Заңды тұлғаның органдары

Заңдар немесе құрылтай құжаттары арқылы құқықтың басқа субьектілері алдында арнайы уәкілеттіксіз (сенімхатсыз) өз атынан әрекет етуге уәкілетті заңды тұлғаның адамдары мен ұжымдық құрылымдағы заңды тұлғаның органдарына жатады.

Заңды тұлғаның органдары дара (директор, президент, басқарушы) не ұжымдық (алқалық) болуы мүмкін. Мысалы, жалпы жиналыс, басқарма, директорлар кеңсесі және т.с.с. ұжымдық органдарға жатады.

Заңды тұлғалардың органдарын тағайындау, сайлау түрлері мен тәртібін, олардың өкілеттіктерін заңды тұлғалардың жекелеген түрлері туралы заң актілері мен құрылтай құжаттары анықтайды.

Заңды тұлғаның органы мүліктік қатынастарда дербес субьект ретінде емес, заңды тұлғаның атынан әрекет етеді. Сондықтан заңды тұлға үшінші тұлғалардың алдында өзінің органы құрылтай құжаттарында белгіленген өз өкілеттігін асыра пайдаланып қабылдаған міндеттемелері бойынша жауап береді (АК-ның 44-бабының 4-тармағы).

Заңды тұлғаның органы оның өкілі емес, сондықтан органның қызметін атқару әлде бір сенімхаттың болуын талап етпейді. Бұл ретте лауазымдық жағдайын растайтын қызметтік құжатты көрсету жеткілікті болады.

Заңды тұлға үшін азаматтық құқықтарды иелену және өзінің қатысушылары мен өкілдері арқылы өзіне азаматтық міндеттерді қабылдау туралы тармақты түсіндірілетін баптан шығару заңды тұлғаның мұны істеуге құқысы жоқ дегенді білдірмейді.Бұл жағдайда өкілдік туралы жалпы ережелер қолданылады (АК-ның 5-тарауы).