Сатып алушылар мен тапсырыс берушілер берешегінің есебі

Кәсіпорындар мен ұйымдардың «сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің берешегі» деп аталатын бөлім шоттары сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің осы кәсіпорынға деген әр түрлі қарыздары жайлы ақпараттарды қорытындылау үшін арналған. Аталған бөлімде келесідей шоттар қаралған:

301 «Алынуға тиісті шоттар»;

302 «Алынған вексельдер»;

303 «Сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің өзге де берешектері».

Бұлар активті шот болып табылады. Сондықтан да бұл шоттардың дебитінде берешектің сомасы жазылса, ал кредитінде берешектің азаюы көрсетіледі. Алынуға тиісті шоттар (дебиторлық берешектер шоты) сатып алушы заңды немесе жеке тұлғалардың сатып алған тауарлары, сондай-ақ кәсіпорынның оларға көрсеткен қызметі үшін қарыз сомаларын білдіреді.

«Алынуға тиісті шоттар» деп аталатын шотта тиеліп жіберілген өнімдер (тауарлар), атқарылған жұмыстары мен көрсетілген қызметтері үшін сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің банк мекемесі қабылдаған есеп айырысу құжаттары бойынша төлеуге тиісті сомасы есептеледі. Жалпы «Алынуға тиісті шоттар» шотын сипаттай келе олардың қысқа мерзімді активтер екендігін және олардың сату нәтижесінде пайда болатындығын аңғаруға болады. Сондықтан оларды кейбір уақыттарда «саудалық міндеттемелер» деп те атайды. Олар тауарларды несиеге өтелу (орындалу) көздеріне басқадай нұсқаулар болмаған жағдайда, оларды сатудан алынды деп санайды. Халықаралық тәжірибеде кез келген адамға тауарларды несиеге сату кең көлемде етек алған, сонымен бірге сатып алушылар үшін сатып алған тауарларының төлемін бір немесе бірнеше айдан кейін төлеу (өтеу) құқығы да берілген. Мұндай несиені коммерциялық несие деп те атайды. Тауарларды несиеге сататын фирмалар, сатып алушының шотты тиісті уақытында төлеу қабілеттілігі бар болатындығына бақылау шараларын жүргізулері қажет. Сол үшін әрбір ұйымдарда несиелік бөлімдер жұмыс істейді. Несиелік бөлім төлем сомасын ұсынуды, несие көлемін шектеуді және сатып алушылар мен тапсырыс берушілерден несиені уақтылы өтеуді қамтамасыз ететін белгілі бір қаражаттарды талап етуі мүмкін. Осыған орай кәсіпорындар мен ұйымдардың таңдап алынған ережелері мен негізгі қағидалары есеп саясатында атап көрсетуі қажет. Бұл шотта сатылған материалдық емес активтер, негізгі құралдар, бағалы қағаздар және тағы да басқа дебиторлық борыштар есептеледі.

Кейбір жағдайларда жабдықтаушы сатып алушыға тиеліп жіберілген тауарлары үшін вексель алуы мүмкін. Алынған вексель анықталған мерзім ішінде белгіленген соманы төлеу бойынша жазбаша міндеттемені білдіреді.

Вексель дегеніміз –  оның иесінің белгіленген мерзім, яғни уақыт біткен соң борышкердің ақша төлеуін талап ететін құқығын куәландыратын жазбаша борыштық міндеттемесі. Сатып алу және сату объектісі, сондай-ақ капиталды қысқа мерзімді инвестициялау құралы бола отырып, вексель құнды қағаздардың ерекше бір түрі ретінде қызмет етеді.

Вексель белгіленген қатал нысанында жазылған жазбаша борышқорлық міндеттеме болып саналады. Вексель өзінің иесіне міндеттеменің мерзімі өткеннен кейін немесе мерзімінен бұрын вексельде көрсетілген соманы төлеуді талап етуге даусыз құқық береді. Вексельді толтырушы, яғни ол вексель бойынша төлем жүргізуге міндет алған заңды немесе жеке тұлға вексель беруші деп аталады. Ал вексель бойынша төлем алушы тұлға ремитент болып табылады.

Жасалу үлгісі және қолданылуы бойынша вексельдер жәй және аударылмалы деп аталатын екі түрге бөлінеді.

Жай вексель дегеніміз төлем мерзімі келген кезде вексель ұстаушыға белгіленген сомада ақша төлеуді вексельді беруші өзіне ешқандай шарт қоймай-ақ міндеттейтін құжат болып табылады, яғни қарапайым тілмен айтқанда вексель берушінің вексель алушыға ақшалай төлем жасауға міндеттемесін білдіреді. Жай вексель борышкердің (қарызкердің) жазбаша міндеттемесі болып саналады. Вексельде оның берілген уақыты, борышкерлік міндеттеменің сомасы, төленілетін мерзімі мен жері, төлем төлеуге тиісті кредитордың аты көрсетіліп, борышкердің, яғни вексель берушінің қолы қойылуы керек.

Аудармалы вексель – (тратта) кредитордың (транссангтың) қарызкерге (трассатқа) белгілі бір соманы үшінші заңды тұлғаға немесе жеке тұлғаға (ремитентке) төлеу жайлы жазбаша өкімі болып саналынады. Яғни оның жәй вексельден ерекшелігі, аударылмалы вексельде вексель ұстаушының төлеушіге вексельде көрсетілген ақша сомасын үшінші бір адамға эмитентке төлеу туралы жазбаша бұйрығын бере алады.

