ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ОРЫСША ТӘРЖІМАСЫ

Жазушының әлем оқырмандарына танылуы – М.Балыкин, К.Семенов, С.Соқпақбаева, Ю.Домбровский, И.Щеголихин т.б. аудармалары арқылы жүзеге асты. Ендігі сөз – К.Семеновтың аударуындағы «Менің атым Қожа» мен М.Балыкиннің аудармасындағы «Балалық шаққа саяхат» повесі төңірегінде.

Аудармашының ешқашан адастырмайтын темірқазық жұлдыздай айнымас бағдары – автордың стилі.Осы бағытты дұрыс ұстаса, ол әрқашан көркемдік дүниесіне жол тауып шығады. Стиль дегеніміз мазмұн мен түрдің белгілі бір жарасымды тұтастығы, ой мен оның образдық бейнесінің әлдеқандай бір баламасы, ақырында, ол ой мен сезімді бейнелеудің белгілі бір мәнері, салты,әдіс-тәсілі,ал көркем шығарманың стилі, суреткердің жүрегіндегі үздіксіз үн беріп тұратын сезімге байланысты. Шығарманың мазмұнынан барып оның түрі туады.Мазмұн мен түрдің арасында әрқашан диалектикалық біртұтастық жатуға тиіс.

Сонымен шығарманың мазмұнын неғұрлым дұрыс және дәл беремін дейтін болсақ, оның түріне елеусіз қарай алмаймыз. Әсіресе, көркем прозаның аудармасында мазмұн дәлдігіне оның түрін сақтау арқылы барады.

Түрді сақтау дегеннің өзін де дұрыс түсіну керек Сөзді сөз күйінше аударып, тұрғанын тұрған жеріне бұлжытпай қоя салудан дәлдік шықпайды, одан сөзбе-сөз сіреспе аудармалар шығады.

Түпнұсқаның шеңберінен шықпай отырып-ақ сөз тіркестерінің ішкі сырларын аша білу, олардың ұғымдық және образдық мәндерін аударылып отырған тілдің жүйесімен дұрыс қиыстырып шығару аудармашы тарапынан үлкен зейінділікті, шеберлікті тілейді.

Б.Соқпақбаев шығармаларын аударудың ерекшеліктерін сөз етуден бұрын, әрине, оның өз стилінің ерекшеліктерін қарастыруымыз керек. Б.Соқпақбаев көркем сөздің асқан шебері. Оның шеберлігі жоғарыда тоқталып өткеніміздей өмір шындығын жан-жақты кеңінен суреттеп көрсете білгендігі болса, екінші жағынан сөз өнерін шыңға көтерген тамаша суреткерлігінде. Оның шығармаларының мазмұны, оның бейнелеп отырған көріністері мен кейіпкерлері өмірдің нақ өзіндегідей нақтылы да айқын болғанмен, бейнелеу құралдары, сөйлемдерінің құрылымы күрделі келеді. Ол өмір көріністерін, кейіпкерлерінің жан толғаныстарын суреттегенде, болмашы бір астарлы емеурінмен-ақ сөйлемдерінің бояуын құлпыртып жібереді. Мәселен, шығармаларында автор қолданған ауыспалы мағынадағы сөздер сонылықтарымен есте қалады.

» Тажал тапжылар емес. Ежелгі дағдысы бойынша біздің босағаны иіскеп, мелшиіпті де қалыпты» (11,11).

Тажал дегенге жаны бар жауыз деп қалмаңыз. Бұл Қожаның жек көретін мотоциклы. Аудармашы Семенов бұл үзіндіні былай тәржімалаған.

» Опять принесло сюда эту нечистую силу! Торчит, как лошадь на привязи, и нюхает наши косяки» (12, 11).

Орысшаға аударғанда айрықша қиындық туғызатын да Соқпақбаев стилінің осы жағы. Мұнда неше алуан нақыш-өрнектермен келетін ой кестесін жазушының өзінше әдемі қойып шығу деген, әрине, тек шебердің қолынан ғана келеді. Соқпақбаев шығармаларын аударудағы олқылықтардың көбі нақ осы тұстан көрінеді десек, қателеспейміз.

Аудармашылар М.Балыкин мен К.Семенов аталған повестерді аударуда экспрессивтік құралдардың қолданылуы мен автордың стильдік ерекшелігін дәл жеткізе білген. Түпнұсқаның ұлттық колоритін, көркемдік ерекшелігін бере алуы, аудармашылардың Соқпақбаевтың сөз қолданудағы мәнерін, тілдің ерекшелігін жақсы білетіндігін аңғартады. Аударманың тілі көркем, жатық. Сапалы аударма нәтижесінде оқырман повестердің бас кейіпкерлері – Қожа мен бала Бектастың ішкі жан дүниесінің қатпарларына бойлай енеді.

