Басқару әдістерінің маңызы және әдістерді қолдану жолдары

Өндірісті басқаруды жүзеге асыру ісінде басқару әдістері жүйесінің маңызы зор. Ұйымның көздеген мақсатына жетуі үшін басқару субъектісінің басқарылатын объектіге ықпал жасау түрі, яғни мақсатқа жетудің ең тиімді жолдары басқару әдістері деп аталады.

Басқару әдістері — басқару процесінің маңызды элементі. Басқарудың прогресшіл әдістерінң болуы, оларды іс жүзінде шебер пайдалана білу өндірісті басқару тиімділігінің алғы шарты болып табылады.

Басқару әдістері ұжымдар қызметінің жоғарғы тиімділігін, олардың ынтымақты жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Мұның өзі басқару әдістерін өндірістік – шаруашылық міндеттерді шешу процесінде пайдаланатын басқа да техникалық және технологиялық әдістерден ерекше көрініс береді.

Басқару әдістері басқару процесін мүлтіксіз ұйымдастыру, осы заманғы техниканы пайдалану және еңбек пен өндірісті прогресті жолмен ұйымдастыру үшін жағдайлар жасайды, олардың барынша тиімді болуын қамтамасыз етеді.

Әдістер – басқару қызметінің мәні және негізгі мазмұны болып табылады. Өйткені басқару міндеттері солар арқылы іске асырылады.

Жалпы түрде алғанда басқару әдістерін мынандай екі үлкен топқа бөлуге болады:

  • Бүкіл басқару жүйесіне қатысты іс-әрекеттер (жалпы әдістер),
  • Басқару жүйесінің жекелеген бөліктеріне қатысты іс-әрекеттер (шағын ауқымдағы әдістер),

Басқарудың жалпы әдістерінің жіктелу түрлері:

  • кәсіпорын, бірлестік, экономикалық аймақ деңгейіндегі басқару қызметінің неғұрлым нақты тәсілдері;
  • министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің қызмет әдістері;
  • түрлі деңгейдегі басшылардың өз қызметінде қолданатын әдістері;
  • белгілі бір басқару функцияларын іске асыру әдеттері.

Нақты әдістер немесе жұмыс стилі деп аталатын бұл әдістердің бәрі шағын

сипатта болады, өйткені олар қайсыбір жекелеген басқару органына, қызметкерлерге қатысты.

Басқару теориясы мен өндірісті басқарудың практикасы үшін ең алдымен басқару әдісінің проблемасына бүкіл қоғамдық өндірісте қолдануға болатын жалпылама түрде талдау жасау маңызды.

Іс жүзінде басқару әдістерінің өзінің мазмұнымен (олар қандай басқару қатынастарын білдіреді), мақсатымен (қандай объективті заңдарын іске асырудың құралы екендігімен), қызмет мотивтеріне байланысымен (осы мотивтердің қайсысын білдіреді), қолдану формаларымен (дара, ұжымдық) ерекшеленетін сан алуан түрлері қолданылады.

Осы жүйеде ұжымдарға, жекелеген қызметкерлерге, тұтас экономикалық жүйелерге белгілі бір басқару буынының алдына қойылған міндеттердің соның ішінде экономикалық, ұйымдастыру, әлеуметтік-психологиялық міндеттерді жүзеге асыру үшін ықпал жасауды мақсат ететін әдістер маңызды орын алады.

Басқару әдістері жеке емес, бірге пайдаланылады, барлық әдістер бір-бірімен өзара байланысты.

Сонымен бірге әдістердің әрбір тобының өзіне тән ерекшеліктері, өздерінің көріну формалары мен қолданылу шеңбері болады.

Басқару әдістеріне талдау жасау кешенді көзқарасты, әдістің мазмұнын, оның бағытын және ұйымдық формасын бөліп көрсетуді талап етеді.

Басқару әдістері өндіріске тән объективті заңға сәйкес келген жағдайда басқару мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді.

Сонымен, басқару әдісі дегеніміз – объективті заңдардың талаптарын іске асыру тәсілі, яғни көздеген мақсатқа жету жолында адамдарға ықпал ету үшін қолданылатын тәсілдер мен амалдар жиынтығы.

