Мәтін туралы реферат

Бұл тарауды жазудағы мақсат функционалды стиль мәтіндерінің интонациялық құрылымын, әр стиль мәтінін түзудегі кідіріс, қарқын, әуен, үдемелілік тәрізді просодикалық тәсілдердің рөлін анықтау болып табылады. Негізгі мәселе төңірегінде сөз қозғамас бұрын мәтін туралы түсінікті айқындап алуды жөн көрдік. «Қазақ тілінің энциклопедиясында» мәтін туралы және мәтін лингвистикасы туралы жазылған негізгі тұжырымдарды келтіре отырып, сонда айтылған басты қағидалар негізінде ой дамытсақ: мәтін (текст) латынша – байланыстыру, бірігу, тілдік таңбалардың мағыналық және тұлғалық байланыстылығы негізінде түзілген ізбе-ізділігі. Мәтіннің құрылымы мына талаптарға жауап бергенде ғана жүзеге асады: сыртқы тұлғалық байланыстарға, белгілі бір ішкі мазмұнға және дер кезінде қабылдана алу мүмкіншіліктеріне ие болуы, қарым-қатынас жасаудың іске асуы т.б.

Мәтін – жазудың шығуымен байланысты қалыптасып жетілген және әрі қарай дамып отыратын тілдік құрылым. Мәтіннің маңызды белгілерінің бірі – оның аяқталғандығы. Мәтіннің негізгі категорияларына хабарлау, қосымша хабар біртұтастығы, уақыт бірлігі, модальдық т.б. жатады [61, 270 б.].

Мәтіннің ырғақты-интонациялық құрылымын анықтаудан бұрын мәтіндерді сипатына қарай жіктеу мәселесіне тоқталамыз. 1974 жылы мәтін лингвистикасы жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінде И.Р. Гальперин: «Мәтінді жіктеу үшін оның негізгі бірліктерін анықтау керектігін» айтқан. Мәтінді жіктеудегі біршама кең таралған жіктеме ол ауызша, жазбаша, монолог, диалог мәтіндері деп бөлу. Ауызша және жазбаша мәтіндерде ұқсастықтар, айырмашылықтар да жоқ емес. Ауызша мәтін де, жазбаша мәтін де оқылған мәтінді қабылдаудағы қарым-қатынас арқылы іске асады. Ауызша мәтін дыбысталған кездегі артикуляция, акустикалық формасымен ерекшеленеді. Бірақ, жазба мәтінде ауызша мәтіннің акустикалық негізі жасалады. Л.Р. Зиндердің айтуынша, просодикалық тәсілдер біріншіден, мәтін бірліктерінің тұтастығын қамтамасыз етеді, екіншіден, сәйкес бірліктердің элементтерін бір-бірімен байланыстырады. Просодикалық тәсілдер басқа вербалды және вербалды емес тәсілдерге қарағанда мәтін тұтастығын құруда міндетті элемент болып табылады. Л.П. Блохина да мәтін элементтерінің бір-бірімен байланысында просодикалық тәсілдердің маңызды рөлді атқаратындығын ерекше атап көрсеткен [62, 3 б.].

Сондықтан да радио, теледидар тәрізді құралдардың көмегімен келіп түсетін ақпарат тасқынында сөйлеу тілі стиліне, дыбысталған мәтінге, жазба мәтіндерді дыбыстау мәселесіне баса назар аударылып отыр. Дыбыстау әдісі, дайындық дәрежесіне қарай мәтінді жіктеуді білу мәтіннің ырғақты – интонациялық сипатын беруде үлкен рөл атқарады. Мәтіндер ауызша және жазбаша түрде жарыққа шығады, бұған қоса дайындықсыз немесе машықсыз сөйлеу, дайындықпен немесе машықты сөйлеу ұғымдары бар.

Дыбысталатын мәтін – оқылған немесе дауыстап айтылған кез келген дыбысталмайтын мәтінге қарама-қарсы (жазылған, баспадан шыққан, жазба түрде ұсынылытан) мәтін. Ауызша мәтін – жазбаша мәтінге қарама-қарсы, сөйлеудің жазбаша түріне жататын сөйлеудің ауызша түріндегі мәтін. Жазбаша мәтін дыбысталады, бірақ өзінің мәтіндік қасиетін сақтайды, сондықтан «дыбысталған мәтін» термині ауызша да, жазбаша да мәтінге тән.

Сөйлеу мәтіні – ерекше қызметтік қалыпқа сөйлеу тіліне қатысы бар, сондықтан ол кітаби қызметтік сөйлеу үлгісіне жатпайтын мәтін болып саналады. Дайындықсыз сөйлеу мәтіні сөйлеп тұрған кезде туындаса, дайындықпен сөйлеу мәтіні бұған керісінше келеді. Дыбысталған мәтінді жіктеудің күрделілігі мынада: дайындықпен, дайындықсыз келуімен қатар, мәтіндер сөйлеудің ауызша және жазбаша түріне жататындығы бойынша қарама-қарсы қойылады, сонымен қатар түрлі функцияны атқаруымен де байланысты болып келеді.

Бірінші топты дайындалған мәтіндер құрайды, оның негізіне сөйлеудің жазбаша түрі жатады. Бұл мәтіндер жазба мәтіндерге сүйеніп оқылады және айтылады. Яғни мәтіндердің барлығында жазбаша түрі бірінші, ал дыбысталуы екінші орында, осыған орай мәтінді оқу мен дыбыстау уақытқа байланысты болады.  Төменде дыбысталған мәтіндерді жіктеудің жүйесі берілді.

Дыбысталған мәтіндерді жіктеудің жүйесі

Дыбысталған мәтін
Дайындалған (машықты)Дайындықсыз (машықсыз)
әрқашан дайындықпенкейбір кезде дайындықпенсөйлеу тілінде емессөйлеу тілінде
Ресми стильКөркем әдебиет стиліПубли

цистикалық стиль

Ғылыми стильПубли

цистикалық стиль

Ғылыми стильСөйлеу тілі стилі
ЖЖЖАЖАААА
ресмиресмиресмиресмиресмиресмибейресми

(Ж-А сөйлеудің жазбаша және ауызша түрі)

Сөйлеу кезінде дыбысталған мәтіндер қандай да бір стильдің жанрлық әр түрлілігін көрсетеді, кейде бір мезгілде екі стильдің қасиетін танытуы мүмкін. Қай стильдің негізі басым түссе, сол негізде жанр қалыптасады. Мысалы, ақпараттық жанрда ресми стиль мен публицистикалық стильдің ерекшеліктері қосылады. Ал баспасөзде публицистикалық стиль негізгі болып табылады, репортажда публицистикалық стильмен қоса сөйлеу тілі стилінің элементтері, очерк көркем әдебиет стилінде жазылады.