Жалпы балалар әдебиетінің аудармашысына жүктелетін жауапкершілік аса айрықша. Біріншіден, ол жеткіншектердің нәзік әлемін күрделендірмей бере білуі керек. Екіншіден, жас ұрпақты басқа халықтың ұлттық мәдениетімен таныстыра отырып, олардың дүниетанымының қалыптасуына әсер етуі керек.

Аударма мен түпнұсқаны салыстырмалы талдау барысында аталған аудармашылардың балалар әдебиетінің аудармасына қойылатын талаптарға аса мұқият екенін байқаймыз. Олар Соқпақбаев сөйлемдерінің синтаксистік құрылымын бұзбауға тырысқан. Түпнұсқа тілінің бояуын соғындатпаған, ұзақ-сонар баяндаулар кездеспейді, тілі анық, түсінікті.

Көркем шығарма дегеніміз мазмұны мен формасы біртұтас бүтін жатқан дүние. Оның идеясын, мазмұны мен ой тереңдігін немесе идея мен формасын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Демек, әр қайсысын әр түрлі әдіспен бөлек–бөлек аударуға да болмайды. Көркем шығарма дегеніміздің өзі болмыстың образды түрде бейнеленген нақты көрінісі. Әрбір көркем шығармадан өмірді реалистік тұрғыда ұғынып, шынайы түрде дәл бейнелеу талап етіледі. Көркем аударманы да біз ең алдымен көркем шығарма деп білеміз. «Демек аударма – шығармада суреттелген обьективтік болмысты түпнұсқаның тілі арқылы реалистік тұрғыда ұға отырып, екінші тілдің образдық жүйесі арқылы шынайы бейнеленген нұсқасы «(13,56). Олай болса, обьективтік болмысты суреттеуде түпнұсқаға қандай талап қойылса, оның аудармасына да дәл сондай талап қойылады. Демек өмірдің белгілі бір құбылысына реалистік көзбен қарап, оны шынайы суреттеу үшін автор қандай құрал, нендей тәсіл қолданған болса, соның бәрі аудармашы үшін де заң.

Біз бұл пікірге қосыла отырып, аудармашылардың шығармадағы көркемдік компоненттерді қалай тәржімалағанына назар аударайық.

«Балалық шаққа саяхат» повесінен үзінді:

«Таулы аймақта ауа-райы құбылмалы. Текес бойының қысы бірде қатаң, бірде жұмсақ. Қар кейде қалың түседі, кейде жұқа түседі. Үскірік суық бола қалса, онша ұзаққа созылмайды. Төрт-бес күн қысып-қысып алады да ашуы тез тарқап, маужыраған қалыбына келеді» (14,240).

Енді осы үзіндінің орыс тіліндегі нұсқасын оқып көрейік.

» В горной местности погода переменчива, и зимы в долине реки Текес случаются то слишком суровые, то, наоборот, мягкие.

В иную зиму снег выпадает по колено, а случается, что еле прикрывают замлю. Наведываются сюда и трескучие морозы, но не надолго. Дней пять постучат они под окнами, а потом смягчаются» (12,166).

Аударма сәтті шыққан. Міне, аударма көп жерде нақ осы сияқты болып, Б.Соқпақбаев бейнелеген көрініс жанды қалпында көз алдыңа келеді де, бүкіл бояуымен, динамикалық екпін –ырғағымен, өз үні, өз тынысымен санаңа, сезіміңе еркін жетіп жатады. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», оқушыны еліктіре баурап алып кетіп отырады. «Менің атым Қожадан» үзінді:

«Құла дөненді желе аяңдатып отырып, түс ауа тау ішіне келіп кірдік. Бұл араның ауа-райы мен жер келбеті төменгі жазыққа еш ұқсамайды. Ызың еткен шыбын жоқ, сап-салқын. Бет алдымыздағы тау аңғары жақтан қоңыржай самал жел есіп қоя берді. Құбылып жайқалған жасыл шалғын, гүл-бәйшешек» (11,35).

Аудармасы: «Мы ехали то шагом, то рысцой и к полудню добрались до гор. Воздух здесь был гораздо чище и прохладней, чем на равнине, а местность во много раз красивее. Исчезла и противная мошкара. От вершин тянуло ласковым, свежим ветерком. Вокруг колыхался плотный, сочный ковер из трав» (12,33).

