Еңбектік құқықтық қатынастар, жеке еңбек шарты

Қоғамдық еңбек қатынастары саласында құқықтық еңбек қатынастары ерекше маңызға ие. Құқықтық еңбек қатынастарының мынандай ерекше белгілері бар:

1) қызметкер нақты бір ұйымның еңбек ұжымына мүше болып кіреді;

2) қызметкердің еңбек ұжымына кіруі ерекше заңды фактінің көмегімен жүзеге асырылады;

3) қызметкер өзі жұмыс жасайтын ұйымның ішкі еңбек тәртібіне бағынуға міндетті;

4) қызметкердің кәсібіне, мамандығына, біліктілігіне сай еңбек міндетін атқаруы еңбек қатынастарының мазмұны болып табылады.

Еңбек құқығы құқықтық еңбек қатынастарынан туындайтын және олармен тығыз байланысты қатынастарда жатады. Осындай қатынастар қатарына мынандай қатынастарды жатқызуға болады:

1) жұмысқа орналасу жөніндегі қатынастар;

2) ұйымдастыру-басқару;

3) әлеуметтік-экономикалық;

4) өндірістегі кәсіби дайындық және біліктілік дәрежесін көтеру жөніндегі;

5) тәртіптік жазалар қолдану мен материалды шығынды, зиянды орнына келтіру;

6) еңбек туралы заңнамалардың сақталуын қадағалау мен бақылау жөніндегі;

7) еңбек дауларын қарау жөніндегі қатынастар.

Жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы еңбек қатынастарына құқықтық сипат беретін нормативті құжаттардың бірі жеке еңбек шарты болып табылады. Жеке еңбек шарты дегеніміз қызметкер мен жұмыс берушінің арасында жазбаша нысанда жасалатын екі жақты келісім, ол бойынша қызметкер жұмыс берушінің актісін атқара отырып, белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысты орындауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші қызметкерге жалақысын және заңдар мен тараптардың келісімінде көзделген өзге де ақшалай төлемдерді уақытында және толық көлемінде төлеуге, еңбек туралы заңдар мен ұжымдық шартта көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндеттенеді.

Жеке еңбек шартын он алты жасқа толған адамдармен жасасуға жол беріледі. Орта білім алған не жалпы білім беретін оқу орнын тастап кеткен жағдайда он бес жасқа толған адамдар ата-анасының немесе қорғаншысының, қамқоршысының келісімімен жеке еңбек шартын жасаса алады. Ата-анасының бірінің (қорғаншысының, қамқоршысының) келісімімен жеке еңбек шарты оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушымен жасалуы мүмкін. Ата-ананың (қорғаншының, қамқоршының) келісімі жазбаша нысанда (өтініш) беріледі, бұл орайда, ата-ана (қорғаншы, қамқоршы) кәмелетке толмаған адаммен бірге жеке еңбек шартына қол қояды. Он сегіз жасқа толмаған адамдарды ауыр дене жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды (өте зиянды) және (немесе) қауіпті (өте қауіпті) жұмыстарға қабылдауға жол берілмейді.

Жеке еңбек шартын жасасу кезінде қызметкердің оған тап­сырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатында тараптардың келісімімен сынақ өткізілуі мүмкін. Сынақ туралы талап жеке еңбек шартында көрсетілуге тиіс. Бұл талап болмаған жағ­дайда қызметкер жұмысқа сынақсыз қабылданды деп есептеледі. Сынақ мерзімі үш айдан аспауы керек. Егер сынақтың мерзімі бітіп, тараптардың ешқайсысы екінші тарапқа жеке еңбек шартын бұзу туралы хабарламаса, шарт одан әрі қолданылады және оны жал­пы негіздерде ғана тоқтатуға жол беріледі.

Жеке еңбек шарты маусым бойынша жұмыс істейтін қызметкерлермен де жасалады. Маусымдық қызметкерлерге бүкіл күнтізбелік жылда емес, алты айдан аспайтын белгілі бір кезең (маусым) ішінде жұмыс атқаратын қызметкерлер жатады. Мау­сымдық қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде қызметкердің оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатымен сынақ белгіленбейді. Жеке еңбек шарты үй шаруашылығында жұмыс істеуге (қызмет көрсетуге) келіскен үй қызметкерлерімен де жасалады. Жұмыс берушімен өзінің материалдары мен және өзіндегі немесе жұмыс беруші бөлетін не жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, құрал-саймандар мен тетіктерін пайдалана отырып, жұмысты үйінде өз еңбегімен орындайтын үйде жұмыс істейтін қызметкерлермен және вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлермен де жеке еңбек шарты жасалады.

