Қазақстандағы журналистердің құқығын қорғау

«Азаттық» радиосы жүргізген журналистік зерттеуге сүйенсек, Қазақстан сөз бостандығы жөнінен 167 мемлекеттің ішінде 119-ші орында тұр. Ал «Freedom house» үкіметтік емес ұйымы 2005 жылды қорытындылап, сөз бостандығы бойынша сап түзеген 194 мемлекеттің ішінде Қазақстанға 165-орын бұйырыпты деп мәлімдеді. Халықаралық ұйымның Қазақстандағы өкілі Антонио Стангоның айтуынша, «2005жылы Қазақстан сөз бостандығы мәселесінде бір қадам да ілгері жылжымаған». Есесіне, «кері кетудің белгілері байқалған».

Сөз бостандығының деңгейі құқықтық реттеу, саяси бақылау және экономикалық реттеу секілді үш бағытта анықталады екен. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, сол елдегі сөз бостандығының халі соғұрлым мүшкіл деген сөз. Мысалы, 0-ден 30 ұпайға дейін жинаған елдер – «еркін» елдер екен. 31 мен 60-тың арасы жартылай еркінге жатады. Ал 61-ден 100-ге дейін жетсе, ол елде сөз бостандығына кепілдік жоқ. Қазақстан осы соңғы қатарда екен. Посткеңестік кеңістіктегі елдердің арасында Беларусь, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінде сөз бостандығына қауіп төніп тұр екен. Тәжікстан да Қазақстанмен қатарлас. Ал Қырғызстан бізден 28 саты жоғары тұр /11/.

 Ал үстіміздегі жылдың 17 қаңтар күні «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры 2005 жылы орын алған қазақстандық журналистер мен БАҚ-тың құқығын бұзу жайында жария еткен дерекке көз жүгіртсек.

Елімізде сол жылы қайтыс болған журналистер саны9 (2004 жылы2): Рустам Қатқадамов («Ирбис ТВ», Павлодар), Жанар Әбдилдина («Хабар» агенттігі, Алматы), Батырхан Дәрімбет («Азат», Алматы), Алуа Әбенова («Рахат» телеарнасы, Алматы), Гүлбану Тілеубаева («31-арна», Алматы), Сергей Иванов («Авангард», Жітіқара), Арай Алпысбаева, Айгүл Нұрсұлтанова («ТДК-6», Семей), Андрей Прокопьев («31-арна», Алматы).

Келтірілген статистика бойынша 9 журналистің ішінде жартысынан көбі, дәлірек айтатын болсақ 5 журналист, Алматыда қайтыс болған. Ал қалған төртеуі Павлодардың, Жітіқараның, Семейдің журналистері екен.

 БАҚ өкілдері мен редакцияға түрлі қастандық жасау – 20 (2004 жылы – 14): Дмитрий Пыхтин («Хабар» арнасының тілшісі, Өскемен), Сергей Константинов («Отырар» телекомпаниясы, Шымкент), Александра Алехова («Литер», Жетіген қаласы, Іле ауданы), Александр Бранов («Час пик», Павлодар), Жукел Хамай («Алатау», Талдықорған), Виталий Югай («Қазақстан», Астана), Андрей Лысенко («Вести Сарыарқа», Қарағанды), Ардабек Солдатбай («Хабар» агенттігі, Павлодар), Есенбек Санатұлы («Азаттық» радиосы, Павлодар), Бекжігіт Мауленов («Отырар телекомпаниясы», Шымкент),Людмила Павлова («Голос Экибастуза», Екібастұз), Нина Цысь (ІІД-нің баспасөз-хатшысы, Павлодар), Қажымұрат Әбілкалиев, Азамат Доспанов («Алтын ғасыр», Атырау), Михаил Мысиков, Владимир Таран («Новый регион», «Регион плюс», Қапшағай), Әсет Құндақбаев («Рейдер», Алматы), Гүлнұр Оразымбетова («Страна и мир», Алматы).

Ал бұл дерекке сүйенсек, журналистерге ең көп қастандық Павлодарда жасалынған екен (4), екінші орында Алматы – 2, Қапшағай — 2, Шымкент — 2, Атырау — 2, ал соңғы орынды Өскемен – 1, Жетіген -1, Талдықорған – 1, Астана — 1, Қарағанды – 1 және Екібастұз -1 қалалары бөлісті.

Журналистерді қорқыту – 9.

Журналистердің кәсіби жұмысына кедергі жасау – 53

Басылымдар данасын тауып алып, көзден таса қылу – 69 (2004 жылы – 3): «Сеть kz», «Сөз», «ДВК Дауысы», «Жұма Таймс» (Алматы), «Республика. Деловое обозрение», «Жұма таймс – DAT», «Азат», «Финансовое обозрение» (Екібастұз), «Искра», «Аssandi Times» «Лад», «Наша газета» (Қостанай), «Казачий вестник», «Эпоха», «Нағыз Ақ жол» (Орал), «Анау-Мынау», «ДАТа недели», «Правда Казахстана» (Павлодар), «Эпоха», «Свобода слова», «Азат», «Правда», «Апта kz», «Жұма таймс» (Ақтөбе), «Горд 326» (Тараз), «Республика. Аналитический еженедельник», «Пятое измерение», «Ауыл» (Астана), «Эпоха», «Азат», «Жұма таймс», «Діл», «Свобода слова» (Шымкент), «Эпоха», «Свобода слова», «Правда Казахстана», «Жұма таймс», «Апта.kz», «Азат» (Қарағанды облысы).

