Басқадай дебиторлық берешектердің есебі

Кәсіпорындар мен ұйымдарда басқадай операциялар бойынша тиісті дебиторлық берешектер төмендегідей шоттарда есептеледі:

331 «Алынуға тиісті қосылған құн салығы»;

332 «Есептелген пайыздар (проценттер)»;

333 «Жұмысшылар мен басқадай тұлғалардың берешегі»;

334 «Өзге де дебиторлық берешектер».

Бұл шоттарда «Сатып алушылар мен тапсырыс берушілер» бөлімшесінде есептелуге жатпайтын (сатылған тауарларға, көрсетілген қызметтерге, орындалған жұмыстарға жатпайтын) есеп айырысу операциялары есептеледі.

331 «Алынуға тиісті қосылған құн салығы» шоты ұйымның сатып алынған негізгі құралдары, материалдары тағы да басқалары бойынша жабдықтаушыларға төленген қосылған құн салығы сомасы жайлы ақпараттарды жинақтауға арналған. Салықтың бұл түрі барлық тауарлар мен қызметтерді қамтитын жанама салық болып саналады. Осыған орай бұл салықты сатып алушылар тауардың құнына қосып төлейді. Жанама салықтар бюджетке тауарларды сатып алатын заңды және жеке тұлғалардан түспейді, керісінше осы тауарларды сатушылардан түседі. Неғұрлым баға жоғары болса, соғұрлым салық сомасы да жоғары болады. Бюджетке төленілетін қосылған құн салығы сатылған тауарлар (жұмыстар мен қызметтер) үшін сатып алушылардан алынған салық пен материалдық ресурстар үшін жабдықтаушыларға төленген қосылған құн салығы сомалары арасындағы айырмашылық ретінде анықталады.

Кәсіпорындар Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес бухгалтерлік есепте және салық есебінде есептеу әдісін қолданады.

Бухгалтерлік есепте қосылған құнға салынатын салық (ҚҚС) бойынша есеп айырысуды көрсету үшін 331 «Орны толтырылуға тиісті қосылған күн салығы» шоты қолданылады.

331-шот дебеті бойынша 671 «Жабдықтаушылармен және мердігерлермен есеп айырысу» шотының кредитімен корреспонденциялана отырып, сатылып алынған тауарлы-материалдық құндылықтары, атқарылған жұмыстар және көрсетілген қызмет үшін акцентелінген шоттар бойынша ҚҚС көрсетіледі.

331 шоттың дебеті бойынша есепке алынған ҚҚС сомасы қоймаларға құндылықтардың нақты түсуіне қарай (атқарылған жұмысты қабылдау) осы шоттың кредитінен 633 «Қосылған құн салығы» шотының дебетіне жазылады.

332 «Есептелген пайыздар (проценттер)» шотында ұйымның шартта қаралған жалға берген негізгі құралдары, берген несиелері мен қарыздары, алған вексельдері үшін пайыз (процент) түрінде алатын сомасы, сондай-ақ салынған инвестициядан алатын дивидендтерінің сомасы есептелінеді. Бұл шотта есептелінген проценттер бойынша дебиторлық қарыздар жөнінде ақпараттарды табуға болады (ұсынылған заемдар, вексельдер, негізгі құралды жалға алу және т.б.).

Алынуға тиісті проценттік үстеме төлем 332 «Есептелінген проценттер» шотының дебеті және 724 «Акциялар бойынша дивиденттер және процент түріндегі табыстар» шотының кредитінде көрсетіледі.

333 «Жұмысшылар мен басқа тұлғалардың берешегі» деп аталатын шотта жұмысшылар мен басқа да тұлғалардың дебиторлық борыштары жайлы ақпараттар жинақталады. Бұл шотта жұмысшылар мен басқа да тұлғаларға аванс ретінде (қарызға) қызметтегі іс-сапарлары үшін және басқадай шығындар ұшін берілген сомалар, сонымен қатар жұмысшылар мен қызметкерлерден олардың кәсіпорынға тигізген зияндары үшін ұсталатын сомалар есептелінеді.

Есеп беруге тиісті тұлғалармен есеп айырысуды есепке алу. Өнеркәсіптік-шаруашылық қызметі барысында кәсіпорын өз қызметкерлерін қызмет бабымен іс-сапарға жібереді, дүкендерден кеңсе жабдықтарын сатып алады, почта арқылы жіберілген ақшаларды және басқа да шығындарды төлейді. Бұл шығындардың үнемі банк мекемелері арқылы нақты ақшасыз есеп-айырысу жолымен төленуі мүмкін емес. Сондықтан да жоғарыда аталған және басқа да шығындарды төлеу үшін қызметкерлерге қолма-қол ақша беріледі және олар сол алған ақшасына есеп беруі тиіс.