Дыбысталған мәтіндерді жіктеу функционалды стильдердегі жанрлардың түрліше келуімен, бір стильде басқа стильдердің элементтерінің араласуымен күрделене түседі. Мысалы, ақпараттық жанрда ресми және публицистикалық стильдің элементтері қоса келетіндігін айтуға болады.

Кейбір дыбысталған мәтіндерде жанрларды даралау жалпыға бірдей болмайтын болса, мәтінді тек даярлықсыз келуімен ғана ерекшелеуге болады. Мысалы, ғылыми стильдегі барлық мәтіндерді біз келесідей топтарға бөлдік: 1. оқылатын; 2. негізінде сөйлеудің жазба элементтері жатқан даярлықпен сөйлеу; 3. негізінде сөйлеудің ауызша элементтері жатқан даярлықпен сөйлеу үдерісі; 4. даярлықсыз сөйлеу үдерісі. Оның алғашқы екеуі даярлықпен келетін мәтіндер, үшіншісі даярлықсыз және даярлықпен келетін мәтіндер, төртіншісі даярлықсыз келеді.

Ғылыми және публицистикалық стиль мәтіндерін жіктеуді ақпараттық және талдамалы жанрларды меншіктей отырып шектеуге болады. Мәтіндер даярлықпен және даярлықсыз, ауызша және жазбаша, түрлі жанрларда келмесе мәтіндерді тұтас жалпы топқа топтауға болады. Оған ресми және сөйлеу тілі стилін жатқызуға болады. Ал, көркем әдебиет стилі мен сөйлеу тілі стилі мәтіндерінің интонациялық құрылымы бір-біріне қарама-қарсы келеді. Ол жалпы сол стильдегі тілдік бірліктердің әсеріне де байланысты.

Ғылыми және публицистикалық стильдердің жанрға жіктелуі, дыбысталған мәтіннің біркелкі болмауы ресми, публицистикалық, ғылыми стильдердің айырмашылығын көрсетті. Сондықтан да, функционалды стильдерді жіктеу стильішілік жанрлардың көп түрлілігіне байланысты келеді. Стильдік бірізділікті ең алдымен, ақпараттық және талдамалы болып жіктелетін публицистикалық және ғылыми стильдерде сақталмайды.

Интонациялық сипатының жалпылығына байланысты дыбысталған функционалды стиль мәтіндерін төмендегідей топтарға жіктеуге болады:

1) ресми стиль мәтіндері және публицистикалық, ғылыми стильдегі ақпараттық жанрлар;

2) даярлықпен және даярлықсыз келетін публицистикалық және ғылыми стильдегі талдамалы жанрлар;

3) прозалық және поэзиялық, драмалық шығармалар болып бөлінетін көркем әдебиет стилінің мәтіндері;

4) сөйлеу тілі стилінің мәтіндері.

Бірінші топтағыларға кәсіби диктор, тілші, қоғам қайраткерлері, ғалымдар оқыған сөйлеудің жазбаша формасы жатады. Бұл топтағы жетекші рөлді ресми стиль атқарады. Себебі, бұл стильде белгілі стандарт сөздер қолданылып, экспрессия болмайды және бұл қалып оның просодикалық сипатына да тән болып келеді. Бұл стильдегі мәтіннің интонациялық құрылымы сол себептен де қарапайым болып келеді. Бұл мәтіндердегі кідіріске келсек, дикторлық кідіріс пен грамматикалық кідірістер орын алады. Қарқыны жылдам, минутына 90 сөз, ал ғылыми мәтінде 100 сөз қамтылады.

Екінші топқа публицистикалық және ғылыми стильдегі талдамалы жанрлардың мәтіндері жатады. Ол ауызша және жазбаша негізде жасалады; оған баяндама, сөз сөйлеу, дәріс (лекцияны) жатқызуға болады. Даярлықпен және даярлықсыз да келеді. Интонациялық сипаты аса қарапайым. Онда шынайы емес грамматикалық және дикторлық кідірістер орын алады. Қарқын орташа не жылдам болады шамамен минутына 90 сөз қамтылады.

Көркем әдебиет стилі – бұл топтың үшінші түрі. Бұл мәтіндерде тілдік бірліктердің барлығы соның ішінде біз қарастырған кідіріс, қарқын, әуен, үдемелілік тәрізді просодикалық тәсілдердің барлығы кеңінен қолданыс табады. Интонациялық құрылымның күрделі екендігін ерекше атап өтуге болады. Стильдік бояу үстейтін шынайы грамматикалық кідірістер көптеп орын алады. Қарқын орташа және баяу сипатта көрінеді.

Төртінші топқа сөйлеу тілі стилін жатқызамыз. Бұл стиль мәтініндегі просодикалық тәсілдердің көрінісі жоғарыдағы көркем әдебиет стиліне қарама-қарсы келуімен ерекшеленеді. Әрбір мәтіннің интонациясы түрліше. Бұл түрлілікті интонациялық құрылым арқылы түсіндіруге болады. Ол әрбір мәтіннің синтаксистік қатарының түрліше болуымен түсіндіріледі. Ол жай және құрмалас сөйлемдердің құрылысынан көрінеді. Мәтіннің синтаксистік құрылымы сол мәтіннің стилі мен жанрына сай келеді. Кез келген мәтіннің интонациялық құрылымы оның күрделілігін көрсетеді. Осы интонациялық құрылым мәтін интонациясын анықтауға мүмкіндік береді.Түрлі мәтіндегі интонациялық құрылымды салыстыра отырып, дикторлардың, журналистердің, ғалым, әртістердің жеке сөйлеу тұрпаты мен стильдің жалпы тілдік белгілерінің болатындығын байқауға болады. Бұлар бір-бірінен интонациялық құрылым арқылы ерекшеленеді.

