Қазақ тіліндегі жалқы есімдердің марфологиялық құрылысы

Жалқы есімдердің марфологиялық құрылысын Лингвистикалық бағдарда зерттеу өзекті мәселелердің бірінен болып саналады. Сондықтан да адам аттарының грамматикалық құрылысы бірқатар тілші ғалымдардың ғылыми еңбектерінде әр түрлі тілдердің материалдарында ашып көрсетілген.

Э. Бегматов өзбек тіліндегі жалқы есімдерді марфологиялық құрылысы бойынша дара, күрделі және қысқарған жалқы есімдер,- деп үшке бөледі [25; 120-125]. Ол өзбек тіліндегі жалқы есімдерді морфологиялық, лексикалық, синтаксистік тәсілдерден жасалатыны дәлелді мысалдар арқылы сипаттаған.

Т. Жанұзақов өзінің кандидаттық диссертациясында жалқы есімдерді грамматикалық құрылысына қарай түбір және туынды тұлғалы деп екіге бөліп қараса [26; 14-14]. Кейінгі еңбектерінде дара, туында және біріккен тұлғалы жалқы есімдер- деп үшке бөліп қарайды [13; 129-133]. Татар ғалымы Г. Саттаров татар тіліндегі жалқы есімдерді құрылысына қарай етістіктерден және зат есімдерден жасалғандар деп екі топқа бөліп қарайды да, татарша есімдерді фонетика-морфологиялық жүйесіне және диалектілік ерешеліктеріне жан-жақты лингвистикалық талдау жасалған [28; 20-44].

Азербайжан тіліндегі антропонимдерді зерттеген ғалым З. Садықов азербайжан жалқы есімдерін түбір, туынды және күрделі деп үшке бөліп қарайды. Олардың морфологиялық, лексикалық және семмантикалық жасалу тәсілдерін ашып көрсеткен[29; 20-28].

Түркі тілдеріндегі кісі есімдерінің құрылысы бойынша осындай пікірлер Т. Кусимова [30], А. Шайхулова[31], В.У. Махпиров [32], О. Сайымбетов [33] еңбектерінде ұшырасады.

Шындығында да қайсыбір тілдегі адама аттары жүйесін алып қарасақ та, құрылысы жағынан жай және күрделі болып келеді. А.В. Суперанская әр түрлі үнді- европа тілдеріндегі есімдерді құрылысы жағынан күрделі және апелятивтік болады деп анықтайды. [34; 63].

К.Мусаев түркі тілдеріндегі антропонимдер құрамы жағынан дара және күрделі болып келетінін қарастырады [35;219]. Дүние жүзіндегі тілдерде есімдер грамматикалық құрылысы жағынан осындай бірдей классификацияға ие болғанымен,әрбір тілдегі кісі аттары сол тілдің ішкі заңдылықтарына бағынады .

Орта Азия халықтарымен қазақ халқы ортақ қолданылатын есімдердің өзіндік тарихы мен алуан түрлі сыры бар.

Қазақ тіліндегі есімдер тарихының құрылысы мен құрамына тарихи тұрғыдан кең түрде толық пікір келтірген ғалым .проф.Т.Жанұзақов [13;31-37].

Проф.Т.Жанұзақов ,С.Е Малов ,И.А Батманов А.Н Кононов ,В.В Радлов айтқан пікірлерге сүиене отырып , қазақ есімдерінің шығу тегін Ү-Х ғасырлардан бастап пайда болғанын дәлелдейтін фактілерді келтіреді .

Жалқы есімдерде ,оның ішінде антропонимдерде қазақ тілінің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысының сөз жасау ,өзгерту тәсілінің ізі бар екені көрінеді. Сөз жасау, өзгерту тәсілдері, сөз жоқ, тілдің грамматикалық құрылысының ерекшелігіне байланысты.

Қазақ антропонимдерінің жасалуы негізінен тілдік заңдылыққа, оның нормасына сай бағынады. Антропонимдер бірнеше жолмен жасалады. Олардың ішінде дара тұлғадан жасалу амалдары бар. Бұл ежелден белгілі қалыптасқан тәсіл. Дара тұлғаға қосымшалар қосу арқылы жаңа мағыналы есім жасалады. Оны тума ат деп атаймыз. Мысалы: Тілек деген антропонимге қосымша қосу арқылы жаңа тұлғалы антропоним жасалады. Антропонимдердің жасалуындағы өнімді жолдың бірі- екі сөзден біріктіріп жасалған кісі аттары. Мұндай антропонимдік типке тән арқау сөздер, көбіне, ақ, сары, бай, бек, хан, болат, тас, жан сияқты компонеттер. Антропонимдердің түрленіп, тұлғаларының өзгеріп отыруында аффикстердің рөлі зор.

