Тәрбие негізі — отбасында

Қазақстан Республикасы Ата Заңының 27–бап, 2–тармағында “Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу –ата–ананың табиғи құқығы, әрі парызы” делінсе, “Қазақстан–2030” бағдарламасында “Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз. Біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді…” делініп ұрпақ тағдыры айтылады.

Бала тәрбиесінде отбасының орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенің қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оған мәдени–әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата–бабаларадың, ұлылардың ақыл–кеңес тәжірибесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжірибесі, өмірдегі беделі, ақыл–кеңестері, ата–ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы, бір–бірін құрметтеуі – үлкен тәрбие мектебі. Бала дүниеге келген күннен бастап ата–ананың ықпалында болып, өмірге бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады.

«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,

Өнерімен қуантады түбінде.

Бала нені білсе жастан, ұядан –

Өле–өлгенше соны таныр қиядан.

Өнер–білім берем десең басынан,

Бер оқуға балаларды жасынан,

Ата–анадан өсіп ұрпақ тараған,

Жақсы–жаман болса, бала–соларда», деп, ХI ғасырда Жүсіп Баласағұн айтқандай, ата–аналар балаларының жеке ерекшеліктерін жас күннен танып, соған қарай бағыт–бағдар, тәрбие берудің маңызы ерекше. Ата–ананың балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы –бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата–ана және олардың балаларының өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сіңімді және негізді.

Ата–ана бала тәрбиесіне ерекше мән беруі қажет. Ана–бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Тәрбиенің негізі «ананың әлдиінен» басталады емес пе?!

Абай қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтінен жаралған» деген ғұламалық ойдытарата келе, ол қасиеттердің міндетті түрде тәрбиеленуі қажеттігі туралы айтады. Абай жетінші қара сөзінде былай дейді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп туса, біреуі–білсем екен демектік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр–жұлтыр еткен болса, соған қызығып, аузына салып, дәмін татып, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай, керней болса дауасына ұмтылып, онан ер жетіңкірегенде ит үрсе, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреуі жыласа да тұра жүгіріп, « ол немене», «ол неге үйтеді», «бұл неге бүйтеді» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі өмірге жаңа келген нәрестенің жан құрамы, «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дегені».

Қатыгез, зұлым адамдар да сүт берген Ана алдында бас иген. Осы орайда Домалақ Ананың (Нұриланың) «Диһнат мама» атану тарихы қызық. Бұлақ басында қара лашықта қалған қарапайым әйел тапқырлық танытып, қарақшылардың теріс қылығына тосқауыл қояды. Бұл эпизодтар бүгінгі ұрпақты ұлы әжеміздің адамгершілік өнегесін қастерлеуге, тәлім алыр, оны көкірегіне орнықтыруға үндейді. Әсіресе, Домалақ Ананың мейірімділікке шақыруы Ана алдында бас игізеді. Ұлы Жамбыл Домалақ ененің қадір–қасиетін, әулиелігін терең түсініп, үлкен жүрекпен жырлайды. Өзі де ұлы анасына тағзым ете тіл қатады. Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда: «Ұлы анамыздың артында, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа созыдып жатқан қыруар ұрпақ бар. Олардың ішінде ержүрек мықтысы да, осалы да жетіп жатыр».

XYIII  ғасырдың аяғындадүниеге келген бала Пушкин де, XIX ғасырдың орта шенінде қазақтың кең сахарасында дүниеге келген Абай да шешесі мен әжесі берген тәрбие уызын еміп өседі. Амал жоқ,1630 жылдары жазылған словак педагогы Ян Амос Коменскийдің «Аналар мектебі» еңбегі есіңе түседі де, ана құдіретіне амалсыз бас иесің деп толғанады.» Ерте жастан тәрбиелеу тағылымдары» мақаласының авторы.

