Ресейдегі журналистер құқығының қорғалуы

Бүгінгі таңда журналистердің құқығын соғыс қимылдары болып жатқан жерлерді айтпағанда, бейбіт уақытта бұзып, ар-намысын аяққа таптайды. Сондықтан әрбір мемлекетте баспасөз өкілінің құқығын қорғайтын ұйымдар мен мекемелер бар. Мәселен, бізде «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры болса, Ресейде ондай жұмыспен Жариялылықты қорғау қоры айналысады. Аталған қордың тәжірибесі мол болғандықтан, ол «Әділ сөз» қорымен тығыз жұмыс істеп, өзара ақпаратпен алмасып отырады. Ал қордың президенті Алексей Кириллович Симонов. Сөз бостандығын бұзу, журналистер құқығын аяққа таптау, баспасөз өкілдерін белгілі бір топтар мен адамдардың ақпараттық соғыста пайдалану сияқты заң бұзушылықтар қор тәжірибесінде жиі кездеседі.

Мәскеуде журналистердің құқығын қорғайтын басқа да қоғамдық қорлар мен ұйымдар бар. Мәселен, Мәскеу Мемлекеттік Университетінің журналистика факультеті әлемдегі сөз бостандығына, журналистердің жұмысы мен құқықтарына қатысты өткір әрі өзекті мәселерге арнап өзге елдердегі әріптестерімен жыл сайын кездесу өткізеді. «Журналист» жорналында жарық көрген мақалада қазіргі кездегі журналистердің басты проблемасы көтеріліп, ол кездесу барысында талқыланды. «Журналист және трагедия» мақаласының авторы Руслан Гусарев былай деп жазады. Іс-сапармен қауіпті жерлерге баратын ресейлік журналистер мен репортерлерге қолдау көрсететін арнайы қолдау қызметін ұйымдастыру идеясы баяғыдан бері туған. Сондықтан Мәскеу Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетінде жыл сайын өтетін кездесудің биылғы тақырыбы «Экстремалды жағдайдағы журналистика» болды. «Дөңгелек үстелге» Ресейден басқа АҚШ, Австрия, Швеция сияқты елдердің өкілдері қатысты.

Жыл сайын түрлі мемлекеттерде журналистика проблемаларына байланысты кездесулер, «дөңгелек үстел» өткізіліп отырады. Олардың кейбірі оң нәтиже берсе, қалғандары «жабық қазан» күйінде қалады. Өкінішті-ақ. Ал ММУ журналистика факультетінде өткен кездесуде соңғы кездері төртінші билік өкілдері мен БАҚ-ты «ақпараттық соғыс» пен соғыс қимылдарына араластыру, белгілі бір топтардың немесе адамдардың көздеген мақсатына баспасөз өкілдері арқылы қол жеткізу бүгінгі күні барлығын алаңдатып отырған жайт. Өйткені журналист драмалық оқиғаны суреттеу барысында, байқамастан, «шекараны» аттап өтіп, қарапайым ақпарат тасушыдан қылмыскерлердің сыбайласына айналып кетуі мүмкін. Мәселен, 1977 жылы Магадишоға бағыт алған германдық «Люфтганза» әуекомпаниясының лайнерін лаңкестік топ жаулап алды. Лайнер ернеуінде жүрген лаңкестер ұшақ ішіндегі жағдайдың жердегі қызметкерлерге хабарлануын радиорепортаждан естіп, сол үшін лаңкестер бір ұшқышты атып өлтірді. Ал 1996 жылы Перу астанасы Лимада лаңкестер жапондық елшіліктегі адамдарды тұтқындады. Онда да бірінші мысалда сияқты, лаңкестік топ тұтқындалғандардың арасында мемлекет президентінің туған інісі бар екенін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білді. Бұл жерде баспасөз өкілдері бір адамның өміріне қауіп келтіріп, лаңкестік топқа осы жағдайды тиімді пайдаланып қалуға  мүмкіндік берді. Сонда журналистер ерікті және еріксіз лаңкестердің сыбайласы болмауы үшін не істеу керек. Тығырықтан қалай шығу керек. Мәселен, Ресей Федерациясының кейбір заңдарында журналистер үшін ақпарат алу мен тарату, сөз бостандығын кеңінен пайдалануда шектеулер қойылған. Ресей Федерациясы «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заңның 4-бабы «мемлекеттік сырды құрайтын мәліметтерді немесе заңмен қорғалатын басқа да құпияларға жататын мәліметтерді жария етуге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-таптық және рулық артықшылықты насихаттауға, мемлекет қауіпсіздігін бұзуға, лаңкестік пен экстремизмді насихаттау мен ақтауға, қылмыстық іспен жазаланатын әрекеттерде БАҚ-ты пайдалануға» тыйым салады. Алайда журналист заңда жазылған ережелерді негізге ала отырып, бірінші орынға өзінің ар-намысын, мінез-құлқын, азаматтық ұстанымын, қоғам алдындағы жауапкершілігін қою керек сияқты. Өйткені, ресейлік лауазымды адамдардың барлығы ескермейтін, аталған қасиеттер арқылы баспасөз өкілі жақсы дәрежеге қол жеткізе алады. Қазіргі заман өз заңын жүктеуде, ал кейбірде ол адамдық қасиетке қарама-қарсы құралады. Сондықтан лаңкестік топтарға қарсы шығып, өз ұстанымыңды сақтап қалу қиынның қиыны.

