Халық денсаулығының және денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйін талдау

Қазақстан Республикасы халқы денсаулығының жай-күйі, санитарлық-эпидемиялогиялық ахуал және денсаулық сақтау жүйесінің дамуы соңғы онжылдықта оң үрдістермен де, сол сияқты теріс үрдістермен де сипатталды.

Соңғы жылдары негізгі медициналық көрсеткіштерді – тууды, өлім-жітімді, өмір сүрудің орташа ұзақтығын тұрақтандыруға қол жеткізілді. Жұқпалы аурулармен ауыру төмендеді. Денсаулық сақтау саласында бірқатар реформалар жүргізілді, олардың бір бөлігі табысты іске асырылды, басқалары өзінің қисынды жалғасына жетпеді. Соңғыларына міндетті медициналық сақтандыру жүйесін құруды, отбасылық медицина моделіне көшуге әрекеттенуді жатқызуға болады. Солардың арасынан саланың нормативтік құқықтық базасын құруды, денсаулық сақтауды қаржыландырудың елеулі ұлғаюын оң өзгерістер ретінде атап өткен жөн, бұл бірқатар қазіргі заманғы клиникалардың құрылысын жүзеге асыруға, медициналық ұйымдарға күрделі жөндеулер жүргізуге және олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсартуға, емдеу-диагностикалық процесіне жаңа медициналық технологиялар енгізуге мүмкіндік туғызды. Медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту және оның қолжетімділігін арттыру нәтижесінде бірқатар жұқпалы және басқа да ауруларға қатысты халық денсаулығының жай-күйінде оң үрдістерге қол жеткізілді. Алайда республика халқының денсаулық жағдайы өлшемінің көптеген бөлігі қанағаттанғысыз болып отыр.

Қазақстан Республикасында тәуелсіздік жылдарында саланы реформалау қадамдары бірнеше мәрте жасалды. Айталық, 1996-1998 жылдары денсаулық сақтау жүйесіне принципті түрдегі жаңа екі элемент: сатып алушы мен сатушы қатынастарының және медициналық көмектің көлемі мен сапасына байланысты сараланған еңбекақы төлемінің пайда болуына мүмкіндік туғызатын денсаулық сақтауды қаржыландырудың бюджеттік-сақтандыру моделі енгізілген болатын. 1999 жылдан бастап бөлінетін қаражатқа байланысты түпкілікті нәтижеге бағдар ұстануға мүмкіндік беретін бағдарламалық қаржыландыру енгізілді. Сонымен бірге, реформаларды талдау көрсеткендей, олар елеулі өзгерістерге бағытталмады, өзінің қисынды ақырына жеткізілген жоқ, және денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайды түбегейлі өзгерте алмады.

Саланы басқару құрылымында соңғы жылдары болып өткен өзгерістер арасынан Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігін қалпына келтіруді, Фармация комитетін, фармацевтивкалық және медициналық өнеркәсіп пен оның аумақтық бөлімшелерін, сондай-ақ бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау органдары мен санитарлық-эпидемиялогиялық сараптама және зертханалық зерттеулер жүргізетін мемлекеттік ұйымдар қызметіне бөле отырып, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау комитетін құруды атап өту керек.

Қазіргі кезде республикалық денсаулық сақтау жүйесі, барлық ведомстволарды қоса алғанда, 886 ауруханалық және 3463 амбулаториялық-емханалық медициналық ұйымдар жүйесінен тұрады. Өңірлердегі медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесінің өзінде мынадай бірқатар өлшемдер:

  • қаржыландыру және басқару функцияларын топтастыру деңгейі;
  • бір тұрғынға есептегенде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға бөлінетін ресустардың мөлшері;
  • пайдаланылатын қаржыландыру әдістері;

БСМК құрылымы;

  • медициналық ұйымдардың ұйымдастыру нысандары;
  • медициналық көмек сапасын бақылау жүйесі бойынша айырмашылықтары бар.

Істің мұндай жай-күйі азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы жалпы мемлекеттік саясатты жүргізуді және олардың мемлекеттік кепілдіктерді тең дәрежеде алуын едәуір қиындатады.

2001 жылдан бастап ауруханалық мекемелер санының көбеюі байқалады. Айталық, 2001 жылы олар 845, 2002 жылы – 860 болды.

