Ілияс поэзиясының ерекшеліктері

Ілияс Жансүгіров – аса ірі талант иесі. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында үлкен еңбек сіңіріп, осы әдебиеттің негізін салушы, үлкен тірегінің бірі болды. Әсіресе оның ақындық еңбегі зор. Ілиястың жазушылық еткен жиырма шақты жыл өмірі қазақ совет әдебиетінің алғашқы кезеңдерімен тұстасады, яғни ол осы әдебиетпен жарыққа бірге шығып, бірге жасасып келді. Сондықтан өзі негізін салысқан жас әдебиеттің жетістіктері мен табыстарының бәріне Ілияс ортақ, бәрінде оның үлесі бар. Күннен – күнге, жылдан – жылға үздіксіз өсіп, жетіліп келген осы әдебиетінің алдында тұрған маңызды мәселелері мен міндеттері Ілияс шығармашылығына да тән. Сондай – ақ қазақ поэзиясының жалпы дәрежесіне тән қасиеттер мен сипаттар Ілияс поэзиясына да жат емес. Сонымен бірге Ілиястың ақындық қуатына, ерекшелігіне айрықша тоқтау қажет. Мұнда айтарлық жайттар көп. Жүйрік те асқақ ақын Ілияс Жансүгіров ең алғаш әдебиетке қадам басқанда, үзіп – шалып қан оқыған, ортадан төмен білімі бар, ауылда өскен ересек жігіт еді. Оның бойындағы бар қаруы: ана тілі, ауыз әдебиеті, Абай мен Ыбырайдың, Махамбет пен Шерняздың, Сұлтанмахмұт пен Дөнентаевтың өлеңдері және кейбір Шығыс ақындарының, әсіресе татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың шығармалары болатын. Ілияс шығармашылығына әуелден нәр беріп, ұрық сепкен үлгілер осылар.

Ілияс талантының жылтыраған көзі, тамыр жайған топырағы оның 1915 – 1916 жылдары жазған алғашқы өлеңдер дәптерінен – ақ көрініп тұр. Мұнда Абай поэзиясының әсері айтпай танырлық. Оның ағартушылық, адамгершілік сарыны, туған халқын, Отанын сүйгіш сезімі, қорлыққа, әділетсіздікке төзбеуі, жаман мінез, қылықтар мен әлеуметтік міндерді сынап, сықақ ету дәстүрі – Ілияс өлеңдерінің де салты. Абай «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» дегн өлеңінде терең ғылым ала алмадым деп опық жесе, жиырма жылдан кейін Ілияс білім алу мәселесін енді теңдік алу мәселесімен ұштастырып:

Өнерге ұмтыл, өнерді біл, замандас!

Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас!

Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,

Теңдік тиер, ешкім күйе жаға алмас, —

дейді. Бұл – Ыбырай мен Абайға, Сұлтанмахмұт пен Дөнентаевқа жалғасқан кәдімгі ағартушылық жолы. Ілиястың «Біздің жазда» деген өлеңі – Абайдың осы тақырыптағы белгілі өлеңдерімен үндес те әуендес. «Ынтықтар» деген өлеңдегі жазғы түннің суреті мен жастардың махабаттық жолығысуының да, жоғарыда айтқандай, «Желсіз түнде жарық аймен» көп жері ұқсас. Поэзияның күш – қуатын, қоғамда алатын орны мен атқаратын ролін Ілияс Абайша ұғынады. Оның «Жанды сөз» деген екі шумақ өлеңі Абайдың өлең сөз бен ән – күй туралы айтқан керемет әдемі өлеңдерін еске түсіреді.

Ұйықтап жатқан көңілді өлең түртер,

Қайғы, зарын, қуанышын жақсы тінтер.

Жүрегімнің айнасын шаң басқанда,

Орамалым осы өлең бетін сүртер

Өлең, мақал, жаңылтпаш, ертегі, жыр –

Мұның бәрі жанды сөз, ішінде сыр.

Елдің сәні сақталар жанды сөзбен,

Қай жұрт болсын талассыз осыған құл!

