Оқушылардың салауатты өмір салтын имандылық негізінде қалыптастыруда

Бүкіләлемдік көкейтесті мәселеге айналып отырған денсаулық жағдайына қоғамдағы нарықтық-экономикалық дағдарыс, халықтың өмір сүру деңгейі, әлеуметтік өзгерістер, экологиялық жағдайлар, рухани дағдарыстар өзінің кері әсерін тигізуде. Сондықтан қазіргі қоғамның өсіп-өркендеуі мақсатындағы бірінші міндет – салауатты өмір салтын қалыптастыру. Ата-бабамыздың қол жетпес арманына айналған Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, еліміздің жаңа арнаға бет бұруы және саяси-идеологиялық өзгерістерге байланысты төл педагогикамызда жаңа әрі кең ұғымда зерттеліп, пайдаланып жүрген имандылық идеясымен тақырыбымыз астасып жатыр. Және қазақ халқына тән өзіндік ерекшелігі бар имандылық ұғымы жеке тұлғаның салауатты өмір салтын қалыптастыруында аса ерекше деп білеміз. Имандылық ұғымы қазіргі таңдағы педагогика ғылымында жеке тұлғаның құнды ерекшеліктерін анықтайтын, рухани сапалылығы ауқымды үрдіске айналуда. Имандылық негізіндегі салауатты өмір салты – біртұтас, ғылыми тиімді жүйеде қалыптастырылуы қажет.

Қазақстанның ХХІ ғасырда өркениетті әлемнен орын алып, дамыған елдер деңгейіне жетуіне ықпал етер бірден-бір құдірет – білім, білімді ұрпақ. Білімді ұрпақ – рухани дүниесі бай, білімі мен біліктілігі жоғары, талап-талғамы терең, адамгершілігі биік, парасатты, салауатты өмір сүру дағдысы қалыптасқан тұлға болуы тиіс (42, 43). ХХІ ғасырдағы өркениеттің даму негізі – қоғамды ізгілендіру.

Қазіргі қоғамымыздағы әлеуметтік жағдай, білім сапасының реформалануы, мемлекеттік жаңа заңдар, экономикалық, экологиялық дағдарыстар, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, денсаулық ұғымына деген жаңа көзқарастар, салауатты өмір салтына тәрбиелеудің мүмкіндіктері мен жағдайларына жол ашты. Қазіргі заманғы адамның денсаулығы тек дене және физиологиялық дефектісінің болмауы ғана емес, ол толығымен рухани және әлеуметтік саулығын сипаттайды.

«Салауатты өмір салты» деген ұғым денсаулық және адамның өмір салтынан құралған. Денсаулық – адамның дене және рухани қасиеттерінің жиынтығы. Бұл қасиеттер – адамның өмір сүруінің және шығармашылық жоспарларының жүзеге асуының, қоғам игілігі үшін өнімді еңбек етуінің, мықты да тату отбасы құруының және оны тәрбиелеуінің негізі. «Ақша жоғалтсаң – ештеңе жоғалтпағаның, уақыт жоғалтсаң – көп нәрсені жоғалтқаның, денсаулығыңды жоғалтсаң – бәрін жоғалтқаның»дегендейхалық мәтелі,уақытты салауатты өмір салтымен қалыптастырып, зор байлық –денсаулыққа ие болуға болатыны дәлелденді. Денсаулық біртұтас 6 аспектіден тұратынын ескерсек, денсаулықтың негізгі аспектілерінің біртұтастығын жете түсіне білген жасөспірім салауатты өмір сүруге ұмтылады.

Елiмiздiң болашақ азаматы – қазiргi балалар. Яғни, егемендi елiмiздi дамытып, гүлдендiре түсетiн санасы таза және денi сау, рухани-адамгершiлiгi жоғары ұрпақ. Сондықтан, көпшiлiк болып мектеп оқушыларының тәрбиесiне керi әсерiн тигiзетiн келеңсiз жағдайларға қарсы күресе отырып, жеке тұлғаның рухани-адамгершiлiгiн қалыптастыратын салауатты өмiр салтын құруға көңiл бөлуiмiз тиiс. Салауатты өмiр салты дегенiмiз – адамгершiлiктiң асыл қасиеттерiн сақтай бiлудiң тәсiлi.