Мінез жасау, кейіпкер тұлғасын сомдау ерекшелігі туралы айтар болсақ, жазушы шығармаларындағы кейіпкер мінезін қызық даралайды. Шығарма композициясында кездесетін пейзаж, монолог, диалогтар суреткердің стильдік ерекшелігін айқындайды және характердің даралығын танытады. Әсіресе, диалогқа көбірек жүгіну – жазушы қаламына тән ерекшеліктердің бірі. Ал енді осы диалогтардың қалай аударылғанын қарастырайық.

Түпнұсқа:

«– Бұзақы боп ол не істепті. Ел тонап, кісі өлтіріп пе? – деді әжем.

… – Бақа әкел деген өздері көрінеді ғой. Бір Қожа емес, осында өзге балалар да мұғалім әкел деді, соямыз деп, көлшіктен бақа ұстап алып жүрген Енді соның бәріне баяғы атышулы Қожа кінәлі.

  • Сонда әкелген бақаны оған мұғалімнің сумкасына салып қой деп пе?
  • Әдейі салды деймісің, тарбаңдаған неме өзі кіріп кетті де» (11,82).

Аудармасы:

» – Ну, уж и побаловаться мальчишке нельзя, – вступилась бабушка. – Столько шума… Можно подумать, что он поджигает дома или грабит людей…

…– Они же сами велели принести лягушку, – не соглашалась бабушка. – И не один Кожа, все ребята ходили на пруд за лягушками. Теперь всю вину на него взвалили.

  • Да, но никому в голову не пришло положить лягушку в сумку учительницы…
  • А он ее туда клал? Может быть эта косолапая тварь сама туда прыгнула?» (12,81).

Аударма түпнұсқаға жақын. Диалогта балаларының ыстық-суығына күйіп жүрген әженің типтік бейнесі көрінген. Аудармашы қазақ әжесінің сөйлеу мәнерін тәржімалауға айрықша назар аударған.

Қазіргі таңда көркем аудармаға деген талаптар өсті. Оқырман аудармадан автордың өзін, оның шығармасын әлемге әйгілі етіп, ұлылық дәрежеге көтерген қасиеттерінің бәрін іздейтін болды. Аудармашы түпнұсқаның бар стилін – интонациясын, үн-ырғағын, образдылық жүйесін, ұлттық ерекшеліктері мен тарихи сипатын, синонимдердің, идиомалардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларын айнытпай бере білу керек. Жеке бір сөздердің мағыналық, образдық орны ғана емес, болмашы екпіні мен емеурінін де жеткізу керек. Бұл аудармашыларға қойылып отырған заман талабы.

Енді осы талаптың тұрғысынан сол «Менің атым Қожа» повесінен тағы бір мысал алып талдап көрейікші.

«Топтың сыртына шыққаннан кейін, шоқша сақалы ашудан дір-дір етіп, тістеніп, әлгі мені алқымнан қылғындыра ұстап сілкіп-сілкіп жіберді.

  • Мойныңды үзейін бе! Баламды алдап қымызымызды рәсуа етіп

ішкендеріңмен қоймай, қаракөлімді неге ұрлайсыңдар?

Арқамнан тасбақа сырғанап түскендей, дір ете қалдым. Көзінен ашу

шатынап тұрған ақ қалпақтыны енді таныдым. Бұл анада бізден шылым тұтатып тартатын, жол үстінде кездескен қойшы еді.

  • Ақсақал, қаракөліңізді мен алған жоқпын, – дедім жалынышты үнмен (11,46 ).

Аудармасы:

» Человек этот был, видимо, не на шутку разозлен. Он стиснул зубы. Пучок его черненькой бородки подпрыгивал от ярости.

  • Он еще спрашивает ? – протянул человек. – Оторву тебе голову,

если она такая, что ничего не помнит!.. Это ты выпил кумыс в моей юрте и украл каракулевую шкурку!

Да, теперь я признал этого человека. Тот самый пастух, что просил у нас

с Султаном спички.

– Не брал я вашего каракуля, – буркнул я краснея

– Наверно, шайтан незримо посетил мое скромное жилище и унес шкурку. До вашего прихода она лежала на месте. Исчезли вы – не стало и шкурки » (12,44 ).

Аудармадағы қойшының соңғы репликасы түпнұсқада жоқ болғанмен, аудармашы Семенов автордың айтқан ойын қамтуға тырысқан. Бірақ манағы талап етілген интонация, ырғақ, яғни түпнұсқаға тән стиль қайда? Олар жоқ. Суреттің бояуы шашырап, баяндау екпіні босап, бір түрлі кібіртік пайда болған.