Сонымен бірге мақсатқа жету үшін әдістің жай ғана объективті заңдардың талаптарына сай келуі жеткіліксіз. Осы талаптарды өндіріс қызметкерлеріне ықпал ету әдістеріне айналдырудың жолдарын табу қажет, өйткені экономикалық процестер өзінен-өзі, өндіріс процесіне қатысушылардың қызметінен тыс өмір сүрмейді. Сондықтан басқару әдісі оған түрткі болатын әсердің мазмұнымен ғана емес бағытымен де сипатталады.

Басқару әдісі орындау жүйесі арқылы іске асырылады және белгілі бір ұйымдық формаға сай жүргізіледі. Басқару әдісінің елеулі әдісі оны құқықтық жағынан рәсімдейді.

Басқару әдістері өндіріспен қызметкерлерге түрліше ықпал етеді. Нарық қатынастарына көшу кезеңінде өндірістегі мотивация қызметкердің нақты қажеттері мен мүдделеріне, оның мәдениеті мен саналылығына негізделеді.

Ықпал ету сипаты жөнінен барлық әдістер 3 топқа бөлінеді:

  • материалдық себеп әдістері
  • әлеуметтік себеп әдістері
  • билік ету әдістері

Осы топтардың әрқайсысы:

  • оңды себепті (ынталандыру)
  • теріс себепті (жазалау, мәжбүрлеу)

Бұл әдістер жекелеген қызметкерге де, ұжымға да ықпал ету әдістері болып табылады.

Басқару – алдағы мақсатқа жетуге бағытталған және соған жету жолында менеджерлер жүзеге асыратын күрделі процесс. Мысалы: мақсатты айқындап анықтау кезінде не нәрсеге қол жеткізу керек  деген сұрақ болса, артынша – оған қалай, қандай жолмен жету тиімді деген сұрақ туындайды, яғни басқарудың ең ұтымды жолдарын, әдістерін қарастыруға тура келеді. Әдіс – «method», мақсатқа жету жолын зерттеу дегенді білдіреді.

Белгілі бір адамға әсер ететіндегі амалды таңдаған кезде, оның жеке басының ерекшеліктерін еңбекке қатысты-қатыссыз, себепті-себепсіз дәлелдерін, материалдық және рухани игіліктердің қайсысы ол үшін қымбат екенін ескеру қажет.

Қарамағындағы адамдарға әсер етудің негізгі екі тәсілі болады:

— көзін жеткізу;

— мәжбүр ету.

Кейбір басшылар адамдардың бойында сену, көзін жеткізу қасиеттері болатынын ескермей айқайлау, қорқыту, мәжбүр ету тәсілдерін ең бағалысы деп санайды. Мұндай әдісті қолданатындар білімі таяз, өмірден түйгені аз, адам жанын түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін, менменшіл, мансапқор адамдар.

Бірақ өмірде дұрыс нәрсенің дұрыстығына көзі жете бермейтін адамдар болады. Сондай жағдайда мәжбүр ету тәсілін қолдануға тура келеді.

  1. Көзін жеткізу – қарамағындағыларға материалдық және моральдық

тұрғыдан әсер ету арқылы адамның бойында қажетті мінез-құлық нормасын қалыптастыру.

  1. Мәжбүр ету – орындаушыға әкімшілік тұрғыдан әсер етудің бір түрі,

мұнда орындаушының пікірі де, қалауы да ескерілмейді – бұл тәртіп бұзушыларға қолданылады.

Басқару әдістері дегеніміз ұйымның көздеген мақсатына жету жолында басқарылатын жүйеге ықпал ету үшін қолданылатын тәсілдер мен амалдар жиынтығы.

Басқару әдістерінің үш түрі белгілі:

Әкімшілік ұйымдастыру әдісі дегеніміз – басқарушы жүйенің

иерархиялық дамуын ұйымдастыру — әр деңгейдегі қызметкерлер өзіне жүктелген жауапкершілікті толық түсініп, жоғарғы деңгейден түскен жарлықтарды бұлжытпай орындауға міндеттілігі. Бұл әдіс басқаша иерархиялық әдіс деп аталады. Әкімшілік ұйымдастыру әдісін дұрыс пайдалану басқарудың экономикалық және әлеуметтік –психологиялық әдістерін кеңінен енгізуге ықпал етеді.