Бұқараның жас буынын салауатты өмір салты мен өркениетті қоғамда, имандылық тәрбиеде өмір сүруге икемдеу, өмір мәселелерін ойлы шешетін өркениетті салауатты да иманды тұлға етіп қалыптастыру мектеп табалдырығынан басталады.

Елімізде жүріп жатқан ірі саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістерден оқыту, үйрету, білім, тәрбие беру салаларында тың, тиімді, үнемді әдіс, айла-тәсілдер табу педагогика арнасында мұғалімдерді ғылым жолына икемдеу, іскерлікке баулу, икемділікке тәрбиелеу сияқты өзекті проблемалар туындауда.

Көптеген ғалымдардың, әдіскерлердің пікірінше, оқытудың әдістемелік жүйесін өмірдің қазіргі талаптарына сәйкестендіру үшін, оқыту процесінде дидактикалық өңдеуден өткізілген жүйелеу, топтау, іріктеу, жіктеу, баяндау, түсіндіру, болжау, талдау, жинақтау, салыстыру, идеализациялау, модельдеу, байқау т.б. сияқты ғылымның зерттеу әдістерін қолдану қажет.

Оқу-тәрбие барысында ғылымның дидактикалық өңдеуден өткізілген зерттеу әдістерін пайдалану – оқытудың, білім берудің, тәрбие берудің әдіс айлаларын ұштай түсуге, олардың тиімділігін арттыруға көмектеседі, мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін, олардың теориялық-әдістемелік білімдерін шыңдайды, педагогикалық дидактикалық, әдістемелік ой-пікірлердің өрбіп дамуына ықпал жасайды.

Оқыту процесінде оқушының физиологиялық және психологиялық дамуына байланысты түрлі факторларды интеграциялау салауатты өмір салтын қалыптастыруда имандылық негізінде денсаулықты қорғап, нығайту үшін оның педагогикалық ситуациясын түсіне білу – мұғалімдер үшін ең маңызды мәселе.

Сондықтан педагогтар тәрбиесінің басты мақсаты физика немесе химия және т.б. пәндерді керемет меңгерген оқушы тәрбиелеу емес, ең бастысы – адамды оқыта отырып салауатылыққа тәрбиелеу. Адамды оқыту – екі жақты процесс. Онда мұғалім мен оқушының өзара ынтымақтастық іс-әрекеті жүзеге асады. Бұл сабақ беру және оқу процесі. Осы процестерде оқушылардың ақыл-ойы, танымы, білігі мен дағдысы қалыптасады.

Имандылық негізіндеадамгерішілікке, эстетикалық тәрбиеге, дене саулығына, салауатты өмір салтына, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрге тәрбиелеу қажет. Сондықтан, мұғалімдер салауатты өмір салтын имандылық негізінде қалыптастыруда мамандығының шебері болуының маңызы өте зор.

Тәрбие жүйесін құру әуелі нақты мақсатты белгілеу, оны іске асыруға қажетті алғышарттар жасаудан бастау алады. Ізгілікке бағдарланған, саулық және имандылықпен қаруланған, ұлттық тілі нәрімен сусындаған халық игілігін жасаушы болашақ азаматты тәрбиелеуде, келесі міндеттерді шешуді көздейді:

— жеке тұлғаныңтанымдық қабілетін дамыта отырып, ойлау, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру;

— ұлттық мұра негізінде жеке тұлғаның рухани байлығының дамуына жағдай жасау;

— ұлттық қағидалар негізінде жеке тұлғаны салауатты өмірге баулу;

— нақты әрекеттер арқылы жеке тұлғаның имандылық негізде салауаттылығын дамыту.

Жалпы адамның жетілуі – оның рухани дүниесі, адамшылық қасиеттері, мінез-құлқының жетілуімен сайма-сай келеді. Мұндай қасиеттердің жетілуі адамның денесінің жетілуімен байланысты. Ал адамның денесінің жетілуі – денсаулық.