Жеке еңбек шартының мазмұны төмендегідей жағдайлардан тұрады:

1) тараптардың реквизиттері; жұмыс беруші — заңды тұлғаның толық атауы және орналасқан жері, жұмыс беруші -заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының мемлекеттік тіркеу нөмірі мен уақыты; жұмыс берушінің (оның екілінің) тегі, есімі, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және қызметі, ал жұмыс беруші жеке тұлға болған жағдайда оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні; қызметкердің тегі, есімі, әкесінің аты (егер жеке басын куәлан­дыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжат­тың атауы, нөмірі, берілген күні; әлеуметтік жеке кодының нөмірі (ӘЖК), салық төлеушінің тіркелу нөмірі (СТН);

2) еңбек міндеті (белгілі бір қызмет, мамаңдық, кәсіп бойынша жұмыс;

3) жеке еңбек шартының мерзімі;

4) еңбек міндеттерін жүзеге асыру басталатын күн;

5) еңбек жағдайларының сипаттамалары, қызметкерлерге ауыр дене еңбегі немесе зиянды (өте зиянды) немесе қауіпті (өте қауіпті) еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін берілетін кепілдіктер мен өтемақылар;

6) жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимі;

7) еңбекке ақы төлеу және еңбекті қорғау жағдайлары;

8) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;

9) қызметкердің құқықтары мен міндеттері;

10) жеке еңбек шартын өзгерту, бұзу және ұзарту тәртібі;

11) өтемақылар төлеу мен кепілдіктер беру тәртібі;

12) тараптар­дың жауапкершілігі көрсетілуге тиіс.

Жеке еңбек шартын белгіленген мерзімге жасасқанда тарап­тардың осы шартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін өзара жауапкершілігі белгіленуі мүмкін. Тараптардың келісімі бойын­ша жеке еңбек шартына өзге де жағдайлардың енгізілуі мүмкін. Жұмыс беруші қызметкерден осы заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделгеннен басқа жағдайларда жеке еңбек шартында келісілмеген жұмыс­ты атқаруды талап етуге құқықы емес.

Жеке еңбек шарты:

1) белгісіз мерзімге;

2) бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге;

3) алда тұрған жұмыс сипатының қысқа мерзімділігіне немесе оны орындау шартына байланысты, сондай-ақ уақытша жұмыста жоқ қызметкерді ауыстыру уақытына бір жылдан кем белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.

Қызметкермен жеке еңбек шарты қайталап жасалған жағдай­да ол белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі. Егер тарап­тардың ешқайсысы еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байла­нысты бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған жеке еңбек шартын тоқтатуды талап етпесе және еңбек қатынастары іс жүзінде жалғасатын болса, онда жеке еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі. Егер жеке еңбек шартында оның қолданылу мерзімі айтылмаса, шарт белгісіз мерзімге жа­салған деп есептеледі.

Жеке еңбек шарты жазбаша нысанда жасалады, кемінде екі дана етіліп жасалады және оған тараптар қол қояды. Жеке еңбек шартының бір данасы тараптар қол қойғаннан кейін қызметкерге беріледі. Жеке еңбек шартында көрсетілген жұмыстың басталу күні қызметкердің еңбек міндеттерін орыңдауының басталуы деп есептеледі. Жеке еңбек шарты жасалғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығаруға міндетті, ол қызметкерге қол қойғызылып хабардар етіледі.

Жеке еңбек шартын жасасу үшін жұмыс беруші қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттарды, жеке басының куәлігін (төлқұжатын), әлеуметтік жеке кодының берілгені туралы куәлікті, он алты жасқа толмаған адамдар үшін тууы туралы куәлігін, білімі немесе кәсіби даярлығы туралы құжатты және заңдарда көзделген өзге де құжаттарды талап етуге құқылы. Қызметкердің бірнеше жұмыс берушімен жұмыс уақыты ұзақтығының толық болмауы көзделетін жеке еңбек шартын жасасуға құқығы бар. Ұйымның басшысымен жеке еңбек шартын ұйымның меншік иесі не меншік иесі уәкілдік берген адам не­месе орган ұйымның құрылтай құжаттарында немесе тараптар­дың келісімінде белгіленген мерзімге жасасады. Жеке еңбек шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу оны жасасу үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

Жеке еңбек шартын жасасу кезінде қызметкердің оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатында тараптар­дың келісімімен сынақ өткізілуі мүмкін. Сынақ туралы талап жеке еңбек шартында көрсетілуге тиіс. Бұл талап болмаған жағдайда қызметкер жұмысқа сынақсыз қабылданды деп есептеледі. Сынақ кезеңінде қызметкерлерге осы заңның нормалары, жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптары қолданылады. Сынақ мерзімін үш айдан асыруға болмайды. Қызметкер дәлелді себептермен жұмыста болмаған кезең сынақ мерзіміне есептелмейді.

