Бөкей хандығының тарихтағы орны

Бөкей хандығы құрылып, дамыған XIX ғасыр жалпы қазақ қоғамы өмірінің күрт өзгерістерге ұшыраған кезеңі. Бұл уақытта қазақтың дәстүрлі көшпелі өмірінің шаруашылық, әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуындағы күрделі өзгерістер алдымен, Бөкей хандығының XIX ғасырындағы тарихынан көрініс тапты. Хандық тарихына қатысты материалдар оның территориялық аумағындағы әлеуметтік-экономикалық өмір тынысының бастауларын Кіші жүздің XVIII ғасырдағы тарихына бойлап енуді қажет етеді.

1801 жылы құрылған Бөкей хандығында ішкі-сыртқы факторлар әсерінен әлеуметтік қатынастар өз дамуының жаңа түріне ене бастады. Хандық халқының көз алдында өзгеріп жатқан ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі қоғамның дәстүрлі белгілерінен қазақтардың бас тартуы өте қиындықпен жүрді. Капиталистік тауар-ақша қатынасының дендеп енуі, жерді тартып алушылық, тағы басқа көріністер шаруашылықта дағдарысты күшейтіп, көшпелілердің тұрмыс деңгейін құлдыратты, нәтижесінде дәстүрлі қоғамдық құрылымды дағдарысқа ұшыратты. Отаршылдық саясаттың экстенсивті көшпелі мал шаруашылығына килігіп араласуы, хандық қазақтарының әлеуметтік дамуына әсер етті.

Алдымен, қазақтың дәстүрлі құқысы бойынша өндіріс құралдарына орныққан қауымдық меншік түрлері өзгеріп, енді жайылымға, су көздеріне жеке иелік түрі басым сипатқа ие болды. Өзгеріске ұшыраған әлеуметтік қатынастарда жер қатынастары негізгі шешуші орынға ие болды. Сыртқы факторлар әсерінен шаруашылық құрылымының күрделенуі қоғамдағы өндірістік қатынастарды өзгертіп, әлеуметтік ұйымдасуына әсерін тигізді. Жерге иелік әлеуметтік құрылымның жаңадан пайда болған тобын құраушылардың экономикалық және қоғамдық пайдалы іс қызмет саласындағы міндеті мен ролін байланыстырып, сабақтастырған жаңа факторларға айналды. Хандық аумағындағы табиғи климаттық жағдайдың күрделене бастауынан қысқы жайылымдық жерлердің маңызы артып, жерге иелік, жер қатынасы әлеуметтік өмірде шешуші, айқындаушы роль атқарды. Бұл қоғамның әлеуметтік жіктелісін күрт күшейтті. Малға және жерге жеке иеліктің қалыптасып, орнығуы қазақ қоғамының ақ сүйек және қара сүйек өкілдері қатар қол жеткен жаңа әлеуметтік топ, жік – феодалдар тобын шығарды. Нәтижесінде, табыстың, қанаудың баюдың жаңа түрі шықты.

Хандықтың әлеуметтік өміріндегі өзгеріс – сұлтан, би, старшынға жер үлестіріп, әлеуметтік тірек табуды көздеуден туған. Өте терең ойластырылған бұл әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылу барысында ру басқарушыларының ықпалы әлсіреп, тарих сахнасына шыққан жаңа әлеуметтік топ өкілдерінің ықпалы көтерілді. Бұлар хан саясатын қолдап, жүзеге асырушы топ болды.

XIX ғасырдың алғашқы 20 жылындағы шаруашылықтың даму бағытын және зор жетістігін көрді. Хандық саны өсті, мал басы көлемі орасан көп мөлшерде көбейді. Бірақ, шаруашылықты экстенсивті әдіспен дамыту мүмкіндігінің жойылғандығын ол анық ұғынды. Сондықтан, ол шаруашылықтың құрылымына, даму бағытына өзгерістер жасап, жетістікті сақтауға ұмтылды. Ол шаруашылық құрылымдағы өзгерісті жайылымдық жерлердің басым көпшілігін жеке шаруашылықтарға беріп, қолдау көрсету арқылы күшейте отырып, хандықтағы жалпы шаруашылық дамуының жетістігін төмендетпеуге тырысты. Бұл жеке иелікке жер алған жаңа құрылым жағдайында жетекші орынға ие болды. Жартылай көшпелілік пен егіншіліктің кеңеюіне үлгі болып, шаруашылық дамуының сенімдігіне негіз қалады. Бұл жалпы хандықтағы шаруашылықтың даму бағытын, болашағын айқындау еді.

