Алдағы кезең шығындарының есебі

Шаруашылық қызметінің барысында кәсіпорында келесі есепті кезеңнің өндіріс шығындарына немесе айналымына жатқызылатын шығындар туындайды, яғни пайда болады. Мұндай шығындарға мынадай жұмсалған шығындар: маусымдық өнеркәсіп саласында өндірісті дайындау бойынша; жаңа өндірісті, жаңа цехтарды, жаңа агрегаттарды құрау және жаңа кәсіпорындарды игеру бойынша; өнімнің жаңа түрін өндіруді игеру мен дайындау және технологиялық процесстер бойынша; егістік жерлерді қайта өңдеу; өндірісті ұлғайтқан немесе ұйымдастырған жағдайда жұмысшыларды жаппай жұмысқа қабылдаған кезде; техникалық әдебиетке, газеттерге және журналдарға жазылған кезде; алдағы есепті кезең үшін төленген жалдау ақысы; алдын ала төленген сақтандыру төлемдері және басқа да шығындары жатады.

«Алдағы кезең шығындары» деп есеп беретін кезеңде шығарылған, бірақ келесі есеп беретін кезеңнің шығындарына жататын шығындарды айтады. Келешек кезең шығындарын есепке алу 34 «Алдағы уақыттың есебіне жататын шығындар» бөлімшесінің шоттарында жүргізіледі. Оларға мына шоттар кіреді:

341 «Сақтандыру полисі»;

342 «Жалгерлік төлемдері»;

343 «Болашақ кезеңнің есебіне жататын басқа да шығыстар».

Алдағы уақыттың есебіне жататын шығындардың аналитикалық (талдамалық) есебі шығынның әр тобы бойынша келешек кезең шығындарын есепке алу тізімдемесінде немесе тиісті машинограммада жүргізіледі.

Тізімдемеге жазбалар отыз төртінші бөлімшенің шоттарының дебеті бойынша өңдеу кестелерінен «Еңбек ақыны бөлу», «Негізгі құралдардың амортизациясы», «Қосалқы өндіріс пен шаруашылықтардың қызметін бөлу», және басқа да бастапқы құжаттар бойынша жазылады.Нәтижесінде тізімдемеде немесе машинограммада 34-бөлімшенің шоттарының дебеті бойынша түрлі шоттардың кредитінен айналым жинақталады.

34 «Алдағы уақыттың есебіне жататын шығындар» бөлімшесінің шоттары бойынша жасалатын шоттар корреспонденциясын қарастырайық.

341 «Сақтандыру полисі» шоты бойынша. Бұл шотта төленген сақтандыру полисінің сомасы есептеледі. Сақтандырушыға бірнеше ай бұрын сақтандыру төлемдерін төлеу кезінде 651 «Мүлік және жеке басты сақтандыру бойынша есеп айырысу» шоты дебеттеледі және 441,431,432,451 және тағы басқы шоттары кредиттеледі. Алдын ала төленген сақтандыру төлемінің сомасы бір мезгілде 651 шоттың кредитіне 341 «Сақтандыру полисі» шотының дебетіне есептен шығарылады.

Сақтандыру төлемінің сомасы сақтандыру полистерінде айқындалған айлық төлемнің көлемінде 811,821,938,948,126 және тағы басқа шоттардың дебетінде есептен шығарылады.

342 «Жал төлемі» шоты бойынша. Жал төлемі шоты алдағы кезеңдер үшін төленген жал төлемдерінің сомасын көрсетеді. Бұл шотта жалға алушылар жалға берушілерге негізгі құралдарды жалға алғаны үшін бірнеше ай бұрын төленген жалгерлік төлемдер сомасын есепке алады.

Алдын ала төленген жалгерлік ақысының сомалары 687 «Басқа да кредиторлық қарыздар» шотының дебетіне және 441,431,432,451 шоттарының кредитіне жазылады. Алдын ала төленген жал ақысы сомасын бір мезгілде 342 шоттың дебетіне 687 шоттың кредитіне жатқызады. Жал төлемі төленген кезеңдеріне қарай теңдей бөліктермен ай сайын 126,811,821,937  шотарының дебетіне 342 «Жал төлемі» шотының кредитіне есептен шығарылады.

343 «Болашақ кезеңнің есебіне жататын басқа да шығыстар» шоты «Сақтандыру полисі» мен «Жал төлемі» деп аталатын шоттарда аталмай кеткен басқадай алдағы кезең шығындары жайлы ақпараттарды есептеу үшін арналған.

Кәсіпорын әрбір жыл үшін есептен шығаруға жататын өндіріс немесе айналым шығындарына есеп айырысу немесе алдағы кезең шығындары сомасына негіздеме жасайды.

Болашақ кезеңнің есебіне жататын шығындар жыл сайын түгелденуі қажет. Бұл түгелдеу осы шоттың келесі жылға ауысатын қалдықтарының айқындылығын және олардың жыл ішіндегі өндіріс шығындарына немесе айналым шығындарына жататындығын қамтамасыз етеді.