Жеке еңбек шартын тоқтату мен бұзу негіздері.

 Жеке еңбек шарты:

1) мерзімінің бітуі бойынша;

2) тараптардың еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша тоқтатылуы мүмкін;

Жеке еңбек шарты:

1) тараптардың келісімі бойынша;

2) тараптардың бірінің бастамасы бойынша;

3) заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша бұзылуы мүмкін.

Тараптар жасасқан жеке еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін. Қызметкер мен жұмыс берушінің жазбаша келісуі жеке еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзудың негізі болып табылады. Жеке еңбек шарты тараптардың бірінің бастамасымен, егер бұл тарап екінші тарапқа жеке еңбек шартында келісілген мерзімде жазбаша ескертсе, бұзылуы мүмкін. Бір тараптың екінші тарапқа ескерту мерзімі жеке еңбек шарты бұзылған кезге дейін бір айдан кем болмауы керек.

Жеке еңбек шартын, жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзудың негіздері.

Жеке еңбек шарты:

1) ұйым (заңды тұлға) таратылған, жұмыс берушінің (жеке адамның) қызметі тоқтаған;

2) қызметкерлердің саны немесе штаты қысқартылған;

3) жеке еңбек шартының қолданылу мерзімі немесе сынау мерзімі ішінде қызметкердің жеткілікті біліктілігінің болмауы не белгілі бір жұмысты жалғастыруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын қызметіне немесе орындайтын жұмысына сәйкессіздігі аңғарылған;

4) жүктілігі және бала тууы бойын­ша демалыста болу уақытын есептемегенде, еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында сол ауру бойынша еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленбесе, жұмысқа қатарынан екі айдан астам уақыт бойы келмеген жағдайда бұзылуы мүмкін. Аурулар түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Еңбек қабілетін еңбекте мертігуіне немесе кәсіптік ауруға байланысты жоғалтқан қызметкердің жұмыс орны (қызметі) еңбек қабілеті қалпына келгенге немесе мүгедектік анықталғанға дейін сақталады;

5) қызметкер ұйыммен бірге басқа жерге ауысудан бас тартқан;

6) қызметкер ден­саулық жағдайы бойынша неғұрлым жеңіл басқа жұмысқа ауыстырудан бас тартқан жағдайда;

7) еңбек жағдайларындағы өзгеріске байланысты жұмысты жалғастырудан бас тартқан;

8) егер қызметкер тәртіптік жаза алған болса, ол еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамаған;

9) қыз­меткер еңбек міндеттерін бір рет өрескел бұзған жағдайда бұзылуы мүмкін. Қызметкердің еңбек міндеттерін бір рет өрескел бұзуына: бір жұмыс күні ішінде дәлелсіз себеппен қатарынан үш сағат және одан да көп уақыт бойы жұмыста болмауы; жұмыс­қа алкогольден, есірткіден, уыттанудан масаң күйде келуі; жұмыс күні ішінде алкогольден, есірткіден, уыттанудан (соларға ұқсас заттардан) масаң жағдайды туғызатын заттарды пайдалануы; қызметкердің еңбекті қорғау немесе өрт қауіпсіздігі не көлікте жүру қауіпсіздігі ережелерін, жарақаталу мен аварияларды қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін болатындай бұзуы; жұмыс орнында заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен анықталған мүлікті ұрлауы (соның ішінде ұсақ заттарды) жатады;

10) егер іс-әрекеті оған жұмыс беруші тарапынан сенімінің жоғалуына негіз болса, ақшалай немесе тауарлық құндылықтармен тікелей қызмет ететін қыз­меткер кінәлі іс-әрекет жасаған;

11) тәрбиешілік міндетті атқарушы қызметкер аталған жұмысты жалғастырумен сыйыспайтын жат қылық жасаған;

12) қызметкерге еңбек міндеттерін атқаруымен байланысты белгілі болған мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық мәліметтерді немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария еткен;

13) іркіліске байланысты басқа жұмыс­қа уақытша ауыстырған жағдайда қызметкер жұмыстан бас тарт­қан;

14) бұрын осы жұмысты орындап келген қызметкер сот шешімімен жұмысына қайта алынған;

15) қызметкерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беру тоқтатылған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.