Ата-ана тәрбие беруде, ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргізілген үлгі-өнегесінің мәні зор. Сөз қадірін білетін заманда бір ауыз сөздің ішкі мағынасын жете түсініп,содан өзіне тәлім алған бабаларымыздың қасиетіне не жетсін. Сондай-ақ, атамыз Жүсіп Баласағұн өзінің « Құтты білік» еңбегінде :

Ақ сүтпен бірге сіңген жақсылық

Айнымайды еш, алғанша ажал қапсырып.

Ет сүйекпен бірге біткен қылығың,

өзгермейді салғанша ажал құрығын.

Міне, Жүсіп Баласағұн атамыздың « Құтты білік» еңбегіндегі ойлар ана сүтімен дарыған қасиетті дәстүрлер халықтың салт-санасынан берік орын алатындығы айтылған.

Балаға, әсіресе, ана өте жақын келеді. Ал отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. әке мен ана баланың алғашқы ұстазы. Әсіресе, әкенің рөлі ер баланы тәрбиелеуде басым. Әке ұлына өзінің бар өнерін, естіп-білген білімін түгел үйретуге тырысады. Ал, ұл бала өз тарапынан ағаға, әкеге еліктеп, одан үйренген. «Ата көрген оқ жонар» деген осыдан шыққан.

 Қазақ халқының «Ата–балаға сыншы» деген мақалы бар. Әр әке өз балаларының ерекшеліктерін, қандай іске бейімділігін дамытуға тырысып, ерте аңғарып, ән мен күй өнерінен бейімі болса, өнер қуған сал-серілерге, үй шаруасына бейім болса, үй шаруасының тізгінін беріп, сөз ұғарлық ойы болса, жақсыларға жанастыратын.

Ал қыз абыройы–отбасының, елдің болашағы, босағаның беріктігі. Қазақ «қыздың жолы жіңішке» деп бекер айтпаған. Осындай ұл мен қыздың тәрбиесіне қазақ халқының тек жеке отбасы ғана емес, бүкіл ауыл аймағы, әулеті жауапкершілікпен қараған.»Қызға қырық үйден тыйым» , «Ұлға отыз үйден тыйым» демекші, ұлға да, қызға да айтар сын аз емес.

Әр отбасы ұлы мен қызына салт-дәстүрді, жеті атасын білуді үйреткен. Ата-ананың қанша баласы болса, әр бала ата-анаға өзінше қымбат.

«Алуан-алуан жүйріктің әліне қарай шабатынын» ең алдымен, атасы мен анасы біледі. Тарихқа көз салсақ, халқына қорған, еліне басшы болар азамат өсіріп, төңірегіне аналық мейірімін төгіп, ел анасы атанған аналар аз ба? Домалақ ана, Қараша ана, Мұрын ана, Дәулет бике, Қарқабат ана, Қызай ана…секілді көптеген аналарымыз еліне тұтқа боларлық ұл-қыз өсіріп, бір ру-тайпаның атын иеленіп, өнегелі істері аңызға айналып, бүгінге жетіп отыр. Сондай-ақ, кешегі Түркі қағанаты заманында түрік әлеміне Күлтегіндей батырды, Білге Қағандай дананы сыйлаған ананы халқы хан көтергендей ақ киізге отырғызған, ардақтаған.

«Ана мен әке өздерінің үлгі-өнегелері, гуманистік белгілері арқылы әдептілігімен, өнерпаздығымен, бір-біріне деген өзара достық қарым-қатынасымен, ерен еңбегімен балаларына үлгі өнеге көрсете алады. Егер оқушы маманданған ұстаз десек, ата-ана –өздерінің өмірлік іс-тәжірибесі  арқылы тірбиелік іс-ірекеттерін қалыптастырған ұстаз. Ал, ұстаз өз ісінің шебері, білгір адам болуы қажет» деп толғанады ақын.

Бала тәрбиесі–игілікті іс. Берері де, сұрауы да, жемісі де мол тәрбие саласының ең өзекті саласы. «Шебер ұстаздан–тәрбиелі шәкірттер» деп айту өте орынды. «Бала үшін жай нәрсенің өзі де жаңалық. Бұлар – құмарпаз, әуесқой, тынымсыз зерттеуші».

