Тарихи және көркемдік шындық тағылымы

Әдеби-теориялық және эстетикалық сананың даму барысында өнердің әр дәуірдегі даму процесінде күшті өзгерістерге түсетін «көркем қиял және көркемдік болжам» атты екі теориялық категория қалыптасты. Өнертанушы мамандар қиялды суреттердің нақты шындықты қаз-қалпында, өмірді дәл өмірдегідей суреттеуден ауытқу құралы деп ұғынады. Тарихи шындықты көп әсірелемей, негізін сақтай отырып суреттеу тәсілін болжау деп таниды. Тарихи романдар жөніндегі зерттеулердің қомақты тізіміне көз салсақ, шығармадағы көркем қиял мен тарихи шындықтың арақатынасы мәселесіне соқпай өтетіні жоқ. Бұл жұмыстарды «қиял мен болжалдың» жалпы теориясы оның әдебиеттегі ролі, жанрдың типологиялық белгілерін анықтаудағы қызметін анықтауға талпыныс жасады. Көркем қиял өнердегі дүниені танудың өзінше ерек құралы. Көркем образ өмірлік негіз бен көркемдік қиялдың тоғысынан тұрады. Әдеби шығарманы жазуда жазушы өзінің творчестволық қиялында образ туғызады, содан кейін барып оны көркем бейнелеуге қажетті құралдарды таңдайды. Тіпті жазушы өмірде нақты болған тарихи тұлға жөнінде жазып отырған күннің өзінде, оның барлық сипатын өмірде болған күйінде шығармаға көшірмек емес, оның басты қасиеттерін, өміріндегі үлкен әрекеттерін негіз ете отырып, өз прототипін көркемдік құралдардың құзырына бағындырып жаңа әдеби тұлға жасайды. Сондықтан да, көркем қиял — өнердің табиғатын анықтайтын басты сипат болып табылады. Ал, көркемдік болжам көбіне документті шығармаларға тән. Дегенмен, ел тарихи шағармалар табиғатына етене жақын. Көркемдік қиял мен көркемдік болжал бір-бірімен тығыз байланысты болғанмен екеуінің арасындағы елеулі айырмашылықты да есте тұтқан жөн. Яғни көркем қиял — әдеби образды тудырудың негізгі тәсілі, көркем ойлаудың ерекшелігін айқындайтын сипат.

Ал, көркемдік болжал болса документтерге, тарихи деректерге құрылған тарихи шығармалардың жанрлық ерекшелігін көрсетеді. Демек, көркемдік болжал белгілі бір фактілер төңірегінде туындайды. Тарихи романдардың жанрлық ерекшеліктерінің ең басты көрсеткіші дәуір шындығын тарихи деректерге, фактілерге, документтерге сүйене отырып ашуында дегенге қол қояр болсақ, роман табиғатындағы сол тарихи деректерге негізделген көркемдік болжалдың табиғатын ашудың ролі зор. Ол үшін әрине, ең алдымен сол кезеңдегі сақталып қалған деректерді роман табиғатымен салыстыру қажеттігі туады.

Тарихи факт – ол біздің санамыздан тыс өмір сүретін және өзіне ғана тән белгілі мазмұны бар объективті шындық. Көркем шығармалардағы тарихи деректермен көремдік шеберліктің жігін ажырату ежелден келе жатқан және болашақта да жалғаса беретін шексіз, қызық та, күрделі мәңгілік проблема. Тарихи шығармадағы тарихилық пен көркемдіктің ара қатынасы, айналып келгенде жазушының шеберлік қырын ашады.

«Көшпенділер» трилогиясының да тұтас табиғатына осы тұрғыдан көз салсақ, небір қызғылықты мәселелердің бас көтеретініне көз жеткіземіз. Трилогияның қамтыған кезеңі бірер жыл немесе белгілі бір тарихи кезең, әлде тұтас дәуір емес, қазақ халқының қалыптасуынан бастап, қабырғалы ел болғанға дейінгі небір қиын-қыстау уақыттардың тоғысынан құрастырған әлденеше ғасырға созылды. Сондықтан да, бұл кезеңдерге қатысты тарихи деректер, фактілер мен документтер ауызекі мағлұматтар өте мол. «Көшпенділер» трилогиясы хронолгиялық жүйеге құрылған тарихи шығарма. Ондағы баяндалатын оқиғалар негізінен тарихи жүйемен дамып, өрбіп отырады. Ондағы суреттелетін негізгі оқиғалар басты қаһармандар тарихта болған, автор оның барлығын тарихи деректерден алған. Сондықтан тарихи шығарма табиғатынан көркем қиялдан гөрі көркемдік болжалдың салмағы басым. Әр кезеңдегі трихи деректермен мағлұматтарды, ғалымдар еңбектерін барынша тереңдей зерттегені шығарма табиғатынан айқын аңғарылады.