Басылымдарды тауып алып, көзден таса қылу 2004 жылмен салыстырғанда 23 есеге өсті. Бұл елімізде оппозиялық басылымдар біреулер үшін үрей тудыратынының айқын дәлелі. Өйткені тізімде келтірілген газет аттарына назар салатын болсақ, басым көпшілігі мемлекеттік емес газеттер болып табылады. Сонымен статистика бойынша: Ақтөбе – 6, Қарағанды – 6, Шымкент – 5, Алматы – 4, Екібастұз – 4, Қостанай – 4, Орал – 3, Павлодар – 3, Астана – 3, Тараз – 1 рет сондай жағдайға тап болғанын айтады. Сондай –ақ, «Республика. Аналитический еженедельник», «Республика. Деловое обозрение», «Сеть. Kz» (Алматы), «Замечательная газета» (Петропавловск) сияқты газеттердің есепке қою құжаттарының тіркеу нөмірлері заңсыз деп танылды.

Қылмыстық қудаланушылық – 14 (2001 жылы –  21): өтірік жала жабу – 9, Қазақстан Республикасы Президентінің ар-намысына қол сұғушылық деген айыппен – 3, сот шешімін орындамау – 1.

Қоғамдық маңызы бар ақпаратты таратудан бас тарту – 426 (2004 жылы – 435) /12/.

Әзірше қолда бар мәлімет осындай. Бірақ бір өкініштісі, өз кәсібін атқару барысында мерт болатын журналистердің саны жыл сайын артуда. Ал қылмыстың жартысынан көбі ашылмай, «жабық қазан» күйінде қалуда. Мәселен, «Азаттық» радиосы жүргізген журналистік зерттеуге сүйенсек, Қазақстан сөз бостандығы жөнінен 167 мемлекеттің ішінде 119-ші орында. «Қазақстанда да ондаған журналист әртүрлі жағдайда қаза болып жатыр. Бірақ әдетте оларды кездейсоқ оқиғаның құрбаны деп қарайды. Мысалы, жол апатының. Осыдан төрт жыл бұрын оппозициялық журналист Алексей Пугаевты көлік қағып кетті. Алексей тілге келмеді. 2002 жылдың 16 қарашасында Нұри Муфтахты да көлік қағып кетті. 2004 жылдың шілдесінде «көліктің астына түсіп» «Навигатор» интернет газетінің редакторы Асхат Шәріпжанов қаза тапты. Өткен жазда оппозициялық «Азат» газетінің бас редакторы Батырхан Дәрімбеттің ажалы қара жолдан болды», — дейді «Азаттық» радиосының тілшісі.

Кездейсоқ оқиға демекші, «Хабар» агенттігінің бас директоры Жанар Әбілдина да жол апатынан қаза тапты. «Рахат» арнасының журналисі Алуа Әбенова қаңғыған оқтың құрбаны болды. Ал қызмет барысында қаза болған қазақстандық жалғыз журналист кім?

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Тамара Калеева оның кім екенін тап басып айта алмағанымен, еліміздегі сөз бостандығының күннен-күнге тарылып бара жатқанын жасырмайды. Мәселен, «Жұма-таймс» газетінің үнін біржола өшіруге бағытталған әрекетті, бір арнадан бір мезгілде 14 журналистің қызметтен кетуін алға тартады.

Қызмет бабында қаза болған журналист кім болуы мүмкін? Бұл сұраққа өзгелерден гөрі журналистермен етене араласатын Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев жауап берді.

— Шынымды айтайын, тап басып айта алмай тұрмын. Менің топшылауымша, Батырхан Дәрімбет болуы мүмкін. Өйткені Батырхан жұмыс барысында қаза болды ғой. Әлде «31-арнаның» тілшісі Гүлбану Тілеубаева ма екен… Батырхан шығар…» /13/.

Өткен жылы Алматыда бес БАҚ өкілі қайтыс болды. Алайда олардың ішінен өз жұмысын атқару барысында мерт болған журналистің есімі әлі күнге дейін белгісіз. Ал «Әділ сөз» халықаралық қоры жыл сайын сөз бостандығын бұзу мониторингін, журналистер құқығын шектеу, оларға қысым көрсету жайлы деректер жинайды. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Тамара Калееваның 2005 жылы өз жұмысын орындау барысында қайтыс болған журналистің есімін атай алмады. Алайда көз жұмған БАҚ өкілдері жайлы ақпарат жинау аталған қор үшін бірінші орында тұру керек сияқты. Егер Қазақстанда журналистер құқығын қорғайтын қор ондай дерек бере алмаса, «Репортерлер шекарасыз» халықаралық ұйымы қандай дерекке сүйеніп, өткен жылы елімізде өз қызметін орындау барысында мерт болған журналист саны біреу деп алға тартады екен. Сондай-ақ, ол журналистің есімі кім?..

