жануарлар мен тасымалдаушы-кенелер арасында, эпизоотиялық тізбектің бір буыны шығып қалғанша жылжи береді. Бұл тізбектің ең осал буыны – жайылым (иксодид) кенелері, олар өздеріне қолайлы жағдайы бар биотоптарда ғана өмір сүреді. Сондықтан жайылымдардағы олардың биотоптарын мелиорация шараларымен жою қажет.

Көп жылдар бойы пироплазмидоздардың эпизоотиялық ерекшелігін зерттеудің негізінде территориялардың арнайы классификациясы шығарылды, оның өзі бабезиидоздар және тейлерийдоздармен күрес шараларын тиімді жүргізуге мүмкіншілік берді. Барлық территориялар төрт алқапқа бөлінеді:

  1. Сау алқап – мұндай жерде тасымалдаушы кене, не ауру жануарлар, немесе қоздырғыш тасушылар болмайды.
  2. Қауіпті алқап – мұнда паразит тасушы жануарлар болмағанымен жайылым (иксод) кенелері өмір сүреді.
  3. Энзоотиялық алқап – мұндай алқапта ауа райының жағдайына байланысты кенелер саны шұғыл өзгеріп отырады. Барлық жануарларды кенелер жыл сайын әр түрлі қоздырғыштармен «қайта зақымдап» отырады. Осындай жерлерде жыл сайын жергілікті және басқа жақтан әкелінген мал ішінде ауру байқалады. Энзоотиялық алқаптың территориясы әдетте үлкен емес (өзен жағалаулары, бұта шоғырлары, жыртуға қолайсыз жерлер және т.б.). Мұндай алқапта ауру қоздырғыштарының донорлары және пироплазмозға бейім рецепиент жануарлар саны тұрақта. Сондықтан да кенеге қарсы жүргізілетін шаралар табысты нәтиже береді.
  4. Жасырын алқапқа аумағы өте кең, жері жыртылмаған жыйылым тән, онда тасымалдаушы кенелер үшін барлық қолайлы жағдайлар бар. Мысалы, Boophilus кенелері тасымалдайтын ірі қара малдың бабезиидоздары үшін жасырын алқап ылғалды жыртылмаған өзен жағалауларында және ағашты- бұталы жерлерде болады. Бұл алқапта ауру астыртын өтіп, аурудың клиникалық белгілері білінбейді, яғни барлық малда премуниция барлығы байқалады. Малдың төлі, әдетте, ешбір белгісіз ауырады. Премунициясы жоқ, басқа жерден әкелінген мал бабезиидоздардың клиникалық белгілерімен ауырады.

Пироплазмидоздар – жылдың жылы, жайылым кезеңінде ғана кездесетін маусымды ауру. Сондықтан олар жайылым аурулары қатарына жатады.

Ауыл шаруашылығын қарқындандыру кезеңінде пироплазмидоздардың эпизоотологиясы өзгеріп отырады. Себебі, тың жіне тыңайтылған жайылымдарды игергенде ауру тасымалдаушы кенелердің мекені әрі қысқарып, онымен қоса эпизоотиялық алқаптардың саны да азаяды.

Пироплазмидоздардың диагностикасы. Пироплазмидоздарға диагноз қою үшін мал қаны тексеріледі, бірақ одан паразит табылғанымен, оған диагноз қойып, арнайы ем тағайындау дұрыс болмауы мүмкін. Себебі, паразит оны тасымалдаушы мал қанында да кездесе береді. Сондықтан диагноз кешенді зерттеулер нәтижесінде ғана қойылуы қажет. Ол үшін анамнезді, эпизоотологиялық деректерді, ауру белгілерін, патанатомиялық, зертханалық зерттеулерді және т.б. есепке алады.

Анамнез деректерін жинағанда малдың ауырған уақыты (жайылымда немесе қорада) ауру тасымалдаушы кенелердің барлығы, аурудың сипаты, ауру барысының ұзақтығы есепке алынады.

Сонан соң белгілі бір аурудың эпизоотологиялық деректері сарапқа салынады. Пироплазмоздар эпизоотиялық түрде кездесетіні мәлім, мұндай жерлерде айрықша тасымалдаушылар және аурудың белгілі бір маусымда болуы шарт. Аурудың өткен жылдары осы жайылымдық алқапта болған- болмағанын білу қажет. Сондай-ақ, пироплазмидоздар біздің елімізде жылдың жылы кезеңінде ғана кездеседі.