Сайып келгенде бұл ұтылыс па? Әрине ұтылыс. Мұндай ұтылыс еркін аударманың бәріне де тән. Онда не сөз қалып қояды, не түпнұсқаның жалпы табиғатына лайық келмейтін басы артық сөздер қосылады. Мұның екеуі де шығарманың көркемдік бояуын, суреттің тұтастығын бұзады. Сол бояуды, сол тұтастықты мүмкіндігі болғанша бұзбай, түпнұсқаға неғұрлым жақын етіп, әрі орысша жатық етіп аударуға бола ма? Болады! Олай етуге болатынын кейінгі дәуірдегі көркем аударма тәжірибесі дәлелдеп отыр.

Әдебиеттің бірінші элементі сөз болғандықтан, көркем аудармада әрбір сөзге мән бермесе болмайды. Жазушының суреткерлік өнері де тек сөз арқылы ашылады. Көркем шығармадағы әрбір сөз бүтін денедегі табиғи мүше сияқты. Оның әрқайсысының алатын орны, атқаратын міндеті бар. Түпнұсқада белгілі бір мағыналық міндет атқармастан бос тұратын бірде-бір сөздің табылуы да мүмкін емес. Ондай сөздер, әсіресе, Б.Соқпақбаевта табылмайды. Ол әрбір сөзді жеріне жеткізіп пайдалана білген жазушы. Осы орайда атақты жазушы Л.Н.Толстойдың мынандай бір пікірін келтіре кету артық болмас дейміз. » В разговорной речи, – дейді ол, – мало будет разницы, каким способом мы выскажем свою мысль, но в художественном произведении мы должны высказать ее идеальным способом. Мысль высказана в художественном произведении только тогда, когда ни одного слова к сказанному нельзя ни прибавить, ни убавить, ни изменить без того, чтобы не испорить произведения. К этому должен стремиться писатель».

Көркем аудармадан да біз осыны талап етуіміз керек. Онда да әрбір сөзді шегіне жеткізіп айтып, қосып- аларлықтай ешбір олқылық қалдырмау – аудармашы суреткер үшін асыл мұрат.

Сол себепті аудармада әрбір сөздің мағынасын қуып оны қалдырмай жеткізуге тырысуды «әріпқойлық» деп жариялау дұрыс емес деп ойлаймыз. Әріпқойлық дегеннің мәнісі аударғанда әрбір сөздің мән-мағынасын қалдырмай жеткізуге тырысуда емес, сөйлем құрып, ой өрнегін сызу үстінде сол сөздің лайықты да қисынды орнын тауып қоя білмеуде.

Біз түпнұсқадағы сөйлемдерді, оның ішінде күрделі сөйлемді де бөліп-жармастан дәл аударуды қолдаймыз. Бұлай етпейінше автордың стилін шын мәнісінде толық жеткізу де мүмкін емес.

Аудармашының автордың стилі мен шығармашылық түпкі ойына немқұрайлы қарым-қатынасы аударма сапасына, оның балама деңгейіне үлкен зиянын тигізетіні белгілі. Бұл аудармашының түпнұсқаға қалауынша өзгерістер енгізуінен немесе амплификациялардан көрініс табады. Иә, «… аударманың белгілі дәрежеде еркіндікке де правосы бар. Бірақ, сол еркіндіктің өзі түпнұсқада бейнеленген мазмұн мен түрді, яғни нақтылы өмір көріністерін дәл суреттеу мақсатынан туып жатуға тиіс. Сонда ол еркіндік дегеніміздің өзі дәлдікке жетудің жолы ғана болып қалады. Жай сөзбен айтқанда аудармашы түпнұсқаны тастап ешуақытта ауа жайылып еркін кете алмайды (15,51). Ал «Менің атым Қожа» мен «Балалық шаққа саяхат» повестерінің аудармаларында осындай еркін сілтеушіліктерді жиі кездестіреміз.

Тағы да аудармадан мысалдар келтірейік.

» – У Каратая умерла жена и он хочет жениться на моей помощнице Эмине. Но человек он стеснительный, робкий и просил меня поговорить с ней, намекнуть словом, разведать, как она к нему относиться… В тот самый день, когда он ушел таким расстроенным, я сообщила Каратаю, что Эмине ждет, когда вернется из армии ее Ботпол. Я думала что ты уже знаешь. Каратай женился на дочери Асланбека. Недавно у них была свадьба.

Так вот куда вез зефир Асланбек. Значит я сам того не подозревая, содействовал женитьбе Каратая, вернув зефир! Недаром говориться, что всякое доброе дело, в конце концов, вознаграждается. Я сделал «стойку» и прошелся по траве колесом» (88 б).

