МЕМЛЕКЕТТІҢ ТИПОЛОГИЯСЫ

Мемлекеттерді жіктеу процестері олардың тарихи дамуын дұрыс түсіну үшін қажет. Типология – қоғамның тарихи дамуының негізгі мазмұны мен нышандарын түсіну үшін қолданатын әдістер мен тәсілдер. Мемлекеттің даму процесі бүкіл дүниежүзі дамуының бір бөлімі. Оны анықтап түсінгеніміз – бүкіл тарихты жақсы білгеніміз. Мемлекеттің дамуы үздіксіз объективтік процесс.

Бұл даму процесі мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, мәдени, саяси мазмұнымен және алдында тұрған мақсаттарымен байланысты. Мемлекеттің тарихи типін белгілейтін экономикалық жағдай, жеке меншіктің түрі, сонымен байланысты қоғамның дифференциациялау процестері жатады. Ал тарихи типтің дамуы мемлекет қай топтардың мүдесін қорғайды, халықтың қандай демократиялық құқықтары мен бостандықтарын қорғайды, басқару процесінде қандай демократиялық әдістер мен тәсілдер қолданатынын көрсетуге тиіс.

Мемлекет және құқықтың тарихи типі қоғамның, экономиканың дамуымен байланысты болса да, мемлекеттің ерекше даму заңдары бар. Мысалы, Рим құқығы туралы айтатын болсақ, Корпус Юрис Цивилис деген ірі кодификациялық заң қабылданған кезде мемлекет ыдырап, басқа халықпен жауланып, экономикасы терең дағдарысқа ұшыраған еді. Батыс Рим империяны франктер басып, өздерінің Франк империясын құрған кезде, Византияда император Юстиниан жүйелеу жұмыстарын басқарып, құқықтық кодекстің жазуын басқарды. Бұл кезеңде экономиканың, мемлекеттің және құқықтың дамуы бір біріне сәйкес болған жоқ. Құқықтың дамуы мемлекеттен көп жоғары болды.

Мемлекетті типтерге бөлудің марксистік әдісі. Бұл пікір қоғамды зерттеуде таптық мәселесімен байланысты. К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Ленин мемлекет үстемдік таптың мүддесін қорғайтын құрал деп түсіндіреді. Марксистік тұрғыдан қарағанда тарихтағы мемлекеттер төрт түрге бөлінді: құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік мемлекеттер. Бірінші рулық қоғамда мемлекет әлі болған жоқ, ал соңғы коммунистік қоғамда мемлекеттің орнына коммунистік өзін-өзі басқару жүйесі келуге тиіс. Бір тарихи типтен екіншісіне революция арқылы өтеді. Мемлекеттің негізгі мақсаты – бір таптың диктатурасын орнату. Таптық мінездеме экономикалық, әлеуметтік жағдаймен байланысты. Марксизм мемлекетті – бір таптың екінші тапты қанау аппараты деп анықтады. Типті осындай бөлудің прогрессивтік те, негативтік те жақтары бар. Бір жағынан мемлекет таптың құрылуымен байланысы анық көрінеді, топтар жөне таптар құрылмаған қоғамдарда мемлекет болмайды. Негізінде мемлекеттің алдында мақсат екіге бөлінеді: бір жағынан бүкіл қоғамның мүдделерін қорғап, жалпы қоғамдық мәселелерді шешу, ал екінші жағынан – таптардың арасындағы қайшылықтарды бәсеңдету. Қоғамда таптар анық құралмаған кезде де мемлекет пайда болған жағдайлар кездеседі. Мысалы, шығыс мемлекеттерді марксизм құл иеленушілік мемлекеттерге жатқызады, ал негізінде бұл мемлекеттерде құл иеленушілік қарым-қатынастар әлі қалыптасқан жоқ еді, мемлекеттерді туғызған басқа жағдай – географиялық жағдайлар мен қоғамның жалпы экономикалық функциялары мен қызметтері (мысалы, Египет мемлекетінде – Ніл езенімен байланысты жер суару жұмыстары). Сонымен, марксистік типологиясының негізін қалыптастыратын қоғамның экономикалық базисі мен таптық құрылысы. Марксизм мемлекеттің тарихи типтерін қоғамның даму құрылысымен және экономикалық формация деген түсінікпенен байланыстырады. Экономикалық формация базис (бұл қоғамның белгілі бір даму дәуіріндегі экономикалық құрылыс) пен қондырмадан (әрбір базистің өзінің қондырмасы болады) тұрады. Базисті өндірістің тәсілі белгілейді. Өндіріс өндірістік қатынастар мен өндіруші күштерден тұрады. Осы формацияларға марксизм құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік мемлекеттерді сәйкес келтіреді. Мемлекеттің тарихи типтері осы экономикалық-қоғамдық формациямен тығыз байланыста дамуға тиісті.

