Заңды тұлғаның белгілері

Заңды тұлғаның анықтамасынан кез келген ұйымның заңды тұлға ретінде таныла бермейтінен көреміз. Ұйым заңды тұлға мәртебесін алу үшін мынадай белгілердің жиынтығы болуы қажет:

  • ұйымдық бірлік;
  • мүліктік оқшауланушылық;
  • дербес мүліктік жауапкершілік;
  • азаматтық айналымда өз атынан әрекет ету.

Ұйымдық бірлік. Азаматтық кодекс заңды тұлғаны ұйым ретінде анықтайды. Индивидтердің жай ғана белгілі бір мөлшерін емес, өзара әрекеттесу мен қызмет етудің белгілі бір ережелеріне бағынған азаматтар ұжымын ұйым деп түсінеді. Заңды тұлғаның азаматтық-құқықтық қатынастарда біртұтас тұлға ретіндегі сыртқы еркін білдіретін әрекетін көптеген тұлғалардан тұратын ұжымдық құрылымы – заңды тұлғаның ұйымдық бірлігі деп түсіну керек.

Сонымен бірге, ұйымдық бірлікті ұдайы көптеген адамдардың міндетті түрде қатысуына әкеп тіреуге болмайды. Соңғы онжылдықта көптеген елдерде капиталдың орталықтануы жағдайында бір ғана қатысушыдан (жеке немесе заңды тұлғадан) тұратын заңды тұлғалар әдеттегі құбылысқа айналуда. Мысалы, ФРГ-де 70-жылдардың басына қарай 42 000 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің шамамен 9 300-і, яғни 22%-ы бір адамнан тұратын компанияларға арналған. Германияда бір ғана мүшеден тұратын акционерлік қоғамдар құруға (1968 ж. 10 мамырдағы Заң) және бір адамнан тұратын жауапкершілігі шектеулі серіктестік құруға (1980 ж. 4 мамырдағы Заң) рұқсат ететін заң актілері қабылданған. Франция, АҚШ, Норвегия, Швеция, Швейцария, Дания, Англия секілді бірқатар елдердің заңдарында да осындай құбылыстар байқалады.

Біздің еліміздің заңдары бір қатысушыдан тұратын заңды тұлғаның қызмет етуіне жол берген жоқ. Қазіргі АК бір қатысушыдан тұратын заңды тұлғалар құруға мүмкіндік беруді көздейді (АК-ның 40, 58-баптары).

Заңды тұлғаның ұйымдық бірлігі оның құрылтай құжаттарында көрсетіледі. АК-ның 41-бабына сәйкес, заңды тұлғалар өз қызметін жарғының және құрылтай шартының не жарғысының негізінде жүзеге асырады. Жарғыны кәсіпорын құрылтайшысы (құрылтайшылары) бекітеді, ал құрылтай шартын – құрылтайшылар жасайды. Жарғыда заңды тұлғаның атауы, тұрғылықты жері, нысынасы, қызмет мақсаты және басқа да қажетті мағлұматтар болуы тиіс. Жарғының болуы – заңды тұлғаның – мемлекеттік кәсіпорынның қызмет етуінің міндетті шарты (ҚР АК-ның 103, 104-баптары).

Мүліктік оқшауланушылық. Заңды тұлғаның іргелі белгісі, бұдан оның дербес мүліктік жауапкершілігі туады. Заңды тұлғаның мүліктік оқшауланушылығы оған мүліктің бекітіліп берілуінен, бұл мүлікке билік жүргізе алуынан көрінеді. Ю.К.Толстой “заңды тұлғаның белгісі, бәрінен бұрын, оның оқшауланған мүлкінің болуы емес, ұйымның қызмет етуінің мүліктік оқшауланушлық секілді принципі, ал бұл екеуі бір нәрсе емес”4 деп әділ атап көрсеткен. Мәселен заңды тұлғаның мүліктік оқшауланушылығы ол тіркелген сәттен басталады (Акционерлік қоғамдар туралы Заңның 11-бабы).

Заңды тұлғалардың оқшаулану дәрежесі түрліше және ол осы мүлікке меншіктің түріне (мемлекеттік, жеке) байланысты. Егер бұл мемлекеттік кәсіпорын болса, онда мүлік оған шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығымен бекітіліп беріледі және ол осы арқылы басқа кәсіпорындардың мүлкінен оқшауланады.

