Қазақстандағы түріктану ғылыми саласының бағыттары мен сипаттары

Еліміздің тәуелсіздік алумен байланысты қоғамдық ой-санада орын алған өзгерістер тарихымызға терең үңіліп, өткенді қайта саралауға мүмкіндік берді. Осы орайда халқымыздың мәдени мұрасы, оның әлемдік өркениет ошағында алатын орны, біз кімбіз, әлемдік тарихқа нендей үлес қостық, одан не алдық деген мәселелер көтерілді. Осыған байланысты егеменді Қазақстанның түріктану ғылымы маркстік-лениндік философия сарынындағы тарихи диалектикалық материализм тұрғысынан арылып, тарихи үрдісті формациялау (кезеңдеу) принципінен бас тартып, объективтілік, ғылымилық, тарихи танымдық тұрғыдан көне түрік тарихын ұлттық көзқарасқа сай зерттеулер жүргізе бастады. Ұлттық идея туралы М.Қозыбаев, Т.Омарбеков, Х.Әбжанов, Қ.Аманжолов, Т.Ә.Төлебаев т.б. іргелі ой-тұжырымдарын білдіріп жатыр.

Кейінгі жылдары Қазақстан ғалымдары жалпы түркі өркениеті мәселелеріне баса назар аударып отыр. Түркілердің адамзат өркениетіндегі рөлін анықтау, мәдени байланыстар мәселесінің зерттелуінің жаңа бағыттары бойынша жаңа теориялық – методикалық сипаттағы еңбектер де жарық көрді. Тарихнама мәселесі Қазақстан тарихы ғылымындағы ірі тұлғалардың бірі М.Қ. Қозыбаевты қатты толғандырды [25]. «Тәуелсіздік өзіміздің шығу тегімізді анықтауға, тарихтағы орнымызды нақтылауға мүмкіндік тудырып отыр»,-дей келе, ол бұрыннан қалыптасқан стереотиптерден арылып, жаңаша көзқараспен, ұлтжандылықпен тарихымызды қайтадан саралап шығуымыз керектігін айтады.

«Қазақ сахарасын жайлаған тайпалардан бүгінге тартылатын желі бар ма? »,- деген сұраққа жауап іздей отырып, ол жаңа белестерге жол ашады, бағыт-бағдар ұсынады. Қазақ халқының түп тамыры кімдермен байланысатынын анықтаумен қатар, оның алғашқы мемлекеттілігінің негізі қалай қаланды, міне осы мәселелерді тарихшылар алдына міндет етіп қойды.

Академик М.Қозыбаев ата тарихымызды таразылап жатқан көп мәселелердің арасындағы ең методикалық мәні бар проблемалардың бірі — өркениет проблемасы деп атап көрсете отырып, қазақ тарихы Дала өркениетінің құрамды бөлігі деп есептейді. Ол белгілі батыс зерттеушісі А.Тойнби еңбегіндегі көшпелі халықтарға берілген «тарихы жоқ» халықтар есебіндегі бағасымен келіспейтіндігін жаза отырып, дала өркениетінің әлемдік дамуға қосқан үлесін санамалап шығады [22,23;25,3-4].

Автор түркі мәдениетінің мұндай дәрежеге жетуі олардың өз мәдениетін Қытай, Иран, Византия өркениетімен байланыстыра отырып жаңа мәдениет типін қалыптастыруынан деп есептейді.

Сонымен бірге, М.Қозыбаев кешенді зерттеу жүргізіп, ұлттық идеологиямызды, ұлттық тарихи тамырымызға деген жоғары құрмет қалыптастыру үшін, ұлттық сана-сезімді ояту үшін барлық жергілікті, шет аймақтардағы тарихшы, саясаттанушы, мұражай, мұрағат ғылыми қызметкерлерінің күшін ортаққа жұмылдыру керектігін ұран етті.