Бұлардан басқа марксизмде өтпелі дәуірдің мемлекеті деген ұғым бар. Бұл типтерге рулық қоғамнан құл иеленушілік қоғам арасындағы, құл иеленушілік және феодалдық қоғам арасындағы, феодалдық және буржуазиялық типтің арасындағы, буржуазиялық пен социалистік типтердің арасындағы өтпелі мемлекеттер жатады. Қазіргі дәуірді алатын болсақ, бірнеше континенттердің мемлекеттері осы өтпелі мемлекеттің типтеріне жатады. Латын Америкасының, Азияның, Африканың XX ғасырда тәуелсіздігін алған мемлекеттер осы өтпелі тарихи типке кірді. Олардың тарихи типтері социалистік те емес, буржуазиялық та емес, олар тек қана социалистік немесе капиталистік бағытта болуы анықталады.

1991 жылдан кейінгі социалистік мемлекеттерде социалистік жүйе ыдырап, нарықтық – экономикалық елдерге айналып, демократиялық қоғам құру саясатына көшті. Кейбір мемлекеттер социалистік жолынан тайған жоқ (Куба, Солтүстік Корея, Қытай, Вьетнам).

Мемлекеттерді цивилизациялық, өркениеттік критериймен де бөлу қазір жиі кездеседі. Цивилизациялық әдістің және формациялық бөлудің айырмашылықтары көп. Формациялық критерий көбіне қоғамның таптық құрылысы мен өндірістік тәсіліне көңіл аударады. Бұл типологияның сыңар жақ түсіндірілуі. Мемлекеттердің ерекшеліктерін білу үшін қоғамның барлық салаларының жағдайларына ықылас салу қажет. Мемлекеттің экономикалық базисін зерттегенде оған қоса қоғамның мәдени, рухани деңгейін зерттеп, орнын көрсету қажет және қанаушы таптан басқа қоғамды құрған барлық топтарды зерттеп орындарын, рөлін, маңызын түсінген дұрыс. Қоғамның әдет-ғұрыптарын, әр топтың саналары мен құқықтарының деңгейін білу өте қажет. Ал, зерттеудің ең маңызды мақсаты – жеке адамның, бостандығы мен құқықтарын, әлеуметтік жағдайын және еңбектегі қарым-қатынастарын жақсы білу – мемлекетке мінездеме беру үшін өте керек нәрселер. Қоғам бірнеше топтарға бөлінетін болса да, мемлекеттің алдында тұрған мақсат сол топтардың арасындағы қайшылықтарды бәсеңдетіп бүкіл халықтың мүддесін қорғау. Осы әдісті біз цивилизациялық әдіс деп атаймыз. Цивилизациялык әдіс мемлекет өзінің елінде тұратын адамдар үшін қандай жақсылық істеді, экономикалық, саяси, әлеуметтік, өнегелі қоғамның дамуы үшін қандай шара қолданды деген сұрақтарға жауап береді. Цивилизациялық пікір бойынша мемлекеттің тарихи типі өзгеру үшін экономикалық базисқа қосымша қоғамның мәдени және рухани сана-сезімі жоғары деңгейде болуы қажет.

  1. Мемлекетті жіктеудің тарихи хронологиялық түрлері

Мемлекеттік типология әдісінің хронологиялық түрі. Бұл әдістің бірнеше түрлері бар. Мысалы, иллюстрациямен істелген дүниежүзілік тарих кітабында ағылшын тарихшысы Маргарет Олифант бүкіл тарихты былай бөледі: Ежелгі цивилизациялар, Рим және ежелгі тарих, орта ғасырлар, ғылыми жаңалық ашу кезеңдері (1555-1650), өзгеріс және дағдарыс кезеңдері (1650-1800), одан кейін XIX ғасыр және қазіргі дәуір. Сонымен, мемлекеттің дамуын бұл тарихшы сегіз кезеңге бөледі. Ал, кейбір шет елдердің ғалымдары мемлекеттің дамуын келесі кезеңдерге бөлетіні жақсы мәлім:

1) Ежелгі мемлекеттердің тарихы, бұл кезең екіге бөлінеді: Шығыс мемлекеттердің тарихы оған біздің дәуірге дейін төртінші мың жылдығында пайда болған Египет мемлекетінен бастап, Вавилон, Қытай, Ассирия, Үндістан, Персия және басқа шығыс мемлекеттері жатады. Бұл кезеңнің мемлекеттері шығыс деспотияларға жатады. Бұдан кейін көне дәуірдегі антикалық мемлекеттерінің кезеңдері басталады, бұл кезең біздің эраның 476 жылына дейін созылады.

