Қазақтың тұрмыс – салт жырлары арасындағы «жылау-жоқтау» ән-өлеңдерінің алатын орны.

Қазақтың тұрмыс-салт жырлары халық ауыз әдебиетінде алатын орны ерекше жанр.Халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, дәстүр салтына байланысты туып қалыптасқан өлең жырлар.Әр халықтың тұрмыс-салт жырларында тақырып, мазмұн, түр жағынан ұқсастықтар кездеседі.Қай елде болсын адам өмірінің үш кезеңі – дүниеге келу, үйлену, қаза табу кезеңдеріндегі дәстүрлі салттар, жаңа жыл салтанаты, еңбек мерекесі секілді құбылыстар өлең жырсыз өтпейді.Қазақ халқының тұрмыс- салт жырлары – тақырыбы, мазмұны бай, түр жанры мол қазына. Олар әдет-ғұрыпқа байланысты бесік жыры, тойбастар, жар-жар, сыңсу, жұбату, беташар, той тарқар айтылады. Мұң-шер жырлары (қоштасу, естірту, жоқтау, көңіл айту, жұбату) жеке адамның, елдің басына түскен қайғы-қасіретті бейнелейді.

Қазақ фольклорындағы тұрмыс-салт жырлары арасындағы «қоштасу» сияқты «жоқтаудың» да тақырыбы сан алуан. Оның негізгі тақырыбы — өлген адамды жоқтау. Біреудің жанашыр жақыны, сүйікті баласы өлсе немесе халықтың қадірлейтін адамы қаза болса, соларды жоқтап өлең-жыр шығару салтқа айналған. Қазақта дүние салған адамды жыл бойына, ас бергенге дейін жоқтау салты ежелден бар, тіпті күні бүгінге дейін сақталып келді. Әдетте, жоқтауды өлген адамның әйелі, шешесі немесе қарындасы айтатын болған және олар жоқтауын өздері шығаруға тырысқан. Сонымен қатар, кейбір жоқтауларды белгілі ақындар шығарған. Жоқтаулардың қайсысында болса да, өлген адамның жақсы істері, қызметі, сүйкімділігі, мінезі, оның қадір қасиеті мадақталады, оның қазасының орны толмас өкініші, ауыртпалығы айтылады. Жоқтау өлеңдері өлген адамға жасалған ескерткіш секілді болған.

Қазақ ауыз әдебиетінде жоқтау өлеңдерінің ертеден келе жатқан нұсқалары өте көп. Бірақ олардың алғашқы үлгілері қай ғасырда туғандығын дәлелдеп айту қиын. Ел арасында сақталып, біздің заманымызға жеткен жоқтау өлеңдерінің мазмұнына қарағанда, олардың бір мезгілде туып, бірден қалыптаса қоймағанын әр кезеңдегі тарихи даму процестерінен байқауға болады. Сондай-ақ, жоқтау өлеңдерінің кейбір үлгілері ұсақ түрде болып келсе, екінші біреулерінің мол сюжетке құрылып, ұзақ айтылатын дастан көлеміне жеткендігін байқаймыз. Мұның бәрі – жоқтаулардың ұсақ өлеңдерден басталып, көлемді поэмаға дейін көтерілуі үлкен даму, қалыптасу процесінде болғандығын және ол талай ғасырмен бірге жалғасқандығын аңғартады.

Жоқтау — қазақтың басқа әндеріндей емес «жоқтаудың» мейлінше әуезді, әсерлі әндері түгел дерлік қазіргі қазақ операларына енді.

«Жоқтаудың» образдық — поэтикалық желісінде салыстырыла алынған бейнелер мен теңеулер көп ұшырасады, өлген адамды мадақтағанда бояуы қалың эпитеттер мен метафоралар қолданылуы шарт.

Үй ішінің қайғы — шерін білдіретін өлеңнен «жоқтау» кейде жалпы адам баласына ортақ тақырыптарды қозғайтын, терең де түбегейлі ой тербейтін өлеңге айналады. Халық арасында аса кең таралған «жиырма бес» әні де жоқтау.

Ертедегі адамдар өздерінің қайтыс болған жақындарын еске түсіріп, әр түрлі жоқтаулар шығарған, көңілдеріндегі мұң-шер қайғысын білдірген. Олар өздерінің арман-мұңын, жоқтауын адамдарға ғана естіртіп қоймаған, айнала қоршаған әлем дүниесіне, төрт түлік малға да айтқан. Мұны өлген қызына арнаған қарт ана жоқтауынан көруге болады. «Ақ ешкі келе жатыр лағына» деп басталатын бұл жоқтауды қарт ана өзінің қайғысын, жалғыз баласынан айрылғанын ақ ешкіге айтады, сонымен мұңдасады.

«Жоқтауды» ақын — композиторлар да пайдаланған. Ақан серінің жел жетпес жүйрігіне арнаған «Құлагері», Иман Жүсіптің айдауда жүріп аңшылықпен, қыран бүркітімен қоштасып шығарған «Ереймен — тау» өлеңі бізге дейін сақталып жетті.