Ресеймен шаруашылық экономикалық қатынастардың кеңеюіне сәйкес шаруашылық дамуының жалпы талабы да өзгерді. Сауда қатынастарың дамуы, жәрмеңкелер ашылуы осы талаптардан туындайды. Жаңа жағдайға, талапқа шаруашылық мүдделерін үйлестіре жүргізуде де жеке иелері икемділік танытты. Сонымен қатыр, бұл жалпы хандық қазақтарының шаруашылық құрылымын жетілдіре түсті.

Жерді жеке иелікке беруде бірнеше мақсаттар көзделген. Алдымен, малы көп, жер өңдеуге мүмкіндігі бар, экономикалық қуаты мол сұлтан, старшын, билер жерлерге ие болды. Бұлардың жаңа жағдайдағы өзгерістерге өтпелі кезең қиындықтарына төтеп беретіндігі, хандықтың экономикалық қуатын сақтап қалатындығы, шаруашылықты жаңа әдістер тұрғысынан дамытуға үлгі болатындығы ескерілді. Екіншіден, ең бастысы хандықтың осы шеткері іргелес жерлерін жеке иелікке беріп, ол жерлерге «байларды » тұрақтандыру арқылы – хандық жерінің тұтастығын сақтап, шекарасын бекіндіру көзделді. Бұл мақсат өте өміршең әрі стратегиялық тұрғыдан дұрыс таңдалған экономикалық саясат болды.

Хандықтың құрылуы барысында-ақ саяси жүйесінде пайда болған мұндай өзге элементтер көлемі біртіндеп көбейіп, кейін шешуші ықпалға ие болып, нәтижесінде, хандықтың саяси жүйесі қарастырып отырған кезеңімізде даму эволюциясының бірнеше сатысынан өтіп үлгерді. Оның алғашқы кезеңі 1801-15 жылдарды қамтып, бұл жылдарда қондырма мен әлеуметтік – экономикалық базистің даму бағытында, қатынасында белгілі бір келісім, түсіністік, үйлесімділік сақталып, саяси жүйеде қайшылық болмады.

Екінші кезеңі 1816-25 жылдары қамтып, хандықтың саяси жүйесіндегі дәстүрлі әкімшілік – басқару құрылым элеметтерінің әлсіздігі анық байқалып, империяның саяси талаптарына жауап бере алмаған саяси жүйеде шашыраңқылық, бассыздық күшейеді.

Империя құрамында пайда болған хандық жан-жақты әскер шебі және елді мекендермен қатынастарды реттеу, империя щеңберіндегі экономикалық – сауда байланыстарының тереңдеуіне байланысты тауар – ақша қатынастарының дамып, түрлі сауда орындарының пайда болуы, алым-салық жүйесінің дамуы т.б. орталықтанған басқару аппаратын құруға, оның бөлімдеріне нақты міндеттер атқаруға әкелді. Бұлардың қатарында: хан депутаттары, есаулдар, базар сұлтандары, шабармандар тобы және хан жанында орталықтанған кеңсе құрылды. Хандыққа қатысты барлық іс-шешімдері осы кеңсе бөлімдерінде тіркеліп, заңды түрде жүзеге асырылды. Рухани өмір тынысын билік идеологиясына сәйкестендіріп, тікелей бақылау түрлерін дәйекті түрде көрсетті.