Кішірейткіш яки еркелету жұрнақтары арқылы абревиатуралық немесе деминутивтік есімдер жасалады. Осы антропонимдік аффикстер арқылы шет елден енген есімдердің өзі жаңа өң, келбет алып жасалып отырады. Аффикстік тәсіл арқылы үстеу, сын есімдік антрополексималар жасалады. Мысалы: Асаншылап, Асандай, Асаншы, Асансынды т.б.

Антропоноимдер тілдегі жалпы есім сөздерден жасалады. Сондықтан да олардың басым көпшілігінің мағынасы айқын, ашық тұрады. Осындай антропонимдерді мәнді антропоним деп атаймыз. Осының керісінше жалқы есімдер (антропонимдер) жалпы есімге ауысады. Мысалы: шығанақшы, жақаевшы т.б. Антропономдер қосымша қосу арқылы грамматикалық мағынаға ие болады. Мысалы: Мақыш, Сәрсен, Омарлар келе жатыр. Асандар жұмыс істейді. Мұндағы көптік жалғау арқылы ол адамдардың өздерінен басқа да жолдастары барын білеміз.

Антропонимдер топонимдерден, сондай-ақ этнонимдерден де жасалады.

Профессор Т. Жанұзақов қазақ тіліндегі антропонимдерді тұлғасына қарай үш түрге бөліп қарайды, және оларды төмендегідей мысалдармен дәлелдейді. [13;131-133].

Профессор Т. Жанұзақов қазақ тіліндегі дара тұлғалы кісі есімдеріне төмендегідей мысал келтіре отырып, өте нанымды етіп дәлелдейді. Сонымен қатар ол есімдердің шығу тегіне де этимологиялық талдау жасайды. Жасалу жағына және тұлғасына қарай, қазақ тіліндегі кісі аттары өте ерте заманнан- ақ түбір және күрделі тұлғалы болып келеді. Қазақ тіліндегі басқа сөздер тәрізді жеке тұрып түпкі мағынаны бере алатын да, бере алмайтын да кісі аттары бар .Ондай кісі аттарын бөлуге, яки бөлшектеп айтуға болмайды. Өйткені, олар тұтасқан дара түбірден тұрады. Ондай кісі аттары, негізінде, жалпы есімдерден жасалады. Мысалы: Дос, Нұр, Сая, Сәт, Тана, Шал, Өмір, Ырыс, Бәтес т.б.

Егерде осы айтылған кісі аттарын буынға бөліп немесе бөлшектеп қарасақ: (Са-я, С-а-я, Д-о-с т.б.), бұлардан еш нәрсені түсінбес едік те, мәнде шықпас еді. Олай болса, түбір тұлғалы кісі аттары, көбіне, төл сөзден жасалып, орнықты болып келеді. Ана тіліміздің байырғы сөздерден жасалған түбір тұлғалы кісі аттары өте көп. Мысалы: Асыл, Алма, Асқар, Асау, Арай, Бақыт, Серік, Есет, Жібек, Күміс, Сәуле, Шекер т.б.

Осылармен қатар, басқа да тілдерден енген түбір тұлғалы аттар бар. Олар қазақ тіліне сіңісіп оның заңына бағынып, төл атауымызға айналып отыр. Мысалы: Асан(ир.жеңіл,оңай),Дидар(ир.түр,өң,жүз, шырай), Дихан (ир. Ауыл старостасы, егінші, шаруа), Жомарт(ир. ақкөңіл, кең пейіл, мырза, қолы ашық адам), Қатифа (ар. барқыт), Қырмызы (ир. ашық қызыл түс) Мұқым (ар, тұрақты, мықты) Көдек (ир. бала, сәби), Манап (ар. орынбасар), Маржан (өмір, жан) [13;130].

Профессор Т. Жанұзақов аффикстер арқылы жасалған кісі есімдерін туынды антропонимдер деп санайды. Туынды есімдерді жасайтын жұрнақтарды өлі және тірі жұрнақтар деп екіге бөліп өлі жұрнақтармен жасалған есімдерге төмендегідей мысал келтіреді.

Тіліміздегі басқа да сөздер сияқты антропонимдер де қосымшалар қосылу арқылы туынды тұлғалы болып келеді. Ондай жолмен жасалған есімдер өте көп. Сондықтан, бұндай тәсілмен жасалғандарды тума ат деп атауға болады.Бір түбірден болмаса бір негізден өрбіген антропонимдерді көрсетеді [13;132].

