Әлемге арналған ақындық үн

Халықаралық жағдай мен жер жүзілік оқиғалар, империалистерге қарсы өршіген жұмысшы қозғалысы  мәселелері — әр жылдары – ақ ақынның назарын аударып келген тақырыптың бірі. Жансүгіров поэзиясында бұл тақырып әжептәуір орын алады. Капиталистік елдердің ала ауыз дипломатиясын мазақтап, ол – 1922 жылдың өзінде «Тілші» газетінде «Саясат қошқарлары» деген сықақ өлең жариялаған болатын. Оның бер жағында капитализм  дүниесін сұр жылан образында алып жазған «Қос аяқ» деген өлеңін 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналына бастырды. 1926 жылы мамыр айында Англияда күшпен басылған көмір кеншілерінің көтерілісіне арнап жазған «Кім үшін?» деген өлеңі 1928 жылы «Сағанақ» жинағында шықты. 1925 жылы «Тілші» газетінде «Коммуна» деген өлең жазып, ақын бейнелі сөздерімен Париж Коммунасы қаһармандары бастаған ұлы істі Совет Одағы жүзеге асырып отырғанын, Коммунаның жарқын идеясы күндердің күнінде дүние жүзін нұрға бөлейтінін айтып, жалынды жыр қозғады. 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде атақты француз ақыны Виктор Гюгоның «Қырғында» деген революциялық өлеңін қазақшаға аударып бастырды.

Ілиястың халықаралық тақырыпқа жазған шығармаларының ішіндегі ең биік шыңы – 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде шыққан «Гималай» атты даңқты өлеңі.

Ақ шалып басын қар көміп,

Аспанның төсін арда еміп,

Анасындай алтын күн,

Сел жіберіп бір жуып,

Жел жіберіп бір желпіп,

Ауық – ауық құшақтап,

Әлсін — әлсін нұр сеуіп,

Есейген асқар Гималай…

Сол күннен нұр ала алмай,

Басы мұнар, бауыры тар…

Гималай асқар неге олай? –

деп басталатын өлеңде ақынның жүрегінен ең ардақты сезімі ақтарылған.

Жемісі жерде мәуелеп,

Терегі көкке тәуелеп,

Тағысы таста ойнаса,

Қиядан қыран әуелеп,

Андыздап ара бал сорып,

Шешегін шымшып көбелек,

Құндағы ну қарағай.

Сол сәулетке оранбай,

Борбайы борша, арша арқа,

Гималай асқар неге олай? –

деген жолдарда әсем образдардың кестесі тігілген, асыл сөздердің маржаны тізілген. Ал енді:

Гималай – көктің кіндігі,

Гималай – жердің түндігі,

Мұз – туырлық, қар – үзік,

Түрілмеген бір күні, —

деген шумақта сол кездегі қазақ ұғымына таныс киіз үйдің байырғы бейнесі арқылы керемет көркем сурет жасалған.

«Гималай» — Ілияс шығармаларының ішінед айрықша айшықтысы, әдемісі, мазмұны мен түрі қиысқан, төрт тақтасы түгел жатық, тыңнан ойғандай тұтас, қорытып құйғандай сом, кесек шыққан көркемі. Оның идеясы – терең, нақ, шын өмірлік идея. Оның екпіні мен әуені шын өмірлік нағыз толқыған ақын жанынан жарып шыққан.

Данышпан Ленин бір кезде Шығыс пен Азия елдерінің империализмге қарсы қозғалатынын, отаршылдықтың құлдық бұғауынан құтылатынын жіті болжап айтқан болатын. «Гималайда» Ілияс сол жау жайлаған қалың Шығыстың ауыр күйін суреттей келіп, оның бойындағы алып қуатын, алдағы жарқын болашағын меңзеп, Лениннің даналық болжалына өзінің ақындық қиялын ұштастырады:

Гималайда қуат бар,

Қозғалды оны құрауға,

Гималайда ұлы от бар,

Таянып тұр тұтауға:

Гималайда улы оқ бар,

Құл атады құдайға

Болса болар, болғандай…

Көксеп күн мен көкорай,

Дейтіндерге неге олай?

Айтар сонда Гималай.

Бүгінгі отаршылдықтың бұғауын үзіп, өз тізгінін өзі алып, тәуелсіздік жолға түскен Азия, Африка елдері Ленин болжалының өмірлік, даналық болжал екеніне айқын айғақ болса, сонымен бірге олар ақын қиялының да өмір шындығына сәйкес, революциялық идеядан пайда болған негізді, қисынды қиял екеніне даусыз дәлел бола алады. [10 – 247]