Кез келген стильдің интонациялық құрылымын салыстыра отырып, төмендегідей тұжырымдар жасауға болады. Мәтіннің жалпы интонациясы қарапайым болса, оның интонациялық құрылымы да қарапайым болады, және керісінше интонация күрделі болса, оның интонациялық құрылымы да, күрделі болады. Ең қарапайым интонациялық құрылым ресми-іс қағаздар стиліне тән, ал ең күрделі интонациялық құрылым көркем әдебиет стиліне тән. Интонациялық құрылымның көмегімен негізгі функционалды стильдің интонациялық ерешеліктерін анықтауға болады.

Функционалды стильдерді дыбысталу жағынан, жазбаша мәтінге қарағанда функционалды стиль мәтіндерінің өзара ерекшеліктерін байқауға болады. В.А. Артемовтың айтуынша, оған: «Сөйлеудің стильдік ерекшеліктеріне қандай да бір интонацияның акустикалық белгілері әсер етеді». Владимир Яхонтовтың: «Дикторды материалды сауатты жеткізу алаңдату керек, әсерсіз интонация бір сарынды салғырт үн қабылдауды қиындатады. Дыбысталған мәтіннің қабылдануы оның интонациясына байланысты»,-дейді [62, 13 б.].

Бір адамның өзіндік сөйлеу ерекшелігіне қарамай әртіс, диктор, коментатор, сұхбаттасушы рөліндегі дыбысталған мәтіні өзіндік интонациялық құрылыммен ерекшеленеді. Ақпарат беруші ресми-іс қағаздар стилінің интонациялық құрылымы оның жанрының интонациясымен араласады. Бұл мәтіндердің интонациясы бір қалыпты, сөйлемдері бір типті болып аяқталады. Ғылыми стильдегі интонациялық құрылым да бұл стильдегі сипатқа ұқсас келеді.

Публицистикалық стиль мәтіндерінің интонациялық құрылымда бұл стильдің көп жанрлылығына қарамастан, интонацияның жалпылануы жалғасады. Сөйлеу тілі стилі мәтінінің интонациялық құрылымы күрделі деп айта алмаймыз, қарапайым келеді. Ал ең күрделі интонациялық құрылым көркем әдебиет стиліне тән. Оның интонациялық құрылымы күрделі келеді. Бұл стильдің мәтіндерінің көп түрлі болғандығы сонша, оларды салыстыру тек жанр, мәтін типі, эмоционалды көңіл – күй басқа да көптеген белгілері бойынша іске аспақ. Бұл мәтіндердің интонациялық құрылымын ерекшелейтін басты белгісі – күрделілігі.

Функционалды стиль мәтіндерінің интонациялық құрылымын анықтағанда біз интонацияның басты компоненттері, яғни просодикалық тәсілдердің рөліне баса назар аудардық. Әр стильдің табиғатына қатысты мұндай просодикалық тәсілдердің қолданылу сипаты келесі тараушаларда жеке-жеке қарастырылғанда жалғасын табады. Функционалды стиль мәтіндеріндегі просодикалық тәсілдерді анықтауда біз аудиторлық талдаудың көмегіне сүйенеміз.

Тіл және сөйлеу ғылымдарының даму тарихына жүгінсек, осы салалардағы зерттеу жұмыстары жетістіктерінің деңгейі мен нәтижесі тікелей оларда қолданылған әдіс – тәсілдерге байланысты. Ең алғашқы фонетикалық эксперимент жүргізгендер Рессейдегі В.А. Богороцкий мен Франциядағы П. Руссо. Олар өздерінің зерттеулерін он тоғызыншы ғасырдың сексенінші жылдарында пайда болған пневматикалық аспаптар негізінде жасаған.

Экспериментті жүргізу әдісі зерттеудің міндеттеріне сай жасалады. Біздің жұмысымызда эксперименттік талдау бірнеше кезеңдерден тұрды:

– дикторларды іріктеп, таңдалған материалды компьютердің көмегімен таспаға жазу;

– эксперимент материалына аудиторлық талдау жасау;

– алынған нәтижелерді бір-бірімен салыстыру.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, эксперименттік жұмыста материалды іріктеу маңызды. Зерттеудің мақсатына қарай даярланған (машықты) және даярлықсыз (машықсыз) мәтіндер алынды. Даярланған мәтінді оқу аса қиындық туғызбады. Мәтін үзінділері көркем әдебиет пен публицистикалық мақалалардан алынды. Сөйлеу тілі стилінің табиғатына қарай даярлықсыз (машықсыз) келетін мәтіндердің табиғатын ашу мақсатында күнделікті тұрмыстағы түрлі оқиғаларға қатысты адамдардың білдірген пікірлерінің мәтіні мен публицистикалық стильдің табиғатына орай теледидардағы жаңалықтар топтамасындағы журналистердің тікелей репортаждарындағы оқиғаға қатысты кез келген тұлғадан алған сұхбаттары негіз болды. Жұмыстың мақсатына қарай кәсіби дәрежесі бар және кәсіби дәрежесі жоқ дикторлар таңдалынып алынды.

Аудиторлық талдау көлемді және түрлі типтегі эксперименттік материалды қамтуымен тиімді болып табылады. Аудиторлық талдаудың өзі бірнеше кезеңдерден тұрады. Бірінші кезеңде іріктеу жүргізілді. Жарамсыз тілдік материал алынып тасталды. Келесі кезеңде нақты зерттеу мақсатына қарай міндеттерді шешу көзделді. Аудитор ретінде дикторлар, студенттер алынды.

Дыбысталған мәтіндегі функционалды стильдердің барлық түрінде просодикалық бірліктер біркелкі бірақ, ол бірліктердің орналасу сипаты әр қайсысында түрліше. Себебі, түрлі функционалды стильдегі лексикалық және грамматикалық бірліктердің араласуы просодикалық деңгейдің бірліктерін анықтап береді. Мысалы, сөйлеп тұрған адам мәтінді басқа мәнерде оқиды. Ал, жазба мәтінді мазмұндап, дыбыстағанда даярлықсыз оқуға қарағанда түрлі синтаксистік, лексикалық және просодикалық тәсілдерді пайдаланады.