Бұл үзінділер түгелдей аудармашы қиялының жемісі. К.Семенов түпнұсқаға өз бетімен өзгерістер енгізуге тырысқан. Бұндай мысалды повестің соңында да кездестіруге болады. Аудармашының шығармаға бұндай қызықты диалогтар қосып, Сұлтанды келтіріп, кейіпкердің толғаныстарын суреттеуін қалай түсінуге болады. Түпнұсқа мен аударманы салыстырып қарай бастасақ, аудармашының өз қалауынша жекелеген үзінділер қосып, мәтіннің көлемін ұлғайтқанын көреміз. Мәселен, аталған повестің оныншы тарауында малшылар күніне арналған ұлан-асыр той болады. Ал аудармашы бұл Смағұл деген қойшының тойы еді дейді. Аталған тараудың аударма нұсқасында Бекболат деген жаңа кейіпкер бар. Сондай-ақ аударманың он бірінші тарауында түпнұсқада жоқ глобус туралы әңгіме бар. Бұндай жайттарға аударма тәжірибесінде жол берілмейді. Аудармашының шығармаға екінші өмір сыйлайтынын, автор мен оқырман арасындағы дәнекер екенін ескерсек, ол жазушы шығармаларының өзіндік ерекшеліктеріне селқос қарамауы керек еді. Мұндай мысалдарды «Балалық шаққа саяхат» повесінен де кездестіруімізге болады.

Түпнұсқа мен аударманың эстетикалық жағынан сәйкестігі көркем аударманың өзекті мәселесі болып қала береді. Бұл мәселені шешу үшін аудару барысында сөзбе-сөзділіктен, мәтін қысқартушылықтан немесе асыра сілтеушіліктен аулақ болуды аудармашының үнемі есте ұстағаны жөн деп ойлаймыз.

Тіпті аудармашы К.Семенов повестің басындағы төмендегідей үзіндіні тастап кеткен.

» Өмірде осы сияқты әділетсіздіктер толып жатыр. Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлардың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа толғанша, оның тәуелді аты болмайды. «ортаншым», «кенжем», «сүйіктім», «жұпарым» деген шартты атаумен жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады. Міне, әділеттік деген. Осы дұрыс емес пе?!». Аталған үзінді аудармада мүлдем жоқ. Бұл аудармашының немқұрайлы көзқарасы немесе оның тырнақшаға алынған сөздерді аудара алмағандығы деп түсінеміз.

Шығарманың сырын тек сөзден іздеу ғана жеткіліксіз. Оның көркемдік –эстетикалық ләззаты, ең алдымен, мағыналық және қисындық тұтастығында, тек өзіне ғана тән ырғақ-үнінде. Мұның бәрін, жоғарыда айтылғандай автордың стилін бұзбай аударғанда ғана жеткізуге болады.

 «Менің атым Қожадағы» мына үзіндіге назар аударайық:

«– Бұл кім?

  • Мен ғой ата.
  • Менің кім?
  • Мен, Қожамын.
  • Мұнда неғып отырсың?
  • Педсоветке келдім.
  • Онда сенің не шаруаң бар?
  • Мен жөнінде мәселе қарап жатыр.
  • Мәселе. Қандай мәселе? Сені мұғалім етеміз дей ме?
  • Директор етеміз дейді.
  • Онда тіптен жақсы. Жалақың көп болады» (88 б).

Аудармасы:

«– Кто это?

  • Я, дедушка.
  • Ты дедушка? – засмеялся старик. – Это я дедушка, а ты, кажется, Кожа?
  • Да.
  • В гости ко мне пришел?
  • Нет. На педсовет…
  • На педсовет? Что же это у тебя за дела на педсовете…
  • Обсуждают меня.
  • Обсуждают? Наверно, хотят поставить тебя учителем?…»(85 б).

Көріп отырғанымыздай түпнұсқаның негізгі қасиеттері түгел сақталғанын көреміз. Мұнда автордың ойы ғана емес, сол ойды жеткізу үлгісі де едәуір дұрыс берілген. Аңғарып оқыған адамға Соқпақбаевтың өзіне тән ырғақ, үн сезіледі. Ал аударма жағдайында проза ырғағының сақталуы маңызды шарттардың бірі. Проза ырғағындағы нәзіктік пен күрделілік, маңыздылық пен сан қырлылық тұтаса келіп ой өзегі – идеяға тіреледі. «Проза ырғағы – шығарманың тілдік-көркемдік құрылымының үндестігі, оның тыныс-тіршілігі, өмір бейнесінің көркем шындыққа айналуындағы ерекшеліктердің түп қазығы, көркем шығарма эстетикалық сапасының өзегі. Проза ырғағының жасалуында: сөздер, сөз тіркестері, синтагмалар, пауза-кідірістер, инверсия, интонация, ой екпіні, ассонанс, аллитерациялар үлкен роль атқарады»(16,158). Сондай –ақ аудармада одағайлар мен қыстырма сөздер қолданылысына айрықша назар аударылу қажет.