2) 476 жылдан басталған кезең орта ғасырларға жатады, бұл кезең шығыс мемлекеттердің тарихында қараңғы ғасырлар деп аталады, ол ислам цивилизациясымен байланысты, бұл араб халифаттың көлеңкесінде пайда болған ислам мемлекеттерінің тарихы. Европа мемлекеттерінде бұл кезең феодалдық мемлекеттердің тарихы, ол ағылшын буржуазиялық революциясына дейін жалғасады.

3) Келесі кезең XX ғасырдың басына дейін жаңа ғасырларға жатады.

4) Ал қазіргі XX ғасыр қазіргі дәуір деп аталады.

Хронологиялық бөлудің басқа да түрлері бар: ежелгі ғасырлар, орта ғасырлар, жаңа ғасырлар және қазіргі дәуір. Бұл хронологиялық бөлудің көп прогрессивтік жақтары бар. Мемлекет қай таптың мүддесін қорғайды немесе оның экономикалық жағдайының ерекшеліктері бар ма деген сұрақтарға жауап бергеннен басқа, бұл даму кезеңінің, дәуірдің жалпы ерекшеліктері бар екенін анықтайды.

Шығыс мемлекеттері. Оған біздің дәуірге дейінгі 4 мыңжылдықтың соңында Египет мемлекеті, одан кейін 3 мыңжылдықта – Шумер, Ассирия мемлекеттері, 2 мыңжылдықта – Үндістан, Қытай, Хеттердің патшалығы пайда болғаны белгілі. Марксизм бұл мемлекеттерді құл иеленушілік мемлекеттерге жатқызады, бірақ бұлардың құл иеленушілік мемлекеттерден айырмашылығы өте көп. Олар шығыс деспотия деген ерекше мемлекеттік типті құрады. Бұл мемлекеттерді біріктіретін жалпы негізгі нышандары бар: экономикасында рулық қоғамның қалдықтары көпке дейін сақталғаны белгілі. Сондықтан жеке меншікпен қатар қоғамдық және мемлекеттік меншігі қалыптасты. Экономикалық жағдайға климаттың ерекешеліктері өзінің әсерін тигізді. Қоғамның мүддесін қорғау үшін жер суару және басқа жалпы жұмыстар жүргізілді. Осы мемлекеттер ұлы өзендердің Хуанхе, Тигр, Евфрат, Ніл жағасында орналасты. Бұл елдердің саяси жағдайларын дұрыс түсіну үшін осы ерекшеліктерді ескеру қажет. Құлдық институтының ерекшеліктері болатын. Құлдар көбіне мемлекеттің, қауымның және әрбір жанұяның жеке меншігінде болады. Жердің жеке меншігі күшті дамыған жоқ. Шығыс мемлекеттерде көбіне монархия түрінде дамыды. Құқықтың жазулы түрлері де пайда бола бастады, мысалы, Ману, Хаммурапи заңдары. Шығыс мемлекеттер тарихтағы бірінші мемлекеттердің типін құрады.