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Тамара Калеева айтқандай, аталған қор жұмысын бастаған кезде ол журналистер құқығының аяққа тапталуы, ар-намысы қорғалмауы соншалықты төмен дәрежеде екенін білмепті. Шынымен де, қазіргі таңда төртінші билік өкілінің құқығын екінің бірі бұза алады. Оған мысал ретінде, алысқа бармай-ақ, жас маман жұмысқа тұрғанда жасалатын заң бұзушылықтарды айтуға болады. Мәселен, келісім-шарттың болмауы, жалақының толықтай төленбеуі, бір қалыпты жұмыс күннің болмауы, т.б. Әрине, мұндай жағдайға журналистер өз құқығын білмегендіктен ұшырайды. Осы себептен «Әділ сөз» қоры БАҚ өкілдерінің жиі қателеспеуі үшін, өз міндеттері мен құқықтарын білу үшін арнайы оқу құралдарын шығарып, өмірде жиі кездесетін мысалдарды баспасөз бетінде жариялайды.

«Әділ сөз» қоры журналистердің еңбек құқығының бұзылуын қадағалап, орын алған заң бұзушылықты әрдайым тіркеп отырады. Мәселен, 2003 жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Еңбек және қоғамды әлеуметтік қорғау Министрлігінің жүргізген тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша БАҚ иелері мен басшылықтың тарапынан жиі орын алатын заң бұзушылықтың тізімі жасалынды: жұмыс күнін ұзарту, үстеме жұмыс үшін жалақының 1,5 мөлшерде төлемеу, мейрам және демалыс күндері жұмыс істегені үшін ақының, заңда жазылғандай, 2 есе мөлшерде төлеуден бас тарту, себебі мен қажеттілігі көрсетілген демалыс күндері жұмысқа шығу керектігі туралы арнайы жазылған жарлықтың болмауы, және т.б. Бұл тізімде орын алған құқық бұзушылықтың аз-мазы ғана. Ал 2000 жылдың 1-ші қаңтар күні қабылданған «Қазақстан Республикасының еңбек туралы» заңы, бұл жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қарым-қатынасты реттейтін негізгі нормативті акт болып табылатынын естен шығармаған жөн /14/.

Ал 2003 жылы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры мен Алматыдағы Еуропаның қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының орталығы, Эберт қорының қаржылық көмегімен, қазақстандық журналистика тарихында алғашқы рет әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеу Қазақстан Республикасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің проблемаларына арналды. Ал істелген жұмыстың басты мақсаты, қазақстандық БАҚ өкілдерінің жағдайын көрсету болды. Мәселен, журналистердің өздері жергілікті БАҚ-қа қандай баға береді, Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайы қандай дәрежеде, төртінші билік өкілдері кәсіби жұмысында қандай қиыншылықтарға тап болады, оны қандай жолмен шешеді, өз әріптестерін қалай бағалайды және т.б. проблемалар көтеріліп, әлеуметтік зерттеудің негізгі тақырыбы болды.

Зерттеу сауалнама түрінде жүргізіліп, сауалнама парақтары бүкіл Қазақстан бойынша таратылды. Басты БАҚ редакциялары (теледидар, радио, газет, жорнал) орналасқан мемлекетіміздің 13 қаласында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сол жылы барлығы 1100 сауалнама парағы таратылған болатын. Оның 68 пайызы, яғни 753 данасы толтырылған күйінде қайтарылды. Мәліметтер бүкіл Қазақстан бойынша алынған. Сауалнама жүргізілген қалалар мен оған жауап берген адамдардың санын №1 қосымшадан көруге болады. Респонденттердің негізгі бөлігі жекеменшік теледидар мен газетте жұмыс істейді екен. Алайда, ең қызығы, сұралған адамдардың 8 пайызы өздері жұмыс істейтін БАҚ-тың меншік түрін білмейді. Сұралғандардың әлеуметтік статусы – жалдамалы жұмысшылар. Қызметтік статусы – көбісі тілшілер. Респонденттердің басым көпшілігі жоғары білімді. Алайда жартысынан астамы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Отандық БАҚ өкілдерінің негізгі бөлігі Қазақстан мен Ресейде білім алғандар. Негізгі жұмыс тілі: респонденттердің көбісі қазақ және орыс тілінде жазады. Ал сұралғандардың 0,3 пайызы негізгі жұмыс тілін өзбек тілін атады. Қосымша жұмыс тілі: неміс — 3,9%, корей — 0,4%, украин — 0,4%, итальян — 0,1%, армян0,1%, болгар — 0,1%, араб — 0,1% және жапон тілінде журналистердің 0,1 пайыз жазады екен.

Ал Қазақстандағы БАҚ жағдайына баға беру үшін, журналистер өздері жұмыс істейтін баспасөздің жағдайы оларды қанағаттандыра ма, соны біліп алған дұрыс шығар. Ал бұл сұраққа жауапты «Қазақстандағы БАҚ-ң жағдайы Сіздің көңіліңізден шыға ма?» деген сауалға берілген жауаптан қорытындылауға болады.

Қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары жайлы түрлі қорытынды жасауға болады. Егер «иә-жоқ» позиция тұрғысынан қарастыратын болсақ, жалпы санының 65,1% отандық БАҚ-қа көңілі толмайды екен. Алайда теріс пікірдің басымдылығына қарамастан журналистердің 79,8 пайызы БАҚ-тың қазіргі жағдайына шүкіршілік білдіреді. Тек мемлекеттік пен жекеменшік ақпарат құралдары өкілдерінің көзқарасы өзгеше болып табылады. Мәселен, екіншілерінде сыни көзқарас басым. Мүмкін ол, жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарының оппозиялық бағытты ұстануымен байланысты шығар.

Ал Қазақстанда сөз бостандығы барын факт ретінде айтуға бола ма? Бұл сұраққа журналистердің басым көпшілігі бір ауыздан «Иә» деп жауап берді. Ал нақты санын айтатын болсақ, 72,8 пайыз Қазақстанда сөз бостандығы бар деген пікір білдірді. Алайда отандық баспасөз өкілдерінің төрттен бір бөлігі елімізде сөз бостандығының бар екенін жоққа шығарады. Олардың ойынша, сөз бостандығы Ата заңымыздағы әдемі жазу ретінде қалды.

Қазіргі кезде қарулы соғыстан гөрі ақпараттық соғысты жүргізу тиімді сияқты. Өйткені адамдарды өлтіруден гөрі, олардың санасын улау, пікірін өзгерту көбірек пайда әкеледі. Сондай-ақ, белгілі топтардың, ұйымдардың елдегі сөз бостандығына әсер етуі де жиілеп барады. Ал Қазақстандағы сөз бостандығына халықаралық ұйымдардың қызметі мен үлгі ретінде ықпалы қандай дәрежеде екенін білу үшін, «Әділ сөз» қоры бұл сұрақты әлеуметтік зерттеуге қосты. Зерттеудің қорытындысына қарап, оң мен бейтарап бағаның алда, ал теріс бағаның аз екенін көруге болады.

Жауаптар нұсқасы:

1-мемлекеттік БАҚ,

2-жекеменшік БАҚ

Оң баға (%) Теріс баға (%) Бейтарап (%)
1 2 1 2 1 2
Халықаралық ұйымның қызметі 49,2 48,2 9,2 3 41,5 48,8
Халықаралық ұйым үлгі ретінде 43,5 39,6 11,5 3,2 45 57,1

Халықаралық ұйымдардың жұмысы мен ұстанатын саясатын үлгі тұтатын журналистердің саны 48-49 пайызды құрайды. Алайда ұйымдарға бейтарап көзқарасты ұстанатын респонденттердің саны да 48 пайыздан кем түспейді. Тіпті, жекеменшік БАҚ өкілдері берген жауапқа қарап, бейтарап жақты ұстанушылардың саны басым түсетінін көреміз. Сондай-ақ, олар халықаралық ұйымдарға үлгі ретінде қарамайды. Ал жалпы баға беретін болсақ, халықаралық ұйымдар жұмысына деген журналистердің көзқарасы оңды-бейтарап деп айтуға болады. Өйткені респонденттердің басым көпшілігі халықаралық ұйымдар республикадағы сөз бостандығына әсер етпейді деген пікір білдірді.

Ал біздің елімізде қай халықаралық ұйымның рейтингісі жоғары? Бұл сұрақтың қорытындысы төмендегідей: әрине, көш басында – ЕҚЫҰ, ал қалған халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сөз бостандығына тең дәрежеде ықпал етеді. Ондай ұйымдардың ішінде: «Интерньюс-Қазақстан» — 1,6%, «Сорос-Қазақстан» — 0,7%, ЕуроОдақ — 0,7%, «Еуразия Қоры» — 0,3%, ЮСИС — 0,3%, «Репортерлер шекарасыз» халықаралық ұйымы 0,1% құрайды. Тек респонденттердің 7,3% «білмеймін» деген жауап қайтарды. Ал аталған ұйымдардың ішінен біреуінің ғана алға шығуы, қалғандарына деген сенімсіздіктің басым болуынан, немесе олардың жұмысы мен беделінің төмендігінен деген ой келеді. Бірақ жалпы қарасақ, халықаралық ұйымдардың жұмысы жайлы БАҚ өкілдері оң пікірде екенін көруге болады /15/.

Соңғы кездері мемлекеттік пен оппозиялық көзқарасты ұстанатын баспасөз саны жағынан теңесіп келеді. Алайда мемлекеттік газеттер саны мен таралымы жағынан әлі алда деп айтуға болады. Оппозиялық — мемлекетке қарсы шығу дегенді білдірмейді. Ол — өз ойыңды еркін, ашық жеткізу, сондай-ақ, елімізде сөз бостандығы бар екенін көрсету. Қазақстан Республикасы Конституцияның 20-бабы, 2-ші тармағына сәйкес, әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Ал журналистердің кәсіби деңгейі артқан сайын олар екі жақтың да пікірін негізге алып, оны саралап, салыстырмалы көзқарас беруге тырысады. Мәселен, «Жас Алаш» басылымы сияқты. Бірақ қазақстандық газеттердің басым көпшілігі әлі күнге дейін мемлекетке, әсіресе басшыларға, қатысты ақпаратты жақсы жағынан беріп, пікірдің екінші нұсқасын назардан тыс қалдыруда. Ал халықта оппозиялық басылымдар «мемлекеттің жауы» деген көзқарас қалыптасқан. Бірақ бұл ұстанымды бұзып, оппозиялық басылымдар сөз бостандығы бар екенін көрсетудің бір амалы ретінде қарауға тырысу керек. Ал отандық баспасөз өкілдерінің пікірінше, журналистердің кәсіби деңгейі Қазақстандағы сөз бостандығына оң әсер етеді. Мұндай қорытындыны респонденттердің жартысына жуығы алға тартты. Сондай-ақ, мемлекеттік пен жекеменшік БАҚ өкілдері бұл сұраққа қатысты бір пікір ұстанады екен.

