Ілияс Жансүгіровтің аударма өнеріндегі ерекшеліктері

Әдебиеттің көкейкесті мәселелері жөнінде көп ойланып, көп толғанған жазушылардың бірі Ілияс Жансүгіров. Ол өзінің бір мақаласында: «Менің бір сүйетін жұмысым сын мәселесі, әдеби сын бізде әзір аз, біздің сынға кірісіп жүргендер әлі үстірт, тайқалақ, орашолақ істеп келе жатыр. Әдебиет майданымыздағы үлкен олқымыз осы. Ілгеріде осыған қызмет қылуымды міндетім деп ұғынғаныма да көп болды, атқара алмай жатқаныма қатты армандамын…».

Ақын көп ұзамай бұл арманын жүзеге асыра бастайды. 1932 жылы 23 сәуірде Орталық партия Комитеті РАПП, БОАПП ұйымдарын ажыратып, оның орнына кеңес (совет) жазушылар Одағын құруға қаулы алады. Осы негізде Қазақстан Өлкелік партия Комитеті де қаулы алып, ҚазАПП – ты ажыратады да, сол 1932 жылы 18 мамырда ҚазАПП – тың ақырғы жиналысы өтеді. Бұл жиналыста Қазақстан жазушыларының басын қосып жауынгерлік отряд жасау, — совет әдебиетін дамытудағы ролі туралы және ұйымдастыру мәселелері қаралады. Сонымен 1932 жылы Қазақстан кеңес жазушыларының ұйымдастыру комитеті құрылып, оның 10 мүшесі сайланады. Ұйымдастыру комитетінің председателі І. Жансүгіров, жауапты хатшысы Ғ. Мүсірепов болып белгіленеді.

1932 жылдың желтоқсан айында өткен Жазушылар одағының өлкелік пленумында І. Жансүгіров «Кеңес әдебиетін көркейтіп, партия декретін орындаймыз» деген тақырыпқа үлкен баяндама жасайды.

РАПП, ҚазАПП ісінің жетістігі мен кемістігін айта келіп, ондағы міндеттерге тоқталады, осы уақытқа дейін орын алып келген жазушылар аарсындағы идеялық тартыстың жай – күйіне тоқталып, принципсіз жікшілдікті қатты сынайды. І. Жансүгіровтің бұл пленумда ерекше көтерген мәселесі – бүгінгі социалистік құрылыстың қарқынды түрде жүріп жатқанын, еңбек адамдарының ерлігін жырлау керектігі еді. Бұл тезистің өзі ескілікті ғана жыр етуге шақырған ұлтшыл ақындардың тезистеріне қарсы принципиалды күреске негізделген еді.

Соңғы жылға дейін қазақ әдебиетіне революциялық романтика керек пе, керек емемс пе деген пікірлер баспа беттерінде де, әдеби айтыстарда да сөз болып келгенді. І. Жансүгіров бұл проблемалық мәселе жайында өз пікірін ашық айтып, революциялық романтиканың әдебиетімізге жат еместігін дәлелдейді. Сонымен бірге баяндамашы сын мәселесіне де ерекше тоқталады. Сын – жазушыға шығармашылық қорек беретін болуы керек, әдеби дамудың үлкен бір шарты осы қамқор сын еді, ол әлсіз жерде даму да қарқынды болмақ емес, сол сын әлі мардымсыз деген қорытынды жасайды.

Міне, осыдан былай І. Жансүгіров қазақ әдебиетінің жалпы жайы, жеке мәселелері туралы үнемі баяндамалар жасап, мақалаларды үзбей жазып тұрады.

Ілияс өлең жазумен бірге драматургия, кинодраматургиямен айналысқан. Ол тек пьеса жазып қана қойған жоқ, сонымен бірге драматургия, театр мамандары туралы үнемі қамқорлық жасап, мәселелер көтеріп жүреді.

Ілияс Ғаббас Тоғановпен бірігіп жазған «Театр мамандарын дайындау керек» деген мақаласы мен «Қазақ ұлт театры» атты кітапшасынан кейін «Риддердегі қазақ жұмысшыларының театры» деген кітапшасын жазды.

Халықтың ауыз әдебиеті мұраларын жастайынан мол жинап, оны кейін баспа бетіне ептеп жариялап, халық игілігіне айналдырған Ілияс Жансүгіров Абай поэзиясы туралы басқаша пікірде болды. Жастайынан жаттап, жүрегінің түкпірінен поэзиясына орын берген, көп еліктеп, үлгі алған Абайды Ілияс халықтық ақын деп алған қорғаушылардың бірі болады. Алматыда шығатын «Тілші» газетіне 1923 жылы ол Абай туралы «Абай кітабы» атты үлкен мақаласын бастырады. Бірақ, Абай төңірегіндегі әр түрлі пікірлер 30 – жылдарға дейін созылып келгендіктен, буржуазияшыл – ұлтшылдар Абайды әлеуметтік ортадан жырып алып, өздерінің ұлтшылдық пиғылдарын жүзеге аысру үшін пайдалануға тырысты.