Дыбысталған сөздің тууы мен сөйлеушінің сөйлейтін сөзінің ауысуы жағдаятқа тәуелді функционалды стильге, тіпті бір мәтінді дыбыстау шеңберіндегі қарым-қатынас мақсатына байланысты. Бұған дәлелді түрде көзімізді жеткізуіміз үшін түрлі функционалды стильді қалыптастыратын тілдік құралдар, экстралингвистикалық шарттар мен сөйлеушінің сөйлеу амалын анықтау қажет. Эксперимент материалдарының негізінде мәтіндерге төмендегідей жіктеме жасауға болады: 1. Жазылған және ойдан шығарылған мәтінді оқу (монолог және диалог); Өзінің жазба мәтінін оқу; Бөгде біреудің жазба мәтінін оқу. 2. Жазылған немесе оқылған жазба мәтінді мазмұндау; Өзінің жазба мәтінін мазмұндау; Бөгде біреудің жазба мәтінін мазмұндау; Суфлер арқылы мәтінді дыбыстау. 3. Дайындалған (машықты) мәтін, бірақ толық жазба мәтін ретінде қалыптаспаған тезис, жоспар мәтіні (дәріс-лекция, баяндама, сөз сөйлеу, есеп беру). 4. Дайындалған (квазиспонтанды, машықты), бірақ жазба мәтін емес. 5. Даярлықсыз мәтін (машықсыз, спонтанды). Біз осының ішінде бөгде біреудің жазба мәтінін оқу, суфлер арқылы мәтінді дыбыстау, даярлықсыз мәтінді нысан етіп алдық.

Бұдан дыбысталған мәтінді ұйымдастырудың келесідей төрт түрін көрсетуге болады: 1) жадымыздағы жазба мәтінді дыбыстау не оқу, 2) даярланған мәтінді ауызша мазмұндау, 3) даярланған (квазиспонтанды), дыбысталған мәтіннің туындауы, 4) даярлықсыз ауызша мәтінді іске асыру. Бұлардың барлығы бір-бірінен жазба мәтіннің оқылуы мен дыбысталуы және просодикалық және грамматикалық құрлымымен ерекшеленеді. Біз жұмысымызда жоғарыдағы жіктеменің ішінен аудиторлық экспериментке бөгде біреудің жазба мәтінін оқу, бөгде біреудің жазба мәтінін мазмұндауды, даярлықсыз мәтінді дыбыстауды басшылыққа алдық.

Түрлі функционалды стильдегі дыбысталған мәтіндерді салыстыра талдау даярлықсыз туындаған ауызша мәтіндерде сөйлеушінің өзіне тән табиғи түрдегі сөйлеу дағдысының анық көрінетіндігін көрсетті. Сондай-ақ, даярланған және даярлықсыз дыбысталған мәтіндердің әмбебап сипатына хезитациялық немесе грамматикалық емес кідірістердің орын алуын жатқызуға болады. Ол кідірістердің саны бірқатар жағдайларға, сөйлеу дағдысына, аудитория көлеміне, талқыланған сұрақтың күрделілігіне, сөйлесушілердің таныстық дәрежесіне байланысты. Мысалы, егер адамның сөйлеу дағдысы орташа болса, онда ол кідірістер көптеп орын алатындығы белгілі болды. Мұнда бір функционалды стиль шеңберінде түрлі фонетикалық стиль орын алады.

Фонетикалық стиль толыққанды және толық емес (сөйлеу тілінде) болуы мүмкін. Толыққанды фонетикалық стильде болу керек тілдік бірліктердің барлығы орын алады және ол мұғалімдер, тәрбиешілердің сөйлеген сөзінде орын алады. Ал даярлықсыз сөйлеу немесе сөйлеу тілі стилінде толық емес фонетикалық стильді көруге болады. Мұнда сөйлеушілердің бір-біріне деген қарым-қатынасы, уақыты, жағдаяты барлығы ескеріледі.

Просодикалық тәсілдердің функционалды стильдердегі рөлін анықтауда функционалды стиль мәтіндері сөйлеу тілінің ең шағын бірлігі синтагмаларға мүшеленеді. Оның мүшеленуі интонациялық құралдар арқылы жүзеге асады: жүйелі байланыс тізбегіне, екпін, айтылу сазы, ырғақ, кідіріс, дауыс күші мен әуені, тональды интервал, қарқынның өзгеруі және сөз әуезділігі сияқты көріністер кешені арқасында орын табады. Функционалды стиль мәтіндерінің интонациялық құрылымын қосымшадан көруге болады (Қосымша А).

Жұмыста просодикалық тәсілдердің функционалды стильдердегі рөлін анықтауда функционалды стиль мәтіндерінің синтагмаларға сегменттелуін қарастырдық. Сөйтіп, функционалды стиль мәтінінің интонациялық ұйымдасуына мән берілді. Оны дәлелдеу аудиторлық талдау арқылы жүзеге асырылды. Тілдегі просодикалық құралдар сөйлеу бірліктерін жасауда ерекше орын алады. Оладың басқа синтаксистік құралдармен қосылғандағы қызметіне: біріншіден, коммуникативтік жағдаят дискурс көрінісін беретін өз бетінше дербес құрылымдық бірлікті қамтамасыз ету және екіншіден, оны құрылымдық бірлікті, бірізділік жүйемен мағыналық – интонациялық тұрғыдан алғанда фонологиялық фраза кейпіндегі бөлек сөз актілері мен ең кіші мағыналық – интонациялық сөйлеу бірліктері – фонологиялық синтагмалар сияқты функционалды мәтінділігімен айқындалатын сегменттерге мүшелеу жатады.

Функционалды стиль мәтіні өзінің ең кіші бөлшегі болып саналатын белгілі бір мазмұн мен логикалық ойды білдіретін микро тақырыбы бар күрделі фразалық тұтастықтарға және смантика-синтаксистік аяқталғандығымен ерекшеленетін мағыналық топтар – сөйлеу тілінің ең шағын бірлігі синтагмаларға мүшеленеді. Мәтіннің семантикалық мүшеленуі интонациялық құралдар арқылы жүзеге асады. Қолданыстағы мәтін – дискурс оның тірек бірліктерінің қимылға түсуі, айтылу сазы, екпін, ырғақ, кідіріс, дауыс күші, әуен, қарқынның өзгеруі мен сөз әуезділігі, үдемелілік сияқты көріністер кешені арқылы орын табады.

