Диалог құрылымындағы тілдесімдік көрсеткіштер

Сөйлеу әрекеті, адамдар арасындағы қарым-қатынас белгілі бір жағдайларда кеңістік пен уақыт кеңістігінде орын алады. Сөйлеу әрекеті жүзеге асатын экстралингвистикалық факторлардың жиынтығы сөйлеу жағдаятын қалыптастырады. Г.О.Винокур сөйлеу жағдаятын референтті жағдай, ал оның қалыптасуына ықпал ететін факторлардың жиынтығын коммуникативті жағдай деп екіге бөледі [19, 53]. Сөйлеу жағдаятын сөйлеушінің сезім мүшелері арқылы қабылданатын прагматикалық, референтті көрсеткіштер ғана емес, сөйлеушінің оған дейінгі белгілі қоры, тәжірибе түрінде қарым-қатынас жасауға түрткі, уәж болатын шарттар да анықтайды.

Диалог репликаларына коммуникативті – прагматикалық және құрылымдық – семантикалық аспектілерде анализ жасау негізінде Д.Әбдікәрімова ауызекі сөйлеу тіліндегі репликаның типологиясын жасаған. Көркем әдебиеттегі және ауызекі сөйлеу тілі диалогтерінен алынған тілдік материалдардың негізінде: реплика – көтермелеу (оның түрлері – сұрақ, бұйрық, ықпал ету, таңданыс, бекіту, баяндау, өтініш) және реплика – реакция (оның түрлері – келісім, қарсы болу, қарсы сұрақ, қарсыласу, үстемелеу, тақырыпты ауыстыру, өзгерту, реплика –атау, этикет сипатындағы реплика) сияқты типтері бар екенін анықтады [20, 13].

Зерттеуші мәнмәтінді мынадай үш топқа жіктейді: 1) сөз немесе сөйлеу контексі; 2) сөйлеу ситуациясы; 3) мәдени контекст. Біздің байқауымызша, мәнмәтінде де жүйелілік сипат тән, олардың арасында да иерархиялық құрылымдық байланыс бар.

«Коммуникативті жағдай», «контекст», «тұрақты қалыптағы жағдай» терминдері нақты сөйлеу жағдаятына дейін белгілі білімнің жиынтығы деген ұғымды белгілейді. Ал, сөйлеу жағдаяты жалпы контекстен қажетті пресуппозицияларды анықтап, сөйлем мазмұны мен құрылымын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сөйлеу жағдаяты – мәнмәтіннің нақтыланған түрі, тілдік бірліктің жұмсалуы мен жалпы мәнмәтінді байланыстыратын буын. Біз жұмысымызда тілдің әрекеттік, ықпал етуші қызметін қарастыратын болғандықтан, «сөйлеу жағдаяты» терминін қолданамыз. «Сөйлеу жағдаяты» ұғымы мына мағыналарда қолданылады: бірінші мәнде сөйлем мазмұнын адвербалды түрде толықтырып, жасырын мәнді сөйлесім түрлерін қалыптастыратын экстралингвистикалық факторлардың жиынтығы, нақты сөйлеу жағдаяты аталса, екіншіден, сөйлеу жағдаяттарының қайталамалы, ортақ сипаттарына қарай жинақталған типтік түрлері аталады.

«Жағдаят» ұғымы психологияда, әдістемеде, философияда және лингвистикада қолданылады. Әр ғылым саласы бұл ұғымды өз мақсатына қарай, зерттеу бағытына қарай әр түрлі анықтайды. Өйткені, «жағдаятқа» анықтама беруде әр түрлі көрсеткіштер басшылыққа алынады: 1) айнала қоршаған заттар мен құбылыстардың қатысы арқылы анықталатын жағдай; 2) сөйлеу әрекетін дүниеге келтіретін шарттар; 3) сөйлеуші мен объективті құбылыстар арасындағы объективті байланыс; 4) шындықтың жиынтығы.