Осылайша, жалпы алғанда Қазақстанның, ал жекелеп келгенде ежелгі түріктердің де тарихын зерттеуде ежелгі түріктерден өрбіген, тегі түркі халықтарының мәдениетін әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде зерделеу; көне жазба мұраларға түркілердің тарихы мен мәдениетін танып түсінетін түп нұсқа дерек көзі ретінде мән беру және ол мұраларды жинау, зерттеу жолында жаңа кезеңдік кешенді шараларды қолға алу, Қазақстанның тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани түп тамырын жалпы түркілік өркениет аясында пайымдау және тарихи сабақтастық мәселелеріне ден қою бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылды.

Керейхан Аманжоловтың Қияседен Рахметовпен бірлесіп жариялаған «Түркі халықтарының тарихы» (Алматы, 1996; 2002) атты еңбегінде үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы тарауларды ежелгі түріктерге арналған [9,57-153]. Жоғарыдағы ұстанымға сәйкес түркі тайпалары мен халықтарының шығу тегі мен мекендеген жер аумағы және этникалық құрамын қарастыра отырып, ол Қазақтсан аумағындағы және одан шеткері аймақтардағы VIII ғасырдан кейінгі тайпаларды (ұйғыр, Енисей қырғыздары, қарлұқтар, қимақтар және т.б.) түркі тектес тайпалар деп дұрыс атайды.

Бұрынғы Кеңестер Одағы кезіндегі 53 ұлттық – аумақтық құрылымының үштен бірі тарихи қалыптасқан түркі тілді халықтардікі дей келе, тарихи-генетикалық сабақтастықтың үзілмегендігін, ежелгі түріктерден бүгінгі күнге дейінгі тарихи байланысын жазады.

Түрік қағандығының (551-576 жж.) саяси тарихын руналық жазбалардың негізінде баяндаған автор Күлтегін бітіктасындағы «алдыңғы жақта (шығыста) Қадырқан қойнауына дейін, арт жақта (батыста) Темір қақпаға дейн олар өз халқын орналастырды» деген жазуын талдап, Қадырқан қойнауының үлкен Хинган тауы, ал Темір қақпаның Самарқандтан Балхыға апаратын жолдағы Шахрисабтан оңтүстікке қарай 90 км жердегі Бұзғал асуы екндігін нақтылап, түркілердің құдіреті күшейген шағында Маньчжуриядан Босфор-Киммерияға (Керчен шығанағы) дейін, Енисейдің жоғарғы ағысынан Амударияның жоғарғы ағысына дейін созылып, империя үлкен табыстарға ие болғандығын көрсетеді. Осылайша Түрік қағандығы саяси және мұрасы арқылы Орта Азия мен Оңтүстік-шығыс Еуропаға едәуір әсер еткен алғашқы еуразиялық империяның құрушылары болды деп қорытындылайды [9,108-109].

К.Аманжоловтың бұл тұжырымдарынан Т.Омарбековтың қазіргі тарихшыларды ұстанған бағыттарына қарай жіктеуіндегі екінші бағытқа жататындығы көрінеді. Себебі, ол бағыт бойынша, Түрік қағанатынан бастап біртұтас Түркістанды құру идеясына дейінгі түркі тілдес халықтарға ортақ тарихи мәселелер алғашқы орында тұрады. Сондықтан да К.Аманжоловтың «Түркі халықтарының тарихы» еңбегі осы принциптің негізінде жазылған зерттеу жұмысы болып табылады.

Өз жұмысын автор бүгінгі күнмен де байланыстыра білді. Ол Күлтегін жазбасындағы: «Бектердің, халықтарының түзі еместігі үшін, Табғаш халқының алдауына иланғаны үшін, өтірігіне көнгендігі үшін, інілі-ағайындының дауласқандығы үшін түркі халқы елдігінен жойылды» ,- деген сөйлемді талдай отырып, Түрік қағанатының Батыс және Шығыс болып бөлініп кетуінің себебі ретінде мемлекет ішіндегі алауыздықты көрсетеді. Бітіктастағы: «Елді халық едім, елім енді қайда, кімге елдік жасаймын, қағанды халық едім, қағаным қайда? Қай қағанға күш-қуатымды берермін?» деген зар нала сөздерді «күйінуден туған жанайқай» дейді [9,111].