«Әбілқайыр ірбіс терісінің үстінде аунап түсіп, толғанып жатыр. Дешті Қыпшақтың бағы тая бастаған жеке билеушісінің осы ішкі толғанысы мен трилогияның бірінші кітабы (Алмас қылыш) басталады». Әбілқайырды іш-құсаға салған бұл толғаныс роман желісінің бүкіл тамыр-тамырына таралатын болашақ ұлы оқиғалардың бастау бұлағы. Арғы-бергі ата дәстүрін есіне алып, шиеленіскен түйіннің шешімін таба алмай шерменде болған Әбілқайыр толғанысының сырын «Көк Орда ел-жұртын жеке билеп келген Әбілқайыр мен қазақ Ордасын бөліп аламын деген Жәнібек сұлтанның таласы әлдеқашан-ақ басталған. Бұлар бір-бірін жан алқымынан ала түсер көкжал қасқыр мен арлан тазы теңдес араларында бітім болуға тиісті емес. Бірақ әлі қарсы шабар күн туған жоқ, тек қазір сол күнді күтіп жүрген жағдайлары бар» деп түсіндіреді автор. Ақыры бұл тартыс былай аяқталады: «Жәнібек пен Керей Моғолстан ханымен бір ай бірге болып, бір ыдыстан ас ішіп, бір ауыздан сөз шығарысып, тату-тәтті бітімге келді. Исан Бұғы көшіп келген қазақ руларына бүкіл Шу, Сарысу, Талас, Бадам өзендері бойымен Қозыбас Қара таудың Моғолстанға қарайтын теріскей жағын тегіс қонысқа берді». Осылайша, роман желісіне негіз болған қазақ хандығының құрылуы жөніндегі ұлы тартыс аяқталып, енді оқиға бұның қалыптасу дәуіріне ұласады. Романның тең жарымы осы желіге, яғни қазақ хандығының пайда болуының тарихи алғышарттарына арналған. Бұл орайда да жазушы көркем қиялдан гөрі тарихи деректерге негізделген көркемдік әрлеуге көбірек жүгінеді.

Жазушы қолына түскен деректерді көркем шығарманың әріне айналдыра отырып, өзінше дамыта пайдаланған. Қобыландының Дайырқожаны абайсызда өлтіруіне өзінше дәлелдер келтірген. Ол – Қобыландының Әбілқайырдың қызы Гүлбахрам – патшайым сұлуға дәмеленуі. Ал, Ақжол би сұлудың сүйгені Саян батырды қашырып, көмек көрсетеді. Екі алыптың соқтығысуының басты себебі де бұл емес. Оның тізгіні хандар қолында жатыр. «Әбілқайыр Ақжол мен Қобыландының арасына астыртын шам тастап, шиеленістіре түскен». Оның ондағы мақсаты енді ғана ұйып, одақтас болып келе жатқан Арғын, Қыпшақ руларының арасына жік салып, Керей мен Жәнібек одағын бұзу болатын. Әбілқайыр ойы белгілі дәрежеде іске асқанымен мақсатқа жеткізбейді, қайта керісінше Жәнібек пен Керейге сұлтау болады. Ақжол бидің өлімі қауға тиген оқтай болды, Әбілқайырдың зорлығына әзер шыдап отырған ел Жәнібек, Керей сұлтандардың соңынан үдере көшті. Бұл жерде жазушы тарихи деректер негізінде көркемдік әрлеуді дамыта пайдаланған.