Салауатты өмір салтын имандылық негізінде оқушылардың бойына сіңіруде ислам дінінің біраз мәселелеріне көңіл бөлсек:

  • әрбір мұсылман қолынан келгенше бір-біріне жақсылық қылуы керек. Ісімен болсын, сөзімен болсын, мейлі тілімен. Ең болмағанда жақсылық тілеп тұруы абзал;
  • қанағатшылыққа инабаттылыққа, сабырлылыққа, ар сақтауға, уағадашылық пен ынсаптылыққа ұмтылдырады;
  • еңбек етіп өз отбасын асырауы парыз;
  • адам рухына, түр-түсіне, нәсіліне, байлығы мен дәрежесіне қарамай, Алла алдында тең, демек жер бетінде де тең;
  • білім алуға, бейбітшілікті сақтауға міндетті;
  • адам мінезіне қызғаншақтық емес, жомарттықтың үш түрін ұсынады: көз, қол, көңіл жомартығы;
  • маскүнемідік, есірткі, ұрлық, өтірік айту – иманның, мұсылманның жауы;
  • ата-ананы, ұстазды кұрметтеу көрші-ағайынмен тату-тәтті өмір сүруді ұсынады;
  • гигиеналық талап өте жоғары дәрежеде дәріптеледі.

Осыдан мынадай тұжырымға келуге болады:

  1. 1. Ойы саудың – жаны сау. Жеке тұлғаның білімге, ғылымға деген ықыласын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін дамыту, ой парасатын қалыптастыру.
  2. Жаны саудың – тәні сау. Ұлтымыздың төл мәдениеті, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы арқылы жеке тұлғаның сана-сезімін, имандылық қадір қасиетін қалыптастыру бағытында жұмыстар ұйымдастыру.
  3. Тәні саудың – дені сау. Адамның бір байлығы – денсаулық. Халқымыздың тән тазалығы дене сымбаты жайлы мұрасы мол. Осы мұраның негізінде жеке тұлғаны салауатты өмірге бағыттау, олардың тән саулығымен, жан сұлулығының, имандылығының қалыптасуына көмектесу, бағыт беру.
  4. Ісі саудың – өмірі сау. Еңбек дағдысын жеке тұлғаның бойына жастайынан сіңіру, адал, үлкен жауапкершілікпен, іскерлікпен еңбек ету арқылы өмірін көркейтуге бағыттау.

Мемлекеттің қоғамдық-экономикалық дамуы елдің табиғи байлығына, ауыл шаруашылығының және өндірістің даму деңгейіне және тұрғындардың еңбекке қабілеттілігіне байланысты екені белгілі.

Адамның еңбекке қабілеттігін негізгі үш себептермен байланыстыруға болады:

Жұмыс істей алуы: кәсіби даярлығы, дене және ақыл-ой білімі, еңбек істей алуы, еңбек дағдысын бекіте білуімен анықталады. Орталық жүйке жүйесінің белгілі аймағының қатысуымен уақытша мотонейрон рефлексінің қалыптасуымен білім анықталады.

Еңбекке ниет – мемлекет алдындағы жауапкершілік сезімін өзінің жеке жағдайына ыңғайлылығы және еңбек нәтижесіне қызығушылығы.

Дене және психологиялық мүмкіндік қуаттылығы мен уақыт, еңбек процестерімен танылады.

Халықтың еңбекке қабілеттілігін айтып отырған себебіміз, болашақ қоғамды еңбекке қабілетті ұрпақтар орын ауыстырары сөзсіз. Дәл осы қоғам – экономиканың болашағы ретінде ұрпақ үшін қамданады.

Егер мемлекет мақсаты – заңдар мен құқық болса, жеке тұлғаның қалыптасуындағы мақсат – физикалық дене және рухани саулығы болар еді.

Экономикалык дағдарыс, өмір сүру деңгейі, әлеуметтік өзгерістер, экономикалық жағдайлар адам денсаулығына кері әсер беретіні шындық. Қазіргі әлемдік проблема – денсаулық көрсеткішінің нашарлығы, зиянды заттарды саналы түрде қолдануы, баланың туылу санының кемуі, өмір сүру жасының төмендеуі, науқас және өлім деңгейінің көтерілуі.

Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша адамдар ең бірінші жарақаттанудан көп өлімге ұшырайды, екінші уланудан, үшінші жүрек ауруынан, төртінші қатерлі ісіктерден зардап шегеді екен. Мұның басты себебі – теріс әлеуметтік фактор, теріс экологиялық фактор, дұрыс салауатты өмір салтын қалыптастырмау.

Имандылық пен салауаттылыққа тәрбиелейтін мұғалімнің даярлығын калыптастыру болғандықтан, тәрбиедегі имандылық түсінігіне педагогикалық көзқараста түсінік беріп көрейік.

Мектептегі оқытылып жатқан имандылық идеялардың діни бағыты басым. Имандылықтың қазіргі таңдағы адам ерекшелігіндегі құндылық касиеттерінің бірі екені жүйесіз ескерілген. Егеменді еліміздің көштен қалмай, дамыған мемлекеттермен терезесі тең болуы үшін, бүгінгі тәрбие жүйесіндегі кемшіліктерді көре білуіміз керек.

Тәрбие дегеніміз – әрбір халықтың ертеңгі елдің тұтқасын ұстар, ұрпағына өмір тәжірибесін електен өткізіп, тек жақсы, пайдалы, сапалы жақтарын мұра етіп қалдырған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие, өнеге өсиеттер жиынтығы. Осы тәлім, өсиеттерді өмір салты барысында баланың бойына сіңірудің тиімді әдіс-тәсілдерін пайдалану – бүгінгі мұғалім, ертеңгі ұстаздар мен ата-аналардың еншісінде.

Дүниежүзілік табиғи бірліктің бұзылуы адам бойындағы тұтастықтың, үйлесімділіктің сақталмауынан деп білеміз. Сондықтан, адамды тәрбиелеу ісінде оның дене саулығы мен рухани саулығын бірге дамыту қажет. Егемен еліміздің келешегі үшін дені сау, рухы биік жеке тұлғаны қалыптастыру мәселелері үкіметіміздің қаулы-қарарларында, тұжырымдамаларында негізгі орын алады.

Адамның материалдық қажеттіліктерінің бірі – физикалық дене мүшесінің саулығы. Бүгінгі күн тәртібіндегі бірінші мәселе – салауатты өмір салтын қалыптастыру. Яғни адамның денесінің саулығы, сақталуы, нығаюы, ширауы, сергектенуі, еңбекке қабілеттілігі, құлшынысы, құштарлығы, ниеттілігі, ынталылығы. Бір сөзбен айтқанда қалыпты биологиялық процесте тұруы. Ал рухани қажеттілік деген ұғым – рухани жетілу, яғни жанның тазалығына, адалдығына, имандылығына байланысты. Осы мәселе тәрбиенің қай жүйесінде болмасын толық қалыптасып, сыңаржақ қалып қоймауы қажет.

Қазіргі заман талабы дүниежүзілік проблемаға айналып отырған денсаулық дағдарысын қайта қалпына келтіру мақсатында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Салауатты өмір салты арқылы адамның дене және рухани саулығына қол жеткізу мәселесін шешуге болады. Сол себептен, бүгінгі таңдағы педагогика ғылымы саласындағы мамандарды даярлау процесінде болашақ мұғалімдерді оқушылардың оқу-тәрбие үрдістерінде тәрбиені имандылық негізінде салауатты өмір салтын қалыптасыруға кәсіби даярлаудың қажеттілік құнын қай кезде де жоймайтыны белгілі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесінде «Салауаттану – денсаулықты сақтау» бағдарламасы бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру тұжырымдамасы. Валеология, Алматы, №1.
  2. Адылханов А.С. Как быть здоровым. Алматы, 1997.
  3. 3. Амосов Н.М. Раздумье о здоровье. Москва, Физкультура и спорт, 1987.
  4. Адылханов А.С., Брусенко З.Г., Сейдуманов С.Т. Шымырлылық шынығудан. Мектеп оқушыларына арналған валеология жөніндегі бағдарлама, Алматы, 1998.
  5. Дені саудың жаны сау. //Денсаулық, №11, 1992, Б.32.
  6. Денсаулығыңды сақтай біл. Алматы, Жалын, 1991,Б.320.