Экстралингвистикалық факторлардың тіл қолданысына тигізетін ықпалы мақсатты стиль түрлерін зерттеуде үнемі басшылыққа алынады. Қазақ тіл білімінде ғылыми, ресми публицистикалық, көркем тұрмыстық қарым-қатынас стильдерінің ерекшеліктері – тіл бірліктерінің қолданысындағы айырмашылықтарды түсіндіруде экстралингвистикалық факторлар негізге алынады. Онсыз тілдің әр деңгейі бірліктерінің стиль түрлеріне қарай «мамандануын» түсіндіру мүмкін емес, себебі, бұл жағдай бұлардың жиі қолданылуын анықтаумен байланысты.

Тілдік мазмұнды қатысым жағдаятымен байланыста қарастыру экстралингвистикалық факторларды реттеп, жүйелеуге әкеледі. Олай дейтініміз тілдік мазмұнды қалыптастыруға тура және қосымша түрде ықпал ететін жағдайлар бар. Сыртқы жағдаят сөйлем мазмұнында толық көрінуі немесе жетекші факторлар арқылы жанама түрде көрінуі мүмкін. Мәселен, ғылыми, публицистикалық стиль түрлерінің

зерттелуіндегі экстралингвистикалық факторлар жіктелуіне тоқталсақ, олар мыналар: 1) тыңдаушы; 2) қоғамдағы үстем идеология не ғылымдағы бағыт; 3) сөйлеуші позициясы. Стильдік мәтін бойында аталған факторлар тіл бірліктерінің қолданысында жанама сипатта көрінеді. Ал вербальді түрде жүзеге асатын сөйлеу тілінде сөйлеу жағдаяты қарым-қатынасқа тікелей қатысады.

Сөйлеу мәнбісімен байланысты сөйлеу жағдаятының үш түрлі қызметін анықтауға болады:

  • Сөйлеу мәнбісін қалыптастырушы факт.
  • Сөйлеу түрін, стилін анықтаушы фактор.
  • Сөйлесім мазмұнын толықтырушы компонент.

Сөйлеу жағдаятын жіктеп, көрсеткіштерін тізіп шығу мүмкін емес. Сөйлеу жағдаяты – объективті шындықтың кеңістік пен уақыттағы кесіндісі. Оның құрылымы объектілерден, олардың уақыт пен кеңістіктегі қалпынан тұрады. Мәселен, сөйлеушілерге қатысты –әлеуметтік, психологиялық, тілдік құзірет факторларын атауға болады.

Коммуникация – қарым-қатынастың мәдени формасы, белгілі бір нормаларға және анықталған ережелер негізінде жүзеге асырылатын ақпарат түрі [21, 69]. Жалпы коммуникация түсінігін Красных В.В. былай түсіндіреді: «процесс взаимодействия двух и более личностей с целью передачи/получения/обмена информацией, т.е. того или иного воздействия на собеседника, необходимого для осуществления совместной деятельности» [22, 54].

Сөйлеу әрекетінде нақты сөйлеу жағдаятында бар шынайы дүниенің объектілері сөйлесім мазмұнында қамтылады. Сілтеме уақытқа, орынға, затқа, сөйлеу мәнбісіне қатысушыларға – авербальді факторлармен қатар, сөйлеу мәнбілеріне – вербальді бірліктерге қатысты жасалуы мүмкін. Сөйлесімдегі дейксистердің негізгі қызметі – сыртқы контексті идентификациялануында. Мысалы, Мұның не? Артық карточка ма?. Мінеки із, міне, көріңдер! (Б.Майлин. «Шұғаның белгісі»). Түсініңіз, біздің ауылдың басқармасы осы (С.Мұратбеков. «Жабайы алма»). Дейксистер сөз мағынасын қолданыс үстінде жаңа мәнмен байытады. Оны «сілтеме мән» деп атауға болады. Сілтеме мән (дейксистік) деп сөйлеу жағдаятында денотаттің жақтық, кеңістік, мезгілдік бағдарын белгілейтін сөз мағынасының прагматикалық қабатын ұғынамыз. Сөздің прагматикалық мәнінің сілтеме түрі сөйлеу әрекеті үстінде қолданысқа түседі.

Дейксистік элементтерге 1) жіктеу есімдігі 2) сілтеу есімдігі 3) үстеу 4) етістіктің семантикасындағы дейксистік элементтер жатады.