Алайда, Абай поэзиясының әлеуметтік бағытын ашуда Ілияс көптеген дұрыс тұжырымдар айтумен қатар, біраз қайшылықты піікрлерге жол береді. [ 2 – 125]

Ілияс Жансүгіров тек өзінің қоғамдық қызметіне ғана байланысты емес, ол әр уақытта ақын азаматтық борышы ретінде туған әдебиетінің тағдырын, оның болашағын үнемі ойлап, пікіп айтып отырады. Газет – журналдарда басылған мақалаларында болсын, әдебиет мәселелеріне арналған баяндамаларында болсын Ілияс үлкен бір проблеманы көтереді. Ол – халықтар әдебиетінің интернационалдық байланысы. Бұл байланыс тек мазмұн жағынан емес, түр жағынан да болып келуі шарт. Социалистік дәуірде халықтар достығы нығайып, экономикалық байланыс күшейген кезде әдеби байланыс та соның өзекті бір арнасы ретінде жүріп жатады. Бұл байланыстың түрлері әр алуан. Алдымен, бір халық жазушылары екінші халық әдебиетінің озық дәстүрлерінен үйрену, оны меңгеру арқлы жүргізілмек. Революцияға дейінгі дәуірде Абайды, Ыбырайды атамағанда, қазақ әдебиеті орыс әдебиетінің, басқа да үздік жазба әдебиеті бар халықтардың озық дәстүрлерін игеруге мүмкіндігі болмай келсе, Ұлы Октябрь социалистік револлюциясынан кейін оған толық жағдай жасалды, негіз туды.

Бұл байланыстың бірден – бір төте жолы әр ұлт жазушыларының озық туындылары өз ана тілінде ғаан басылып қалмай, басқа да ұлт тілдеріне аударылып тұруы керек. «Бұл қазақ әдебиетінің қорын молайтады. Қазақ оқушысын өсіреді, қазақ жазушыларын оқытады», яғни әдеби байланыс халықтар әдебиетінің жедел дамуының басты бір шарты дегенді І. Жансүгіров баса айтады. «Қазақ оқушылары жалғыз өзінің Бейімбет, Қалмақанын ғаан оқып, қамалып отыруға қанағаттанбайды. Горькийден бастап татардың Ғалымжанын, өзбек, қырғыз, түркмендердің, жан – жақтың әдебиетінің барлығын да оқығысы келеді. Біз осы тілекті орындауымыз керек», — деді.

Бір мазмұнды, көп тілді совет әдебиетінің ерекше қарқынмен дамуына мүмкіндік беріп отырған объективтік жағдайға қысқаша тоқтала келіп, І. Жансүгіров бұл идеяны ұсынып қана қойған жоқ, өзі де осы аудармамен шұғыл айналысты.

30 – жылдары аударма мәселесіндегі жетістік туралы сөз болса, осы жолда өндіре еңбек еткен Ілияс Жансүгіровтің атын атамай кете алмаймыз.

І. Жансүгіров орыс тілін кешірек үйренуіне қарамастан, орыс ақындарының, орыс тіліне аударылған шетел ақындарының өлеңдерін шөліркене оқып, өз көңіліне қонған, өзін сүйсіндірген шығармаларының кейбірін ана тіліне аудара бастайды.

В. Маковскийдің «Лениншілдер» атты өлеңін 1929 жылы аударып «Жаңа әдебиет» журналының 1930 жылғы 1 – санында, алғаш рет жариялайды. Содан былай қарайғы аудармалары күнделікті баспа беттерінде, жинақтарда басылып тұрады. Орыс жазушыларынан А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, И. Крылов, Н. Некрасов, Г. Державин, М. Горький, Д. Бедный, В. Маяковский, И. Уткин, А. Жаров, Н. Тихонов, А. Крайский, А. Безыменский, В. Рождественский, М. Зощенко т.б., туысқан ұлт республика ақындарынан А. Тоқай, А. Лахути т.б. өлеңдерін аударды. Бұлардың ішінде әсіресе көбірек аударған ақындары А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Н. А. Некрасовтар болады.