Нарық заманында әрбір жұмыс істейтін адам, бірінші кезекке, қалтаның қалыңдығын қояды. Сондықтан БАҚ-ң материалдық жағдайы еліміздегі сөз бостандығына ықпалын тигізбей қоймайды. Мәселен, сауалнаманы толтырған журналистер бұл сұраққа қалай жауап бергенін және одан қандай қорытынды жасауға болатынын №2 қосымшадан көруге болады. Яғни, мемлекеттік пен жекеменшік БАҚ өкілдері бұл сұраққа БАҚ пен журналистердің экономикалық жағдайы сөз бостандығына кері әсерін тигізеді дейді. Тағы бір назар аударатын жайт, бейтарап жақты ұстанатын респонденттердің саны «БАҚ-ң экономикалық жағдайы сол басылымға оң әсерін тигізеді» деген пікірді білдірген журналистердің санынан екі есе көп. Алайда мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін журналистер өз басылымның экономикалық жағдайына селсоқтықпен қарайды екен. Оның себебі де түсінікті. Қаржыландырудың негізгі көзі мемлекет тарапынан болған соң, жалақы тұрақты беріліп тұрады. Олар жекеменшік баспасөзде еңбектенетін әріптестері сияқты жарнаманың көмегімен қаражат таппайды. Алайда, қазіргі кезде журналистердің жағдайы жаман емес сияқты. Ал кейбіреуі үшін қалтаның қалыңдығынан гөрі, сөз бостандығы мен өз міндеттері бірінші орында тұр. Мысал үшін алысқа бармай-ақ, кеше ғана «Қазақстан» телеарнасының басшысы, күтпеген жерден, жұмыстан босатылған кезде, журналистер де өз еркімен жұмыстан кетті. Ал неге деген сұраққа жауап ізделік. Мәселен, «Жас Алаш» басылымы «Қазақстан» дауынан қоғам не ұқты?» деген мақаласында былай деп жазады: «Олар, жұмыстан өз еркімен кеткен журналистер, өздерінің мал еместігін дәлелдеді», — деді бір сөзінде Дариға Назарбаева мәжіліске келген министр Ермұхамет Ертісбаевқа.

Министр тағайындаған жаңа төрағаға журналистер қарсы емес, бірақ олар «Қазақстан» телеарнасының Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастық секілді қаржылық алпауыттардың қолына өтіп кететініне қатты алаңдаулы.

Жаңа басшылық «Қазақстан» телеарнасының қалыптасқан ұлттық болмысын өзгертіп жіберуі мүмкін. Қазір, телеарнаны айтпағанда, Қазақстан мемлекетінің ұлттық болмысы да өзгеріп кетуі әбден мүмкін ғой.

Министрдің іс-әрекетіне қатты наразы болып, «Қазақстан» телеарнасынан кетіп қалған журналистерде өткен ғасыр басындағы Алаш азаматтарына деген сағыныш бар еді. Реті келген сәтте сол тұлғаларымыз арманда кеткен Алашорда арыстарының ақыл-ойын көпшілікке насихаттап та жүрді. Ұлттың бірлігін арттыру мақсатында, сана-сезімін ояту жолында болар, әрине. Алайда, олар негізгі керекті қорытындыны түсінбеген секілді. Алаштың ардақтылары кезінде неге құрбан болды? Олардың айтқан ойын, бағыт-бағдарын көпшілік қолдады. Дұрыстығын мойындады. Бірақ сын сағатында, тізе біріктірер сәтте, айналасы үнсіз қалды. Көрсе де көрмеген, білсе де білмеген, түсінсе де түсінбеген болды. Ұлттың ұпайы түгенделер жерде жаны ашиды, жүрекке жүрек, білекке білек, тізеге тізе қосады дегендер қара басының қу тірлігін күйттеп кетті. Нәтижесінде арыстарын шибөрілерге талатты. Кейіннен өздері таланды. Өткен ғасырдың ақиқаты осы.