Басқарудың әлеуметтік-психологиялық әдісі – адамдардың бірлесіп

орындаған жұмыстарындағы және жеке адамдар арасындағы ахуалды, яғни ұжымдағы ерекше психологиялық жағдайды зерттейді, басқаша мәдени әдіс деп аталады.

Ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық басқару әдістері – адамдардың әлеуметтік мүдделері арқылы олардың мінез-құлқына әсер ету тәсілдері мен формалары.

Әлеуметтік-психологиялық әдісте мынандай шаралар жүзеге асырылуы тиіс:

  1. Қол астындағы адамдардың психологиясын, мінез-құлқын түсіну.
  2. Мақтау немесе жазалау шараларын қолдану.
  3. Адамдардың білімін, мәдени дәрежесін арттыруға ат салысу.
  4. Жұмысшылардың әлеуметтік қажеттілігін қамтамасыз ету – мәдени

орындар, кітапхана, спорт ғимараттары, медициналық қызмет, әр түрлі тұрмыстық қызметтер.

Экономикалық әдістерді пайдалану – бұл барлық қызметкерлерді

қызықтыратындай нарықтық механизм қалыптастыру үшін барлық ынталандырулар мен экономикалық тетіктерді жеке және комплексті түрде пайдалану болып табылады. Басқарудың экономикалық әдістері нарықтық әдіс деп аталады.

Басқарудың экономикалық әдістері еңбек ұжымы қажетті бағытта әрекет етіп, өздерінің алдына қойған міндеттерін жеке басының материалдық мүддесіне сәйкес келетіндей етіп шешуге экономикалық жағдай жасау арқылы жүзеге асырылады.

Жеке бастың материалдық мүддесі — әрбір қызметкердің өндіріске қосатын үлесін арттыру және сол еңбегі үшін барынша жоғары мөлшерде материалдық ақы алуы болып табылады.

Басқарудың экономикалық әдістері коммерциялық және ішкі фималық есеп арқылы жүзеге асады.

Коммерциялық есеп – шығын мен пайданың мөлшерін анықтау, өндіріске жұмсалған барлық шығынды кіріспен толтыру, жұмысшылардың табысын молайтып, материалдық ынталандыру, яғни өндіру-сату арқылы кәсіпорында пайданың тұрақты болуын көздеу.

Жалпы өндіріс шығындарын азайту үшін:

  1. технологияны жандандыру — өнімнің жаңа түрлерін енгізу, сапасын жақсарту;
  2. еңбек өнімділігін арттыру;
  3. транспортқа, әкімшілікке кеткен шығындарды азайту – ең басты мәселе болып табылады.

Ішкі фирмалық есеп – құрамдас бөліктерге бөлінген құрылымы бар ұйымдарда бөлімшелердің бір-бірімен өзара байланысы.

Ішкі фирмалық есеп бір ғана ұйымның ішінде жүргізіледі. Ал, коммерциялық есеп — әртүрлі фирмалардың арасындағы байланысты және есеп айырысуды қамтитын шаруашылықты жүргізу әдісі.

Коммерциялық есепті қолданған сәтте баға нақты бір деңгейде емес, әрбір нарық деңгейіне, жағдайына байланысты өзгереді де, тауар-ақша байланысы толық жүзеге асуы тиіс (ұйым пайда түсіру керек).

Ал ішкі фирмалық есепті қолданғанда баға ұйымның ішкі саясатына, стратегиясына байланысты жоғарғы басшылардың жетекшілігі арқылы белгіленеді.

Бұл ұйымның жалпы мақсатын көздейтін көптеген ішкі факторлармен байланысты және өндіріс шығындарын реттеуші ролін атқарады.

Нарықтық механизм қалыптастыру факторлары: өнім (тауар), баға, нарық (рынок), бәсеке (бәсеке арқылы тауардың сапасы жақсарады, яғни сұраныс туады, сұраныс туған тауарды ұсынуға мүмкіндік бар.).

Сондықтан экономиканы басқару үшін экономикалық заңдарды, басқару заңдылықтарын тану мен оны саналы түрде пайдалану, басқарушылық ықпал ету процестерінің жүйелілігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету, басқарылатын объектілер мен басқару субъекті үлгілерін сақтау керек.