Кәсіпкерлік қызметтегі несиелеудің мәні, мазмұны және түрлері

Несие ─ нарықтық экономиканың тірегі ретінде экономикалық дамудың ажырамас элементін білдіреді. Оны барлық шаруашылық субъектілермен қатар, мемлекет те, үкімет те, сондай-ақ жеке азаматтар да пайдаланады.

Несиенің пайда болуын өнімдерді өндіру сфераларын емес, олардың айырбас сфераларын іздеу қажет. Тауар айырбастау ─ бұл тауардың бір қолдан екінші қолға өтуін білдіреді, және  де осындай айырбас кезінде несиеге байланысты қатынас туындайды.

Несие ─ бұл пайыз төлеу және қайтару шартында уақытша пайдалануға (қарыз) берілетін ссудалық капитал қозғалысы.

Несие ақшалай капиталдың ссудалық капиталға өтуін қамтамасыз ете отырып,несие берушілер мен қарыз алушылар арасындағы несиелік қатынасты бейнелейді. Несиенің көмегімен заңды және жеке тұлғалардың уақытша бос қаражаттары мен табыстаушы экономикалық жүйе төңірегінде жинақтала отырып, уақытша және ақылы негізде пайдалануға берілетін ссудалық капиталға айналады.

Несие мен ссуданың арасында да өзара айырмашылықтар бар. Несие ─ бұл банктің қаражатын құрайтын көзі ретінде барлық несиелік қатынастарды ұйымдастырудың әртүрлі формаларының болуын және сондай-ақ олардың жұмсалымдарының бір формасын білдіретін кең ұғымды сипаттайды. Ссуда ─ бұл ссудалық шот алумен байланысты қалыптасатын несиелік қатынастарды ұйымдастырудың бір ғана формасын білдіреді.

Экономикалық категория ретінде несие ─ кәсіпорындар, ұйымдар мен бірлестіктер, сонымен қатар халық арасындағы несие қорын құру және оларды қайтарылу, пайыз төлеу шартында белгілі бір мерзімге уақытша пайдалануға беру негізінде қалыптасатын өндірістік қатынастар жиынтығы.

Несие экономикадағы орны мен ролі, оның атқаратын қызметтерімен сипатталады. Жалпы несие экономикалық категория ретінде мынандай қызметтерді атқарады:

  • Қайта бөлу;
  • Айналыс шығындарды үнемдей;
  • Айналыстағы нақты ақшалардың орнын уақытша алмастыру;
  • Капиталдық шоғырлануын жеделдету;
  • Ғылыми-техникалық прогресті жеделдету, т.б.

Несиенің формалары, оның құрлымымен және белгілі бір дәрежеде несиелік қатынастардың мәнімен тығыз байланысты болып келеді.

Несиенің формасы ─ бұл несиелік қатынастар құрылымының, олардың негізгі қызметтерінің, яғни әр алуан сыртқы және ішкі өзгерістер барысында толық сақталатын көрінісін білдіреді.

Несиенің екі формасы бар: тауарлы және ақшалай. Мұндағы тауар түрінде берілетін несиені – коммерциялық, ал ақша түріндегі несиені – банктік деп атайды. Қалған несиенің түрлері осы екі форманың тәжірибеде қолдануынан туындайды.

Коммерциялық несие ─ бұл қарыз берушінің қарыз алушыға қарызға берген тауарын білдіреді. Комморциялық несие вексель айналысының пайда болуына себеп болған, экономикада несиелік қатынастардың алғашқы формасы. Несиенің бұл формасының негізгі мақсаты ─ тауарды өту процесінің жеделдету, сонымен бірге одан пайда табу.

Коммерциялық несиенің банктік несиеден айырмашылығы мынандай:

  • Қарыз беруші ретінде банктік мекемелер емес, яғни тауарды немесе қызметті сатумен айналысатын кез-келген заңды тұлға бола алады;
  • Коммерциялық несие тек қана тауар формасында беріледі;
  • Қарыз капиталы өнеркәсіптік немесе сауда капиталымен байланысты;
  • Коммерциялық несиенің орташа құны сол кезеңдегі банктік пайыз мөлшерімен салыстырғанда төмен болады;
  • Қарыз беруші мен қарыз алушының арасындағы несиелік мәміленің заңды түрде рәсімделуі барысында бұл несие үшін төленетін ақы тауар бағасының құнына қосылады.

