Заңды тұлға ұғымы

Жеке тұлғалармен қатар, заңды тұлғалар да азаматтық-құқықтық қатынастардың субьектілері бола алады (ҚР АК-ның 1-бабы).

Заңды тұлға дегеніміз — бұл мүліктік қатынастардың басқа субьектілері ұйымдастырған, құрған және құқықтар мен міндеттер берген субьект. Заңды тұлғаның құрылтайшылары оны мүліктік қатынастардың субьектілері ретінде өзінен бөлу мақсатында құрады. Мүліктік азаматтық-құқықтық қатынастар үшін заңды тұлға институтының практикалық маңыздылығы мынада: “заңды тұлға құрылтайшыларының өз кәсіпкерлік тәуекелін өздері үшін орынды болады деп есептейтін сомамен шектеу мүмкіндігі бар”.

Негізінен алғанда, заңды тұлғалар — мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер зерттеу обьектісі болды, мұны экономикада мемлекеттік меншіктің үстемдік етуімен түсіндіруге болатын еді.

Мемлекеттік ұйымдарға қатысты алғанда, заңды тұлғаның академик А.В.Венедиктов берген барынша толық ұғымы заң әдебиеттеріне “ұжым теориясы”² деген атпен енді.

Қазіргі уақытта заңды тұлғаның мәні жөніндегі мәселе ғалымдардың теориялық пікірталастарында соншама кең таралмаған. Әдебиеттерде кездесетін соңғы пікірлердің ішінен заңды тұлғаның “мақсатты мүлік ретіндегі” анықтамасын атап көрсетуге болады. Е.А.Сухановтың пікірі бойынша, “…осы заманғы коммерциялық практикада азаматтық немесе сауда (коммерция) айналымына қатысуға әдейі арналған дербестелген мүлік ретіндегі заңды тұлғаның мәнін түсіндіретін “мақсатты мүлік” теориясын қостайтын дәлелдер жеткілікті”.

Шетелдерде заңды тұлғаға қатысты екі теория барынша кең таралған — жалған теория және шындық теориясы, бұларға ортақ нәрсе – ұжымдық құрылымдардың құқық субьектілігін дәлелдеу.

Заңды тұлғаның жалған теориясы герман заңгері, XIX ғ. пайда болған құқық тарихы мектебінің басшысы К.Ф.Савиньидің есімімен байланысты. Ол құқықтың нақ субьектісі адам және тек адам болып табылады деп тұжырымдады. Оның тұжырымдамасы мынаған негізделді: заңды тұлға дегеніміз қарапайым өтірік арқылы қолдан жасалған құқық субьектісінен басқа ештеңе емес, құқық субьектіліктің бірден-бір мүмкін болатын иелері – жеке тұлғалар заңды тұлғадағы құқықтық қатынастардың нақты субьектілері болып қала береді.

Жалған теория Англия мен АҚШ-та кең таралған.

Заңды тұлғаның өмір сүруін мойындау Англия мен АҚШ-та корпорация құқығының іргелі принципі болды. XIX ғасырда жоғарғы судья Д.Маршалдың корпорацияға берген мынадай кең таралған анықтамасы АҚШ-тағы теория мен практикада мәлім болды: “Корпорация дегеніміз – бұл көрінбейтін, сезілмейтін және заң жүзінде ғана өмір сүретін жасанды құрылым”.³

Шындық теориясы, немесе XIX ғ. герман заңгері Гиркенің есімімен байланысты органикалық теория заңды тұлғаны мемлекеттің қалыпты тіршілік етуіне қажетті құқықтың нақты өмір сүретін субьектісі ретінде, әлде бір әлеуметтік шындық ретінде мемлекеттен тәуелсіз өмір сүретін одақтас тұлға ретінде қарастырды.

Шын мәнінде, Гирке де “нақты” одақтас тұлғаны адамға ұқсас құрастыра отырып, Савиньи ұстанған идеалистік ұстанымды басшылыққа алды. Органикалық теорияның қазіргі ізбасарлары заңды тұлғаны құқық тәртібі құқықтар мен міндеттер берген мүдделердің оқшауланған бірлігі ретінде қарастырады.

Батыстағы құқықта заңды тұлғаны азаматтық-құқықтық қатынастардың дербес қатысушысы ретінде әрекет ететін ұйым немесе мекеме ретінде түсінеді. Дегенмен, батыс мемлекеттердің азаматтық заңдары заңды тұлғаға мүлде анықтама бермеуді артық көреді (ФРГ-де 1978 ж. дейін “заңды тұлға” деген терминнің өзі болған емес, Италияның Азаматтық кодексінің 1942 ж. заңды тұлғалардың дәрежеленуі ғана берілген), немесе заң шығарушылар жалпылама және өте қысқаша тұжырымдамалармен шектеледі. Мәселен, Швейцарияның 1907 ж. Азаматтық Заңдар жинағының 52-бабы заңды тұлғаларды әлде бір ерекше мақсат үшін бірлескен құрылымды, дербес мекемесі бар адамдар құрамасы ретінде анықтайды

Заңды тұлғаның барынша толық анықтамасын Латын Америкасы елдерінің азаматтық кодекстерінен табуға болады. Мысалы, Чилидің 1865 ж. азаматтық кодексі заңды тұлға ұғымына мынадай тұжырымдама береді: “Құқықтарды жүзеге асырып, азаматтық міндеттерді атқара алатын, құқықтық және құқықтық емес қатынастарға түсе алатын ойдан шығарылған адам заңды тұлға болып табылады”. Колумбияның, Сальвадордың, Эквадордың азаматтық кодекстерінде де осындай анықтамалар бар.

Жоғарыда келтірілген заң практикасының негізінде заңды тұлға институты азаматтық құқықта басты орындардың бірін алады деп атап көрсетуге болады.

Заңды тұлға институтын заңды тұлғалардың құқық қабілеттілігін, олардың ұйымдық-құқықтық нысандарын, заңды тұлғаларды құру, қайта құру және тарату тәртібін белгілейтін нормалардың жиынтығы, азаматтық құқықтың сала тармағы ретінде анықтауға болады.

Заңды тұлғаның жария анықтамасы ҚР АК-ның 33-бабының 1-тармағында баянды етілген: “Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.