«Жоқтау» өлеңдердің көпшілігін ақындар емес, өлген адамның жан күйер жақындары шығарған. Мейлінше көркем болғандықтан олар халық арасына кең таралып, саф асыл шығармалар ретінде біздің заманымызға жетті. «Отыз ұлдан жалғыз қалып» қыршынынан қиылған Зәурешті әкесінің жоқтауы, әкесін жоқтаған Бопы қыздың жоқтауы осындай 1919 жылы алашордашылар қазақтың халық батыры Амангелдіні опасыздықпен өлтіргенде әйелінің жоқтағаны кеңінен мәлім. «Жоқтау» қазақ халық әдебиетінде «Теріс өлең» деп те аталады. «Теріс өлең» — жылау-жоқтау ән-өлеңдері халықтың әдет-ғұрып,салт-сана этнографиялық тұрғыдан да, халық әдебиеті мен музыка салалары бойынша да бүгінгі күнге дейін зерттелмей келе жатқан тың тақырып.Қазақ халық әдебиетіндегі «Теріс өлең» — жылау-жоқтау ән-өлеңдерінің жиналу,баспа бетінде жариялану мәселесінің өзі ғылым үшін арнайы зерттеуді талап етеді. Жылау-жоқтау кезіндегі халықтың салт-санасына байланысты әдет-ғұрыптың ұмыт болып бара жатқаны да аз емес. Мысалы, ертедегі қазақтар соғыста қайтыс болған батырларын өзінің мініп жүрген жүйрік тұлпарымен, құрал-жарақ, сауыт-сайманымен, тұз-дәм тамағымен қоса жерлейтін салт-сана, әдет-ғұрыптары бүгінде ұмыт болып кеткен. Ол туралы тек тарихи нақты деректерден ғана оқып, білуге болады.

Біздің заманымыздан бұрын өмір сүрген қазақ халық салтында қайтыс болған кісілерді жерлеу үшін үстіне тастан қалап, күмбез орнатқан. Мысалы, Семей облысы, Аягөз ауданындағы Қозы мен Баян мазарының үстіне тастан қаланған күмбез бүгінге дейін сақталып келді. Қозы Көрпеш — Баян сұлу мазарына қаланған тас күмбез ислам дәуірінен көп бұрын, тас дәуірлерден бері келе жатқан тарихи ескерткіш екенін ескерген жөн. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазаратының үстіне тастан қаланған күмбез ішінде үш әйел, бір еркектің тас мүсіні болғандығы жайында тарихи дерек бар.

Ертедегі адамдар от пен жалынның құдіреті жамандықтан сақтайды және қорғайды деп түсінген. Бүгінгі күнгі адам санасындағы қызыл рең – от, жалынды бейнелейді. Сондай-ақ, қызыл рең қан белгісі болып, қан да ерекше күшке, рухани құдіретке ие деп қараған. Қазақ халқының өте ерте кездерден бастап-ақ қызыл түсті ұнатуы да сондықтан болса керек. Осы күнге дейін қазақ қыздарының тұрмысқа шыққанға дейін үйінде қызыл орамал, қызыл көйлек киіп жүру салты сақталған. Бұл құбылыс ерте кезден қызыл түс, от жалынның белгісі ретінде рухани күш-құдірет екенін танытады. Дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттердің желбіреген туларында қызыл түс, қызыл рең де елін, жерін қан төгіп, жан беріп болса да қорғайтындығын ұқтырып тұр.

Түрк халықтары «жан» сөзін – рух, өмір немесе оны ұшып жүретін керемет түрінде түсінген, солай елестетеді. «Жан» ұғымы туралы пікір ислам дінінен көп ілгері пайда болған. Жан – көзге байқала қоймайтын кішкентай жәндік сияқты, бұл шыбын жан делінеді. Адамның қалыпты жағдайларда ол оның жүрегінде өмір сүреді, әйтсе де кейде жүректі тастап шығып, ауру мүшелеріне келіп орналасады. Бұған «қай жерің ауырса, жаның сонда» — деген халық сөзі дәлел. Өлімнен кейін адамның жаны ауыздан ұшып шығып, ешкімге байқалмай көкке көтеріледі де, өлік жерленгенше сонда қалады. Дүние жүзіндегі көптеген халықтардың түсінігінде кісі қайтыс болғаннан кейін қайта тіріліп, рухани күш, әруақ сияқты қамқоршыға айналатыны сеніммен айтылады. Адамның өзі өлсе де, оның жаны өлмейді. О да тірі адамдай тіршілік етеді деп, оның аруағына ғайбат сөздер айтылмаған.