Дейксистік элементтер сөйлеу жағдаятын таңбалайды. Мысалы: Көрме ішіндегі құмды суретші мезгіл-мезгіл тегістеп, жаңадан бейнелер салып тұр. Суретші оның жанында тұрып, мынадай түсініктеме берді.

– Ал енді жұмыс, самурайлар өнерлі болып есептелінді. Бұл сәттің ішінде былайша суретші өз сезімін көрсетіп береді дағы, оны қайтадан жойып жіберіп, екінші сәтте басқаша бір сезімге бөлінген сәтін суреттеп береді. Сондықтан бұл өнерді қазіргі тілмен айтқанда, Реrfomans деп атайды (таспадан көшірме).

Сөйлеу мәнбісіндегі «бұл» сілтеу есімдігі сөйлеу жағдаятындағы объектіні сілтеп түр. Нақты сөйлеу жағдаятына қатыспай, өнердің қай түрі екенін, нені жойып жіберетіндігін түсіну қиын. Сол сияқты «қазіргі тіл» тіркесі өнердегі соңғы бағыттарды тұспалдап түр.

Сөйлеу жағдаятына сілтеме жасайтын дейксистердің қолданысында кейбір ауытқулар да болады. Мәселен, ол, ертең, қазір, біз сөздері тура референцияны емес, жалпы анықталмаған шекте де қолданылады: Қазір ауылға жүргелі жатырмыз. Бала қазір-ақ өседі. Ертең емтихан. Осы студенттерден ертең белгілі мамандар шығады. Біз келіп қалдық (келген 1 адам). Осы жерде сөздің прагматикалық мәнін нақты сөйлеу жағдаятымен байланысты тура сілтеме және прагматикалық деп екіге бөлуге болады.

Сөйлеу жағдаятының сөйлесімде қамтылып берілуіне қарай тілдің құрылымдық категорияларының пайда болу теориясы да жасалып жүр. Сөйлеу сөйлесім мазмұны мен құрылымында бейнеленуі сөйлеуші адамға тән таным процесімен, ойлаумен байланысты. Сөйлеуші сөйлеу «жағдаятының қандай факторларына ерекше назар аударады, сөйлесімде ол қалай бейнеленеді деген сауалға жауап іздеу барысында тіл құрылысының типтері туралы жаңа болжам қалыптасты. Бұл сөйлеушінің бағдарымен байланысты. Сөйлесім құрылысы мен мазмұны не сөйлеушінің өзіне, не тыңдаушыға, не сөйлеу жағдаятына бағдарланады. П.В.Дурст-Андерсон тілдердің грамматикалық құрылысында үш бағдардың біреуіне негізделетінін айтады: «Біздің теориямыз сөйлеу жағдаятының адам санасында үш түрлі шарты бойынша (қабылдау түрі, ментальді модель, архивтік орын) анықталады және қарым-қатынас үш түрлі қатысушыны (сөйлеуші, тыңдаушы, шындық орта) қажет етеді, тілдің негізгі категориялары етістіктің негізгі категорияларына (рай, шақ, салт, сабақты) негізделуі керек деген тұжырымдарға сүйенеді» [23, 31 6].

Бұл – жалпы тіл білімі мәселесімен байланысты болжам. Ғылыми болжам коммуникативті бағытты негізге алады. Оның негізделуі жекелеген тілдер бойынша жүргізілетін зерттеулерге тәуелді. Жеке тіл бірліктерінің қолданыс үстіндегі қызметін сөйлеушінің ұстаған бағдарымен байланысты қарастыру сөйлесім құрылысы мен мазмұнына қатысты ғылыми негізделген тұжырымдар жасауға көмектеседі деп ойлаймыз.

Әр сөйлеу мәнбісінде сөйлеу жағдаяты көрсеткіштерінің сөйлесім мазмұнын құрастыруға қатысы өзгеріп отырады. Сөйлесім мазмұнын түсіну тілдік емес факторларға тәуелді. Тілдік факторларға: 1) мәтіннің толықтығы, 2) сөздердің дұрыс қолданылуы, өзара байланысуы жатса, ал тілдік емес факторларға сөйлесім мазмұнының шындыққа сәйкес келуін қамтамасыз ететін шарттар жатады. Сөйлесім мазмұнын анықтайтын шарттарды пресуппозиция деп атайды.