Ата-аналары балаларын өнегелі сөзімен, жеке басының тәрбиесімен тәрбиелейді. Бала әр нәрсеге сенгіш, тез қабылдағыш, еліктегіш келеді. Әр бала сипағанды, жылы сөйлегенді, аялағанды, еркелеткенді, ертегі әңгіме тыңдағанды, ойын ойнағанды ұратады. Бұл- баланың бойындағы үлкендерден ерекшеленіп тұратын негізгі қасиеті. Бұл қасиеттер тек балаға ғана тән. Өйткені бала сезімі–пәк. Баланы періштеге теңеу осыдан шыққан ба деген ой келеді. «Бала тілі–бал», «Балалы үй–базар» деген мақалды халқымыз өте орынды айтқан. Баланы сипау, аялау, жылы сөйлеу–баланың ақылды, ұстамды, мейірімді болып өсуіне көп ықпал етеді. Ал  балаға ұрсу және оны балағаттау баланың бойында кек алу, өшпенділік қасиеттерді оятады. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне құрғақ ақылдан гөрі үлгі-өнеге арқылы ықпал етудің жұғымды екенін және балаға жора-жолдастарының, құрбы-құрдастарының әсері мол екенін айтқан. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деп, тәрбиелік мәні зор мақал–мәтелдер айтқан. Ата–бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» деп, баланың ой–өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған.

Ата–бабаларымыз жазу–сызуды білмеген кездің өзінде де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, адам құқығын қорғауды назарда берік ұстаған.Мысалы, «Қасымның қасқа жолы» (1511–1518), «Есімнің ескі жолы» (1598–1628), Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» (1680–1718) сияқты көрнекті заңдардың өзі қағазға түспеген. Бұл–заңдық құжаттар.

Ата–заңды аттаған азғындарды «етегін кесіп, елден қу»  деген қағидамен аяусыз жазалаған. Халқымыз ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал арқылы бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі ерекше екендігін атап көрсетеді. Бала тәрбиелей отырып артына із, өшпес мұра қалдырған.

«Жерге себілген дақылдың өсуі жердің құнарлығына, ылғалдылық пен күн шұғыласына байланысты. Осы тұрғыдан алып қарағанда, адамның белгілі бір мамандықты игеру қабілеті де сыртқы орта жағдайына (тәлім–тәрбиесіне) қатысты.

«Бала тәрбиесі–бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек. Бала аурулы, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден; бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі; бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы.«Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі шын, дұрыс мәтел» деп М. Жұмабаев бала тәрбиесіне ерекше  тоқталған.

Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не болмаса ата–ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке – бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.

Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.

Ата – асқар тау,

Ана – бауырындағы бұлақ,

Бала – жағасындағы құрақ, –деп, ата–ана, баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халақ мақалына қайран қаласың.

«Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл – кеңес берумен ғана шектелмейді, – деген болатын А.С. Макаренко. – Тәрбие тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі–өнеге көрсетуде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат–міндеттерімен байланысты болуы керек».

Ата – бабаларымыз баланың дүниеге келуін ерекше күткен. Балаға қамқорлық ол дүниеге келмей–ақ жасалған. Мысалы, аяғы ауыр әйелге жерік асын тауып жегізген, ауыр көтертпеген. Жас босанған анаға қалжа жегізген, сорпалаған, баланы тіл–көзден сақтаған, өсіп–өнген аналарға атын қойғызған, тұсауын кестірген. Бала өсе келе ән айтқызып, домбыра тартқызған.

Жамбылдың жырын, Күләштің әнін, Динаның күйін, Әлия мен Мәншүктің, Бауыржанның ерлігін халқымыз ұрпағына өнеге еткен. Талғат пен Тоқтардай ғарышкерлерін, Абай мен Шоқандай дарынды тұлғаларын тәрбиелеген де халық. Отбасы халық тәрбиесінен үнемі нәр алып отырады. Халық тәрбиесі – отбасы тәрбиесінің негізгі бастауы. Ұрпақтары бұл тәрбиеден нәр алып, бала бойына сіңіреді.