Тарихи деректерге негізделген көркемдік болжалдың тағы бір үлгісін шығармадағы Қотан, Қазтоған жыраулардың айтысынан көреміз. Жоғарыдағы мысалда жазушы тарихи мағлұматтарды өзгеріссіз пайдаланып, сюжеттік сол төңіректе өрбітсе, мұндағы өрнек басқашалау. Айтысқа түсуші тарландар қазақ әдебиеті тарихынан орын алатын белгілі жыраулар – Қотан, Қазтоған. Аты аңызға айналған Асан қайғыға жазушы төрелік айтқызады. Автор тарихта болған үш шығармашылық адамын бір мәселе төңірегінде тоқайластыра отырып, олардың шығармашылық зертханасына үңіледі. Жазушы қолында олардың өз шығармаларын қалай, қандай жолмен шығарғандығы жөнінде дерек жоқ. Сондықтан шығармашылық өрлеуге бой ұрады. Жыраулардың кейінгі уақытқа там-тұмдап жеткен өлең жырларының табиғатына орай оларды өзінше сөйлетеді:

«Хан Ордасының алдында кілең би, батырлар алқа қотан отырғаннан кейін Асан қайғы айтысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп, біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл тас,

Жел толқытса шығады

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады, — деп басталатын ұлы толғауын да осы жолы айтқан еді», деп жыраудың кейбір өлеңдерінің шығу тегін осы оқиға төңірегінде тоқайластырады. Автор Қазтоған жыраудың да кейбір шығармаларының шығу жағдайын көрсетеді. Жазушы суреттеп отырған кезеңнің ыңғайына орайластыра Асан қайғының аузына:

Сұмырай, сұрқия, сұм заман,

Шаққалы тұрған сұр жылан.

Өткені емес халқымның

болашағы шер мұңым — деген сөздер салса, Қазтоғанның аузына:

Алаңда алаң, алаң бар,

Баталмай жау алаңдар.

Сақтан шыққан Кейсақ бар,

Қайсақ, қайсақ, қыпшақ-қыпсақ боп

Он екі атаға таралар – деген тәрізді бөгде жолдар салады. Бұл өлеңдер бұл ақындардың сақталған шығармаларының ішінде кездеспейді, бұл автордың көркемдік әрлеуінен туған.

«Алмас қылыштағы» оқиғалар тізбегі кейіпкерлер ерекшелігінің негізгі басым көпшілігі тарихи деректерге құрылған. Оған мысалды кез-келген тұстан келтіруге болады. Бұл бір жағынан шығармадағы тарихи шындықтың негізін бекітіп әрін келтіруге қызмет етсе, екінші жағынан шығарманың көркемдік нәрін солғындата түскендей әсер қалдырады. Жазушы кезеңдік шындықты тарихи деректер негізінде ашуға бар қайратын салған.

«Алмас қылышта» негізінен XV ғасырдың екінші жартысынан XVI ғасырдың бас кезіне дейінгі оқиғалар сөз болады. Автор кезеңдік тарихи деректерді барынша тиімді пайдалана отырып, өзіндік көркемдік әлемін жасайды. Осы тұрғыдан келгенде «Алмас қылыштағы» көркемдік шындық тарихи шындықпен қабысып кетеді.

Мәселен, романның басты мұратының бірі – қазақ хандығының құрылу, қалыптасу кезеңін көрсету. Керей мен Жәнібек, Бұрындық, Қасым сияқты бірнеше ханның билеуінен өтіп, көршілес елдермен жаға жыртысып, арпалысқа түскен халық өмірінің қысталаң шақтарын бейнелеген. Автор романда белес-белесті оқиғаларды хронологиялық жолмен баяндайды. Шығарма қазақ хандарының ішіндегі ең көрнектісі «Қасым салған қасқа жол» деп өзінің ел билеушілік даналығымен жұрт есінде мәңгіге қалған Қасым хан дәуірімен аяқталады.

Қазақтың мұнан кейінгі мықты ханының бірі – Хақназар жөнінде. «Қазақ хандары Түркістан үшін сексен жылдай соғысты. Ақырында, осы Хақназар хан болған кезінде ғана тегіс өз жерін өзіне қайтарып алды. Хан астанасы Яссыға көшірілді. Содан кейін барып оны Түркістан деп атап кетті және осы Хақназар кезінде үш жүз жылдан көп әңгіме болып келген жәй бүкіл қазақтың Үш жүзге бөлінуімен аяқталады», — деген қысқа ғана хабарлармен аяқталады. Жазушының негізгі мұраты – қазақ халқының ел болып қалыптасуындағы ең сындарлы кезеңдерін көрсету. Сондықтан, ол XVI ғасырдың екінші жартысынан XVIII ғасырға бірақ аттайды.