Вексельдерді сонымен қатар пайыздық және пайызсыздық деп екіге бөлуге болады.

Пайыздық вексельдердің атаулы құнында төленетін пайыз сомасы өз алдына бөлек көрсетіледі.

Пайызсыздық вексельдерде пайыздық сома өз алдына бөлек көрсетілмейді, бірақ ол вексельдің жалпы сомасында қарастырылады.

Вексельдер өздерінің түрлері бойынша коммерциялық, қаржылық және қазыналық болып үш түрге бөлінеді.

Коммерциялық вексельдер өнім өндіруші кәсіпорындар мен ұйымдарға ол өнімді тұтынушы, яғни сатып алушы кәсіпорындар мен ұйымдардың төлем жасау мерзімінің кешіктірілу себебіне байланысты беретін коммерциялық несиесі ретінде рәсімделеді.

Қазыналық вексельдер мемлекеттік қазыналық міндеттемеге жатады. Олар Мемлекеттің ішкі қарыздарын өтеуіне байланысты шығарылады. Қазыналық вексельдер негізінен дисконтымен бірге номиналынан шегерім жасауды қоса алғандағы бағасы бойынша банктерге және басқа да кәсіпорындар мен ұйымдарға сатылады.

Шоттар бойынша жасалатын есептің ұйымдастырылуын қарастырайық. 301 «Алынуға тиісті қарыздар» шотында жөнелтілген өнім (тауарлар), орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер үшін төлеуге банк қабылдаған есептесу құжаттарын есепке алады. Алынуға тиісті дебиторлық қарыздар ағымдағы (немесе қысқа мерзімдегі) дебиторлық қарыздар, яғни бір есептік кезеңнің ішіндегі болып және ұзақ мерзімдегі дебиторлық қарыздар, яғни бірнеше есептік кезеңді қамтитын болып екіге бөлінеді.

Кейінгі кездері дебиторлық қарызды талап ету құқын факторингалық компанияларға жүктейді.

Факторингалық операциялардың есебі. Факторинг, басқаша айтқанда, қаржылық агент болып табылады және үшінші тұлға ретінде қарызды өндіріп беру үшін қызмет етеді.

Ондай қаржылық агент болып банктерде басқа да несиелік, коммерциялық ұйымдар бола алады, бірақ олар аталған қызметті жүзеге асыру үшін лицензия болуы керек. Бірақ кез келген кәсіпорын немесе ұйым факторинг қызметімен шұғылданбастан бұрын екі жақтың да несие қабілеттілігін тексереді және көрсеткен қызметі үшін, өз құқын берген кәсіпорын автоматты түрде төлеуге тиіс. Бұл арада өзінің дебиторлық қарызды талап ету құқын берген кәсіпорын мен факторинг компаниясы келісім-шартқа отырады. Ондай келісім-шарт ашық та, жабық та (конфиденциалды) болуы мүмкін.

302 «Алынған вексель» шотында жөнелтілген тауарлар (жұмыстар, қызметтер) үшін алынған вексельдердің есебі жүргізіледі. Дебиторлық қарызды жабу ретінде вексель ұстаушының алған векселі бухгалтерлік есепте 302 шотында және 301 шоттың кредитінде көрсетіледі. 302 шотта пайыздық та, пайыздық емес те есептелінеді. Пайыздық вексель бойынша 302 шотында,

1 «Вексель бойынша алынатын пайызы» деп аталатын субшоты ашылуы мүмкін.

Пайыздық емес вексель (марапаттау сомасы жеке көрсетілмейтіндіктен, вексель номиналдық құны бойынша есептелінеді) бойынша екі қосымша шот ашылуы мүмкін.

2 «Вексельдің алынған сомасынан марапаттау сомасы шегерілген (дисконт)».

3 «Вексель бойынша марапаттау сомасы (дисконт)».

Алынған вексель бойынша марапаттау сомасы толық көлемде, олардың алған кезінде келесі қалыпта көрініс табады:

Пайыздық вексель Пайызсыз вексель
Алғашқыда, марапаттау сомасы, толық көлемде болашақ кезеңінің табысы ретінде есептелінеді
332 шоттың дебеті мен 611 шоттың кредиті бойынша көрсетіледі 302 шоттың 3-ші субшотының дебетінде және 611 шоттың кредитінде көрсетіледі
Содан соң, есепті кезең барысында үлесіне сай есептелген пайыз сомасы табысқа жатқызылады
611 шоттың дебеті мен 724 шоттың кредитінде көрініс табады 611 шоттың дебеті мен 724 шоттың кредитінде көрініс табады

303 «Басқа да» шоты бойынша шаруашылық жүргізуші субъектісі мынадай дебиторлық қарыздарды есепке алуы мүмкін, атап айтқанда: цессионардың алған дебиторлық қарызы, цессионардың цедентке қарызының пайда болуы және т.б.

301-шоты бойынша талдау есебі сатып алушыларға берілген шот-фактуралардың әр қайсысы бойынша жүргізіледі. Оның аналитикалық есебі сатып алушалардың төлеу мерзімі өтпеген берешегімен және мерзімінде төленбеген берешегі жөнінде; 302-шоты бойынша, төлеу мерзімі өтпеген вексельдермен, банкілерде есепке алынған вексельдермен, ақша қаражаты мерзімінде түспеген вексельдермен қамтамасыз етілген берешек жөнінде деректер алуды қамтамасыз етуге тиіс; 303 –шоты әрбір дебитор немесе келісім-шарт бойынша, яғни есеп айырысуды жүзеге асыруына қарап жүргізіледі.