К.Аманжолов осындай Түрік қағанатының мемлекеттілігінен айырылған мысалын келтіре отырып, ол тастағы сөздердің тек баяндама емес, болашақтағы ұрпақтарға ескерту деп қабылдайды. Көршілес ұлы державалардың арасында жоғалып кетпес немесе қыспаққа түспес үшін әрқашан жұмылған жұдырықтай ұйымшыл болуымыз керектігін көкейтесті мәселе деп, ұлттық патриотизм сезімінің әр қазақтың жүрегінде орын табуына ден қояды.

Батыс Түрік қағандығының тарихын А.Бернштамның, Л.Гумилевтің зерттеулеріне сүйене отырып баяндайды және Сюань Цзанның хабарламасына талдау жасап, түріктер мен соғдылықтар арасында этникалық айырмашылық жоқ, соғдылықтар қағандық өміріндегі экономикалық, ақша және т.б. қатынастарында жоғары рөл атқарды деген тұжырымға қосылады. Бұл тұста К.Аманжоловтың ежелгі түріктердің мемлекеттілігі, кешенді шарушылығы, мәдениеті өздерінің жеткен жетістіктері емес, көршілес халықтармен бірге интеграциялану үрдісінің нәтижесі деп В.В.Бартольд өз заманында айтып кеткен пікірге аздап қосылатындығы байқалады.

Батыс Түрік қағанатымен қоса, К.Аманжолов Қазақстан тарихына қатысты зерттеулерде кездесе бермейтін Шығыс Түрік қағанатының да тарихына тоқталады [9,116-124].

Ежелгі түріктердің Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк сияқты дарынды перзенттерінің тарихтың сабағын күллі ақиқатымен тасқа жазып, айтып кеткендігін жоғары бағалап, саяси оқиғалармен қатар, Шығыс Түрік қағанатының феодалдық мемлекет болып, қоғамдық құрылысында рулық-тайпалық қалдықтар сақталды деген қорытындыларын К.Аманжолов Орхон жазба ескерткіштеріне негіздейді.

Түріктердің исламға дейінгі мәдениетін жоғары деңгейге көтерілгенін бағалаған автор түркі жазуын ешкімнен көшіріп алмаған, төл жазу ретіндегі құндылығын көрсетіп орыс халқының «көшпенді халықта әріп деген қайдан болсын»,- деген шовинистік көзқарастарына сын айтады. Шынымен де қазақтардың тікелей ата-бабалары болып табылатын түріктер өз тарихын VI ғасырда мәңгілікке тасқа ойып жазғанда орыс халқы әлі тарих сахнасында жоқ еді. Орыс жерінде кириллицаның пайда болуына үш ғасыр бар еді. Біздің тарапымыздан ғалымның түркі өркениетінің белгісі — төл жазуының қазақтардың асыл мұрасы ретіндегі маңыздылығын орыс ғалымдарының мойындау қажеттігі туралы ойы орынды, әрі негізделген деп саналады.