Ауылда өскен жас ақынның туған ел әдебиетіне – халықтың асыл сөзіне – бұл секілді таң қаларлық тамаша көзқарасына Абайдың тікелей әсері тигендігі даусыз. Мұны Ілияс өлеңдерінің құрылысынан да анық көреміз. Поэзияда Абай жасаған үлгілер Ілияста өте кең орын алған. Басқасын былай қойғанда, Абайдың өзінде сирек кездесетін «Сегіз аяқ», пен «Бойы бұлғаңның» үлгісімен жазған Ілияста «Қалпымыз», «Шым – шытырық» деген өлеңдер бар.

Ілияс поэзиясының қалыптасуына Абай шығармашылығының тгі әсерін және Ілияс шығармаларында Абай өнегесінің алатын үлкен орнын тағы да толып жатқан мысалдармен көрсетуге болады. Орыс поэзиясының Абай қолданған шалыс ұйқас үлгісі Жансүгіров поэзиясында аллитерация, ассонанстармен құлпырып жанып кетеді.

Жанардың жанған жалыны,

Жердің жүзін жарық етер.

Жарылқар жалшы, жарлыны,

Жаңа жұрт жасар, қарқ етер,

Жалпы ассонанс пен аллитерация – Ілияс поэзиясында табиғи түрде кең орын алған ақындық құралдар. Олар еркін, өзінен — өзі ағылып, құйылып отыратын секілді.

Осымен бірге Ілияс үш буын, бес буын өлеңдердің де үлгісін салып көрген.

Ақынның ерекшеліктері өлең түрлерімен қабат, басқа да поэзиялық қасиеттер мен көркемдеуіш құралдардан тұратыны белгілі. Соның ішінде ақынның үні, арыны, лебі, тынысы, тілі, сарыны, бейнелеу тәсілдері секілді бір – бірімен тығыз байланысты қасиеттер мен құралдар – ақынның идеялық өресіне сәйкес өмір шындығын көркем бейнелеуге қызмет етіп, ақынның талантын, поэзиялық күш – қуатын, шеберлігін танытатын белгілер мен сипаттар.

Ілияс поэзиясына тән тағы бір зор ерекшелік – оның ақындық екпініндегі өзіндік үн, лирикалық леп. Не жайында, қандай күйде жырласа да, ақын шын көңілмен жырлайды. Барлық жерде ақынның жүрек сыры ақтарылып, ыстық сезім жалын атады. Оған салқындық, селқостық яки жалған сезім жат. Дарашылдық пен эстетшілдік лирикасынан Ілияс аулақ. «Кеңесті далам, кең далам», «Айдалам, Арқам, ауылым», «Асылға бай кендерім, астыққа бай жерлерім», деген өлең жолдары, жүректің тек қана таза шыңырауынан шығуы мүмкін. Ілияс поэөзиясына айрықша әр, ажар, әсерлі күш беретін де осы – жалынды лирикалық леп. Ол – оның халқын, туған жерін шексіз сүйген ең ардақты сезімі, ол – оның сол халқын бақытқа бөлеген партияға, Мәскеуге, ұлы орыс халқына деген ең асыл, ең ыстық сезімі. Оның көкірегін жарып шыққан ақындық үнінен жалған, жат мақам табу қиын.

Әрине, Ілияс өлеңінің бәрі бірдей мінсіз, мүлтіксіз шыққан емес. Оның ішінде асығыс жазылған, яки сәтсіз шыққан әлсіз, жасық немесе образдары схемалы, сөзі көп, пікірі үстірт, риторикалы, нанымсыз өлеңдер де бар. Мұнда өлеңдер, әсірее ақынның алғашқы дәуірінде, әйтпесе шығарманы әлі игеріп болмаған тың тақырыпқа газе,т редакцияларының тапсыруымен суыт жазған реттерде туған («Қуат» пен «Жорық» поэмалары және 1931 – 1932 жылдары өндіріс, колхоз тақырыбына жазылған кейбір өлеңдері).

Ақын поэзияның кең арналы эпикалық, терең сырлы лирикалық салаларында жарқырап көзге түсті де, шын халықтық, нағыз ұлттық поэзияның өрнекті үлгілерін салды. [ 6 – 145]