XVIII ғасыр қазақ халқының қаласын-қаламасын әлемдік өркениетке тартыла бастаған кезеңі. Өркениетке келудің түрлі-түрлі жолы соның бірі – қазақ сияқты әлемдік дамудың шалқар көшінен саяқтап, феодалдық-патриархалдық қоғам деңгейіндегі қалған елдердің өз еркіндігін құрбан етіп, басы байлы отарға айналып барып мәдениетке қол созуы. Қазақ халқының алдында басқа таңдау жоқ. Өйткені екі өкпесінен қысқан Ресей, Қытай сияқты үлкен державалар өз олжасын асықпай арбап, аузына түсіріп, біртіндеп жұтатын аждахадай таяп келе жатқан. Оның үстіне өзі сияқты көшпелі Жоңғар мемлекетінің күшейіп, күш көрсетуі қосылады. Қалай дегенде де, қандай ел болмасын өз еркіндігін тәрк етіп, бодан болуға мойнын оңайшылықпен ұсына қоймасы анық.

Трилогияның үш кітабында да соңғы тарих халықтың өз тарихын көрсету көзделген. Дегенмен, халық тарихын билеушілер әрекетінен бөліп қарамайтын тұстар да жоқ емес. XVIII ғасырда да ондай айналып өтуге болмайтын хандар тарихына қатысты фактілер аз емес. Соның ең негізгісінің бірі – Қазақстанның Ресейге қосылуы жөніндегі ниетті документпен растаған кіші жүз ханы — Әбілқайыр. Бұл тарихи оқиға романда негізінен жазба деректегідей анық та, айқын суреттелген. Бұл көріністі Әбілқайырдың аузынан мына сөзден білеміз: «Ресей қарамағына креміз дегеннен бері менің қасым көбеюде, — деді ол. Қай халыққа болса да, басқа жұртқа бағынышты болу өте қиын. Бірақ біздің жағдайымыз да басқа жол жоқ. Жоңғарды жеңсең ар жағында Қытай бар, Қытай Боғдыханына бағыну – тіліңнен де, діліңнен де айырылу деген сөз. Ал, Ресей оған қарағанда әділ де, адал жұрт. Жеріміз де тағдырымыз да бір. Жоқ, не десеңіздер де Ресейге қосылу – бізге қалған жалғыз жол». Бұл Әбілқайырдың  Барақ сұлтанмен әңгімесі. Бұл жерде Әбілқайырдың жаулары талданып айтылмайды. Автор негізінен Әбілқайыр мен сұлтандар арасындағы күреске ден қойып, оның барақ сұлтан қолынан өлуімен аяқталады.

Әбілқайыр ханның халық құрметіне ие болған уақытының шарықтау шегі оның қазақ жасағының бас қолбасшысы болып сайлануы еді. Бірақ бұл жөнінде романда айтылмайды. «Көшпенділерде» Әбілқайырдың Ресейге қосылуы жөніндегі талпыныстары ғана суреттеледі.

Қазақ халқының Ресей қол астына бодан болмауға енді шарасы қалмаған. Ол тарихи шындық болатын. Бірақ сол бір ұлы оқиға қалай жүзеге асты, халықтың қолына бұғау, аяғына кісенді өз қолынан сала қоюға асықпағаны белгілі. Еркіндік тәуелсіздік үшін күрес айналып келгенде өмір үшін күрес екендігі белгілі. Сондықтан да бұл күрестің толастамасы анық. Бұл күрес тіпті ресей құрамына әбден бағынып, құзырына қарағаннан кейін де тоқтатылған жоқ. Міне, романда осы «жанталас» күрес көрініс береді. Бұл кезеңдегі бойы озық көрінетін қайраткер  Абылай болды. Абылайдың билік кезеңі, қазақ халқының соңғы рет бас құрып, Жоңғар, Қытай басқыншыларына тойтарыс берген кезеңін суреттейді. Абылайға қатысты оқиғалардың басым көпшілігі негізінен тарихи деректер негізінде баяндалған. Абылайдың Қалдан-Церен қолына тұтқынға түсіп, Орынбор губернаторы Неплюевтің араласуымен босанып шығуы сөз арасында болса да тарихи деректер негізінде беріледі. Романда Абылай бейнесін аша түсуге қатысты қолданылған тағы бір деталь – оның Ботақанды өлтірумен байланысты эпизод. Ел аузында әйгілі Көтеш ақын:

Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,

Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?