Сөйлеу коммуникативтік қатынаста біреуге бағытталады. Ақпарат алмасу формасы ауызша. Қарым-қатынасқа түсушілердің санына қарай монолог пен диалог қолданылады. Жазбаша да, ауызша да сөйлеу тілінің негізінде әдеби тіл жатыр. Әрбір әлеуметтік саладағы жағдаяттағы әрекетте қарым-қатынас үшін сөйлеу ережесі, сөйлеу нормасы, функционалды стильдің түрі қажет. Ол стильдердің әр қайсысының өзіндік табиғаты бар. Сонымен интонациялық құрылым функционалды стиль мәтіндерінің мәнін түсіндірудің басты тәсілі, онда әр стильдің интонациялық құрылымын табиғатын ескерген маңызды.

Енді ғылыми стильдің табиағытын аша отырып, ғылыми стиль мәтіндеріне жасалған аудиторлық талдауға тоқталамыз. Негізгі мәселеге көшпес бұрын ғылыми стильдің өзіне тән белгілерін анықтап алайық. Әдетте белгілі бір функционалдық стильді түзуші, қалыптастырушы, жеке стиль ретінде ұйымдасуына жағдай туғызушы факторлар болады. Бұл факторлар тілдік емес сипатта, яғни тілден тыс болып келеді, бірақ тілдік құралдардың сол стиль аясында жұмсалу, қолданылу ерекшеліктерін қалыптастыруға ықпал етеді және функционалдық стильге тән белгілерді құруға қатысады.

Жалпы тіл білімінде оларды экстралингвисткалық факторлар деп атап, ұзақ жылдаран бері зерттелуіне мән беріліп келе жатыр. Қазақ тіл біліміндегі ғылыми стильге қатысты азын-аулақ еңбектер негізінен семантикалық (терминологиялық) талдауларға, иә болмаса, таза тілдік ерекшеліктерді көрсетуге құрылады, ал стильді құрайтын сыртқы лингвистикалық факторларды, олардың тілдік құбылыстармен бірлігін, байланысын ашу өз алдына міндет етіп қойылмайды.

 Ал мұндай бағытты қазіргі тіл білімінде кең тарап отырған функционалдық тәсіл де қолдайды. Дегенмен соңғы кезде бұл мәселенің көкейтесті екенін кейбір ғалымдар айтып жүр. Р. Сыздық «Функционалдық стильдердің пайда болып қалыптастуында және әрі қарай баяу не қарқынды дамуында тіл қозғалысының өз заңдылықтарынан тыс тұратын жағдайлар- ғылымда «экстралингвистикалық факторлар» дегендер басты рөл атқарады, тілдің әлеуметтік қызмет өрісі функционалдық стильдердің қалыптасуына не өшуіне тікелей ықпалын тигізеді», -деп жазады [28, 163 б.].

М. Серғалиев экстралингвистикалық факторларға мыналарды жатқызады: қарым-қатынас аясы, қоғамдық қызметтің түрі, қоғамдық сананың түрі. Одан әрі «функционалдық стильдің толық қанды өз міндетін атқару үшін лингвистикалық фактордан гөрі тілге қатыссыз фактор жетекші рөл атқарады» деп көрсетеді [63, 4 б.].

Батыс Еуропа лингвистері И. Петерсон, В. Шнейдер, Б. Гавранек, К. Гаузенблас, М. Елинек, орыс тіл білімінде В.П. Мурат, Ф.П. Филин, В.М. Жирмунский, М.Н. Кожина, М.П. Котюрова және т.б. өз еңбектерінде ғылыми стиль туралы аталған мәселелерге тоқталмай кетпеген. Ғылыми стильге әр салада жазылған ғылыми шығармалар жатады. Ғылыми стильдің қолдану аясы: ғылыми еңбектерде, ғылыми баяндамаларда, дәрістерде қолданылады. Ғылым әдетте зерттеу нысандарының, табиғаттың, қоғам дамуының т.б. заңдылықтарын айқындау үшін керекті талдау, топтастыру, салғастыру материалдарына негізделетін қорытындылар жасауды керек қылады. Олар ғылым түрінің ерекшеліктеріне қарай кейбіреуі сол ғылым (химия, физика, математика) мамандарына арналса, бірқатары, әсіресе қоғамдық ғылымдар жайындағы әдебиеттер, оқулық, оқу құралдары көпшілікке арналады. Сонымен қатар олардың тілінде елеулі айырмашылықтар болады.

Ғылыми стильдің өзіне тән белгілерін М. Балақаев: «…тілі жинақы, стилі «қатаң», сөздері дәлме-дәл, тап-тұйнақтай болу, бірізділік және дәлділік деп атайды, оның үстіне сөйлемдері күрделі болады, сабақтас сөйлемнің басыңқы сыңарлары ойдың негізгі бөлшегі болып, бағыныңқы сөйлемге ерекше мағыналық қызмет жүктеледі; мұнда диалектизм, жаргон, қарапайым сөздер болмайды, шартты белгілер мен қысқартулар көп болады», – деп түйеді [64, 33 б.]. Ғылыми әдебиет стиліне тән тілдік ресурстар ғылымның дамуы мен ғылыми әдебиеттердің молаюымен байланысты.

 Ғылыми стильде зерттеу нысаны болатын зат не құбылыс ғылыми негізде сипатталып, дәлелдеуді қажет етеді. Ал, пікір дұрыстығын дәлелдеу үшін логика заңына, яғни дұрыс ойлау заңына сүйену қажет. Сондықтан ғылыми стильде логиканың маңызы ерекше. Ғылыми шығармалар жалпы халықтық әдеби тілде жазылады. Бірақ тілдік тәсілдерді пайдалануда өзіндік ерекшеліктері болады. Ғылыми әдебиеттер қағидалары, тұжырымдары әдетте зерттеу жұмыстарында тәжірибеде бар объективті шындықты уағыздайды. Сондықтан оның тілі  жинақы, стилі «қатаң», сөздері, сөз тipкecтepi, сөйлем құрылыстары дәлме-дәл, тап-тұйнақтай болуға тиіс. Ғылыми прозаның, тipeгi-логикалық объективті байлам, бірізділік және дәлділік. Ғылыми стильдің солай екенін басқа стильдермен, мысалы көркем әдебиет тілі стилімен салыстырғанда, анығырақ пайымдауға болады.