Ілияс Жансүгіров орыс тілін ептеп біле бастасымен М. Горький шығармаларын ерекше зейін қойып оқиды. «Оның кітаптарының, — деп жазады ақынның өзі, — бірінен соң бірін сонырқап, іздеп оқыдым. Горький кітаптары мені жазуға жігерлендірді. Көзімді ашып, сарайымды тазалап, ілгері қарай сүйреді, әсіресе маған ерекше әсер еткен оның асқан ақындықпен жазылған «Сұңқар жыры», «Дауылпаз жыры» сияқты өлеңдері болды». Ұлы дауылға шақырған, күреске үндеген бұл шығарманы Ілияс Жансүгіров жаттап алады, қазақ тіліне аударады.

«Әрине, Горькийдің кітабын оқып, сөзіне сусындап жүрген шәкіртіне өзінің ұлы ұстазын көрі арманы аз ғана болмайды. Мен көптен Горькийдің көруді көксеуші едім. Ондай бақытты күн маған 1933 жылдың қысында Мәскеуде ұлт республикалары жазушыларының мәжілісі өтіп, сол мәжіліске қатысқан жазушыларды А. М. Горький қонаққа шақырады. Осы қонақтардың ішінде І. Жансүгіров те болады. Сол кездесудегі болған әңгімені қысқаша түйіндей келіп, ақын былай деп жазады:

«…Әсіресе Алексей Максимович қазақ халқының тарихы мен қазақ даласын жаулап алған патша үкіметінің тарихы туралы сұрастырып отырды. Сол заманда отар саясатымен түскен Еділ, Ертіс бойындағы қалалардың тарихы бай, қызықты материал деп сөйледі…».

А. М. Горький мен І. Жансүгіров одан кейін де бірнеше рет кездесіп, әңгімелескен, әсіресе СССР жазушыларының съезі үстінде  Алексей Максимович үнемі жазушылар арасында болды.

«Мен бір жолыққанда, — дейді І. Жансүгіров, — Алексей Максимовичке қазақ жазушыларының кітабын беріп отырып, өзім аударған «Дауылпаздың» қазақшасын оқып бердім. Ол өте ықыласпен тыңдады. Мен оқып болған соң қолымды қысып тұрып :

  • Мен сіздің тіліңізді білмесем де ені ұққандыңызды сеземін, — деді. Мен өте өркештеніп қалдым».

Міне, пролетариаттың ұлы жазушысы А. М. Горькиймен жүздесіп, дидарласуы, ұлы ақындардың шығармаларын оқып, одан өзіне нәр алуы І. Жансүгіровті аударма шығармашылығына белсене араласуға себепші болды. І. Жансүгіров, бір жағынан, ұлы жазушылардың асқақ туындыларын қазақ оқушыларына жеткізуді өзінің ақындық парызы деп санаса, екінші жағынан, қазақ әдебиетінің даму, өсу процесі – осындай озық шығармалардың аударылуы арқылы да жүзеге асатынын ол жақсы түсінді.

1937 жылы А. С. Пушкиннің өлгеніне жүз жыл толуын бүкіл Одақ бойынша атап өтуге қаулы алынды. Бұл күнге барлық ұлт республикаларында үлкен дайындықтар жүргізілді. Осы датаға байланысты Пушкин өлеңдерін бұрыннан аударып жүрген Ілияс Жансүгіровке енді «Евгений Онегин» романын аудару жұмысы жүктелді. Романды ақын түгел аударды (Ілияс Жансүгіровтің аудармашылық өнері арнай зерттеуді қажет етеді).

Әдебиеттің интернационалдық байланысын күшейту туралы мәселе көтерген І. Жансүгіров қазақ совет әдебиетінің, қайнар бұлақ көзі болған қазақтың дәстүрлі әдебиетінің, яғни ауыз әдебиетінің бай мұрасын зерттеп, оны шығармашылық жолмен игеру керектігін де үнемі қадағалап отырған әдебиетші. Сол халық әдебиетін мол жинап, оны өзінің шығармашылығына пайдалануда да І. Жансүгіров басқаларға үлгі көрсеткен ақындардың бірі болды.

Қазақ совет жазушылары Одағының председателі болған І. Жансүгіров 1934 жылы Мәскеуде өткен СССР жазушыларының І съезіне делегат болып қатынасады. Съезде ол қазақ әдебиеті жайынан сөз сөйлейді. Осы съезде ақын СССР жазушылар Одағы мен Қазақ АССР жазушылар Одағы правлениесінің мүшесі болып сайланады. Партия мен үкіметтің жүктеген қиын да жауапты қызметтерінде ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетін анық танытады. [ 5 – 43]

Ілиястың ақындық күшінің ең салмақты жағы – оның поэмаларында. Ақын бойындағы айрықша қуат пен дарын, шеберлік пен ойлылық оның әпикалық туындыларынан айрықша көрінеді. Әсіресе, «Дала» мен өнер тақырыбына жазған поэмалары «Күйші», «Құлагер» тұсында Ілияс өлшеусіз биікке көтеріледі.