Бүгінгі таңда лаңкестік жаулап алған мемлекеттердің алдында ауқымды, қиын әрі уақыт көрсетіп отырғандай ұзаққа созылатын проблема тұр. Мұндай жағдайда журналистердің де құқығы бұзылады, баспасөз өкілдері өздері де қателіктер жасайды. Ал лаңкестік ұйымдарға қарсы шығу үшін, алпауытты елдер бар күшін бір ортаға бағыттасса, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен оң нәтижеге жете алады.

Көп жағдайда журналистер заң саласынан сауатсыз болғандықтан, түрлі қиыншылықтарға тап болып жатады. Ал олардың құқығын қорғайтын қор мен ұйымдар әр мемлекетте бар. Ресейде Жариялықты қорғау қорынан өзге «Журналистердің құқығы мен сөз бостандығын қорғайтын комитет» жұмыс істейді. Ал оның төрағасы  Гутионтов Павел болып табылады. Аталған комитеттің жұмысы БАҚ өкілдерін заң жағынан сауаттандырып, журналистердің құқығын қорғау болып табылады. Ал заң мамандары ақыл-кеңесімен бөлісіп, әр жағдайды саралап, бағасын беріп отырады. Енді журналистердің құқығы мен сөз бостандығын қорғайтын комитет телефон арқылы да төртінші билік өкілдеріне ақыл-кеңес беріп, өздерінің жұмыс ауқымын ұлғайтпақ /19/.

Ресейдегі «Журналистердің құқығы мен сөз бостандығын қорғайтын комитеттің» басты мақсаты – мемлекетте еркін, объективті, прогрессивті журналистиканы қалыптастыру. Ал комитет жұмысының негізгі бағыты – заңды одан әрі жетілдіріп, БАҚ және журналистердің құқығын қорғау мен БАҚ өкілдерін заң жағынан сауаттандыру. Өйткені мемлекеттік және жекеменшік БАҚ өкілдерінің заң тұрғысынан сауаты жеткіліксіз болғандықтан сан алуан қиыншылықтар мен өмірдегі түрлі жағдайларға ұрынып жатады.

Ал Ресейдегі өз міндетін орындау барысында қайтыс болған журналистердің саны жыл сайын артуда. Мәселен, осыдан 11 жыл бұрын белгілі журналист Влад Листьевтің өлімі сол жылы Ресейде талай шу шығарды. Ресейліктердің пікірінше, бұл біреудің тапсырмасымен жасалған іс еді. Елдің бас прокуратурасындағылардың айтуынша, тергеу жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілуде. Тәжірибелі тергеушілер журналист өлімінің барлық себептерін білуге тырысуда. Алайда тергеу материалдарының саны 200 томнан асса да, Листьевті өлтірген адам әлі күнге дейін табылған жоқ.

Ал осыдан бір жыл бұрын бас прокурор 10 жыл өтсе де, тергеу жұмыстарының аяқталмайтынын алға тартқан еді. Алайда сол кезде ол «Өкінішке орай, қылмыстық істердің басым көпшілігі ашылмаған күйінде қалады. Олардың ізі суымай тұрған кезде тексеру мен іздеу жұмыстарын жүргізу керек. Тергеушілер журналисті өлтіруге тапсырыс берген адамдарды табу үшін қолдан келгенін істеуде. Алайда нәтижесі оңды болатынын, болмайтынын мен дөп басып айта алмаймын» деп айтқан болатын.