Ғылыми стиль-функционалдық стильдің тілдік белгілерімен сараланатын айрықша бір түрі. Ғылыми стиль жазба стильге жатады, оған әр ғылым саласында жазылған ғылыми еңбектер, зерттеулер, оқулықтар кіреді. Ғылыми стиль өз ішінде шағын стильдерге де бөлінеді. Ғылыми стильде зерттеу нысаны болған зат пен құбылыс ғылыми негізде сипатталып, белгілі теориялық негіздермен дәлелденіп, логикалық жағынан негізгі ой мен құбылыстың байланысы нақтыланып, белгілі жүйеге құрылған хабарлы, өзекті, дәлелді, ой қисыны қорытындыланған ғылыми тұжырым жасалынады.

Деректі ғылыми пікір дұрыстығын дәлелдеу үшін ой бөліктерінің жиынтық операциясы құрастырылып, ол белгілі ғылыми жүйемен сұрыпталып ойлау заңының негізгі анықтамасы шығады. Сондықтан, ғылыми стиль мәтіндерінің басты ерекшелігі-оның белгілі заңдар мен қағидаларға сүйеніп, белгілі шарттылық ұғымын қанағаттандыру идеясын қамтиды, яғни бұрынғы қарастырып отырған зат пен құбылысты дамытуға, түрлендіруге, басқаша сипаттауға, толықтыруға, теңдестіруге, қарсылық жасауға т.б. ой мен тұжырым негіздерін басшылыққа алады. Осыдан келіп логикалық тепе-теңдік, қарама-қайшылық, терісті теріске шығаруы т.б. заңдармен негізделіп жасалады.

Тіл үш негізгі әлеуметтік қызмет атқарады қарым-қатынас қызметі, хабарландыру қызметі, әрекеттендіру қызметі. Осы үш қызметтің екеуі (хабарландыру, әрекеттендіру) ғылыми стильдің негізі болады. Барлық ғылыми стиль мәтіндерінде жаңа ғылыми дерек, шешілім, заңдылық, жайында хабар болады және сол ғылыми хабарды ереже, шарт ретінде қолдану керек екендігі туралы тілдің әсер ету функциясы арқылы жеткізіледі.

Ғылыми стильді екі түрлі фактор қалыптастырады – лингвистикалық, экстралингвистикалық. Лингвистикалық факторлар – тіл бірліктерінің термин, терминдер тіркесі, сөйлем ғылыми мәтінде қолданылуы. Экстралингвистикалық факторлар – ғылыми мәтіннің тілдік ұғымдардан тыс ұғымдарды, шарттарды сақтайтындығы (нақтылық, біройлылық, көркемсөздік, бейэмоциялылық, жалпыламалылық, күшейтпеушілік, жекелендірмеушілік, объективтілік, әділдік, шындық т.б.).

Ғылыми стильдің тілдік стандартымен қатар сыртқы стандарты да болады (мәтінді абзацтарға бөлу, сан есімдерді реттеу мақсатында пайдалану, тиісті тіл материалын қатар-қатар орналастыру, кесте, тізбек жасау, т.б.). Ғылыми мәтіннің осындай қасиеттері қазіргі қазақ тілі стилистикасының ғылыми стилінде де толық қалыптасқан.Функционалдық стильдер ілімінде подстильдер ұғымы бар. Қазіргі тілтаным стилистикасының ғылыми стилі дәстүрлі түрде үш түрлі подстильге бөлінеді: нақ ғылыми подстиль, ғылыми-оқыту подстилі, ғылыми– көпшіліктік подстиль [65, 11 б.].

Тіл бірліктерінің қолданылуы әр функционалдық стильдің, оның әр подстилінің ерекшеліктерімен де байланысты. Мысалы, ғылыми стильде лексикалық бірліктің алты түрі қолданылады: 1) жалпы қолданыстағы сөздер; 2) терминологиялық сөздер. Бұлар үш түрлі болады: а) ғылымаралық терминдер; ә) жалпы ғылыми терминдер; б) салалық ғылыми терминдер; 3) бейкәсіби ғылыми сөздер. Ғылыми стильдің өзіне тән құрылымдық жүйесі болады. Олар: ғылыми мәтін олардың құрылысы, авторлық бағалау, ғылыми зерттеудің мақсаты мен міндеттері, ғылыми мәтіннің құрылысының сыртқы элементтері, кіріспе, бөлім, әр бөлімнің түйіндемелері, қорытынды сияқты белгілі жүйелілік сатыдан тұрады.

Ғылыми стильдің ірі және шағын жанрлары болады. Ірі жанрларына жеке автордың және ұжымдық ғылыми еңбектер жатады: диссертация, энциклопедия, сөздік, оқулық, оқу құралы. Ғылыми стильдің ұсақ жанрларына мақала, реферат, тезис, рецензия т.б. жатады. Ғылыми деректерді деңгейлік тұрғыдан қамтамысыз ететіндер алғашқы, кейінгі болып бөлінеді.

Алғашқы ғылыми жанрдың мақсатын белгілеу алғашқы ғылыми деректерді зерттеу нәтижесінде алынады, кейінгі ғылыми жанрлар алғашқы ғылыми деректердің соңғы жетістіктерін тиянақтап тұрады. Ғылыми стильдің жанрларының деректі коммуникативтік-прагматикалық функциясы жалпы ғылыми стильдің аумағында қаралады. Ғылыми еңбектердің мазмұндық, ақпараттық, деректемелік формасын беретін жанрлық түрлері аз емес. Олардың қатарына мыналар жатады.

– академиялық еңбек, жеке ғылыми еңбек, монография, мақала, диссертация, тезис, хабарлама, реферат, шолу, түйіндеме;

– анықтама-энциклопедия, энциклопедиялық сөздік, анықтама сөздік;

– ғылыми бағалағыштық рецензия, пікір, эксперт қорытындылары;

– полемикалық сөз дискурссиялары, ғылыми оқулық, оқу құралы, оқулық лекциялар жинағы.

Ғылыми-әдістемелік, әдістемелік құралдар, оқу жоспарлары, ғылыми- іскери-авторлық куәлік, жарнамалық, патент. Ғылыми стильдің барлық жанрларының негізгі өзегі мен шеткі аймақтарында стилистикалық категория мен стилистикалық норма өзара белгілі прагматикалық қызметімен көрінеді. Ғылыми стильдің негізгі өзегіне жататын монография және реферат аралағында ғылыми стильдің стилистикалық тапсырмасы стандарттық тілдік бірліктері арқылы жүзеге асады, бұл ғылыми стильдің стилистикалық нормасын қамтамасыз етеді. Монография ғылыми ойдың көп аспектілі мазмұнын құрайды, күрделі композициялық құрылымды, теориялық және эмпирикалық мазмұнының жаңашылдығын меңгертеді. Пікір ғылыми еңбектің мазмұнын қысқаша жүйелейді, зерттеудің негізгі проблемасына баса көңіл аударады, автордың мақсаты мен міндетін қайта қарайды, таза ғылыми стилистикалық норма қолданылады. Адресат ғылыми рецензияда ерекше прагматикалық бағыт ұстайды, өзі пікір білдіріп отырған ғылыми еңбекке стилистикалық бағалау категориясын береді.