«Ілияс Жансүгіровтің ақындық мұраларының ішінде жаңағы үш поэма қазақ совет поэмасының екі үлгісін танытады, — деген еді М. Әуезов. – Бір алуаны – лирикалық философиялық, екіншісі – оқиғалы, сюжетті поэма үлгісі. Осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік, ірі сапа табады. Бұлардағы дүниені көрер көз, сезіну сыры, жалпы дүние тану қалпы, ақындық сыр, өмірге қараған көзқарас – барлығы да бұрынғы қазақ поэзиясы тудырмаған тың жаңалықты аңғартады. Осы поэмаларда бейнелегіштік (образность) кенеулі тапқыр оймен ұдайы жақсы үйлесіп отырады».

Заман шындығын трең ашып дәуірдің қат – қабат шытырманды оқиғаларын геройдың психологиялық сезім күйлері арқылы бейнелеу Ілиястың өнер тақырыбына арналған поэмаларының көркемдік сапасын белгілейді. «Күйші» поэмасындағы Қаракөз бен күйші жігіттің өнерге еліктен адамдық сезім осалдығы қоғамдық жіктің екі басында тұрған геройларды үлкен арпалысқа салады. Біріне – бірі бір ауыз сөз қатпастан күй тілімен түсінісіп отырған геройлар сезімін суреттеуде ақын үлкен шеберлікке көтеріледі. Сонымен бірге Ілияс герой мен заманның ара қатынасын белгілеуде де тың түсінік, жаңа көзқарас аңғартады. «Құлагер» поэмасындағы Ақан арқылы Ілияс беймезгіл заманда туған өнер адамының ескілікке деген өктем назарылығын көреді. Оны орыс ойшылдарының қазақ қоғамына түскен ұшқыны ретінде («Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс, түскен бе Көкшетауға көлеңкесі») таниды. Сондықтан да Ақанның қанша қуғын мен азап көрсе де, мойып, ешкімге бас имеген кейпінен ол үлкен романтикалық бейне табады. Ақан өлімнің өзіне ол романтик геройдың дүниеге табынбай, өрлікпен өтуі ретінде қарайды («Тұсында пері болсын, сері болсын, ұнайды өлімімен Ақан маған»). Ілиястың тарихқа көзқарасы, оны тануы мен екшеп ала білуі, бұл жағынан, кейінгі әдебиетшілерге көп үлгі. Дәуірі жағынан ескі заман уақиғаларын суреттеуге арналғанмен, ақын поэмалары бүгінгі дәуір шындығымен терең байланыста жазылған. Молықбайды айтса, ол бүгінгі күй сарынының өзгергенін, жаңа күйді көрсетеді. «Күйшіде» хандар тепкісінде теңдік аңсаған күй сарыны мен «Құлагерде» Ақанды зарлатқан заман әділетсіздігін бүгінгі шындыққа қарсы қояды. Фольклорлық сөзуарлықтан арылып, мазмұн мен түр бірлігін қалтқысыз сәйкестіре сақтаған бұл туындылар дүниежүзілік поэзияның озық дәстүрлерін бойына сіңірген үздік үлгілері еді. Ілястың А. С. Пушкиннен, М. Ю. Лермонтовтан, Н. А. Некрасовтан, И. А. Крыловтан, Г. Гейнеден, В. Маяковскийден жасаған талантты аудармалары, бір жағынан, ол үшін үлкен шеберлік мектебі болғаны даусыз.

Ілияс эпикада да, лирикада да терең ойдың, үлкен сезімнің, ұшқыр қиялдың ақыны болды. Ол әрқашан ақын жүрегін жарып шығатын шын сезімді жырлады. Ал, ақын сезімі үнемі заман құбылыстарымен, ондағы өзгеріспен байланыста көрінді. Оның поэзиясының халықтық, партиялық әдебиеттің алғы шебінде болуы да осыдан. Мұны мен ақынның бұл курстық жұмысымда аталмаған өлең – поэмаларынан да, проза мен драматургия, журналистика саласындағы мол еңбегінен де көремін. Дәуір талабының дәрежесінде болу, ол үшін жалықпай ізденіп, шеберлікке жетілген үстіне жетіле беру – ұлттық поэзиямызға Ілияс қалдырған үлгі. Сондықтан да бүгінгі қазақ ақындары Ілиясты өзіне ұстаз тұтады. Оның ақындық өнеріне әр қашан табына қарайды және де менің ойымша Оқырман қауым ұлы ақынды ұмытпай, оның ескерткішінің алдына бас иеді. [ 12 – 200]