Осы уақыт аралығында «журналисті өлтірген» деген айып тағылғандардың арасында 10 адам кінәсін мойындап, бірақ кейін тергеушілер олардың айтқаны шындыққа жанаспайды деген қорытынды шығарды.

Басында тергеушілер өлімнің төрт себебін қарастырған болатын. Алайда қазір олардың саны азайып, соңғы шешім Влад Листьевтің өлімі жұмыс бабымен байланысты болды дегенге тоқталуда. Осыдан 11 жыл бұрын журналист ОРТ телеарнасының бас директоры қызметінде болатын.

Естеріңізге сала кетейін, журналист 1995 жылдың 1 наурыз күні өз үйінің кіреберісінде «қаңғыған оқтан» қайтыс болды. Белгісіз біреу Листьевтің арқасына екі рет оқ атты. Бұл оқиға журналист ОРТ-ң бас директоры қызметіне тағайындалғанына 1 ай өтер-өтпестен кейін орын алды /20/.

Влад Листьевтің өлімінен соң Александр Мень, Дмитрий Холодов, Лариса Юдина, Галина Старовойтова сияқты журналистер де белгісіз біреудің қолынан көз жұмды. Аталған баспасөз өкілдерінің қылмыстық ісі «жабық қазан» күйінде қалды. Тергеушілер қолын қанға бояғандарды табуға тырысса да, тергеу жұмыстары ешқандай нәтиже берген жоқ. Ал Ресейде журналистердің өліміне қатысты ашылмай қалған істер жыл сайын көбейіп, мұрағатты толтыруда.

Ресейде белгілі журналистің қылмыстық ісі 11 жыл бойына қаралып келсе, кейбір елдерде БАҚ өкілінің өліміне байланысты тергеу жұмыстарын жүргізу үшін 15 жыл аздық етті. Мәселен, Тәжікстанда 1992 жылдан бері әртүрлі жағдайда 70-тен астам журналист қайтыс болды. Сондай-ақ, бұрынғы Кеңес Одағына кірген мемлекеттердің ішінен қызмет бабымен өлім тапқан  журналистердің саны жағынан аталған ел көш бастап келеді деп айтуға болады.

IWPR халықаралық агенттіктің мәліметіне сүйенсек, ең қауіпті деген мемлекеттер тізімінің екінші орнында Украина тұр. Ал 2003 жыл бойынша ТМД мемлекеттерінің арасында біріншілікті Армения алса, келесі кезекте Өзбекстан мемлекеті төбе көрсетуде. Арменияда сол жылы президент сайлауы болып, 5 журналистке қастандық жасалса, Өзбекстанда «Свобода» мен «Голос Америки» радиостанцияларының 2 журналисі соққыға жығылған. Ал Женева конвенциясына сәйкес, соғыс қимылдарында жүрген журналистердің құқығы «ыстық нүктелерде» жүргендер үшін негіз бола алды. Сондай жерлерде ақпарат тарататын БАҚ өкілдерінің құқығы сол елдің азаматына теңестіріліп, сол жердің қауіпсіздік органдары басқа елдің журналистерін қорғауды өз қол астына алуы керек .

Өз қызметін орындау барысында қайтыс болған, жұмысы үшін жанын қиған журналистерді Ресей Федерациясы жыл сайын 15 желтоқсан күні еске алады. Бұл күнді әдейі өз міндеттерін орындау кезінде мерт болған журналистердің құрметіне белгіледі. Мемлекеттік думаның вице-спикері Олег Морозовтың айтуынша, мен бұл күнді өзім бес жыл қатарынан журналист болып жұмыс істегенім үшін атап өтпеймін. Менің ойымша, қоғам үшін барын аямай, жанпида еткен  журналистерді еске алу біздің парызымыз. Вице-спикер журналистика — ол тәуекел мамандығы деп ойлайды. Ресей журналистер Одағының статистикасы бойынша, 1991 жылдан бері әлемде 700 жуық журналист қайтыс болып, кейбіреулері ізсіз жоғалып кетті. Ал олардың жартысына жуығы, яғни 300 адам ресейлік журналистер екен. Журналистика – мамандық емес, ол өмір сүру қалпы. Әрине, кенеттен қатерлі аурудан, не жарақаттан қайтыс болатын журналистердің саны аз емес. Бірақ олардың көбісін қызметтерін тоқтату үшін, халыққа «қауіпті» ақпарат тарап кетпес үшін өлтіреді, дейді спикер. Журналистерді тәуекелден сақтап қалу мүмкін емес. Өйткені соғыс қимылдарында жұмыс істеуге оларға ешкім тыйым сала алмайды. Алайда журналистер тыныш өмірде де қауіпті ақпарат алып, сол үшін кейін зардап шегеді. Ал егер қоғам азаматтық болса, ол қайтыс болған әрбір журналистің оқиғасына көңіл бөлу керек. Сондай-ақ, жылына бір рет – тек 15 желтоқсан күні – емес, әрқашан оларды еске алып, отбасыларына қол ұшын беру тиіс», — деп сөзін аяқтады вице-спикер /22/.