Жеке еңбек шартының қызметкердің бастамасы бойынша бұзылуы. Қызметкер жеке еңбек шартын бұзатындығы туралы кемінде бір ай бұрын жұмыс берушіге жазбаша түрде ескерте отырып, оны бұзуға құқылы. Ескерту мерзімі біткен соң қыз­меткер жұмысын тоқтатуға құқылы. Жұмыс беруші жұмыстың соңғы күні қызметкердің талап етуі бойынша еңбек кітапшасын және оның басқа да құжаттарын беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасы мен ұжымдық шартқа сәйкес оған тиесілі барлық сомалар төлемін жүргізуге міндетті. Тараптардың келісімі бойынша жеке еңбек шарты ескерту мерзімі біткенге дейін бұзылуы мүмкін.

Маусымдық жұмыстармен айналысатын тараптың екінші тарапты бұл туралы бір апта бұрын ескертіп, жеке еңбек шартын өз қалауы бойынша мерзімінен бұрын бұзуға құқығы бар. Маусымдық қызметкерлермен жеке еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен (осы Заңда көзделген басқа негіздерді қоспағанда), сондай-ақ:

1) жұмыс берушідегі жұмысты өндірістік сипаттағы себептер бойынша екі аптадан астам мерзімге тоқтатқан;

2) дәлелді себепсіз бір жұмыс күні ішінде жұмыс орнында болмаған және еңбекке уақытша жарамсыздығы себепті бір ай бойы жұмыста үздіксіз болмаған жағдайларда да бұзылуы мүмкін.

Жеке еңбек шартын тараптардың еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша тоқтату. Жеке еңбек шарты тараптардың еркіне байланысты емес мынадай мән-жайлар бойынша:

1) қызметкерді әскери қызметке шақырған кезде құжатын көрсеткеңде үш күн мерзімде;

2) қызметкер жазаға тартылған сот үкімі заңды күшіне енген жағдайда бұрынғы жұмысты жалғастыру мүмкіндігі болмағанда;

3) қызметкер қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот қызметкерді қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кетті деп таныған жағдайда;

4) сот қызметкерді әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі, соның салдарынан қызметкердің бұрынғы жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі жоқ деп таныған жағдай­да тоқтатылуға тиіс.

Табиғи және климат жағдайларына байланысты бүкіл күнтізбелік жылда емес, алты айдан аспайтын белгілі бір кезең (маусым) ішінде жұмыс атқаратын қызметкерлер маусымдық қызметкерлер болып танылады. Маусымдық жұмыстармен айналысатын тараптың екінші тарапты бұл туралы бір апта бұрын ескертіп, жеке еңбек шартын өз қалауы бойынша мерзімінен бұрын бұзуға құқығы бар. Маусымдық қызметкерлермен жеке еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен (осы Заңда көздел­ген басқа негіздерді қоспағанда), сондай-ақ:

1) жұмыс берушідегі жұмысты өндірістік сипаттағы себептер бойынша екі аптадан астам мерзімге тоқтатқан;

2) дәлелді себепсіз бір жұмыс күні ішінде жұмыс орнында болмаған және еңбекке уақытша жарам­сыздығы себепті бір ай бойы жұмыста үздіксіз болмаған жағдай­ларда да бұзылуы мүмкін.

Жұмыс беруші — жеке тұлғаларда үй шаруашылығында жұмыс істеуге (қызмет көрсетуге) жеке еңбек шартын жасасқан қызметкерлер үй қызметкерлері деп танылады. Жұмыс берушімен өзінің материалдарымен және өзіндегі немесе жұмыс беруші бөлетін не жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, құрал-саймандар мен тетіктерін пайдалана отырып, жұмысты үйінде өз еңбегімен орындау туралы жеке еңбек шартын жасасқан адамдар үйде жұмыс істейтін қызмет­керлер деп саналады.

Объектідегі жұмысты орындау мен вахталық поселкедегі ауысым арасындағы демалыс кезеңі күнтізбелік он бес күннен аспауы керек. Жұмыс беруші жекелеген объектілерде вахтаның ұзақтығын ерекше жағдайларда ұйым қызметкерлерінің өкілдерімен келісім бойынша отыз күнтізбелік күнге дейін белгілей алады.

Қызметкер жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындауға міндетті уақыт жұмыс уақыты болып есептеледі. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Жеке еңбек шарттарында тараптардын келісімі бойынша жұмыс уақытының ұзақтығы азырақ көзделуі мүмкін.

Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақыты­ның қысқартылған ұзақтығы:

1) он төрт жастан он алты жасқа дейінгі қызметкерлер үшін — аптасына 24 сағаттан; он алтыдан он сегіз жасқа дейін — аптасына 36 сағаттан аспайтын;

2) ауыр дене жұмыстарында және еңбек жағдайлары зиянды (өте зиян-ды) жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін — аптасына 36 са­ғаттан аспайтын болып белгіленеді. Жұмыс істеу жұмыс уақыты­ның ұзақтығын қысқартуға құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен қызметтердің тізімін, сондай-ақ еңбек жағ­дайлары зиянды (өте зиянды) және (немесе) ауыр (өте ауыр), қауіпті (өте қауіпті) жұмыстардың тізбесін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.

Қызметкерлер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы жұмыс берушінің актісімен немесе қызметкерлердің өкілдерімен келісе отырып және жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығын сақтай отырып, жұмыс беруші бекітетін ауысым кестесімен белгіленеді. Өндірісінің сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік жұмыс аптасын енгізу орынсыз ұйымдарда бір күндік демалысы бар алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда — 7 сағат­тан аспауға, апталық норма 36 сағат болғанда — 6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда — 4 сағаттан аспауға тиіс. Бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын еңбек немесе ұжымдық шарттардың талаптарымен жұмыс беруші белгілейді. 22 сағаттан бастап таңғы сағат 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі. Жүкті әйелдерді түнгі уақытта жұмыс істеуге тартуға олардың жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Түнгі уақытта жұмыс істеуге он сегіз жасқа толмаған адамдар мен түнгі уақытта жұмыс істеуге тыйым салатын медициналық қорытындысы болған жағдайда өзге де адамдар жіберілмейді. Түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына ақы бір жарым есе мөлшерінен кем төленбейді.

Аптасына 40 және күніне 7 сағаттан артық істелген жұмыстар мерзімнен тыс жұмыстар деп есептеледі. Әрбір қызметкер үшін мерзімнен тыс жұмыстар бір күнтізбелік құн ішінде екі са­ғаттан (ауыр дене жұмыстарында және еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда — бір сағаттан) аспауға тиіс. Бұл ретте мерзімнен тыс жұмыстардың жалпы ұзақтығы аптасына төрт сағаттан, ал ауыр дене еңбегі мен еңбек жағдай­лары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда аптасына екі сағаттан аспауға тиіс. Еңбек жағдайлары өте зиянды және өте қауіпті кезде мерзімнен тыс жұмыстарға тыйым салынады. Қызметкердің келісімінсіз мерзімнен тыс жұмыстарға ерекше жағдайларда ғана:

1) елдің қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды немесе дүлей апаттарды, өндірістік аварияларды болғызбау немесе олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстарды жүргізу кезінде;

2) сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, жылыту, жарық беру, канализация, көлік, байланыс жөніндегі қоғамдық қажетті жұмыстарды жүргізу кезінде — олар­дың дұрыс жұмыс істеуін бұзатын кездейсоқ немесе күтпеген жағдайларды жою үшін;

3) егер жұмыс үзілісті көтермейтін болса, ауыстырушы қызметкер келмей қалған кезде жұмыс беруші қызметкерді екі сағаттан (ауыр дене жұмыстарында және еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда — бір са­ғаттан) аспайтын уақытқа ғана жұмыста қалдыруға құқы бар. Басқа жағдайларда мерзімінен тыс жұмыстарға еңбек заңы бо­йынша жол берілмейді.

Мерзімнен тыс жұмыстарға тартуға, төтенше және басқа қауіпті жағдайларды қоспағанда, қызметкердің келісімімен ғана жол беріледі. Мерзімнен тыс жұмыстарға он сегіз жасқа толма­ған қызметкерлер мен жүкті әйелдер жіберілмейді. Мүгедектер, жеті жасқа толмаған баласы (он алты жасқа толмаған мүгедек баласы) бар әйелдер мерзімнен тыс жұмыстарға олардың жазба­ша келісімімен тартылады. Мерзімнен тыс жұмысқа ақы бір жа­рым есе мөлшерінен кем төленбейді. Демалыс күндерінде жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:

1) төтенше жағдайларды немесе дүлей апатты, өндірістік аварияны болғызбау не олардың зардаптарын дереу жою үшін;

2) жазатайым оқиғаларды, мүліктің жойылуын немесе бүлінуін болғызбау және оны тергеу үшін;

3) тұтас алғанда ұйымның немесе оның жеке бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі тез орындалуына байланысты болатын шұғыл, алдын ала күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы екі еседен төмен болмайтын мөлшерде төленеді. Жұмыстың бітуі мен онын келесі күнде (ауысымда) басталуы арасындағы қызметкердің күн сайынғы демалысының ұзақтығы 12 сағаттан кем болмауға тиіс.