Банктік несие ─ бұл банктік мекемелерден қарыз алушыларға ақшалай түрде берілетін несие. Бұл экономикада кеңінен таралған несиелік қатынастардың формасы болып табылады. Банктік несие бойынша несиелік қатынасың құралына несиелік шарт немесе несиелік келісім жатады. Банктік несиеде несие беруші: банк немесе арнайы қаржы мекемелері болса, ал қарыз алушылар ретінде кәсіпкерлікпен немесе бизнеспен шұғылданатын қаржы ресурстарына деген сұранысы бар кез-келген заңды ұйым болып табылады.мұнда қарыз берушінің басты мақсаты ─ пайыз түрінде табыс алу.

Коммерциялық банктер өздерінің клиенттеріне әртүрлі несиелер береді, олар мынандай белгілеріне байланысты жіктеледі.

І Қарыз алушылар категориясына қарай:

  1. Қаржылық институттарға берілетін несиелер;
  • Мақсатты қорларға
  • Банктерге
  1. Қаржылық емес агенттіктерге берілетін несие;
  • Өнеркәсіп салаларына
  • Ауыл шаруашылығына
  • Саудаға
  • Дайындау ұйымдарына
  • Жабдықтау-сақтау ұйымдарына
  • Кооперативтерге
  • Жеке кәсіпкерлерге

ІІ Мерзіміне қарай:

  • Қысқа мерзімді (1 жыл)
  • Орта мерзімді (1 жылдан 3-5 жылға дейін)
  • Ұзақ мерзімді (5 жылдан жоғары)

ІІІ Тағайындау және пайдалану сипатына қарай:

  • Негізгі қорларға жұмсалатын
  • Айналым қаражаттарына жұмсалатын

ІV Қайтару дәрежесіне қарай:

  • Стандартты несие – қайтару уақыты жетпеген, бірақ қайтуында күмән жоқ несиелер;
  • Күмәнді несиелер – қайтарылу уақыты кешіктірілген, мерзімі ұзартылған және банк үшін тәуекел туғызатын несиелер;
  • Үмітсіз несиелер – қайтарылу уақыты кешіктірілген мерзімі өткен ссудалар шотына жазылған несиелер.

V Берілу шартына қарай:

  1. Тұтыну несиесі – жеке тұлғаларға тұтыну тауарларын сатып алу үшін және тұрмыстық қызметтерді өтеуге берілетін несие;
  2. Ипотекалық несие – қозғалмайтын мүліктерді кепілге ала отырып ұзақ мерзіиге берілетін несие;
  3. Овердравт несиесі – клиенттің шотынан қаражатты шегеру, дебеттік қалдық бойынша берілетін қысқа мерзімді несиенің формасы;
  4. Овернайт несие — өтімділікті қорғау мақсатында бір түнге берілетін банкаралық несиесі;
  5. Онкольдық несие – кредитордың алғашқы талабы бойынша өтелетін қысқа мерзімді несие;
  6. Банкаралық несие – банктердің бір-біріне беретін несиесі;
  7. Ломбардтық несие – тез іске асатын бағалы заттарды немесе бағалы қағаздарды кепіл алып берілетін несие;
  8. Лизингтік несие – құрал-жабдықтарды жалға алумен байланысты берілетін несие;
  9. Рамбустық несие – шикізаттарды ішке алып кіру және жартылай фабрикаттар мен дайын өнімді сыртқа шығару тәжірибиесінде пайдаланатын несие;
  10. Сенім несие – банктің сеніміне кірген, төлем қабілеті жоғары клиенттерге берілетін несие;
  11. Маусымдық несие – жабдықтаушының қаржыландыру уақыты мен түсім алу мерзімі арасындағы уақыт бойынша алшақтықты жабуға арналған несие.