Әділеттілік болсын. Әркім өз жұмысына өзі жауап берсін. Тәртіп орнасын. Сыбайластық жоғалсын. Басшылар халыққа жақын болсын. Билік басындағы жасырын ойын доғарылсын. Өзімбілермендік шексіз билік шектелсін. Қазақ байлығы қазаққа қалсын. Алпауыт-олигархтардың өңешіне кетпесін. Өз байлығының қызығын қазақ өзі көрсе, жыртық туырлығы бүтінделер еді. Туырлығы бүтінделсе, қазақтың керегесі бекіп, шаңырағы биіктейді. Біз осы үшін күреске түстік деп, ел сыйлаған арыстар додаға түсті. Ал оларға белгісіз біреулер тас атқызды. Белгісіз біреулер оларды аяқтарынан шалды. Белгісіз біреулер соққыға жықтырды. Белгісіз біреулер үгіт материалдарын өртеткізді. Белгісіз біреулер кейіннен олардың қанын төкті, ұлтым деген адал жанын қиды. Бас көтергенін қапасқа қаматты.

Дәл осы сәтте Алаштың арыстарын құрметтейтіндей көрінетін журналистер үнсіз қалған еді! Көрсе де көрмегендей, білсе де білмегендей кейіп танытқан. Бәлкім олар «үштағанның» мәңгілік екеніне сенімді болған болар. Сол «үштағанның» бір бұтында аяғынан сыз өтпесіне, бетін аяз қарымасына дәмелі болған болар. Күндердің күні «үштаған» бірін-бірі талайтынына нанбаған шығар. Өздері қолдау көрсеткен әкімшіліктің бұлбұлы өздерін шоқитынын түсінбеген болар. Кім білсін?

Әлгі жүзге жуық журналист сол кезде: «Қоғамда осындай келеңсіз жағдайлар болып жатыр. Халық шектен тыс қысым көруде. Халықты бұлай қорлауға болмайды. Біз бұған бей-жай қарай алмаймыз», — деген жоқ. Ал уақытында белсенділік көрсете алмағандар, өздері үнсіз қостаған, өздері үнсіз қолдаған жүйенің құрбаны бола берді. Бола береді. Қоғамға, өсіп келе жатқан жаңа толқынға осы сабақ болуы тиіс /16/.

Сондай-ақ, өткен аптада «Время» республикалық басылымның да бас редакторы ауысты. Бұл жағдайда да жүздеген журналист өз еркімен жұмыстан кетті. Алайда жаңа тағайындалған басшылық Бикелді Ғабдуллин журналистердің жалақысын төрт есе көтерсе де, енді «Время» басылымының бұрынғы журналистері жұмыстан босатылған редактор Игорь Мельцердің артынан еріп, жаңа газет ашпақшы. Бір айдың ішінде екі бұқаралық ақпарат құралдары басшылығының ауысуы жайдан-жай емес. Мұның астарында не жатқанын білмесек те, бір топтың немесе адамның саяси ойыны басталғанын жоққа шығара алмаймыз. Ал мәжілістің үстіміздегі жылдың 4 мамыр күнгі жалпы отырысына Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев қатысып, «Хабар» агенттігін мемлекеттік бақылауға алу мәселесінің ары кеткенде 100 күн ішінде шешілетінін мәлімдеді. Министр «Хабар» толықтай мемлекеттік болуы керек деп есептейді. «Тазалық» жұмыстарын «Қазақстан» корпорациясынан бастаған Ертісбаев «лицензиясын тартып алатынын» айтып, КТК-ға да қыр көрсетті. Ал ертеңгі күні аталған екі арна да «Қазақстандықтардың» көргенін бастан кешірмейтініне кім кепіл?!

Осы ретте, төртінші билік өкілдерінің ойынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің сөз бостандығына деген әсері қандай дәрежеде екенін айта кеткім келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары жұмысын реттеуге тікелей қатысты болғандықтан, әлеуметтік зерттеуде журналистердің проблемалаларын шешудегі министрдің ықпалын бағалау ұсынылып, одан төмендегідей қорытынды шықты.

Жауап бергендердің жартысынан астамы, яғни журналистердің 52 пайызы Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ жұмысына қатысты әсерін не байқамайды, не аталған министрліктің мүлдем керегі жоқ деп есептейді. Егер осы пікірге ақпарат министрлігінің әсері зиянды деп жауап бергендерді қосатын болсақ, онда басыңқы ойдың оң еместігін бірден көруге болады.

Ал мемлекеттік пен жекеменшік БАҚ өкілдері берген жауапқа көз салатын болсақ, жекеменшік баспасөз журналистері аталған министрліктің қажеті жоқ, ал ол баспасөз жұмысына араласқан күннің өзінде оның әсері мүлдем байқалмайды деп есептейді. Алайда мемлекеттік БАҚ-ғы әріптестері олармен келіспейді. Бірақ, олардың да басым көпшілігі Мәдениет және ақпарат министрлігінің әсері байқалмайды деп ойлайды. Бұл не деген сөз, министр БАҚ-тың жұмысына бей-жай қарамайды. Бірақ министрліктің тарапынан баспасөздің жағдайын жақсартуда жасалып жатқан шаралар елеусіз оң әсер беруде. №3 қосымшада көрсетілген тағы бір мәліметке көз қырын салсақ, онда жекеменшік БАҚ өкілдерінің 21 пайызынан астамы аталған министрліктің мүлдем қажеті жоқ деп есептейді, ал олармен мемлекеттік баспасөздегі әріптестерінің тек 10 пайызы келіседі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік БАҚ журналистерінің аталған министрлікке деген көзқарасын позитивті-бейтарап деп бағаласақ, ал олардың жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестерінің Мәдениет және ақпарат министрлігіне деген көзқарасы теріс-бейтарап деуге болады.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайына біркелкі баға берілді. Мемлекеттік БАҚ өкілдерінің пікірі бірқалыпты-оптимистік («көңілімізден шықпайда дегеннен, көңілімізден шығатын жақтары басым»), ал олардың мемлекеттік емес сектордағы әріптестерінде бірқалыпты-скептикалық («көңілімізден шығады дегеннен, көңілімізден шықпайтын жақтары басым») пікір қалыптасқан.