Қазақ тіл білімінде субъект, адам факторы мәселесі әр түрлі бағытта қарастырылады. Біріншіден, тіл тарихымен байланысты оның пайда болуындағы адамзаттың рөлі, сыртқы дүниенің тілде бейнеленуі, тілдегі объективтілік пен субъективтіліктің (денотативті – коннатативті) ара қатынасы зерттелсе, екіншіден, әдеби тілдің мақсатты стильдерінің тілдің әр деңгейі бойынша ерекшеліктерін көрсетуде (бұл қазақ тіл білімінде көркем әдеби стильге қатысты) жеке авторлардың субъективті дүниетанымы мен қоғамының объективті шындығы арасындағы байланысты, автор образын ашуда зерттеу негізіне алынатын принциптердің бірі болып отыр. Соңғы бағытта  ақын-жазушылардың сөз қолданысындағы ерекшеліктері образ тудырудың әдіс-тәсілдері аясында қарастырылып, ал автор бағдары тілдің қозғалысты сипаттағы әрекет үстіндегі ықпал етуші қызметін қалыптастырушы фактор ретінде соңғы уақытта қарала бастады. Үшіншіден, сөйлеуші субъект тілді жұмсаумен, тіл нормасын сақтау, сөйлеу мәдениетін арттырумен байланысты ғалымдар назарын аударды. Адамның қоғамдағы әлеуметтік орнына қарай тіл бірліктерін орынды, әсерлі жұмсай білуіне қатысты М.Балақаев былай дейді: «Тілдің талғам тетігі, коммуникативті қызметі әр алуан адам ойын, сана-сезімін білдірумен ұштасып жатады. Жалпы білімі, мәдениеті жоғары адам ана тілінің мәдениетіне де қанық болуға тиіс» [24, 234]. Төртіншіден, тілдің ішкі рухын, ұлттық ерекшелігін ашуда тіл иесі халықтың дүниетанымы этнолингвистикада негізге алынады. Ж.Манкеева «… тіл туралы онтологиялық көзқарасты сол тілде сөйлеуші халықтың жан дүниесімен, ой санасымен, соның ішінде тарихымен, мәдениетімен тығыз байланыста қарастыру керек» екендігін айтады [25,3]. Прагматикалық факторлар қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді деген тұжырым сөйлеуші субъектінің орнын алдын-ала анықтап тұрады.

Сөйлесу барысында адамдар не тыңдаушы, не сөйлеушінің рөлін қабылдайды. Олар бір-біріне хабар жеткізеді, сипаттайды, дәлелдейді, сендіреді, бұйрық береді, сұрақ қояды, жауап береді, ұсыныс жасайды, қабылдайды, уәде береді, бас тартады, кекетеді, ренжітеді, мақұлдайды, құбылыс, әрекетке қатысты өз бағаларын береді, сыпайы не анайы сипаттағы сөйлесім әдістерін таңдайды, қолданады. Өзара пікірлесім белгілі бір бағытта дамытып, қажетті арнаға түсіреді. Немесе пікірлесуден қашып, тақырыпты өзгертеді. Яғни коммуникацияға, сөйлесімге әрекет тән. А.А.Леонтьев: «Қарым-қатынас – адамдардың қоғамдағы өзара әрекеттесуі ғана емес, қоғам мүшелері ретінде өзара әрекеттесуі», – дейді [26, 44].

Сонымен, тіл бірлігінің коммуникативті – прагматикалық аспектісін зерттеуде жеке адам бағдарын ұстану мына екі мәселені есепке алуды қажет етеді: 1) жеке адамның сыртқы дүниені қабылдауының тілдік көрінісі ретінде қарау; 2) жеке адамның уәждемесі мен мақсатын жүзеге асыру құралы ретінде қарастыру.

Сөйлеушінің мақсаты мәтін прагматикасын анықтайтын негізгі нысан ретінде диалогте анық көрінеді. Сөйлеуші, жазушы мақсаты көркем шығармаларды зерттеуде болжам түрінде басшылыққа алынып, мәтіннің ұйымдасуы, құрылымы, мағыналық байланыс түрлері анықталып жүр.