Келесі тарихи типтерге Греция және Рим солармен қатар дамыған антикалық мемлекеттер жатады. Бұл мемлекеттердің ерекшеліктері: құл иеленушілік өндірісі шығыс мемлекеттерден көп жоғары, рулық қоғамның қалдықтары сирек кездеседі, құлдардың еңбегін қанап пайдалану экономиканың негізін құрады. Қоғам негізінде құл иеленушілерге және құлдарға бөлінеді. Құлдардың бірнеше түрлері құл иеленушілердің жеке меншігін құрады. Олардың жеке меншігінде құлдар, жер және басқа өндіріс құралдары (кедей таптан) болатын. Құлдардың құқықтық жағдайлары ашық айтылатын, олар сөйлей алатын құралдарға жатады. Құлдардың ешқандай құқықтары жоқ, ол өзінің мырзасының жылжымалы заты. Қоғамның негізгі байлықтарын осы топ жарыққа шығаратын, олардың еңбегін өндірісте, ауыл шаруашылықта, құрылыста, жалпы жұмыстарда, спортта, басқа да жерлерде пайдаланатын. Сонымен, антикалық мемлекеттерде құл иеленушілер мен құлдар екі негізгі таптарды құрды. Ал олардан басқа топтарға саудагерлер, қолөнершілер, шаруалар жатты. Құл иеленушілік мемлекеттің негізгі мақсаттары құлдарды, басқа топтарды езгіге салып, олардың еңбектерін пайдалану. Оның осындай негізін мемлекеттің ішкі және сыртқы функциялары дәлелдейді: мемлекеттің негізгі ішкі функциясына құлдарды және басқа кедей топтарды қанау және сол үшін тиісті жағдай туғызу. Мемлекеттің өзі жерлердің, құлдардың, кен шығаратын жерлердің, басқа байлықтардың иесі болатын. Сондықтан ол жеке меншікті қорғау қызметіне қатты көңіл бөлетін. Құлдардың көтерілістері қатаң соққымен басылатын, тарихта бұндай жағдайлар өте жиі болды. Антикалық мемлекеттердің сыртқы функциялары да соғыс-күреспен байланысты (Рим мемлекеті). Осы сыртқы және ішкі функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттің аппараты ыңғайлы еді, оның демократиялық формалары да кездесетін.

Көне дәуірдегі антикалық мемлекеттер республика және монархияға бөлінеді. Греция, Рим, Спарта республика және монархия болғаны мәлім. Республика аристократиялық және демократиялық түрінде болатын, ал монархияның тек шексіз монархия болғаны анық белгілі.

Құл иеленушілік антикалық мемлекеттердің арасындағы ең ірі және соңғы мемлекет – Рим мемлекеті. Оның патшалық, республика және империя кезеңдері болды. Рим мемлекетінде жақсы белгілі құқық жүйесі құрылды. Рим құқығы бүкіл дүниежүзіне әсерін тигізді.

Орта ғасырлардың мемлекеттері. Феодалдық мемлекеттердің құрылуының екі жолы бар: біреулері құл иеленушілік мемлекеттердің дамуынан пайда болды (Үндістан, Қытай, Византия), екіншілері рулық қоғамнан пайда болды (Ресей, Араб халифаты, Франк мемлекеті). Оларды да екіге бөлуге болады – Азия, Африканың және Еуропаның мемлекеттері. Орта ғасырлардың дамуы 476 жылдан басталады, бұл Рим империясының құлаған жылы. Рим империясының орнында Франк мемлекеті пайда болды. 628 жылы мұсылмандар мемлекетінің пайда болған жылы. Еуропадағы феодалдық мемлекеттердің дамуының үш кезеңдері белгілі: ерте – феодалдық монархия, сословиелік-өкілдік монархия және шексіз монархия. Шығыс мемлекеттер осындай кезеңдерге бөлінбейді. Феодалдық мемлекеттердің негізгі нышаны – жерге жеке меншіктің қалыптасуы. Феод – деген сөз – толық жеке меншіктегі жер. Феодалдық жеке меншіктің тағы екі түрі бар: аллод және бенефиций (аллод – жерге жеке меншіктің мұрагерлік жолмен көшуі; бенефийде – мұрагерлік жерге құқық жоқ). Бұл иерархиялық баспада (жүйеде) әрбір топ өзінің жеке орнын алады, сол орны құқықтық жағдайды белгілейді және жер иеленушілігімен байланысты.

Феодалдық иерархиялық құқық. Феодалдар бірнеше топқа бөлінеді: мысалы, Францияда граф, герцог, рыцарь, шіркеу қызметкерлері, шаруалар, құлдар. Феодалдық рентаның үш түрі болды: ақшалай, барщина және натуралдық рента. Феодалдық мемлекеттің ішкі функциялары: жеке меншікті қорғау, шаруаларды және басқа жай адамдарды қанау, тәртіпті қорғау, салық жинау, шаруалардың көтерілістерін басу. Сыртқы функциялары – басқа халықтарды тонау, өз мемлекетін қорғау және көрші мемлекеттермен қарым-қатынастарды құру. Феодалдық мемлекет өзінің билігін шіркеудің әсерімен күшейтті. Феодалдық қоғам шіркеудің күшеюіне, баюына жағдай туғызды. Шіркеудің көп жерлері, шаруалары және басқа да байлықтары болатын. Шіркеудің билігін дәлелдеу үшін әртүрлі теорияларды шығарды. Мұсылман, Христиан, Католик, Буддистік шіркеулердің арасында бірталай айырмашылық болғанымен, қоғамдағы құқықтық жағдайлары бір-біріне ұқсас. Шіркеудің күшейген де, әлсіреген де кезеңдері болды. Феодалдық мемлекеттер көбіне ыдыраған, ұқсас мемлекеттер болатын. Бірақ кейбір кезде олардың күшейіп, ірі, мықты мемлекет құрған кезеңдері де болды. Мысалы, Омейядтардың араб халифаты, Францияның шексіз монархиясы. Бұл кезеңде Құран, Ұлы Еркіндік Хартия, Каролина, Алтын Булла деген белгілі феодалдық актілер қабылданды.