Отандық БАҚ өкілдерінің басым көпшілігі сөз бостандығының бар екенін мойындайды. Ал оның іс жүзінде қолдануына келетін болсақ, мұнда реалисті-оптимистік баға («Сөз бостандығының кейбір ақталмаған шектеушілік жақтары бар») мен реалисті-скептистік («Сөз бостандығы минимумға дейін шектелген») деген пікір басым болып табылады. Максималистердің арасында («Сөз бостандығы толық көлемде істе қолданылуда», «Сөз бостандығы Ата заңымызда тек әдемі жазу ретінде қалды») нигилистер тым басым («Сөз бостандығы Ата заңымыздағы тек әдемі жазу ретінде қалды»), ал сынамайтын позитивистер («Сөз бостандығы толық көлемде істе қолданылуда») – аздау. Сондай-ақ, жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сыни бағытты ұстануы тым жоғары.

Әлеуметтік зерттеу барысында, журналистердің өз кәсіби жұмысында нені бағалайтынын білу үшін бірқатар сұрақтар қойылды: БАҚ-ң міндеті, олар таңдаған мамандықтың ең маңызды жағы, сондай-ақ, кәсіби әрі мәртебелі мамандық дегенді журналистердің өздері қалай түсінеді сияқты сауалдар. Қойылған сауалдарға жауап №4 қосымшада көрсетілген. Әрине, БАҚ-ң басты міндетін бір сөйлеммен анықтап беру қиын шығар. Сондықтан сұралғандардың басым көпшілігі түрлі пікірді ұстанатынын көреміз. Мәселен, олардың ойынша, бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті қоғамға шынайы ақпарат алу мен тарату құқығын қамтамасыз ету мен қоғам пікірін білдіру болып табылады. Аталған міндеттерге жекеменшік БАҚ өкілдері көбірек көңіл бөледі екен. Тағы бір айта кететін жайт, журналистер өз мамандығына шынайы көзқараспен қарайды: БАҚ-ң маңыздылығы неде дегенде, екінші орында тұрған жауап – қоғам пікірін қалыптастыру мен қоғамның көзін ашу болып табылады. Жекеменшік баспасөз өкілдері өз назарын қоғамды хабардар етуге салса, ал олардың мемлекеттік ақпарат құралдарында істейтін әріптестері қоғам пікірін қалыптастыруға көп көңіл бөледі. Сондай-ақ, баспасөз өкілдеріне қоғам қамқоршысының рөлі, яғни оппозициялық бағыт та жат емес. Мәселен, «қорланған мен кемсітілгендерді» қорғау мен билікті сынау аталған топтың басты міндеті екен. Ал қорланған мен кемсітілгендерді қорғау БАҚ-ң екі түріне де тән нәрсе болса, билікті сынауда жекеменшік БАҚ өкілдері басымдылық танытуда.

Ал ең соңғы орынға журналистер көңіл көтеру міндетін қояды. Алайда жекеменшік баспасөз өкілдері аталған міндетке оң-бейтарап қарайды екен.

Журналистік қоғамдастықты қызықтырмайтын жақ, ол — мемлекет саясатын насихаттау. Бірақ мемлекеттік БАҚ өкілдері аталған міндетті «қорланған мен кемсітілгендердің» құқығын қорғаумен бір деңгейге қояды екен.