Кіші жүздегі ұлт-азаттық көтерілісі феодалдық езгіге қарсы айқын бағытымен ерекшеленеді. Көтеріліс Қазақстанның Ресейге қосылу процесі аяқталу жағдайында жүрді. Патша өкіметінің отарлаушылық саясаты да, айқын сипаттала бастады. Ресей әкімшілік жүйесін алдымен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарында, содан кейін Кіші Ордада енгізудің алғашқы қадамы «1822 ж. Сібір қырғыздары туралы Жарғы» болды. Округтер мен округтық приказдардың құрылуы, Орынбор өлкесінде аралық басқару жүйесі мен арнайы шекаралық комиссиялардың енгізілуі патша әкімшілігіне қазақ руларының жерлерін иемдеуге толық жағдай жасауға тиісті болды. Ресейдің саяси ықпалын күшейту және дәстүрлі қазақ қоныстарын экспроприациялауға (яғни бір топтың жеке меншігінен, бұрынғы әлеуметтік артықшылығынан айырылуы) қарсы наразылықтарды басу үшін біршама орыс бекіністері салынды. Жері жоқ, бишаралық халге түскен бұқара орыс помещиктеріне орыс отаршылары тартып алған жайылым жерге малдарын жайғаны үшін салықтар төлеуге мәжбүр болды. Жайық өзенің бойындағы жерлер Орал казактарына берілді. Қазақ кедейлеріне тұзды көлдерден тұз алуға, қамыс шабуға тиым салынды. Бұларға қоса хан жыл сайын көшпенділерден ақшалай жию алып отырды. Осы қысымшылықтардың барлығы қазақ шаруаларының көтерілісін дайындады. Көтерілістің ұшы бір жағынан патриархалдық – феодалдық топтарға, екінші жағынан патша өкіметіне қарсы бағытталды.

Әлемдік дамудың қазіргі кезеңіндегі үлкен өзгерістер, әсіресе рухани салада ерекше өзгерістер болып жатыр. Халықтар тарихындағы мәдениеттің маңызы мен ролі қайта зерделенуде. Адамзат гуманистік дамудың басты негізі мәдениет екенін түсінуде. Қазақстанның қазіргі жалпы ұлттық мәдениетінің дамуы мен қайта өрлеуі қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін түсіну арқылы, халықтың тарихи және этномәдени жадын жаңғырту арқылы жүзеге асады. Бұл салада Бөкей хандығының мәдени мұрасын зерттеудің тарихи маңызы зор. Шындығында да XIX ғасырда Бөкей хандығы материалдық және рухани мәдениетінің дамуымен ерекшеленеді. Бөкей хандығы Қазақстандағы бүкіл мәдени ұжымдардағы істердің қолға алынуына негіз болды.

Бөкей хандығындағы мәдени өмірде “Қару – жарақ палатасының” орны зор болды. Бұл қару – жарақ үлгілері жиналған мұражай тектес бөлме еді. Қару – жарақ палатасын ұйымдастыру туралы ой ханға 1827 жылы Петербург қаласында болып, астанамұражайларын көргеннен кейін туған еді. 1828 жылы хан Жанқұста 23 бөлмеден тұратын сарай салды. Оның бір бөлмесі мұражайға бөлінді. Хан әр түрлі сирек заттарда, тарихи жәдігерліктерді әсіресе отбасы үшін қымбат заттар мен қару-жарақтарды сұрап тума-туысқандарына хат жазады. Жәңгір ханның әкесі Бөкей хан әулеттің үлкені ретінде, отбасылық жәдігерліктерді, қымбат сыйлықтарды сақтаған екен. Бөкей ханның мұралары “Қару – жарақ палатасының” негізін құрады.

Ханның замандастарының айтуынша қару-жарақ палатасының төрінде қызыл ағаштан жасалған кең шкаф тұрды. Оның ішінде әр түрлі қару-жарақ түрлері, винтовка, семсер, қылыш, қанжарлар ілініп тұратын. Бұлардың ішінде екі қылыш болды. Қымбат тастармен әшекейленген бұл қылыштар патша сыйлығы болатын. Сонымен қатар мұнда жылқы әбзелдері, ер-тұрмандар, күнделікті өмірде сирек кездесетін күміспен, қымбат тастармен әшекейленген заттар тұратын. Архивте мұражай коллекциясының бағасы туралы мәлімет бар; мылтық және суық қару – 6415 сом 75 тиын күміс, ат әбзелдері 1600 сом күміспен.