Феодалдық мемлекеттердің дамуы буржуазиялық төңкеріске дейін созылды. 1640 жылдан бастап келесі кезең жаңа дәуір басталды. Бұл кезең бірнешеге бөлінеді: 1) Париж Коммунасына дейін капитализмнің құрылған кезеңі; 2) 1917 жылға дейін капитализмнің күшейген кезеңі; 3) 1918-1950 дәуір-дағдарыс және өзгерістердің кезеңі; 4) 1951-1999 – қазіргі заман бейбітшілікті, халықтар достығын, демократияны дамыту. Капиталистік мемлекеттің негізін жеке меншіктің көп түрлері құрады, жеке меншік құқығы ең қасиетті және жоғарғы құқық болып жарияланды. Заңның алдында бәрі тең. Бұл кезеңде мемлекеттің маңызды прогрессивтік принциптері нығайтылды: биліктің бөлінуі, заңның жоғарылығы, құқықтың алдында бәрі тең, азаматтардың саяси, әлеуметтік және жеке құқықтары, заңдылық, соттың тәуелсіздігі және т.б. Құқықтық мемлекеттің түсінігі анықталып, көп конституциялар осы терминді қолданатын болды.

Әрбір құқықтық саланың өзінің прогрессивтік жерлері бар. Мысалы, қылмыстық сала мынандай негізгі принциптерге кепілдік береді: заңда жазылмаған іс қылмыс емес, бір қылмысқа бір жаза, жазаның ауырлығы қылмысқа сәйкес болуға тиіс, адамды қинайтын жазалар қолданбауы тиіс. Азаматтық құқықтық салада шарттардың және өнеркәсіптің бостандықтары, некені мемлекеттің тіркеуі, некеде екі жақтың теңдігі.

Мемлекеттердің көпшілігінде конституция – мемлекеттің заңдары қоғамның негізгі қарым-қатынастарын реттейді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына мемлекеттік кепілдік береді. Ол жазбаша түрде қабылданатын болды. Буржуазиялық құқықтық актілердің арасында ерекше орын алатын Францияның 1789 жылғы Азаматтың және адамның құқық туралы декларациясы, АҚШ-тың 1776 жылғы Тәуелсіздік декларациясы, Англияның Хабеас корпус актісі, Наполеонның басқаруымен алынған кодекстер және басқа құжаттар прогрессивтік дамуға ықпалын тигізді.

1917 жылдан бастап социалистік мемлекеттер пайда болды. Олар 70 жылдай өмір сүрді. Солтүстік Корея, Вьетнам, Куба мемлекеттері қазір де өздерінің социалистік бағытын өзгерткен жоқ. Қытай мемлекеті ерекше Қытайлық социализм қоғамын құрады деп жариялағаны мәлім. Социалистік мемлекет пролетарлық төңкерістен кейін құрылды. Бірінші кезеңде ескі капиталистік мемлекеттік аппарат жойылып, жаңа социалистік мемлекеттік аппарат құрылады. Мемлекет пролетариаттың диктатурасын жүзеге асырды. Социалистік мемлекет жұмысшылардың диктатурасын қорғап, ол Кеңес республикасы, Париж Коммунасы және халық-демократиялық республика түрінде құрылды. Социалистік мемлекеттің екінші кезеңі пролетарлық мемлекеттің бүкіл халықтық мемлекетке көшуі, үшінші – халық демократиялық мемлекет. Бірақ саяси жүйесі, құрған режимі, коммунистік партияның жалғыздығы және қолданған әдісі, халыққа қарсы жүргізген саясаты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының жағдайы социалистік мемлекеттің үш кезеңінде де тоталитарлық мемлекеттік жүйеге айналды.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!