Өзін-өзі өтеу және дербес бухгалтерлік баланстың болуы – заңды тұлғалардың мүліктік оқшаулануының көрінісі. Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиіс (АК-ның 33-бабының 1-тармағы).

Дербес мүліктік жауапкершілік. Бұл заңды тұлғаның мүліктік оқшауланушлығына сүйенеді. Бұл белгі АК-ның 44-бабында былайша көрініс тапқан: әрбір заңды тұлға өз міндеттемелері бойынша дербес азаматтық-құқықтық жауапкершілік атқарады, тұлғаның борыштары бойынша оның құрылтайшысы (немесе құрылтайшылары) да, мемлекет те жауап бермейді. Сонымен бірге, кейбір жағдайларда несие берушілердің мүдделерін қамтамасыз ету үшін бұл жалпы ережеден кейбір еркешеліктер көзделген. Мәселен, қазыналық кәсіпорынның ақшасы жетпейтін жағдайда, ҚР Үкіметі немесе тиісті жергілікті атқарушы орган оның міндеттемелері бойынша ортақ жауаптылықта болады (АК-ның 1998 ж. 16 желтоқсандағы редакциясының 207-бабының 1-тармағындағы 2-абзац).

Заңды тұлғаның банкроттыққа ұшырауы оның құрылтайшысының немесе мүліктің меншік иесінің іс-әрекеттерінен туындайтын кезде және заңды тұлғалардың кейбір түрлері құрылтайшыларының олардың борыштары бойынша субсидиарлық ортақ жауаптылығы туатын жағдайларда заңды тұлғаның жауап беруінің жеке ережелері белгіленген (АК-ның 70, 84-баптары, 96-бабының 3-тармағы). Бұған қоса, заңды тұлғалар құрылтайшыларының олардың борыштары бойынша қосымша жауаптылығы құрылтай құжаттарында көрсетілуі мүмкін (АК-ның 44-бабының 2-тармағы).

Азаматтық айналымда өз атынан әрекет ету. Заңды тұлғаның өз атынан мүліктік және мүліктік емес өзіндік құқықтарды иелену, міндеттерді атқару, сотта талапкер және жауапкер болу мүмкіндігінен көрінеді.

Заңды тұлғаның атауы белгілі бір ұйымды құқықтық қатынастардың субьектісі деп тану үшін оны дараландыру және нақтыландыру құралы болып табылады. Азаматтық айналымда өз атынан әрекет ету – заңды тұлғаның басқа белгілерінен шыққан туынды болып табылады. Мәселен, АК-ның 38-бабына сәйкес, заң шығарушылар заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысанынан нақ осындай атаумен байланыстырады. Мысалы, қазыналық кәсіпорынның фирмалық атауында кәсіпорынның қазыналық болып табылатыны көрсетілуге тиіс (АК-ның 104-бабының 4-тармағы).

Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның міндетті түрде фирмалық атауы болуға тиіс. Басқа тұлғалар белгілі бір ақы үшін заңды тұлғаның фирмалық пайдалана алады. Заңды тұлға фирмалық атаумен қатар, тауарлық белгі, қызмет көрсетеу белгісі секілді дараландыру құралдарын да пайдалануы мүмкін. Тауарлық белгі дегеніміз – тіркелген ауызша, бейнелік, көлемдік немесе басқа да таңбалар, олар бір шаруашылық жүргізуші субьектілердің тауарларын немесе көрсететін қызметін басқаша шаруашылық субьектілерінің осы тектес тауарлары мен көрсететін қызметінен айыруға мүмкіндік береді (1993 ж. 18 қаңтардағы “Тауарлық белгілер, қызмет көрсету белгілері және тауарлардың шығарылған орындарының атаулары туралы” Заңының 4-бабы 5)

Заңды тұлға дегеніміз – бұл меншігінде, шаруашылықты жүргізу құқығында, оралымды басқаруында оқшауланған мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша осы мүлкімен дербес жауап беретін, азаматтық айналымда өз атынан әрекет ететін ұйым.