Ресейде желтоқсанның 15-і қайтыс болған журналистерді еске алу күні болса, Бүкілдүниежүзілік баспасөз бостандығы күні ЮНЕСКО-ның мақұлдауымен Африка елдері тәуелсіз баспасөз өкілдерінің бастамашылығы бойынша 1992 жылдан бастап жыл сайын тойланып келеді. Мамырдың 3-і кездейсоқ таңдалмаған. 1991 жылы дәл осы күні Намибия Республикасының астанасында Африка елдері тәуелсіз баспасөз өкілдері барлық елдің үкіметін баспасөз бостандығы мен оның жариялылығын қамтамасыз етуге шақырған «Виндхук декларациясын» қабылдаған болатын. Ал, 1993 жылғы желтоқсанның 21-інде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мамырдың 3-ін Бүкілдүниежүзілік баспасөз бостандығы күні деп жариялау туралы шешім қабылдаған.

Ал бұл күннің басты шарасы ол – баспасөз бостандығына енгізген жаңалығы үшін Гильермо Кано атындағы ЮНЕСКО-ң Бүкіләлемдік сыйлығын табыс ету. Гильермо Кано 1986 жылы қайтыс болған колумбиялық журналист. Аталған сыйлық жеке тұлғаларға, мекемелер мен кәсіпорындарға 1997 жылдан бері беріліп келеді.

Сондай-ақ, бұл күні өздерінің кәсіби міндеттерін атқару барысында қаза болған журналистерді еске алады. Баспасөз бостандығы үшін жанын қиған Ресей жорналшылардың құрметіне олар істеген түрлі БАҚ редакцияларына сыйлық беріледі. Мәселен, «Қызыл жұлдыз» басылымы жыл сайын редакция ішінде Владимир Житаренко атындағы сыйлықты табыстайды. Ал 2001 жылдан бері ең үздік журналистік зерттеу үшін Артем Боровик атындағы сыйлық беріле бастады.

Іспеттес сыйлықтар шетелде де бар. Мәселен, 2001 жылы итальяндық журналист пен жазушы Фурио Коломбоның бастамасымен әскери тілшілер үшін, 2000 жылдың аяғында Грузияда өлтірілген журналист Антонио Руссо атындағы халықаралық сыйлық. Ал 2002 жылдан бастап Колумбия университеті журналистика кафедрасының аспирантурасы Курт Шорт атындағы сыйлықты береді. Аталған құрмет халықаралық журналистика аясында тәуелсіз әрі кәсіби репортаждар үшін беріледі.

Журналистика мамандығының қызықты жақтары басым болса да, оның қауіпті жақтары одан кем түспейді. Бұрын журналистика факультетіне түсетін студенттердің басым көпшілігі жігіттер болса, бүгінгі таңда қауіпті мамандықтардың тізімінде алдыңғы орында тұрған журналистиканы оқып, осы сала бойынша жұмыс істейтін қыздардың да саны аз емес. Аталған мамандық қауіпті болса да, оның қызықты жақтары басып түсетін сияқты. Журналистердің соғыс қимылдары болып жатқан жерлерге немесе «ыстық нүктелерге» өз еркімен баруы да сондықтан шығар. Бірақ өкініштісі, қорықпай, өз мамандықтары үшін жанын қиюға дайын журналистердің құқығы көп жағдайда қорғалмайды. Екінің бірі баспасөз өкілінің құқығын бұзып, сол үшін жазықсыз қалады. Енді журналист құқығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде қорғайтын ұйымдар мен қорлар көбее берсін деп тілейміз. Ал Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары құқығын бұзған адамдар мен топтар Қазақстан Республикасының заң актілермен белгіленген жауапкершілікке тартылады. Ресейде де сол елдің заңына сәйкес жауапкершілкке тартылады.