Хандықтағы бірінші штаб-лекарь Александр Сергачев. Ол Қазан университетінің медицина факультетін аяқтап 1832ж. көктемінде хан Ордасына келді. 3 жылдан кейін ол Саратов губерниясының ояздық дәрігері болып тағайындалды. Ал 1838 жылы қайтадан Ішкі Қырғыз Ордасы ханының дәрігері болып бекіді. 40-шы жылдардың басында оны лекарь Евланов ауыстырды. 1848 жылы Орда дәрігері болып А.Г. Тунорев бекіді. Қазақ даласындағы бірінші дәрігерлік пункт осылай қалыптасты. 1840 жылы ханның кепілдемесі бойынша Бөкей хандығына мал дәрігері Константин Петрович Ольдеков жіберілді. Ол Санкт-Петербургтегі дәрігер – хирургиялық академиясының толық курсын тәмәмдаған еді. Мал дәрігерлік қызметте және ағарту ісінің тарихында көптеген жақсы бастамалар осы кісінің атымен байланысты. 1848ж. хан Астраханнан шешекке қарсы егуші татар Абдулмамек Юсуповты шақырды. Ол қазақ жастарын шешекке қарсы егуге үйретті.

Татар 1869 жылға шейін Ордада жалғыз шешекке қарсы егуші болып қалды. 1869 жылы шешекке қарсы егушілердің саны көбейіп әр бөлімде бір-бір шешекке қарсы егуші тағайындалды. 1852 жылы Ордада аурухана ашылды. Ол 2 бөлімнен тұрды:

  • ақсүйектер үшін;
  • хан ордасына келушілер үшін.

Алайда, бұл жағдайлар Ордадағы әлеуметтік толқулар мен көтерілістерді тоқтата алмады.

Қазақстанның Ресейге қосылу процессінің барысында әскери көтерілістермен қоршалып, патша ағзамға бағындырылған қазақ қоғамында соның ішінде ішкі (немесе Бөкей) Ордасында феодалдандыру күшейді. Феодалдық отарлық езгінің шұғыл күшеюі, ауылдық – қауымдық жерлерді ақсүйектерлердің озбырлықпен жаппай тартып алуы шаруашылық өмірдің құлдырауына, ауылдық ұжымдардың экономикалық әлеуетінің (потенциал) әлсіреуіне, күйзеліске ұшыраған және кедейленген шаруашылықтардың санының артуына, халық арасында сенімсіздіктің өсуіне, хан өкіметінің беделінің шұғыл төмендеуіне алып келді.

Бөкей Ордасында патриархалдық – рулық тұрмыстың үстемдік етуі белгілі – бір деңгейде старшындар, батырлар және қарапайым қазақтар арасындағы топтық айырмашылықты бүркемелеп отырды. Алайда сұлтандар мен старшындар арасындағы рудағы ең басты жағдайда орын алу үшін талас тоқтамады. Бұл екі топтың арасындағы топ күресінің көрінісі болды. Бұл қайшылықтар әсіресе Сырым Датов, содан кейін И.Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған көтерілістерде айқын орын алды.

Сонымен, ішкі (немесе Бөкей) Ордасындағы ішкі саяси жағдай оның тарихының өн бойында шиеленіскен жағдайда болды. Салыстырмалы түрдегі тыныштық саяси режим мен хан өкіметіне қарсы қарулы көтерілістерге ұласып отырған бұқара толқуларымен алмасып отырды.

Патриархалдық-рулық қатынастармен бүркемеленген міндеттіліктердің әр-алуан үшін «ахун» бастаған молдалар тобын жасақтау, арнайы күзеттегі әскер тобын ұстау хан билігін бекітіп, басқаруды орталықтандыру саясатына қызмет етті. Жергілікті жердегі көшпелі рулар шеңберіндегі дәстүрлі қалыптасқан биліктің басты тірегі «билерді» ығыстырған Жәңгір хан орталықтанған басқару құрылымына сәйкес төменгі билік буынының ру басқарушылары мен старшындарды өзі тағайындау арқылы жүзеге асырды. Нәтижесінде, хандықта хан-сұлтан мүддесін көздеп, жүзеге асыратын вертикальды бағытта өте шнбер үйлестірілген саяси жүйе орнықты.

Әдебиеттер

1.Бөкейорда тарихы. Жауапты ред. Рысбеков Т.З. – Орал. – 2001.

2.Кенжалиев И.Н. Исатай Тайманов. – А. – 1977.

3.Рысбеков Т.З. Этюды истории родного края. – Уральск – 2007.