Сау алқаптан әкелінген ересек мал пироплазмидоздардың ауыр түрімен ауырып, көп мал шығынға ұшырайды. Әсіресе, сүтті сиырлар мен асыл тұқымды малда бұл ауру ауыр түрде өтеді. Зебу тәрізді мал инвазияның жеңіл түрімен ауырып, шығынға аз ұшырайды. Премунициясы бар ұрғашы малдан туған төл ересек малға қарағанда жеңіл түрімен (егер оның организмі әлсіз болмаса) ауырады. Бірақ, негізінен күшіктерде пироплазмоз ауруы өте ауыр түрде өтеді. Бұл уыз және сүт арқылы енесінен бабезиидтерге қарсы антиденелердің берілмеуіне байланысты. Алғашқы алынған премуницияны ұзарту үшін төл мен ересек мал ауруы тасымалдаушы кенелер арқылы қосымша инвазиялануға тиісті. Аборигенді (байырғы, жергілікгі) малдар бұл аурумен жайылымда тұрақты жүретіндіктен ауырмайды. Әр аурудың өзіне тән белгілері бар. Мысалы, гемоглобинурия және дене ыстығының көтерілуі бабезиидоз ауруларына нұсқайды. Диагнозын анықтауда кілегей қабықтары күйінің де маңызы аз емес (бозаруы, сарғыштануы, қанталауы). Жүрек соғуының күшеюі немесе мес қарынның атониясы сияқты белгілер малдың бабезиидтерге шалдыққанын көрсетеді.

Аурудың симптоматикасын зерттегенде, әсіресе аралас немесе ұқсас аурулардың белгілеріне көңіл аудару шарт. Малда демікпе, өте қатты күйзелу, ыстығы көтеріліп, гемоглобинурия болмаған жағдайларда мал топалаңының күдігін тудырады. Дене ыстығы қалыптағыдай болып несебіне қан араласса, лептоспорозға күдік тудырады.

Патологиялық – анатомиялық зерттеулер. Өлексені ашып-сойғанда талақтың тұрқына, ұлтабардағы, сірі қабықтардағы және жүректегі қанталауға көңіл аударады. Қуықтағы несептің түсін айыру қажет. Топалаңнан ажырату үшін қанның түсін және ұю қасиетін айыру қажет. Талақтың ұлғаюы, қанның қызғылт-қызыл түсі, гемоглобинурия бабезиидоз инвазияларының барлығын көрсетеді. Қанды микроскоппен тексергенде бабезиидтерді көруге болады. Жылы кезеңде ұзақ уақыт жатып қалған өлекседен алынған қанда бабезиидтер мүлде болмайды немесе олардың пішіні өзгереді (дөңгелек пішінді). Бабезиидоздармен ауырып, айрықша препарат енгізгеннен кейін өлген малдан алынған қан жағындысында да паразиттер табылмауы мүмкін.

Зертханалық әдістер қан жағындысын зерттеуді қамтиды. Бабезиидоз аурулары қоздырғышын табу үшін қан жағындысын аурудың бас кезінде және оның даму кезеңінде алады. Жағынды дайындау ұшін құлақ терісінен алынған қанның ең бірінші тамшысын пайдаланады. Жағындыны Романовский әдісімен бояйды. Қанда паразиттің бірен-саран кездесуі, аурудың белгілері болмаған жағдайда (нутталиоз, пироплазмоз), оның этиологиялық себебі емес, тасымалдаушы екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, микроскопия жүргізгенде базофильдік түйіршіктерге, эритроциттердің тұрқы мен пішініне және олардың боялуына көңіл аудару шарт. Мұның өзі патологиялық процесті дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Керек жағдайларда қосымша зерттеулер жүргізіледі: эритроциттер мен лейкоциттер саны анықталады, эритроциттердің шөгу жылдамдығы (СОЭ) байқалады және т.б. Нутталиоз және басқа пироплазмидоздарды анықтау үшін комплементті байланыстыру реакциясы пайдаланылады. Пироплазмидоздарға екі топ аурулар енеді: бабезиидоздар және тейлериидоздар.