Көркем шығарма ырғағының аударма нұсқада сақталуына орай оның сюжет пен композицияға қатыстылығы, сөздің, сөз тіркесінің, сөйлемнің, абзацтың, бөлімнің де өзіндік ырғақтары барлығы, автор тілі мен кейіпкерлер тілі ырғақтарының бөлектігі, образдар ырғағы мен пейзажға, уақытқа қатысты ырғақтардың болуына ерекше назар аударған тәржімашылар Семенов пен Балыкин көркем проза ырғағын сақтауда ішкі ұйқас, ой екпіні, сөздер қайталамалығы мен қосарламалығы, одағайлар, қыстырмалар, қаратпа сөздер қолданысының да, тіпті тіл дыбыстарының да өзіндік әсері барын өз тәжірибелері арқылы анық көрсетеді. Әрине, олқылықтары да бар.

Мысалы:

«Бір күн өтті, тыныш. Екінші күн өтті, тыныш» (182 б). М.Балыкин бұны былай аударған: «Прошел день, другой, тихо» ( 158 б). Түпнұсқаның ырғағы аудармаға қарағанда ұзағырақ. Бұл сөйлемді: » Прошел день, тихо. Другой, тихо» деп аударса да болар еді дегіміз келеді.

Синтаксистің бұзылуына байланысты тағы бір мысал.

«Үһ! Жүрегім орнына түсті» (95 б).

Аудармада бұл сөйлем былай берілген: » И только после этого я успокоился». М.Балыкин сөйлемдегі одағайды алып тастау арқылы баланың толқуларын дұрыс жеткізе алмаған.

«Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» повестерінің көркемдік ерекшелігіне тоқталғанда, алдымен назар аударатынымыз олардың құрылымының өзгешелігі. Мысалы, «Менің атым Қожа» повесі әрқайсысына тақырып қойылған 27 тараудан тұрады. Б.Соқпақбаевтың аталған шығармасына осылай тақырып қойып жазуының өзіндік себептері де бар сияқты. Біздің ойымызша оның ең басты себептері: біріншіден, оқиғаның оқырманға түсінікті, әрі жеңіл болуын көздегендіктен, екіншіден тақырыптардың барлығы дерлік оқушыны күн ілгері алдағы болатын оқиғаларға қызықтыру мақсатынан туындаған. Повестің жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді келтіріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді еріксіз еске түсіреді. Ал аудармашы К.Семенов шығарманы 22 тарауға бөледі. Тарауларға өзінше атау береді немесе екі тарауды қосып, бір тарауға айналдырады. Ал М.Балыкин болса шығарманың осындай композициялық ерекшелігін ескермеген. Аударма тарауларға бөлінбеген және тарауларға атаулар қойылмаған. Бұны автор стилінің бұзылуы деп білеміз.

Ендігі сөз мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің аудармасы туралы. Бұлардың аударылу принциптері орыс әдебиетінде де, біздің қазақ әдебиетінде де көркем аударманың неғұрлым көбірек зерттелген саласы Аударма теориясын сөз еткендердің қай-қайсысы да бұл мәселе жайында азды-көпті пікір айтпай өткен емес. Осылардың бәрінің пікірлерін қорытып айтқанда, идиомалардың – мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің, афоризмдердің, тағы басқа тұрақты сөз тіркестерінің бір тілден екінші тілге аударуға келмейтіндері жоқ. Оларды аударылу тәртібіне қарай, бірнеше жікке бөлуге болады.

«Біріншісі – екі тілде де бар идиомалар. Мұндайларды аударудың керегі жоқ, тек ана тілінің қазынасынан тауып алып, орнына қоя білу керек. Олар кейде мазмұны жағынан да, формасы жағынан да дәл келіп отырады. Мәселен, «волки сыты и овцы целы» – «қасқыр да тоқ, қой да аман», «что посеешь, то и пожнешь» – » не ексең, соны орарсың» деген сияқты. Кейде форма жағынан дәл келмесе де, мазмұны бойынша сол мақалдың толық баламасы бола алатындары бар. «Тише воды, ниже травы» – «бетегеден биік, жусаннан аласа», «из мухи делает слона» – «түймедейді түйедей етеді», «на нет и суда нет» – «жоққа жүйрік жетпейді» деген сияқтылар. Мұндайлардың бәрі соншалық әдемі ауыстырылады да, шығарманың екінші тілдегі нұсқасына жарасымды түрде кірігіп тұра қалады.