Аванс тек басшының жарлығымен және нақты қажеттілік жеткен кезде есеп беруге тиісті адамдарға және қызмет бабымен жіберілетін тұлғаларға беріледі. Есеп беруі тиісті адамдарға берілетін сомалар оны қуаттайтын құжаттарының негізінде жұмсалады және белгіленген мерзімде бухгалтерияға тапсырады (толтырылған аванс құжаты төменде келтірілген).

Аванс есептерін бухгалтерия тексереді, сонан соң оларды субъектінің басшысы бекітеді. Дұрыс рәсімделмеген аванс есептері және оларға қоса тіркелген құжаттар қайта рәсімдеу үшін есеп беруші адамдарға қайтарылады.

Есеп беруге тиісті адамдар өздеріне берілген аванстарды толық қайтармаса, онда ол олардың сомасы жалақысынан біртіндеп немесе түгелдей ұсталады. Аванс құжаттары бойынша артық жұмсалған сома еңбеккерлерге кассадан беріледі.

Іс-сапары бойынша жұмсалған шығыстардың есебі. Іс-сапар шығыстары деп кәсіпорын басшысының жарлығы бойынша белгілі бір мерзімге қызмет бабының тапсырмасын орындау үшін қызметкерлердің (еңбеккерлердің) басқа кәсіпорынға беру үшін алған қаражатын айтады. Ол алдын-ала жасалған еңбек шартымен, Қазақстан Республикасының «Еңбек туралы» заңымен қаралған шаралар бойынша беріледі. Іс-сапар шығыстары өтелетін шығыстар қатарына жатады.

Өкілділік шығыстарының есебі. Шаруашылық жүргізуші субъектілер өз қызметтерінің барысында өкілділік шығыстарын есеп беруге тиісті адамдар арқылы қолма-қол ақшалардың көмегімен жүзеге асыруы мүмкін. Ол негізінен ресми адамдарға сыйлы қызмет көрсету үшін, іскерлік контракт жасау үшін, акционерлер жиналысына келген директорлар үшін және т.б. шаралар үшін алынуы мүмкін.

Өкілділік шығыстарының сомасы, заңда бекітілген нормасымен сәйкес келуі тиіс:

Өкілдік шығыстарының сомасы

Шығыстардың атауы Құны (ең аз есептік көрсеткіш)
Тұлғаларды ресми қабылдауға жұмсалатын шығыстар (бір күнде бір адамға кететін шығыстары) 8,0
Келісім кезінде буфеттің (фуршеттің) көрсеткен қызметі үшін, аудармашыға және шығарып салатын тұлғаға кеткен шығындарын қоса алғанда 1,5
Ұйымның тұрақты штатында тұрмайтын, аудармашылардың қызметі үшін (сағатына) 1,0
Транспорт (көлік) қызметі үшін (сағатына) 1,0

Ресми кездесу кезінде шақырылған жақтардан қабылдаушы жақтардың қатысушылары көп болмауы керек, яғни келген делегацияның саны аудармашылармен қоса есептегенде 5 адам болса, онда қабылдаушы жақтың да адамдары 5-тен аспағаны жөн.

Материалдық зиян шегудің орнын толтыру бойынша есебі (есептеуі).  333 шотында жоғарыда келтірілген баптармен қатар, еңбеккерлердің кем шыққан және жоғалған мүліктерінің (ақша, тауарлы-материалдық құндылықтары т.б.) орнын толтыру бойынша есебі көрініс табады.

Кінәлі тұлғадан өндіріп алуға жататын сомасына 333 шоты дебеттеліп, 334 шоты кредиттеледі, яғни кем шыққан ақшаның немесе мүліктің нақты құнына; ал нақты құнымен нарықтық бағасының айырмасына 333 дебеттеліп, 727 шоты кредиттеледі. Ал мүліктің нарықтық құнынан ұсталатын ҚҚС сомасына 333 шоты дебеттеліп, 633 шоты кредиттеледі.

Келтірілген материалдық зияндар еңбеккерлердің жалақысынан ұсталуы мүмкін, ол кезде 681 дебеттеледі де, 333 шоты кредиттеледі; ал егер де олар өз кінәсін мойындап, нақты қолма-қол ақшамен төлейтін болса, онда 451 шоты дебеттеледі де, 333 шоты кредиттеледі.

334 Басқадай дебиторлық қарыздар. Бұл шотта жалгерлік бойынша келіп түсетін міндеттемелеріне, бюджетке артық аударылған сомаларына, шағым-талап сомаларына, ТМЗ кем шығуына, нормадан тыс табиғи кемітулеріне, айыппұлдарына т.б. ақпараттарына шолу жасалынады.

Шағым-талап (претензия) бойынша есеп айырысуды есепке алу. Шағым-талап деп – кредитордың өзінің мүліктік құқығы мен мүддесінің бұзылуына байланысты қарыздарды өз еркімен реттеу жөніндегі жазбаша талабын айтамыз. Белгіленген тәртіп бойынша талап еткенге дейін кредитор

алдын-ала тікелей қарызданушыға шағым-талабымен баруы керек.