Қазақтардың ескі түсінігі бойынша, адам ұйықтағанда оның жаны шыбын болып ұшып жүреді. Сондықтан қазақтар «шыбын жаным» дейді. Қазақтардың ырымының бірінде ұйықтап жатқан кісіні қатты бақырып, сілкілеп, жұлқылап оятуға болмайтындығы айтылады. Себебі, адамның ұйықтағанда ұшып жүретін шыбын жаны қайтып ұшып келіп қонуға үлгермей өліп кетуі мүмкін,-деп қараған.

Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-әпсаналарда да жан адам дүниеден өткен соң әруаққа айналады немесе шыбын болып ұшып кетеді деп қарайды. Кейбір халықтардың аңыз-әпсаналарында жан балық түріне айналып суда жүзіп немесе аспанда ұшып жүреді деген пікірлер де бар.

Қазақ халқының әдет-ғұрпы бойынша, бұл дүниеден өткен адамды туыстары мен ағайындары қатар тұрған кісілер (балалары, аға-інілері, туыстары) таяққа сүйеніп тұрып, дауыс шығарып жылау салты сақталған. Дүниеден өткен адамды мазарға жерлеп келгеннен кейін, үйге көңіл айтып келген туыстарының екі қолын қайшылап, құшақтасып амандасатын салт-дәстүрі бүгінге дейін сақталған. Қайтыс болған кісінің артында қалған кісі, қарындастары, келіні және тағы басқа ең жақын туыстарының әйелдері оның жыл асы берілгенге дейін қара киініп, қара жамылып жылау-жоқтау ән-өлеңдерін әр түрлі салтқа байланысты үйде отырып айтады. Қазақтың жылау-жоқтау ән-өлеңін ертедегі қазақтардың әйелдері мен ер кісілері бірдей дауыс шығарып «бауырымдап» жылайтын болған. Ер кісілер көңіл айтуға келген ағайын-ұрық, ауылдастары мен құда- жекжаттарын даладан күтіп алып дауыс шығарған кезде әйелдер үйде отырып жоқтау айтатын салт бүгінге дейін сақталған. Ислам діні ер кісілерге дауыс шығарып жылап-жоқтау айтуға тыйым салды. Дауыс шығарып жылау тәңіріге қарсылық жасағанмен бірдей деп қараған. Дүниеден өту әрбір адамның парызы, оны үнсіз сабыр сақтап қарсы алу керек деген сияқты уағыздарға мойынсындырған. Соған байланысты қазақтың ер кісілері дауыс шығарып көп жыламайды.

Жылау-жоқтау кезінде айтылған сөздің мазмұны дүниеден өткен адамның атақ-абыройына,бақ-дәулетіне,батырлығы мен ерлігіне байланысты айтылады. Жылау-жоқтауды жазып шығарған халық таланттары, ақын, жыршы, жыраулар оның тірі кезіндегі істеген еңбегін мақтап, байсалды мінезін, ақылды парасаттылығын, елге жасаған асыл қасиеттерін, ақылды, білгірлігін айтып еске алады. Кейбір әйелдер жылау-жоқтау өлеңін жаттап алып айтса, кейде өз жанынан қосып, кейде өзі шығарып, қиыстырып та айтады. Қаралы үйдің жанашыр әйелі немесе жердегі жасы үлкен беделді адамдар басу айтып отырады. Қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы, жүзі, айт күндері жылы тағы басқа еске алу күндері ер кісілер есік алдында белін орамалмен байлап, көңіл айтуға келген кісілерді тік тұрып күтіп алады. Бүгінде ислам дінінің уағыздауы бойынша жылау-жоқтау айтпай, үнсіз қарсы алатын салт қалыптасқан. Ал, әйелдер жағы болса үйде отырып жылау-жоқтау айтады. Әйелдер жағы қайтыс болған кісінің қасиетін қастерлеп қаралы әуенмен көркем поэзия үлгісінде айтылған жылау-жоқтау ән-өлеңдерін көркем түрде жеткізіп айтып отыратын кездері аз болмайды.

Атағы елге танылған ел басылары мен оқыған, білімді ғұлама ғалымдары, жекпе-жекте жеңіп шыққан батыр-сардарлары,еңбек озаттары – хан, би, бек, сұлтан, әкім, датқалары қайтыс болғанда жылау-жоқтау ән-өлеңін шығару және айту,бата беруді сол ел-ұлысқа танылған ақындардың біріне жүктеледі.

Баласы немесе күйеуі қайтыс болған қазақ әйелдері шашын жайып жіберіп,бетін тырнап жылайтын салт сақталған.

Жылау-жоқтау – «Теріс өлеңін» алғаш жеке кісілер шығарса да кейіннен ел аузында айтыла жүріп халық әдебиетіне ұласады. Халықтың салт-дәстүрі негізінде бүкіл елге жариялап жылау-жоқтау салт ән-өлеңімен о дүниеге шығарып қоштасқан. Кейде бүкіл ел-жұртқа танылған азаматтардың өмірі мен еңбегін мәңгі еске қалдырудың бір жолы, көркем де үлгілі жоқтау ән-өлеңін шығарып кейінгі ұрпақтың есінде қалдыруды мақсат еткен.