сынып оқушыларының білім деңгейін көтеру — бүгінгі күннің талабы

Қазақстан Республикасының білім беру саясатын айқындайтын құжаттарда («Білім туралы» Заңы, «Білім стандарттары», «Білім мазмұнының тұжырымдамасы» т.б.) [1, 2, 3] оқыту үрдісін дамытушылық сипатта және шығармашылық іс-әрекет негізінде ұйымдастыру қажеттігінің атап көрсетілуі жайдан-жай емес, өйткені қазіргі заманның өскелең талаптары оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, олардың білім алудағы дербестігін мақсатты түрде дамытып отыру міндетін қойып отыр.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына жолдауының 3.5. тармағында «Бәрі де мектептен басталады. Сондықтан біздің 2008 жылдан 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшіп, педагогтардың кәсіптік деңгейін, оқулықтар мен білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруымыз керек»- деген талабына сай, бастауыш математикалық білім берудегі аса мәнді өзгерістердің бірі оқушыларды математиканы оқыту барысында танымдық және шығармашылық ізденіске жетектейтін іс-әрекеттерге баулу мақсатының көзделуі болып табылады.

Оқушылардың шығармашылық жаттығуларды орындау икемділігін бағдарлама талаптары деңгейінде қалыптастыру үшін мұғалім бастауыш мектеп оқушысының оқу-танымдық қызметінің жалпы психологиялық — педагогикалық сипатын ғана емес, сонымен қатар оны ұйымдастырудың мазмұны мен әдістемесін терең игеруі қажет. Өйткені, математиканы оқыту тәжірибесіне қарағанда, оқушылардың шығармашылық іс-әрекеттерді орындау бейімділігін қалыптастырудағы олқылықтар, негізінен, оларды шығармашылық жаттығуларды орындауға үйретуде мұғалімдер тарапынан жіберілетін кемшіліктерге байланысты болып отыр. Осыған байланысты білімгерлерге, мұғалімдерге және кіші мектеп жасындағы балалардың ата-аналарына әдістемелік көмек көрсету мақсатыда «Стандартты емес және қызықты жаттығулар» атты бастауыш мектептің 1-4 сыныптарына арналған оқу-әдістемелік құралдар қазақ және орыс тілдерінде дайындалып, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми-әдістемелік кеңесі шешімімен баспаға тапсырылды.

«Бастауыш сыныптар оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытудың теориялық мәселелері» атты бірінші тарауда математикалық білімді игерудегі танымдық дербестік пен шығармашылық іс-әрекеттің өзіндік орнын анықтауға және осыған орай мұғалімнің қазіргі заманғы дамыта оқыту жағдайындағы қызметінің ерекшелігін ашып көрсетуге әрекет жасалды.

«Бастауыш мектептің математика курсындағы шығармашылық жаттығуларды орындау технологиясы» атты екінші тарауда бастауыш сыныптарға арналған жаңа буын математика оқулықтарында қамтылған барлық стандартты емес және қызықты жаттығуларды орындауға қатысты әдістемелік нұсқаулар берілген.

«Бастауыш мектепте математиканы оқытудың теориясы мен технологиясынан орындалатын өзіндік жұмыстарға әдістемелік нұсқаулар» атты әдістемелік оқу құралы институттың ғылыми-әдістемелік кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылды.

Математиканың бастауыш курсын оқыту теориясы мен технологиясынан орындалатын өзіндік жұмыстарға арналған әдістемелік нұсқауда математиканы бастауыш буында оқытудың мақсаты, мазмұны, әдіс-тәсілдері, құралдары және жұмыстың түрлері туралы болашақ мұғалімдерге қажетті теориялық және практикалық білім, білік және дағдылардың жүйесін игертіп, бастауыш мектептің математика бағдарламасына сай анықталған білім жүйесін бастауыш мектеп оқушыларына оқытуды шығармашылықпен орындап, кездескен қиыншылықтарды дұрыс шеше алатын мамандар дайындау жолдары қарастырылған.

Бастауыш сыныптарда математиканы оқытудың теориясы мен технологиясы пәнінен жүргізілетін практикалық-тәжірибелік сабақтарға арналған әдістемелік оқу құралы дайындалып, институттың ғылыми-әдістемелік кеңесіне ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруі – мектеп қабырғасында берілетін білімнің, оқытушылардың кәсіптік білім деңгейлерінің сапасымен тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл дегеніміз, еліміздің тағдыры және ұлтымыздың болашағы мұғалімнің қолында.

Жалпы білім беретін мектеп; лицей; гимназия; бейімдік, бағдарлы мектеп, олардың атқаратын функциялары, т.б. мәселелерді шешу мақсатында Тараз қаласының №12 Керімбай атындағы орта мектеп қала әкімі И. Тортаевтің №956 қаулысына сәйкес мектеп ресурстық орталық етіп алынды.

Мектеп-ресурстық орталығының ғылыми жетекшісі — ТарМПИ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚБА академигі М.Н. Сарыбеков, ТарМПИ-ның ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы, эксперимент бойынша менеджері — филология ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы М.К. Сыдықназаров, және 12 ғалым-педагогтары, Керімбай атындагы №12 мектептің директоры Ф.Ә. Ноғайбаева және директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары Б.Х. Тәжібаев ғылыми-педагогикалық экспериментке қатысатын шығармашылық ұжым мектеп-ресурстық орталығында жүргізілетін ғылыми-педагогикалық эксперименттің Тұжырымдамасын, Ережесін және Бағдарламасын бекітіп, жұмыс басталып кеткен.