Журналистерді біреулер жақтырмаса, екіншілері қоғамдағы ашық ақпарат, сөз бостандығы солардың арқасында дейді. Ал баспасөз өкілдері өз мамандықтары жайлы не ойлайды екен. Жүргізілген сауалнаманың қорытындысы сүйенсек, олар өз жұмысында халыққа шынайы ақпарат таратуды бірінші орынға қояды. Қоғамды соңғы жаңалықтармен қамтамасыз ету міндетін журналистер еңбекақыларынан да жоғары бағалайды екен. Алайда нарық заманында мамандықтың мәртебесі, сол жұмыс үшін төленетін жалақының мөлшерімен бағаланады ғой. Бірақ сұралғандардың басым көпшілігіне журналистика сізді несімен қызықтырады дегенде мынадай жауаптар ұсынды: «өзімді жетілдіру» — 3,6 пайыз, «жұмыстан алатын рақат» — 2,6%, «адамдармен араласу» — 1,4%, «ашық ақпарат» — 0,9%, «білмеймін» — 0,7%, «өз ойымды білдіру» — 0,6%, «шығармашылық» — 0,6%, «жағдайды бағалау мүмкіндігі» — 0,3%, «оқиға арасында болу» 0,3%, «өмірді көру мүмкіндігі» — 0,3%, «сұранысы жоғары» — 0,3%, «халыққа көмектесу» — 0,3%, «түрлі саланың қамтылуы» — 0,3%, «жай жұмыс» — 0,3%, «жүйкемді тоздыру» — 0,1%, «барлығын бәрінен бұрын білу» — 0,1%, «шындықты жазу» — 0,1%, «халықтың көз алдында болу мүмкіндігі» — 0,1%, «мамандықтың ерекшелігі» — 0,1%, «ақпаратты дайындау барысы» — 0,1% екен. Бір қызығы, журналист мамандығын ерекше деп ойлайтын адамдар 0,1 пайызды құрайды. Алайда аталған кәсіптің басқаға ұқсамайтын жағы, ол әрдайым халықтың көз алдында болу, солардың ықыласына бөлену, ақпаратты бәрінен бұрын білу және қоғамның көзін ашу болып табылады. Ал журналистика факультетіне түсетіндердің басым көпшілігі болашақта жергілікті БАҚ-ң «жұлдызы» боламыз деген ниетпен келеді. Респонденттердің көбісі «өз-өзімді жетілдіру» деп жауап берді. Бұл БАҚ өкілдері әрдайым білімдерін жетілдіріп, кәсіби өсуге талпынады деген сөз. Ал №5 қосымшада көрсетілгендей, жекеменшік БАҚ өкілдерінің 68 пайыздан астамы журналистика мамандығын мәртебелі мамандық деп санайды. Олармен мемлекеттік баспасөзде жұмыс істейтін әріптестері де келіседі. Сондай-ақ, екеуі де жалақыны үшінші орынға қояды. Бір қуантатыны, нарық жағдайы болса да, журналистер қалтасының қалыңдығын әрі сырып, адамның ішкі дүние байлығын бірінші орынға шығарады. Журналистика мамандығын таңдайтын адамдардың басым көпшілігі танымал болғысы келеді. Алайда деректерге сүйенсек, аталған шарт та төртінші билік өкілдері үшін соншалықты маңызды емес екен /17/.

 Қорытындылай келе журналистер үшін бірінші орында:

— өз-өзін жетілдіру мүмкіндігі;

— шығармашылық еңбек тұрғанын көреміз.

Одан кейін – жалақы, сондай-ақ, журналистердің мансап пен танымал болуға ұмтылуы. Ал «Басқаларды басқару мүмкіндігі» сұралған адамдар үшін маңызды емес. Сондай-ақ, мемлекеттік баспасөз өкілдеріне қарағанда жекеменшік БАҚ журналистерінің жеке, шығармашылық, мансаптық жағынан өсуге талпынатыны бірден көзге түседі. Ал бүгінгі күні жалақы маңызды шарт болса да, журналистер үшін шығармашылық мамандықтың «мәңгілік құндылықтары» бір сатыға жоғары тұр.

«Өзге жауап» бағамын қарайтын болсақ, журналистер үшін маңызды шарттар мыналар болып табылады: «халықтың сенімділігін ақтау мен құрметіне бөлену» — 1,0%, «мамандыққа деген сұраныстың жоғары болуы» — 1,0%, «қоғамның жоғары бағасы» — 0,6%, «оқиғаға ықпал ету мүмкіндігі» — 0,4%, «халыққа көмектесу мүмкіндігі» — 0,3%, «қоғамға қызмет ету мүмкіндігі» — 0,3%, «біліміңді тереңдетіп, жан-жақты болу» — 0,1%, «тәуелсіз болу» — 0,1%, «жауап беруге қиналамын»деп жауап бергендер 0,1пайызды құрайды.

Егер журналистер олардың құқығы қорғалып, ар-намысы аяққа тапталмасын десе, оған бір «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жұмысы аздық етеді. Мұнда журналистердің де еңбектенгені жөн. Мәселен, тек өз еңбек құқықтарын біліп қоймай, отандық заң мен халықаралық құжаттарды оқып жүрсе артық етпес еді. Ал қазақстандық журналистер заң мен халықаралық құжаттарды қандай дәрежеде білетіні №6 қосымшада көрсетілген. Мемлекеттік пен жекеменшік БАҚ өкілдерінің басым көпшілігі Қазақстан Республикасы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңы мен Конституциясын білмейді екен. Қосымшада келтірілген 7 құжаттың ішінен БАҚ өкілдері тек екеуін оқыған екен. Сондай-ақ, жекеменшік бұқаралық ақпарат құраладары журналистерінің заң саласынан сауаты әріптестерімен салыстырғанда жоғары екенін көреміз.

Сонымен, бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі принциптері сөз бостандығы, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алу мен тарату бостандығы, таратылатын ақпараттың шынайылығы, заңдылықтың сақталуы, жалпы көпшілік мойындаған мораль және қоғамдық имандылық нормаларын сақтау болып табылады. Ал мемлекет қоғамға пайдалы мақсаттарды діттеп жүрген тұлға ретінде журналистің кәсіби міндетін іске асыруына байланысты оның ар-намысын, абыройын, денсаулығын, өмірін және мүлкін қорғауға кепілдік береді.