Тәуелсіз Қазақстандағы түріктану ғылым саласының жаңа деңгейге көтерілгені 2001 жылдың 18-19 мамыр аралығында өткізілген «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» атты ғылыми-теориялық конференцияның ұйымдастырылуынан көрінді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев пен қазіргі Алматы қаласының әкімі, саясаттану ғылымдарының докторы И.Н.Тасмағамбетовтың тікелей қамқорлығымен Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінде орнатылған Күлтегін ескерткішінің көшірмесінің тәуелсіздіктің он жылдық мерейтойына орай, ашылуының салтанатты рәсімі осы ғылыми – теориялық конференцияның негізі болды. Конференция материалдары сол 2001 жылы Алматыда жинақ болып басылып шықты. Бұл конференция қазақтар мен көне тұріктерге байланысты бұрмаланған көзқарастарды жойып, екі халық арасында тікелей сабақтастық қалыптастырудың үлгісі болып, қазақтардың тамыры тереңге жайылған сан ғасырлық тарихы бар деген ұлттық идеяны берік ұстаным етті. Оны пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген Н.Назарбаевтың да, И.Тасмағамбетовтың да, О.Сүлейменовтың да т.б. сондай-ақ бес секцияға бөлініп мәселелерді, жаңашылдықтарды талдаған ғалымдардың да баяндамаларынан да көруге болады.

Мәселен И.Н.Тасмағамбетов өз баяндамасында түркілердің жазбаларының алты кезеңін, ол жазбалардағы рухани –дүниетаным негіздерін, мемлекеттіліктің қалыптасуын қарастыра келе, жазуды Еуропа қоғамында қалыптасып қалғанындай өркениеттіліктің нышаны деп қабылдайтын болсақ, онда ол елдер де қазақтардың жерінде мекендеген, олардың ата-бабалары түркілердің де мәдениетті болғанын мойындауы керек, қазақтар «тарихы бар» халық, Күлтегін бітіктасы оның жарқын көрінісі деп қорытындылайды.

И.Тасмағамбетов кәсіпқой тарихшы болмаса да, жалпы Қазақстандағы тарих ғылымының жаңа бағытқа бетбұрысын аңғартты.

Конференцияның бірінші секциясында көне түрік ескерткіштерінің жалпы мәселелік аспектілері, екінші секциясында тарихи аспектілер, үшінші секция ғалфымдары тіл мен өнер мәселелерін, төртінші секция эпиграфика мәселелерін, бесінші секция археологиялық аспектілерін қарастырып талдады. Оларда осы түркология мәселелерімен айналысып жүрген тарихшылар өздерінің зерттеулеріндегі жаңалықтарын ұсынады. Мәселен пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген С.Кляшторный түркілердің үлкен өркениетті қалыптастырғанын мойындай келе, ежелгі түріктердің тарихи уақытты жануарлар күнтізбесімен есептегендігін, ол қытай жазбаларына сүйенген еуропалық синологтардың қателесетіндігін, қытай жылнамашыларының (Чжоу шу VIғ.) түріктерде астрономиялық күнтізбе болмады, олар жыл мезгілін шөптің жасылдығынан анықтайды деген субъективті көзқарастарын кемсітушілік құбылысы деп таниды [26,28-34].

Жалпы мәселелік аспектілер қарастырылған бірінші секцияда М.Қозыбаев, К.Пищулина, З.Қинаятұлы түрік халықтарының тарихын зерттеудің кейбір методологиялық аспектілерін талдады. Онда КСРО заманында түрік әлемін дүниежүзілік өркениеттен бөлек алып зерттеген еуроцентристік көзқарастың объективтілікке жетуге кедергі болғаны айтылды. Бұл ғалымдар қытай саясаттанушысы Чжен Кун Фудың «Қазақстан геосаясаты. Өткен мен болашақ арасында» атты монографиясында «Орта Азиядағы көшпенді халықтар халықтар Қытай, Көне Русь, Византия, Үндістан, Месопотамия, Египет сияқты отырықшы мемлекеттерге қарағанда әр қилы және кеш дамыды және сол дамыған аймақтардың тікелей әсерімен дамыды» деген тұжырымының негізсіздігін көрсетеді. Мұны басқа да саясаттанушылардың, тарихшылардың зерттеулерімен (Дж. Неру, А.П.Окладников, Л.Гумилев) және өздерінің түркі ескерткіштерін интерпретациялауымен дәлелдейді. Олар: «біріншіден, жазбалар түріктердің дамыған өркениетінің куәсі болады. Екіншіден, онда түрік идеологиясы берілген. Үшіншіден, түрік ескерткіштерінде еркідік пен тәуелсіздіктің кепілі ретінде орталықтанған мемлекеттіліктің концепциясы берілген. Бұдан үлкен кеңістікте түріктердің рухани, этникалық бірлігінің идеологиясы орын алғандығы көрінеді. Яғни, түріктердің біртұтастығы туралы сөз болса, руналық жазбалар да еуразияның түрік тайпаларының ортақ мұрасы болмақ»,- деп баяндамаларын қорытындылайды. Сонымен, көріп отырғанымыздай, бұл ғалымдар да түріктердің еуразиялық тайпалар болғаны идеясына қосыады екен.

Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Х.М.Әбжанов VI-VIII ғасырлардағы  түріктердің биік деңгейдегі өзіндік сана-сезімі бар, жоғары мәдениетті халық болғанын бір Күлтегін ескерткіші мысалында көрсетеді [27,135-142].

Күлтегін жазбаларын оқи отырып, байырғы түрік өркениетінің экономикалық, геосаяси, әлеуметтік, дүниетанымдық құндылықтарын, мемлекеттің ішкі және саясатында қастелеген ұстанымдарын қаз қалпында тануға болады. Сол себепті де Х.Әбжанов: «Күлтегін жазуы көшпелі өркениет аясында қалыптасқан тарих сана мен танымның белгісі» ,- деп қорытындылап, түріктерде өркениет болмаған деген еуроцентристік көзқарасқа қарсы нақты дәлел келтіреді.

Жалпы конференция ұйымдастырушы ғалымдардың баяндамалары ежелгі түріктерді жалпыадамзаттық өркениеттің бір бөлшегі ретінде қарастырды.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі алғашқы он жылда тарихшылар қоғамы маркстік, таптық концепциядан бас тартуымыз керектігін, жаңа методологиялық принциптерді іздестіру қажеттігін түсінсе де, кей тұстарда сол бұрынғы сарынмен жазу жалғасып келді. Осыған байланысты жаңа жағдайда таптық көзқарастан өркениеттік бағытқа, Еуропадағыдай, көшетін болсақ дұрыс қадам жасаймыз ба деген сұрақтар туындады. Осы тұста Ж.Әбсеметова сияқты тарихшыларымыз бізге өркениеттілік принципке біржақты бой ұрып кетуге де болмайды, кшенді түрдегі зерттеулер қажет деген пікірін білдіреді.

Тарихымыздың жүйелі түрде жазылуы міндетін Т.Омарбеков өзінің «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» (2004) атты еңбегінде қояды [6]. Ғалым қазіргі Қазақстан тарихы бойынша қалам тартқан тарихшыларды үш бағытқа бөледі. Алғашқы бағытты ұстанған ғалымдар Қазақстан тарихын жалпыадамзаттық тарихтың бір бөлігі ретінде қарастырып, тарихымыздағы ұлттық, этникалық, дәстүрлік ерекшеліктерді екінші қатарға қойып, қазақ қоғамын «жалпыадамзаттық қоғам» деп таниды. Т.Омарбеков бұлардың қазақ тарихын, оның ішінде ежелгі түріктердің де тарихын түрік-моңғол, үндіеуропа, угро-фин, син-тибет халықтары мәдениеті тоғысқан еуразиялық тарих,ал Қазақстанда үстемдік еткен ғұн, сақ, түрік тайпалары еуразиялық тайпалар деп анықтағанын бөліп айтады. Бұл көзқарастағыларға біз Л.Гумилевті, С.Кляшторныйды жатқызымыз.