Екіншісі – қазақ тілінде ондай дайын үлгілері жоқ идиомалар. Оларды, мазмұны мен формасын дәл сақтай отырып, еркін аударуға тура келеді. Бірақ аударғанда мақал мен мәтелдің барлық ерекшеліктері сақталуға тиіс. Яғни, ұйқасы, үндесуі, ұтқырлығы, әсерлілігі толық беріліп, оқушыға бірден ой салатындай болуға тиіс. «Кто не работает, тот не ест» – «еңбек етпеген ішіп-жемейді»; » лучше меньше, да лучше» – «аз болса да саз болсын»; «лучше поздно, чем никогда» – «ештен кеш жақсы» ; Взялся за гуж – неговори что дюж» – «ауыр жүкке жегілме, жегіле қалсаң, егілме» деген тәрізді. Бұл аудармаларда жалпы формасы да, ішкі ырғағы мен үндестілігі де, бүкіл мазмұны да дәл келген. Сондықтан да олардың көбі қазақтың өз мақалы сияқты болып, тұрмысқа еніп кеткен. Аударманың көздейтін мақсаты да сол.

Үшіншісі – халықаралық аңыз болып, дүние жүзіне тарап кеткен ұғымдар» (17,251).

 Б.Соқпақбаев шығармаларының орысша аудармаларында мақалдар мен мәтелдер өте аз ұшырайды. Барларының көбін аудармашы кейіпкерлерінің образына қарай бейімдеп, ептеген өзгеріспен алған. Сондықтан аудармашылар олардың кейбіреулерін дұрыс ұғып, мақалдар мен мәтелдерге тән сипат беріп аударса, кейбіреулер ондай қасиетін жойып жіберген де, көп сөзбен қарадүрсін баяндау етіп шығарған.

Мағынасын сақтамай сөзбе-сөз аударылған мақал-мәтелдерге «Балалық шаққа саяхат» повесінен мысал келтірейік.

  1. Ағасы бардың жағасы бар.

У кого есть брат, у того есть и воротник.

  1. Дүмше молда дін бұзар.

Мулла-начетчик может извратить веру.

Орыс тілді оқырман бұл мақалдардың аудармасын түсінбесі белгілі. Сондықтан да аудармашыға бұлардың орыс тіліндегі баламасын іздестіруі керек еді. Аталған мысалдар аудармашының түпнұсқаның мағынасын түсінбегендігінен немесе жіті назар аударып оқымағандығынан туған қателіктер деп ойлаймыз.

Ал кей тұстарда осындай мақал-мәтелдер сөзбе-сөз аударылғанда мағынасын сақтайды. Сондықтан олардың орыс тіліндегі баламасын қажеті де жоқ сияқты.

  1. Мешкей деген жақсы ат емес.

Обжора – это самое позорное у нас прозвище.

  1. Мысыққа ойын, тышқанға өлім.

Кошке – игрушки, мышке – слезки.

Көріп отырғанымыздай аудармашылар түпнұсқадан ауытқып шалғай кетпей, мәтелдерді сөзбе-сөз аударған. Кейбір фразеологиялық тіркестер де сөзбе-сөз аударғанда ұлттық ерекшелікті көрсете отырып, мағынасын сақтайды. Аудармашы сонымен қатар көптеген фразеологизмдердің орыс тіліндегі баламасын таба білген.  Аталған шығармадан мысал:

» Әйел мен еркек қосылғанда бір-біріне дүниедегі ең асыл сөздерді тауып айтса, ажырасқан кезде небір адам құлағы төзбейтін лас сөздерді түйдек-түйдегімен боратады екен» (162 б).

Аудармасы:

» Когда люди сходятся, они находят друг для друга самые драгоценные слова, но когда расходятся – из их уст взаимно льется такой поток грязных слов, что уши вянут (143 б).

Немесе: «Жұрт лезде біліп алады да екеуін де ағаш аттың үстіне мінгізіп қояды. Бұдан соң өмір сүргеннен де сүрмеген артық» (113 б).

Аудармасы: » У казахов это такой же позор, как у русских, когда ворота мажут дегтем. После этого уж лучше не жить» (94 б).