Халықтың төсек-орындармен қамтамасыз етілу көрсеткіші халықтың 10 мың адамына шаққанда 76,8-ді құрады (төсек-орындардың жалпы саны – 114782). Бұл халықтың 10 мың адамына шаққанда 73,3 құрайды. ДДҰ деректері бойынша ол еуропалық орташа көрсеткіштен біршама жоғары. Бұл көрсеткіштің көлемінен тіпті дамыған елдердің (Германия, Франция, Жапония және т.б.) өзінде айтарылықтай айырмашылық байқалады, ал жоғары көрсеткіштер, негізінен медициналық қызмет көрсетудің негізгі тұтынушылары болып табылатын кәрі жастағы адамдардың басым үлесімен түсіндіріледі.

Дәрігерлердің саны 54,6 мыңға, орта медициналық қызметкерлер – 115,0 мыңға жетті, дәрігерлермен қамтамасыз ету халықтың 10 мың адамына шаққанда – 36,5-ті, орта медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету – 76,9-ды құрайды. Алайда халықты медициналық қызметкерлермен және төсек қорымен қамтамасыз етудің орташа көрсеткіштерінің жоғарылауына қарамастан, Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесі, әсіресе БМСК деңгейінде, жеткілікті дәрежеде тиімді жұмыс істей алмай келеді.

Соңғы жылдарда фельдшерлік және фельдшерлік-акушерлік пункттерді (бұдан әрі – ФП және ФАП) қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе де, алайда бүгінгі күні қалыптасқан жағдай әлі де БМСК-ні дамытуға және нығайтуға жеткіліксіз көңіл бөлумен, оның бастапқы буынының нақты мүмкіндіктерін жеткіліксіз бағалаумен, қалдық принципі бойынша қаржыландырумен және технологиялық тұрғыдан артта қалушылықпен сипатталады. БСМК-нің медициналық қызметкерлерінде еңбек нәтижелерін жақсартуға экономикалық уәждеме жоқ, олардың қоғамдағы беделі төмендетілген.

Қазіргі уақытта БМСК объектілері білікті мамандармен жасақталмаған. Емдеу-алдын алу ұйымдары материалдық-техникалық базасының, әсіресе ауылдық жерлерде қанағаттанғысыз жағдайда болуы жалғасуда. Талдаулар бірқатар өңірлерде амбулаториялық-емханалық бір ауысымда оларға барушылардың іс жүзіндегі саны нормативті көрсеткіштерден 1,5 еседен асатындығын көрсетеді.

Медициналық ұйымдар, негізінен, бейімделмеген, санитарлық-гигиеналық талаптарға жауап бермейтін үй-жайларда орналасқан (ауылда – 70%-тен астам). Қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен, санитарлық автокөлікпен жарақтандыру 50%-тен төмен. Ауылдағы БМСК объектілерінің тек 36%-іне ғана телефон орнатылған. Дәрілік заттарды сату ауылдық денсаулық сақтау объектілерінің барлығында бірдей ұйымдастырылмаған. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі өткізген паспорттаудың деректері бойынша республиканың сейсмикалық қауіпті өңірлерінде қазіргі кезде бар ғимараттар мен құрылыстар белгіленген нормаларға сәйкес келмейді, денсаулық сақтау ұйымдарының 447-сі нығайтуға немесе құлатуға жатады. Медициналық жабдықтарға сервистік қызмет көрсетудің тиімді жүйесі жоқ.

Жүктелген функцияларды жүзеге асыру қажеттіліктеріне байланысты БМСК-ға шығындарды жүйелі түрде ұлғайту жүргізілмеді, бұл аталған буын қызметінің тиімділігіне әсер етеді. Қазіргі кезде БМСК-ні қоса алғанда, мемлекеттік медициналық ұйымдар үш бағыт – қызмет көрсетулерге ақы төлеу, күрделі жөндеу мен медициналық және медициналық емес жабдықтарды сатып алу бойынша бюджеттік қаражат алады. Ал БМСК-ға жан басына шаққандағы норматив, әдетте, тұтынушылық баға индексіне және еңбекақыны көбейтуге тең дәрежеде ұлғайтылады. Жан басына шаққандағы нормативтің қазіргі түрі – бұл жүргізілген оңтайландыруды ескере отырып, БМСК-інің ескі жүйесін ұстауға жұмсалатын шығыстар. Қолданыстағы қызмет көрсетулерге ақы төлеу әдістемесі жеке медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай шектейді, өйткені олар тек бір көзге – тарифке ғана ықтимал түрде үміткер бола алады, бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі осы сектордың дамуын тежейді. Осыны ескере отырып, тарифтерді қалыптастыру әдістемелерін (жан басына шаққандағы норматив, тарификатор, клиникалық-шығындау топтары жетілдіру қажет.