Заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктері

Филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғаның тұрған жерінен тыс орналасқан мүліктік және аумақтық оқшау бөлімшелері болып табылады.

Филиалдар мен өкілдіктердің заңды тұлға мәртебесі болмайды.

Филиалдың (өкілдіктің) оқшау өз мүлкі болмайды, филиалдың (өкілдіктің) мүлкі есепке алыну мақсатында жеке баланста тұрады, бірақ мұндай баланс дербес болмайды; мүліктік тұрғыдан алғанда филиал (өкілдік) өз атынан емес, оны құрған заңды тұлғаның атынан әрекет етеді; және ең ақырында, ол дербес мүліктік жауап бермейді, оның іс-әрекеттері үшін заңды тұлға жауап береді.

Заңды тұлғаның филиалы қызметтің барлығын немесе оның бір бөлігін атқарады.

Өкілдік дегеніміз – бұл заңды тұлғаның атынан заңдық іс-әрекеттер жасайтын және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлғаның бөлімшесі.

Филиалдар мен бөлімшелер оларды құрған заңды тұлға бекітетін Ережелердің негізінде әрекет етеді. Филиал (өкілдік) туралы Ереже филиал ішіндегі қатынастарды және филиалдар мен негізгі заңды тұлға арасындағы қатынастарды: филиал қызметінің мақсаттары мен негізгі түрлерін, оның лауазымды адамдарын тағайындау тәртібін, олардың құзыретін, мүлікті филиалдан заңды тұлғаға және керісінше тапсыру тәртібін, оны бақылау түрін, филиал қызметінің тоқтатылу жағдайларын анықтайды.

Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері заңды тұлғалардың құқықтарын иеленбестен есептік мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс.

Заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу филиалдар мен өкілдіктер туралы ережелердің республика заңдарына сәйкестігін тексеруді, есептік тіркеуден өткені туралы куәлік беруді, осының нәтижесінде тіркеу нөмірін тапсыруды, филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтерді бірыңғай мемлекеттік тіркелімге енгізуді қамтиды.

Филиал мен өкілдіктен еншілес және тәуелді тұлғаларды айыра білу керек (АК-ның 94-95-баптарын, мемлекеттік кәсіпорын туралы жарлықтың 46-49-баптары).