Ресурстық орталық жалпы білім беретін бағдарламаға сәйкес білім беру үрдесін үш сатыда жүзеге асырады: 1-саты, жалпы бастауыш білім беру (оқыту 6 жастан басталады, оқыту ұзақтығы 4 жыл, 1-4 сыныптар). 2-саты, негізгі орта білім (меңгеру мерзімі 5 жыл, 5-9 сыныптар), 7-8 сыныптарда бейіналды дайындау енгізіледі; 3-саты, жалпы орта білім (меңгеру мерзімі 2 жыл, 10-11 сыныптар) деңгейлеу негізінде бағдарлы оқыту енгізіледі және т.б.

Мектеп-ресурстық орталығының бастауыш сатысында 2007-2008 оқу жылына арналған жұмыс жоспары бойынша әдістемелік жұмыс бағыты: жеке тұлғаның рухани интеллектуалды және ұлттық мәдениетін қалыптастыруда инновациялық технологияларды оқу-тәрбие үрдісіне енгізу жолдары.

Мақсаты: оқу үрдісіне жаңаша мазмұн беру арқылы жан-жақты дамыған, интеллектуалдық шығармашылық қабілеті мол жас ұрпақты тәрбиелеуде оқытушылардың педагогикалық ізденістерін дамыту.

Жалпы бастауыш білім беретін сатыны бітірген оқушы: өз жасына лайық (сай) білім мазмұнын игеруі және әлеуметтік-маңызды құзыреттілікті меңгеруі, негізгі орта білім беретін сатыдағы білімді жалғастыруға негіз болатын, деңгейлік оқу жоспарына енген пәндер бағдарламаларын игеруі қажет, және т.б.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылы арнайы жасаған жарлығымен білім жүйесін ақпараттандыру бағдарламасы алғаш рет қабылданған болатын.

Осы 10 жыл көлемінде, мектептерде компьютерлендіру мен интернеттендіру нақты іске асты.

Президенттің білімді ақпараттандыру бағдарламасы электрондық оқулықтарды шығаруға септігін тигізді.

Бастауыш мектептің 1-4 сыныптарына арналған: электрондық математика оқулықтары, мультимедиялық оқыту бағдарламалары, электрондық дидактикалық материалдары, электрондық дидактикалық практикумдары; басқа да пәндерге арналған осындай электрондық оқулықтар, т.б. шығарылған.

Электрондық оқулықтар, жеке сабақтарға негізделмеген. Пәннің мазмұнын, оқу материалдарын оқушының тұтастай көруіне арнап жасалған.

Электрондық оқулықтар дайындаушылардың қызметін атқарады. Мұғалімдердің, өздерінің жеке жұмыстарын сапалы ұйымдастыруларына көмектеседі. Электрондық оқулықтың үзінділерін өзінің сабағында режиссер ретінде пайдалана алады. [4]

Мектеп-ресурс орталығының бастауыш сынып мұғалімдері 1-4 сыныптарға арналып шыққан электрондық оқулықтарды (ЭО), электрондық дидактикалық құралдарды (ЭДҚ) және мультимедиялық оқыту бағдарламаларды (МОБ) алып сабақ беру үрдісінде шығармашылық ізденушілікпен пайдалануда.

2008 жылы 14 наурызда, мектеп-ресурс орталығында «Сыни тұрғыдан ойлау стратегияларының сабақ үрдісіндегі тиімді жолдары» тақырыбына өткен қалалық семинар-практикумда мектеп мұғалімдері мультимедиялық сыныптарда интерактивтік тақталарды пайдаланып ашық сабақтарын өткізді.

Бастауыш сыныптардағы «инновациялық зертхана» тобының мұғалімдерінің алғашқы еңбектері Тараз қаласында шығатын «Ашық сабақ» атты ай сайынғы педагогикалық журналда жариялана бастады.

Мектеп-ресурс орталығының бастауыш сыныптарында сабақ беретін мұғалімдерге арнайы құрылған жоспар бойынша берілген әдістемелік нұсқаулар 2006-2007 оқу жылында 12 мақала болып баспадан басылып шықты.

Біз бірлесе отырып әрбір бастауыш сынып оқушысының мектепте сапалы білім алуына, оның жақсы оқуына, қазіргі технологиялық білімді меңгеруіне мүмкіндіктеріне қарай көмектесетін болсақ, онда бастауыш сынып оқушылары бағдарламалық материалды тек қана міндетті деңгейде ғана емес, сондай-ақ мүмкін деңгейін де игереді. Білімнің негізі бастауыш мектепте қаланады. Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосатын да, Егеменді еліміздің көк байрағын жер шарының барлық елдерінде желбіретіп ән ұранымызды асқақ шарықтататын да білімді, елін-жерін сүйетін дарынды, жалындаған жас ұрпақ. Сондықтан да, кіші мектеп жасындағы балалардың білім деңгейлерін талапқа сай көтеру, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Қолданылған әдебиет тізімі

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қаулы №389-1, 07.06.1999 ж., 9.07.2007 жылы өзгертілген.
  2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Орта жалпы білім беру (12 жылдық білім беруге арналған) негізгі ережелері, Алматы, 2006.
  3. Қазақстан Республикасының білім беруді 2015 жылдарға дейін дамытудың тұжырымдамасы 3.01.2004 ж.
  4. Нургалиева Г.К. Цифровые интерактивные мультимедийные образовательные ресурсы. –Алматы, 2007.