Ер компонентінің қосылуы арқылы жасалған антропонимдер: Еркін, Ерлен, Ерлан, Ерден, Ерлік, Ерміш т.б. Антропонимдік қосымшаларды екі жікке (өлі және тірі жұрнақ деп) бөлуге болады. Мысалы: Ерміш, Жармыш, Тілеміс, Жасамыс, Өтеміс, Малсақ сияқты антропонимдегілер көне жұрнақтар. Бұлар қазіргі тіліміздегі сөздерге жалғана бермейді. Тірі жұрнақтар бір сөз табына тән сөздерден, екінші сөз табына жататын сөздерді және антропонимдерді жасайды. Ол жұрнақтардың атқаратын қызметі, өзіне тән мағыналары тән. Мысалы: —лан жұрнағы зат есімнен етістік тудырады да зат есімге айналады. Мысалы: Нұрлан, Ерлан, Ербосын т.б. – лы, -лі, -ды, — ті жұрнақтары зат есімнен сын есім туғызып, қайтадан субстантивтенеді. –Лық жұрнағы есім сөзге жалғасып, зат есім тұлғалы сөз тудырады. Мысалы: игілік, жақсылық, аналық, аталық, сағындық, сүйіндік т.б. Бұл сөздерден қайтадан антропонимдер жасалады.

Сонымен, қатар туынды тұлғалы антропонимдер негізінен аффикстік жол арқылы жасалатыны байқалады.

Ғалым біріккен тұлғалы есімдерге түрколог Е.В. Севортян т.б. тәрізді ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып төмендегідей қорытындыға келеді.

Қазақ тілінде сөз тудырудың, жаңа сөз жасаудың бір амалы екі түбірді біріктіріп айту. Бір сөзді екінші сөзге біріктіріп жаңа сөз тудыру тек кейінгі кезде ғана шыққан тәсіл емес, арғы заманнан келе жатқан, әбден орнығып қалыптасқан, үйреншікті тәсіл.

Тіліміздегі кісі аттарының басым көпшілігі екі сөзден біріккен, яғни біріккен тұлғалы болып келеді. Олар, әдетте, сын есім мен зат есім, етістік пен зат есімдердің бірігуі арқылы кісі аттарына айналып отырады.

Біріккен тұлғалы кісі аттарына үш түрлі қасиет тән.

Олар:

  • Аффикстік тәсіл. Бұл тәсіл бойынша, түбір сөзге қосымша жалғану арқылы жасалады. Мысалы: Қойшыбай, Қойлыбай, Малдыбай, Аналық, Аталық, Жақсылық, Игілік, Сағындық т.б.

2) Дербес мағыналы сөздердің бірігуі арқылы жасалатын есімдер. Мысалы: Бекайдар, Базарбай, Нұрсұлу, Айсұлу, Күлімхан, Сағынғали, Қозыбай, Асанхан, Ақжолтай, Қаракөзайым, Бәдігүлжамал т.б.

3) Эпитеті алды-артында келіп бірге айтылатын кісі аттары. Бұлардың екі сыңары да бірдей айтылып, бір адамның есімін білдіреді. Бірақ бөлек жазылады. Мысалы: Қозы Көрпеш, Баян сұлу, Қыз Жібек, Ер Төлеген, Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Қобыланды батыр, Ақан сері, Біржан сал, Алдар көсе, Жиренше шешен, Асан қайғы т.б..

Кейбір кісі аттарының екі сыңары немесе бір сыңары басқа тілдерден енген болып келеді. Мысалы: Ахметқали, Мұхаметқали, Сейтқазы, Сұлтанәлі, Аббас, Жамалхан, Қожабек, Гүлзира, Қожабек, Әбдірахман, Әбдіқадыр, Әбдікерім, Абдолла, Хабиболла, Әзизолла, Рахметолла, Құдыретолла, Лутфолла, Нұролла т.б.

Бұл есімдердің әрбір компонентінің шығу тарихы, түпкі мағынасы бар. Абд (ар. құл- раб) сөзімен тіркес келеді де: Абд-оль-керим, Абд-оль-рахман, Обдоль-рахим, Абд-оль-кадер, Абдолла формасында айтылады.

Ал иран тілінде хабиб – «сүйікті», «сүйкімді», олла – «құдай», азиз – «сүйкімді», рахмет — «мейірімділік, рахымдылық», кодрет –«күш, қуат», лотф — «сүйкімділік» — нұр, «жарық, сәуле».Иран тіліндегі бұл зат есімдер алла (құдай) сөзіне қосылғанда Рахметолла, Құдыретолла, Лутфолла, Нұролла сияқты кісі аттары жасалады. Бұлар қазақ тіліне енгенде, тіліміздің заңына бағынып, фонетикалық ерекшелікке ұшыраған. Олардың арасындағы шектес дыбыстар өзгеріп, яки қысқарып барып бірігіп, әрі кірігіп контаминацияға түскен.