Иксодид немесе жайылым кенелерімен күрес шаралары

Иксодид кенелерімен күрес екі бағытта жүргізіледі: біріншісі – олардың шоғырланған жерлері – биотоптарында жою, ал екіншісі – жануарларға жабысқандарын жою.

Кенелермен олардың биотобында күресу тиімдірек. Кенелердің көптеген түрлері жүмыртқаларын жерге салып, олардан балаң – кенелері де сонда пайда болатынын ескере отырып, сол аймақтағы жерді жыртып, көп жылдық шөп егіп, жасанды жайылымға айналдыру жақсы нәтиже береді. Мұндайда көп кенелер өздігінен жойылады, сондай-ақ өсімдіктер құрамы өзгереді, топырақтың жылылық-суықтығы, ылғалдығы өзгеріп, қалған кенелердің тіршілігіне кедергі жасайды. Жайылымдарды жырту кейбір жерлерде Boophilus calcaratus, Hyalomma scupense, Rhipicephalus bursa кенелерін жоюға септігін тигізеді, немесе кене түрлерінің санын азайтады. Кейбір өңірлердің биік тау жайылымдарында иксодид кенелері мүлде болмайды. Төменірек жатқан орман белдеуінде де кенелер өте сирек кездеседі. Сондықтан биік тау жайылымдарын пайдалану, малдарды кенеден қорғаудың ең тиімді жолы. Малдарды таулы жайылымға топырақ суығанда айдаған абзал. Себебі жол бойында кенелі жерлер болуы мүмкін. Кейде, жол бойында малға кене жабыспас үшін, оларды акарацид дәрілерімен тоғытады.

Кейбір өңірлерде қойды қысқы жайылымдарға және одан қайтқанда теміржолмен немесе машиналармен тасиды.

Мал қораларында қалып қоятын Hyalomma anatolicum, H.detritum және H.scupense сияқты кенелерді жоюдың маңызы зор. Бұл кенелер мал қораларында қыстап, қыс пен көктемде малға жабысып қанын сорады. Бұл кенелерді жою үшін – олар тығылатын саңылауларды құмға цемент араластырып тығындап, кеміргіштердің інін бітеу, сондай-ақ қора маңындағы өсімдіктерді отап тастау шарт. Сонан соң қораны аэрозольді акарацидтермен дәрілейді. Ол үшін аэрозоль-2 (хлорофос пен ДДВФ қосындысы-9:1) 20 мл м3 мөлшерінде қораға, глак-ц-глутар альдегиді және циодрин негізінде жасалған баллондағы препаратты 50 мл м3 есебімен шашады. Бұлардан басқа қораны дәрілеу үшін 1,5% хлорофос, 0,2% бензофосфат 200-400 мл м2 мөлшерінде қолданылады. Дәріленген қораларға мал енгізу үшін оларды 3-4 сағат желдетіп, оттықтарын тазалап, ыстық сумен жуу шарт.