Сұлтаным, қарашыңмен даулы болып,

Үстіне Ақ Орданың қол келтірдің,

Абылай, күйіп кетті салған қалаң,

Мейрамға не ет сенің жапқан жалаң?

Жанайды бүгінгі күн босатпасаң,

Болады ертең жесір қатын-балаң, — деген екі ауыз өлең сақталған. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерде бұл өлеңнің шығу жағдайы әртүрлі түсіндіріледі.

Ал, аңызда Жәңге батыр бидің аузымен айтылатын «маңын жалмаған Қалмақ оңбаған, ханын жаулаған қара ойбайды, хан қисайтса бәрі оңбайды» — деген. «Халық қадірін білмесе, хан тарпақшы жазасын, хан қадірін білмесе, халық тарпақшы сазасын деген Абылай мен ұрыс-соғыс қыламын демесін, бітіп сөйлессін жарассын», — деген ақылгөй сөздің бүкіл мәні романдағы эпизодтқа сіңген, бойына таралып кеткен. Ақылға келіп, сабасына түскен Абылай халық тегеурініне шыдай алмайды. Кішірейіп, басын иіп, айыбын төлеп барып құтылады.

Романда Абылаймен қатар кейде одан ойы озық көрінетін тұлға – Бұқар. Тарихта болған, артына өшпестей мұра қалдырған өз дәуірінің жыршысы романда да сол тарихи мағлұматтар ауқымында көрінеді. Ол абылайдың ақылгөйі, тіпті қай кезде де тезге салатын бүгінін ғана емес, ертеңін де болжап, ханмен халықты жақындатып отыратын дәнекер Бұқар Абылайдың жасынан оның қасында. Бұқар Абылайдың жебеушісі, қолдаушысы. Қажет жерінде шындықты бетке айтатын сыншы да.

Бұқардың ғұмыр бойына армандап өткені – ел бірлігі. Оның бүкіл қазақты Абылай туының астына жинауға үндеуі де осы идеядан туған. Ол мақсатына белгілі дәрежеде жеткен де тәрізді. Жазушының басқыншы жаудан аман қалудың бірден-бір жолы Үш жүз болып одақтасуда ғана екені айқындалып қалған. Сондықтан да абылай саясатының жыршысы Бұқар жырау:

Шүршіт келсе Сырға көш,

Ішетғұн суы бар, — деп жан сақтаудың жолын ғана айтып қоймай:

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін.

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір анадан туғандай болыңыз, — деп ел бірлігіне шақырады.

XVIII ғасырдағы қазақ елінің тағдыр-талайы бар күрделі табиғаты мен тарихи деректер негізінде көрініс тапқан.

Романда Абылаймен  қатар үзеңгілес жүретін, тіпті соңғы сапарға аттандыратын да – Бұқар жырау. Ал, олардан кейінгі Абылай бейнесін толықтыратын ел батырлары.

— Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жегелі тұр. Табыттың бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып отыр. Қасымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап, мені қорғап тұр. Ал, мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтыламын деп жанталасудамын. Осы түсімді жрып берші Бұқар аға.

Бұқар тұнжырап, біраз отырып үй іші де тына қалды. Әлден уақытта жырау:

  • Түс жору – түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, әйтсе де жорып көрейін.
  • Сөйлеңіз, көмекей әулие.
  • Қырыққа келмей табытта жатсаң, -өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ хан атыңа ие болсаң да, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай құтыламын деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің. Ал, аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал, Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен.