Екінші көзқарасты ұстанатын ғалымдар тарихымызды этностық негізде жазу, яғни Қазақстан немесе түрік тарихын түрік этносының тарихының бір бөлігінде жазу дұрыс деп санайды. Мұнда түрік қағанатынан бастап біртұтас Түркістанды құру идеясына дейінгі түркі тілдес халықтарға ортақ тарихи мәселелер бірінші орында тұрады. Осы принциптің негізінде қазірдің өзінде-ақ, Қазақстанда түрік халықтарының тарихына байланысты алғашқы оқу құралдары жарық көре бастады.

Тарихымызды жазудағы үшінші бағытты Т.Омарбеков «Қазақстан тарихын қазақ тарихы ретінде қарап, республика тарихын жазуды, ең алдымен қазақ халқының ұлттық мүддесін, ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық мемлекетін құру тарихын алғашқы орынға қойып, осындай ұлт мәселелеріне баса мән беріп жазу» деп анықтайды. Бұл ұстанымға Қ.Данияровты жатқызуға болады.

Осы үш түрлі тарихымызды жазу бағыттарының көптеген мәселелерінде ортақ пікірлер ұстана отырып, сонымен қатар түсінікті себептермен тарихымыздың кейбір күрделі мәселелеріне байланысты аса қайшылықты пікірде екенін де ұмытуға болмайды. Мысалы, тарихымызды жалпы адамзаттық көзқараспен немесе еуразиялық көзбен таразылаушылар қазақ тарихының көп бөлігін көшпелілер мәдениеті дегенге жатқызып, бұл жерде тіптен бауырлас, көрші көшпелі халықтардың өркениеттерде айтарлықтай өзгешеліктері бар екенін ескере бермейді және бұл мәдениет көбіне әлі өзіндік мемлекетін құра қоймаған халықтарға тән деп біледі. Көшпелі халық қоғамында мемлекет болмаған деп жүргендер де осы бағытты ұстанған зерттеушілер арасында.

Екінші бағытты жақтаушылар, яғни Қазақстан тарихын этностық негізде, дәлірек айтсақ, түрік халықтарының құрамдас бөлігі ретінде жазушылар да әлі көп нәрсенің байыбына бара алған жоқ,-дейді Т.Омарбеков. Басқасын былай қойғанда түріктердің ұлы мемлекеті – біртұтас Түрік қағанаты неліктен Батыс және Шығыс түрік қағанаттарына бөлініп кетті? Ал ежелгі Қазақстан жерін жайлаған Батыс Түрік қағанатының, оның мұрагері Түргеш қағанатының тайпалық құрамында түркі тілдестер үлесі қандай еді? Өзара бәсекелесіп билікке таласқан сары түргештер дегендер кімдер, қара түргештер дегендер кімдер?- деген тәрізді қаптаған сауалдарға тарихымыз әлі де тиянақты жауап бере қойған жоқ. Оның үстіне ортақ түрік тарихын жазу үшін алғаш түрік тілдес ТМД мемлекеттеріндегі татар, башқұрт, қазақ, қырғыз, өзбек,түрікмен, әзірбайжан тәрізді көптеген халықтар тарихтары жан-жақты зерттелуі керек. Ал мұндай шынайы зерттеулер енді ғана басталды. Оның үстіне осы іске мұрындық бола ма деген Түркия тарихшыларының біздің тарихымыздан хабарлары шамалы. Олар біздің құпия мұрағаттарымызда жұмыс істеп көрген жоқ, сондықтан да көп деректерден хабарсыз. Керісінше, Түркия тарихын біз де жақсы біле бермейміз.

Ал енді Қазақстан тарихын қазақ халқының тарихы ретінде ұлттық көзбен жазып жүрген тарихшыларға келсек, бұлардың бағытын әріптестері көбіне этникалық және мәдени оқшаулану, сондай-ақ ежелгі қазақ жерінің тоғыз жолдың торабы болып, бұл жер еуразиялық құрлықаралық мәдени және саяси байланыстар мекені болғаны, бір сөзбен айтқанда сыртқы факторларды ескермеу деп сынайды.