Ғылыми стильдің жанрлары бір-бірін толқытырып, бірінің идеялық мазмұнын ашып, стилистикалық бағалау категориясымен жүйелеп түсіндіруді негіз етіп, стилистикалық гипотезиялық категорияны басшылыққа алып отырады. Ғылыми стильде әлеуметтік өмір мен құбылыстың табиғатын түсіндіруде автор бірнеше ойлау стилін басынан кешіреді, оған ішкі ойлау мүмкіндіктері жатады, сыртқы ойлау стилі ғылыми аппараттың өзіне дейінгі моделін тани отырып, жаңаша ғылыми мәтін моделін қалаптастырады. Ғылыми стиль және оның барлық жанраларында ойлау мен фантазия қатар жүреді, сондықтан ғылыми стильдің гипотезалық, стилистикалық категориясын құрайтын тілдік бірліктері қолданылады.

Ғылыми стиль ойлау стилінің негізінде жасалынады, осыдан оның екі бағыты шығады: біріншісі – дискретті – логикалық; екіншісі – психологиялық. Олар ғылыми баяндаудың ерекшеліктерін анықтайды, ғылыми мәтіннің прагмалингвистикалық табиғатын толық ашуға мүмкіндік береді. Ғылыми мәтінде ойлау стилі дискреттік-логикалық және қисындылық-біліктілікті көрсете отырып, білімді ғылыми еңбектің негізінде қажетті танымдық пайымдау ретінде жүзеге асады. Ғылыми стиль – жазба стильге жатқандықтан, жазба стильдің өзіне тән қызметі болады. Жазба стиль әр уақытта біркелкі болмайды. Ғылыми стильдің ең басты лигвистикалық белгілері болады. Ғылыми стиль қазақтың ұлттық жазба әдеби тіл нормаларының басты өлшем шарттарын толық жүзеге асуын қамтамасыз етеді.

Тілдік норманың шарттары ұлттық тілдің табиғи құрылмдық өзіндік ішкі заңдылықтары болып саналады. Ғылыми мәтінде осы ұлттық тілдің табиғи сипаты толық сақталып, басқа стильдерден өзгешеленетін айырым белгілерімен ажыратылып тұрады.

Ғылыми әдебиет тілінің стиліне қатысты жайттарды Ю.Д. Дешериев тілдің таным қызметі деп атайды да, оны ақиқатты, болмысты тану, ең алдымен қоғам мен табиғаттың заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан тану үшін жұмсалатын құрал деп есептейді. Осы айтылғандардың бәрі – ғылыми әдебиет тілі стилінің экстралингвистикалық сипаттамасы. Ал енді оның лингвистикалық сипатын М. Балақаев: лексикалық, грамматикалық ерекшеліктері тұрғысынан қарастырады [64, 33 б.].

Ғылыми стильдің лексикасын алып қарағанда, басқа функционалдық стильдің өзіне тән белгілерін салыстыру арқылы оларға қатысты лексикалық нормалар межесін анықтау қажеттігі туындайды. Ғылыми стильде сөз әлемі өзінің сан алуан мағынасы мен жұмсалу ретіне қарай қиысыны, дәлдігі, анықтығы, терминдік атаулық мағынасымен ерекше көзге түседі. Ғылыми мәтіндегі лексикалық нормалар ғана емес, грамматикалық және синтаксистік нормалар бүгінгі қазақ ұлттық ғылым тілін жасауда өзінің даму, өзгеру, толығу, жетілу үрдісінде ғылыми стильдің стилистикалық нормасының басты талаптарын орындайды.

Ғылыми стильде нормадан тыс тұратын сөздер қолданылмайды, морфологиялық тұлғалардың да жалпы тілдік грамматикалық варианттары жұмсалады. Сөйлем құрылысы да тілдік норманың қатаң тәртібін сақтайды. Сөздің дәл мағыналарын жұмсау үстем болады, баяндау барысында синтаксистік нормалардың жалпы әдеби нормадағы варианттарына жол беріледі. Бұл стильде ғылыми терминдердің, оның ішінде мамандық терминдерінің қолданылуы ғылыми мәтіннің стильдік белгісі әрі стилистикалық нормасы болып табылады.

Ғылыми стиль сыртқы элементтері қалыптасқан арнайы тақырыптан тұрады. Ғылыми стильдің құрылымдық элементтері болады. Олар: аталуы, яғни ғылыми еңбектің тақырыбы: мәліметтік, хабарау, ғылыми еңбектің негізгі тақырыбы алынады. Кез келген ғылыми еңбектің тақырыптық атауы хабарлама түрінде баяндалады. Ғылыми стильдің тақырыбының өзі-ақ зерттелгелі отырған сол ғылым саласының негізгі мазмұнының тақырыбын терминдік атау арқылы береді.

Ғылыми стильдің грамматикасының жазылуының екі түрлі тәсілі бар. Бірі-стильдік мәнері толық қалыптасқан, екіншісі – ғылыми стильден ауытқушылығы басым келетін ғылыми шығармалар. Ғылыми стильде етістікті сөйлеммен қатар есімді сөйлемдер өте көп кездеседі. Ғылыми стильде де көркем әдебиет пен сөйлеу стиліне тән синтаксистік құбылыс болып табылатын есімді сөйлемдер жиі ұшырасады. Ғылыми стильдің синтаксистік құрамына көп сыңарлы терминологиялық тіркестер, бірыңғай мүшелер де енеді.