Халық әдет-ғұрпындағы түс жорыту дәстүрін тамаша пайдаланған жазушы осы екі әңгіме арқылы Абылай іс-әрекетіне шынайы баға беріп, Бұқар сөзімен оның ұрпақтарының болашағын дәл болжайды. Бұл – «Жанталас» романына әр беріп тұрған көркемдік тәсіл ғана емес, трилогияның екінші кітабын үшіншісімен жалғастыратын көпір. Яғни, «Қаһар» атағын майданда қалдырған Кенесары турасында болмақ.

«Қаһар» трилогияның ең көркемді кітабы. Романның кейінгі ұрпаққа тарих тағылымын жеткізудегі мәні ерекше. Роман композициялық құрылымы жинақы, романның өзінің ішкі заңдылықтарына бағындырылған, бір-бірімен тығыз байланысты оқиғалар арнасынан тұрады.

Роман алғашқы бөлімінен-ақ оқырманды өзіне баурай тартатын тамаша суреттен басталады. Сурет болғанда табиғаттың тамылжыған суреті емес, үдере түнделете көшкен Сейтеннің көші. Көшті бастап келе жатқан Сейтен мен Ожар екеуінің әрекеті арқылы автор ел ішіндегі жағдайды мәлім етеді. Бірі отарлық саясатқа жан-тінімен қарсы қайыспас ер (Сейтен), енді бірі отарлықтың құрығынан құтылудың жолы жоқ деп торығудың тереңіне батып, сатқындық жолына түсіп, азған азамат араларындағы тартыс оқырмандарды оқиға желісіне жетелейді.

Романда Кенесары образын жасауда негізінен авторлық баяндаудан гөрі ішкі толғаныс әрекет үстінде көбірек ашылады. Оның бірде ақылгөй дана, бірде көзсіз ер, мақсатынан таймайтын қажырлы жақсы қасиеті, екінші бір әрекетте зымиян, қу, қатыгез, жақсылық атаулы өзім үшін ғана деген менмендік айтты бітті, кестім-үзілді дейтін бір беттік адал арамға да қарамайтын, бүкіл халық атаулыны ашсам алақанымда, жұмсам жұмырымда ұстаймын деген билік құмарлықпен араласып келіп, оқырман жіп таға алмайтын күрделі тұлғаға айналады. Автордың Кенесарыға деген көзқарасының бір ұшын мына үзіндіден аңғарамыз: «Иосиф Гербург Кенесарының сырын анық білмейтін, оны сұлтан болса да, ұлт бостандығының қолбасшысы деп ұғатын, Кенесарының жан аямас қаттылығы, көзсіз ерлігі, бәрі тек елінің еркіндігін аңсап, патша отаршылық қиянатынан құтылу тілегінен туған ерекше қасиеттері деп түсінген. Осынау шоқша сақал, шебір көз, ақсары адамның ел мүддесінен шығуы арқылы жетпек болған жеке басының мақсаты бар екенін аңғармаған. Ал, Кенесары болса тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның ішкі дүниесі де сала-сала. Онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар. Соңымнан ерген елдің құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі де Кенесарының басында, ал Иосиф Гербург оны тек отаршылдыққа қарсы күрестің қолбасшысы деп ойлайды».

Романның басты жетістігі қазақ тарихында ешқашанда өшіріп тастауға келмейтін ірі тұлға болған – Кенесары образын өз кезеңіне сай тарихи деректер негізінде жасап шығады. Отыз жылдан астам ауызға алынбай келген «үрейлі» есім жөнінде роман жазудың өзі ерлік десек болады. Сонымен, көшпенділнр трилогиясына жасаған барлауымызды қорытар болсақ, романның үш кітабының қай-қасысы болмасын тарихи дерекке негізделген. І.Есенберлинде үш романға қазақ тарихының ең белесті үш кезеңін алған. Ол – қазақ халқының жеке отау тігіп, өзінше хандық туын көтеруі (Алмас қылыш). Іргелі ел болып, ата жауға бас қосып қарсы шығуы, оны тұқырата жеңуі (Жанталас), старшылыққа қарсы соңғы тұяқ серпер қаһарлы күрес (Қаһар). Осының барлығында да автор өз шығармасын тарихи деректер негізінде өрбітеді. Тарихи деректерсіз бұл шығарма өзінің тарихилығын жоғалтқан болар еді.