«Марғұлан феномені»

Әлкей Марғұлан. Бұл есімді атаған кезде қазақ қауымының, оның тарихының бір белесі көз алдыңа келеді. Ол – қаhарлы да шерлі, айбынды да мұңды, ерлікпен қасіретке толы ХХ ғасыр. Ол – сол ғасырды дүбірлеткен, гүмбірлеткен, көсемсөз бен қаhарлы іспен бірге қайғы-қасіретке батқан ерлердің заманы. Ол заман- Алаш азаматының заманы, елім деп еңіреген, халқым деп қайысқан қаhармандар заманы.

Шүкіршілік етер бұл жәйт, даламыз ұландай кең болса, бай болса, жүрегі де сондай бай. Жүрегінің байлығы – сәбидей тазалығы, оның ешкімге жамандығының жоқтығы, бейбіт момындығы.

Ия, сонымен бірге халқымыз – батыр да халық. Ол еңкейгенге еңкейеді, шалқайғанға шалқаяды. Шірене қалса асқар-асқар тауларына сүйенеді, еңкейе қалса, иен елін көреді, қаз-қатар тұра қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді.

Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төлебидей көсемдігі бар, Әйтекебидей өктемдігі бар, айтыса қалса Бөгенбайдай ерлігі бар, Қабанбайдай ірілігі бар, қиыннан қиыстырып жол табар Абылайдай тірегі бар, Бауыржандай ерлігі бар елміз. Міне, осындай сайын даланың көп даналарының бірі – ғалым, ұстаз, әмбебап Әлкей Марғұлан.

Академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан қазақ халқының бұрын соңды өмірден өткен заңғар ғұламаларының бірегейі еді. Үстіміздегі ғасырдың басында Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Ол алғашқы кезде Баянауылда, кейін Керекуде оқуда болып, мұғалімдік мамандық алды. Одан соң Семейдегі техникумды 1925 жылы тәмамдап, сол жылы Ленинградтағы Шығыстану институтының филология факультетіне оқуға түсті.

Институтта оқып жүріп, ол Ленинград университеті мен Өнер тарихы институтында да дәрістер тыңдады. Ә.Марғұланның ұзтаздарының қатарында көптеген белгілі ғұламалар болды. Оның ішінде әсіресе академиктер: В.Бартольд, С.Оладенбург, Ю.Крачковский, М.Марр, А.Смайлович, В.Струве, В.Владимиренцев сияқты ғұламалар болашақ ғалымның жан-жақты, түбегейлі терең білім алуына жол ашты. Институттан кейін Ленинградтағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасын бітірген Ә.Марғұлан өте қиын да қызықты «Хандар жарлығы» атты тақырыпта кандидаттық қорғады. Шын мәнінде, бұл зерттеу қыпшақтардың жазба ескерткіштердің зерттеудің алғашқы бастамасы болатын. Қыпшақ проблемасы тек қазақ халқының этникалық тарихымен ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия, Оңтүстік Шығыс Европаны мекендейтін көптеген түркі тілдес халықтардың тарихымен де тығыз байланысты болғаны баршаға аян. Олай болса Ә.Марғұланның және оның шәкірттерін қыпшақтар туралы зерттеулерін Еуразияның басқа да көптеген халықтарының тарихына бірдей қатысы бар.

Ә. Марғұлан – қазақ халқының этникалық тарихын, материалдық және рухани мәдениетін ғылыми тұрғыда өте терең және кең ауқымда зерттеген үлкен ғұлама. Бұған оның Ленинградта оқыған кезінде түрлі ғылымдар саласын жете меңгеріп, лингвистика, филология, өнер, тарих, археология және этнография пәндерінен ойына тоқыған қырулар білім, таным қорларының молдығы көмектескендігі сөзсіз. Осы ойымызға бұлтартпас дәлел болғандай Ә.Марғұлан тұлғасына берілген асқақ бағаны академик А.Н.Кононовтың Әлкеңе жіберген құттықтауынан оқыдық: «Менің есіме Ленинградтың Шығыстану институтында бірге өткізген ең бір қымбат күндеріміз түсіп отыр. Сіз сол кездердің өзінде-ақ байсалдылықтың қол жетпес үлгісіндей болып көрінуші едіңіз. Шығыстың тылсыз жұмбақтарына қызыға ден қойған біздер үшін сіз сол шығыстың өзі сияқты, немесе біздің бақытымызға тап болған шығыс кеніші сияқты көрінуші едіңіз» — деп толғайды әйгілі ғалым.

Қырқыншы жылдардың басынан бастап ғалым көне жазба ескеркіштерді және қазақ халқының рухани мәдениетін, фольклорын жан-жақты зерттеумен бірге қазақ жеріндегі археологиялық ескерткіштер комплексін іздестіру және зерттеу ісін алғашқылардың бір болып қолға алды. Әлкей Хақанұлының тікелей басшылығымен Қазақстанның түпкір-түпкеріне бірнеше археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып республика жерінде көне мәдениет іздерінің бар екені анықталады. Бұрынғы көп зерттеушілер мен саяхатшылардың Қазақстан жерін ежелден бері көшпенділердің көп жолдары ғана айғыздайтын құлазыған құба жөн дейтін ой-пікірлердің біржақты екендігі дәлелденді. Қазақстан жерінде дамыған көне мәдениеттің әр түрлі жағдайларға байланысты жойылып, орнын құм басқандығы ғылыми тұрғыдан анықталды. Оңтүстік Қазақстандағы Сыр, Талас және Шу өзенінің байынан көне қала мәдениетінің іздері ашылады. Отырар, Тараз, Сайрам және Сығанақ қалаларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен бірге сан алуан аңыз-әңгімелер, ертегілер мен эпикалық жырлар нұсқаларын жинап, қазақтың материалдық және рухани мәдениетін зерттеумен жіті шұғылданды.