Орыс тілді оқырманға мәтіннің мағынасы түсінікті болу үшін аудармашы «ағаш аттың үстіне мінгізіп қою» тіркесін орыстың мағыналық жағынан ұқсас » ворота мажут дегтем» деген фразеологиялық бірлігімен алмастырған.

Ұлттық ерекшелікті есіне ұстаған М.Балыкин бар мүмкіндігінше Соқпақбаевтың өзіндік стилін, бейнелі сөз қолдану тәсілдерін сақтай алған.

Аудармашылар осылайша бейнелі сөздердің кейбірін дәлме-дәл, ал оралымға келе бермейтіндердің «Почти всегда сильное, локоническое место становится непонятным на русском, потому что он не в духе русского языка и тогда лучше десятью словами определить всю обширность его, нежели вскрыть его» – деп Гоголь айтпақшы толық мағынасын беруге тырысқан.

Әрине қазақ мақал-мәтелдерін, фразеологиялық бірліктерін аударудың өзіндік қиындықтары бар екені белгілі. Бұл аудармашыдан түпнұсқа тілінің ұлттық рухына терең бойлауды, ұлттық ерекшеліктерді жете түсінуді, нәзік көркемдік талғамды керек етеді. Сонымен қатар орыс тіліндегі балама түпнұсқадағы мағынасымен сәйкес келу керек. Әр халықтың тарихи-мәдени дәстүрлері әртүрлі болғандықтан бұл өте қиынға соғады.

Енді теңеулердің қалай аударылғанына тоқталайық. Соқпақбаев теңеулеріне келсек, суреткердің соншалық тапқырлығына риза болып, шеберлігіне бас иесіз. Мысалы:

» Сол кезде Жанар шытына қарап:– Қожа, бөгет жасамашы, дегені бар емес пе. Мәссаған керек болса. Мен оның аузынан ондай сөз естимін деп ойлап па едім. Төбемнен ыстық су құйып жібергендей жидіп түстім». Соңғы сөйлемнің әсерілігі сұмдық. Жазушы Қожаның бір сәттік көңіл-күйін бір ғана теңеумен суреттеп берді де қойды.

Соқпақбаевтың теңеулері бірінен –бірі өтеді және сонылығымен бағалы. Мысалы, Қожаның жирен қасқа тепкен кездегі жағдайына байланысты айтылған мына теңеуді бұрын-соңды естімеген де шығармыз. » Жирен ат жалт беріп кеп, қосаяқтап бірді тепті. Мына оң жақ саныма сақ ете түсті тұяғы. Шоқ басқан күшіктей қаңсылап, дөңгеледім де қалдым». Шоқ басқан күшікті көрсеңіздер, ат тепкен Қожа естеріңізге түсер. Ал енді осы теңеуді аудармашы былай береді.

» … он остановился, нахально повернулся ко мне задом и лягнул копытами прямо по моему правому боку. Я завизжал, как шенок, которому прищемили хвост дверью».

Теңеу балама тәсілмен аударылған. Түпнұсқадағы ой, мағына дәл берілген.

Повесте Қожаның тәртіпсіздік қылықтары үшін педсоветке шақырылатыны оқырман есінде болар. Осы кезеңді автор былай суреттейді:

» –Берірек кел, – деді ол қолындағы автоқаламымен бөлменің ортасын нұсқап. Алдымда қақпан құрулы тұрғандай жыбырлап бір-екі аттадым». Талқылауға түсейін деп отырған оқушы кейпі мұнан артық қанық берілмес.

Аудармасы: » – Подойди поближе, – велел директор и показал авторучкой на середину комнаты.

Я сделал несколько шагов, таких мелких и осторожных, будто боялся угодить в капкан».

Мұнда аудармашы түпнұсқаға тіпті жақындай түсіп, оның көркемдік әсерін жақсы жеткізеді. Сонымен қатар жеке сөздерді аударуда және сөйлемнің мағыналық жіктерін қиыстыруда нағыз творчестволық тапқырлықтар жасап отырғанын көреміз.

Тәржімашының шығармашылық даралығы – көркем аудармадағы шеберліктің түп қазығы. Бұл аудармашының маңызды әлеуметтік – психологиялық ерекшеліктерге қатысты және бір тілдегі көркем шындықты , көркем өмірді екінші бір тілге жеткізудегі жеке тұлғасы, қоғамның эстетикалық сұранымына жауап беруі, шығармашы ретіндегі өзіндік үні.

Көрнекті жазушының барлық шығармаларын өз үнімен, өз бояуымен, өзіне тән көрік-келбетімен жеткізе білу – көркем аударманың алдында тұрған үлкен мәселе.