Ғылыми стильде жалпы жазу тіліне тән синтаксистік құрылым пайдаланылады. Ғылыми прозадағы авторлық баяндаулардың сөйлем құрылысы өзара тығыз байланысты, көбінесе күрделі болып келеді. Әдетте сабақтас сөйлемдердің басыңқы сыңарлары айтылған ойдың негізгі бөлшегі болса, мұнда сөйлемнің бағыныңқы сыңарларына да ерекше мағыналық қызмет жүктеледі. Жай сөйлем арқылы айтылатын ойға қатысты деректер мен мағлұматтар біріңғай сөйлем мүшелері орайында жан-жақты қамтылып, сөйлемдер көбінесе жайылма түрінде жұмсалады. Оның сөйлем құрылысында белгілі бір қалып, стандарттылық жоқ. Кейде сабақтас құрмалас сөйлемдердің бірінші жай сөйлемінің баяндаушы шартты рай формасы арқылы жасалып, екінші компоненті ойды тиянақтау, дәлелдеу, анықтау тәсілдеріне арналады.

 Әрбір ғылым саласының баяндау тәсілінде өзгешелік болады, көбінесе хабарлы сөйлемдер қолданылады, кейде санамалап көрсететін күрделі конструкциялар пайдаланылады. Кейде аралас құрмалас сөйлемдер ой қорытындысы мен алынған ғылыми нәтижелерді баяндауда аса пайдаланылады. Басқа функционалдық стильдерге қарағанда сөзді байланыстырушы, дәнекерлік қызмет атқаратын сөз оралымдары ғылыми стильге ғана тән болып келеді.

Ғылыми стильдің ауызша түріне ғылыми ортада өтілетін ғылыми пікірталас, ғылыми ой – сұхбат жатады. Ғылыми стильдің ауызша түрінде жалпы ғылыми лексиканың негізі сақталынады, әр сөз ғылым тілінде өзінің тура мағынасында айтылады. Ғылыми стильдің ауызша түрінің жазбаша түрінен ерекшелігі оның стилінің еркіндігі деп атауға болады. Себебі, бір сөздің бірнеше синонимдік қатары қайталанып айтылып отырады. Ғылыми стильдің ауызша түрі ғылыми көзқарастардың зерделі ой – тұжырымынан, пікірталастың ақиқат шындыққа негізделген логикалық қайшылыққа апармайтын жүйесі арқылы ойлау мен тілдік – стильдік бірліктердің қисындылығы коммуникативті – прагматикалық мақсатпен іске асады.

Енді осы ғылыми стиль мәтіндеріндегі просодикалық тәсілдердің көрінісіне тоқталайық. Жоғарыдағы ғылыми стильдің өзіндік айырым белгілеріне сүйенсек, ғылыми стильдің мәтінін тудыру, қабылдау, түсіну просодикалық тәсілдерсіз іске асуы мүмкін емес. Ғылыми стильде ойдың берілуі өзінің белгілі тәртіппен жүйелі дыбысталуымен көрініп отырады. Ғылыми стильдерде сөйлеуші дыбыстарды әсем қолдануға күш салмайды. Ғылыми стильдерде атауыш сөздер, терминдер, графиктік сызбалар, әр түрлі сызбалар, формулалар көп қолданылатындықтан, дауыс тоны бір қалыпты айтылады, бірақ оқырманның қабылдауына тиімді жағы ескеріледі.

Сонымен, жоғарыдағы ғылыми стиль табиғатына қатысты зерттеу жұмыстарын шолғанда стильдің төмендегідей стильдік белгілерін атауға болады:

  1. Саласы: ғылым, оқу, өндірістік әрекетте.
  2. Функциясы: хабарлама жасау.
  3. Міндеті: ғылыми айғақтардың жиынтығы, ақпарат алмасу, қазіргі білімдерімізді айғақпен мазмұндау.
  4. Подстильдер:

 – меншікті ғылыми (жанрлары: монография, диссертация, автореферат, ғылыми басылымдағы мақала, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар, рецензиялар, ғылыми шығармаларға сын-пікірлер т.б.);

– ғылыми-оқытушылық (жанрлары: оқу құралы, әдістемелік ұсыныстар, оқытушылар үшін оқулықтар, ұсыныстар, көрсеткіштер т.б.);

– ғылыми-техникалық (жанрлары: авторлық куәлік, техникалық шарт, техникалық стандарт, нұсқау, патент т.б.);

– ғылыми-көпшілік. Кез келген шығарманың подстиліне, жанры, саласының тіліне байланысты (медицина, химия, физика, тілтаным т.б.) болып келеді.

– теорияда ғылыми сипаты бойынша үш түрлі тілдік топ ажыратылады: нақты, жаратылстану, гумманитарлық.

  1. Ғылыми стиль авторына жаңа білімді жеткізуші және тасмалдаушы жеке тұлға немесе тұлғалар тобы жатады.
  2. Адресат – маман немесе осы саладағы білім алушы.
  3. Стильдің жатықтығы: ғылыми-көпшілік стилінде ақпараттың қатаң талдамалылығы троптың элементтерімен берілуі де мүмкін.

Стильдік сипаты:

  1. Мазмұнның жалпылығы
  2. Мазмұнның логикалылғы
  3. Мағыналық нақтылық, бір мағыналылық
  4. Объективтілік

Ғылыми мәтін оқылғанда дауыста ойнақылық, эмоциялық байқалмағаны дұрыс. Сонымен бірге жалпы алғанда орташа немесе баяу қарқында, абзацтары мен сөйлемдері арасында орташа кейде көлемді кідірістер жасалып оқылу керек. Дауыс әуезі бір қалыпты келіп, әуен мен үдемелілігі арасында айтарлықтай айырмашылық болмау қажет. Мәтіннің мазмұны үшін маңызды терминдік мағынадағы тірек сөздер олардың айтылымының өн бойында ой екпіні арқылы ерекшеленіп, мәтін сөз ағымы бірліктеріне тілдің барлық заңдылықтарын сақтай отырып бөліну тиіс. Эмоциялық паузалар өте сирек қолданылады.

 Бұл стильді қолданып сөйлегенде, сөйлемді мәнерлі көркем құралдан гөрі нақты, тұжырымды кұрауға, ойды астарлы емес, дәл беруге тырысу керек. Әр бір стильдердегі мәтіндердің өзіндік айтылу сарыны болады. Сол арқылы коммуниканттар бір-біріне қатынасын, ақпараттың сипатын ажырата алады.Төмендегі мәтіндерде просодикалық тәсілдердің рөлін анықтаудағы аудиторлық талдау нәтижелерін, интонацияның транскрипциясын ұсынамыз.