Қазақ халқының мәдениет тарихы жайында жүргізген сан қилы зерттеулерін нәтижесінде ол 1946 жылы қазақ халқының эпикалық жырлары жөнінде докторлық диссертациясын қорғады, бірнеше ғылыми еңбектер жазды. 1946 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Қазақ КСР Ғылым академиясына айналды да, республиканың көрнекті ғалымы Ә.Марғұлан оның корреспондент мүшесі, ал 1958 жылы толық мүшесі болып сайланды. 1960 жылы оған профессор атағы берілді.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы ғалымның ғылыми-зерттеулері бұған дейін беймәлім болып келген көне мәдени ескерткіштерімен тікелей байланысты болды. Отыз жылдан астам уақыт бойы Ә.Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстанда жүйелі түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қола дәуірінің алғашқы көшпелі тайпаларының мәдениеті жан-жақты зерттелді. Бұл күндері Ә.Марғұланның ғылыми еңбектерінің арқасында сақтар мәдениеті андрон мәдениетінің заңды жалғасы толық дәлелденсе, бұл екі мәдениеттің арқасында Беғазы – Дәндібай мәдениеттерінің дәнекерлік рөл атқарғандығы ғылыми тұрғыда анықталып отыр. Ал Беғазы – Дәндібай мәдениетін ашқан Әлкей Хақанұлы еді. Осы еңбегі үшін және қазақ тарихының бес томдығының жетекші авторларының бірі ретінде Әлкей Хақанұлы Марғұланға 1982 жылы Республиканың Мемлекеттік сыйлығы берілді.

1957-1972 жылдарды Ә.Марғұланның басшылығымн Ш.Уәлихановтың бес томдық академиялық жинағы жарық көрді. Бұл жұмыс ғалымнан қыруар еңбекті, таным-талғамды санасынан шынайы білгірлікті талап етті. Ә.Марғұлан және оның шәкірттерінің іздену нәтижесінде Ш.Уәлихановтың бұрын беймәлім жаңа еңбектері, қолжазбалары, хаттары және басқа да сан алуан құжаттары табылды. Шоқан мұрасын зерттеудің заңды жалғасы ретінде Ә.Марғұлан «Шоқан және Манас» атты монографияны жазуға да көп еңбек сіңірді. Бұл жұмыста ғалым қырғыз эпосы «Манастың» әр түрлі варианттарын салыстыра отырып талдау жасады. Ш.Уәлихановты «Манасты» зерттеуге қосқан үлесін анықтай түсті.

Ә.Марғұлан өзге де авторлармен бірлесіп отырып Қазақстанның орта ғасырлық архитектурасының тарихи туралы іргелі ғылыми монография басып шығарды. «Өнер» баспасында қазақтың қолөнері жайында үш томдық үлкен монографиялық еңбегі Әлекең дүние салғаннан кейін жарық көрді. Онда көп жылдар бойы экспедиция кезінде ел арасынан музейлер қорынан, архив қоймаларынан және мәдениет тарихынан алып жазған шығармалары топтастырылған.

Ә.Марғұлан үлкен ғылыми-педагогикалық еңбекті түрлі ұйымдастыру ісімен де шебер ұштастыра білді. Ол көп жылдар бойы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімін басқарды. Сонымен бірге Қазақ КСР тарихының барлық басылымдарында алқа мүшесі болды. Ол бірнеше халықаралық, бүкілодақ конгрестер мен симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасады. Оның көптеген ғылыми еңбектері Одаққа және шетелдерге белгілі. Көп жылдар бойы түрлі ғылыми мекемелерде еңбек ете жүріп Ә.Марғұлан үш жүзден астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын, сан алуан ғылыми мақалалар жазды. Оның ғылымға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды.

Қорытындылай келе, қазіргі кезде Ә.Х. Марғұланның этнотарихи тәсілін пайдаланып, оған қоса жаңа ізденістер арқылы ежелгі тарихи жыр-аңыздардың, шежірелердің тарихи маңыздылығын қайта қарап, оларды қазіргі заманға лайықты тұрғыдан талдап жанадан табылған жазба және заттық деректермен салыстырып қазақ халқын қалыптастырған сақ, үйсін, оғыз, түрік, қыпшақ тайпалардың бұрын-сонда ашылмаған ақтандақ беттерін ғылыми тұрғылықтан толықтыруға болады. Ол үшін, біріншіден, далалық жыр-аңыздарды, шежірелерді тарихшылар, ауыз әдебиетшілер, этнографтар бірлесе отырып, бір бағытта кешенді түрде зерттеулер жүргізілуі қажет.

Ғұлама перзенттің көз алдымызда өтетін күнделікті тіршілік-қаракетін аңсаудамыз. Ия, ол ғажайып асыл еді. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, Әлекең туралы деректі фильмде түсірілмепті. Бірлі-жарым үзік-үзік таспалар бар шығар, бірақ толғамды ой толғатқан осынау оқымыстымыздың толымды көркем бейнесі жоқтың қасы.

Тарих, әдебиет, этнология, археология және сәулет өнері салаларында ғылыми маңызы зор, терең де жан-жақты зерттеулермен шоқтығы биік, біртуар, ғұлама ғалым Ә.Х.Марғұланның өмірі мен шығармашылығын, оның адамдық-азаматтық тұлғасын тану – біршамыздың борышымыз.