Автор позициясы мәтінде бір ұғымға байланысты номинацияларды өзгертуде айқын көрінеді: тілде бір ұғымды сөйлеу жағдаятына қарай әр түрлі сөзбен атау мүмкіндіктері бар. Оның түрін таңдайтын – сөйлеуші адам. Таңдау себептері мен шарттары пресуппозициямен, одан жоғары тұрған жалпы мәндегі мәнмәтінмен байланысты болады.

Жеке адам – сөйлеушінің түрі мен сөйлеу мәнбісі арасындағы байланысты қарастыруды екі бағытта жүргізуге болады: 1) сөйлеу иесінің сөйлеу мәнбісін қалыптастырып, дүниеге келтіруі; 2) сөйлеушінің сөйлеу мәнбісі – сөйлесімдегі көрінісі. Екінші бағыт қалыптасқан сөйлеу бірлігінен сөйлеушіні іздесе, бірінші бағыт барлық сөйлеу мәнбісінің дүниеге келуіндегі ортақ заңдылықтарды іздейді.

Ортақ заңдылықтарды жеке сөйлесімдер негізінде анықтау мүмкін емес. Адамдар арасындағы вербальді қарым-қатынас дискурста жүзеге асады. Дискурсте сөйлеушінің қатысым тақырыбына, тыңдаушыға, өзіне қатынасы көрінеді. Осы үш байланысты басшылыққа алып

қарастырар болсақ, олардың сөйлеу актісінде бірде айқын, басым түрде, бірде тар көлемде көрінетінін байқауға болады. Сонымен, байланысты дискурстің жеке адам-сөйлеушінің «мені» басым ашық көрінетін, сөйлеушінің өзіне бағытталған (бұл жерде сөйлеушілер үшін ортақ тақырыптың болмауы да мүмкін), тыңдаушыға бағытталған және ортақ тақырыпқа бағытталған түрлерін де ажырату бар [12, 24].

Сөйлеу мәнбілерінің тілдік көрінісіне талдау жасауда сөйлеу тілінде объективті шындықтың, субъективтінің дүниетанымы, ойы, эмоциясы, тәжірибесі, білімі сияқты прагматикалық сүзгіден өтіп, сөйлеуші мақсатына қарай қажетті дәрежеде қамтылатындығын есепке алу қажет.

Сөйлемдер арасында орнайтын семантикалық аспектіні сөйлеуші субъектінің дүниетанымы, ойлауы шындықты қабылдауы тұрғысынан бағалауға болады. Ортақ тақырыптың айналасында, ойлаудың жалпы түрлері негізінде сөйлесімдер арасында әр түрлі мағыналық байланыстар орнайды. П.В.Зернецкий функционалды-семантикалық байланыс түрлерінің негізінде объектінің уақыт пен кеңістікке қатынасы, бөлшектің бүтінге қатынасы жатқанын айтады [27, 77-78]. Құбылыстар мен заттарды салыстыру, ұқсастығын табу, қарсы қою, теңестіру, уақыт пен орынға қатысты анықтау, себеп-салдарлық байланысты табу, процестің өту аспектісін сипаттау сөйлеуші субъект арқылы сөйлеу үстінде көрінеді.

Негіздеу, сендіру, дәлелдеу сияқты сөйлеушімен байланысты сөйлесімге тән мағыналық байланыстардың орын алуын сөйлеу мақсатының түрлерімен түсіндіруге болады.

Сөйлемдер арасында орнайтын семантикалық аспектіні сөйлеуші субъектінің дүниетанымы, ойлауы, шындықты қабылдауы тұрғысынан бағалауға болады. Ортақ тақырыптың айналасында, ойлаудың жалпы түрлері негізінде сөйлесімдер арасында әр түрлі мағыналық байланыстар орнайтындығы анықталды.

Қорыта айтатын болсақ, диалог құрылымындағы тілдесімдік көрсеткіштер алуан түрлі. Олардың әрқайсысының ерекше қызметі бар, ерекше қалыптасу жолы бар, ерекше тілдік және тілдесімдік қасиеттері бар. Сондықтан да диалог құрылымы – күрделі құрылым, ал құрылымдық көрсеткіштері – күрделі маркерлер.