МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒАЛЖЫН ҚОРЫҒЫ

Қасиетті қазақ жерін жаяу аралап шыққан кез келген адамның төрткүл дүниені түгел шарлағандай әсер алатыны ақиқат. Ата-бабамыз ұрпағына ұлағат еткен осы аяулы атамекенімізде Жер-анаға тән қандай да жағрапиялық ерекшелік, қандай да ауа райы климатының құбылысы жоқ десеңізші!

Жер ұйығы – Жетісудың, ақбас шың Алатаудың, асқақ Алтайдың, шежірелі Маңғыстаудың, қазыналы Қаратаудың, қарағайлы Қарқаралының, кербез сұлу Көкшетаудың, бағаналы Баянауылдың баламасыз тамаша табиғаты тәжірибелі жаһанкездердің өзін де таңдай қаға тамсандырып келеді, таңдандыра бермек.

Соның бірі – Солтүстік жар­тышарда сақталған самалды Са­рыарқаның салиқалы жа­зы­ғындағы қоғалы көл, қоқиқаз­дардың құт мекені – Қор­ғал­жын қорығы. Бүгінде Ақмола облысының Қорғалжын, Егін­дікөл, Қарағанды облысының Нұра аудандарының аумағында орналасқан бұл мемлекеттік қо­рықтың көлемі 258963 гектарды құрап отыр. Оның 197919 гек­тарын су айдыны алып жатыр.

Тарихты дүбірлеткен кө­не­дегі ер түріктер тұлпарлары тұя­ғының ізі қалған шежірелі Қор­ғалжын өңірінде талай буын көшп­енділер қас батырларының есі­мін әйгілейтін ескерткіштер сақ­талған. Атақты Тоқтамыс хан ат суарған Тоқтамыс көлі, Абы­лайхан шатыр тіккен Абы­лай көлі, Кенесары қона жатқан Сұл­танкелді көлі соған дәлел бо­лса керек. Өткен ғасырдың бірінші жартысында бұл өңірде ірілі-ұсақты 130-дан астам көлдердің айдыны кемерінен асып жатар еді. Адам қолымен жасалған қиянаттың кесірінен оның біразы суалып, біразының күйі кетіп, көлшікке айналды.

Қазір Қорғалжын қоры­ғы­ның аумағында 60-қа жуық тұщы және тұзды көлдер бар. Тұ­щы көлдер қатарына Сұл­тан­келді, Есей, Қоқай, Асаубалық жатса, тұзды көлдер қатарына атақ­ты Теңіз көлі кіреді. Қор­ғал­жын қорығының атын әлем­ге жайған құс падишасы – қо­қи­қаздарды сонау Африкадан бұл өңірге магниттей тартып жат­қан құдірет те осы – Теңіз көлі. Оның құрамындағы тұз­дың мөлшері теңіз суының тұз­ды­лығынан 5-6 есе асып түседі.

Теңіз – көне көл. Мұнда мекен ететін құстар да көнеден келе жатыр. Бұл – алқызыл қоқиқаздардың солтүстіктегі жалғыз мекені. Олар мұнда Теңіз-Қорғалжын ойпатын Тетис көлі басып жатқан пале­гон дәуірінен бері өмір сүріп келеді. Жыл құстары үшін Теңіз көлі – таптырмайтын құт мекен.

Теңіз көлі бір мезгілде 15 миллион құсты жем қорымен толық қамтамасыз ете алады. Бұл жерде құс падишалары – бұйра бірқазандар мен алқызыл қоқиқаздар ұя салады.

Табиғат құдіретінде шек бар ма?! Жыл сайын ұя басып, ұрпақ жалғастыру үшін сонау Афри­кадан Теңіз көліне дейін мыңдаған шақырым қашық­тық­ты артта қалдырып, қанаттары та­лып, 50-60 мыңға тарта қо­қиқаз Қорғалжын қорығына ұшып келеді. Ал әлемдегі бар­лық бұйра бірқазанның 20 па­йыздан астамы осы жерге келіп, ұя салады. Ғалымдардың есебі бо­йынша, Қызыл кітапқа кірген ақбас үйректің, қарабас өгіз­ша­ға­лалардың және далалық қы­рандардың 10-15 пайыздан ас­та­мы осы қорықта ғана жұмыртқа басады екен.

Қорғалжын қорығында сүт­қо­ректі жануарлардың 41 түрі, оның 8-і халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген, құстардың – 321 түрі, оның 39-ы Қазақ­стан­ның Қызыл кітабына, 22-сі ха­лық­аралық Қызыл кітапқа енгізілген, балықтардың – 14 түрі, жәндіктердің 700-ден астам түрлері мекендейді.

Сон­дай-ақ мұнда өсетін өсім­дік­тердің 418 түрі тіркелген.

Міне осындай тұмса табиғат тұнығы, құс жолының құт ме­кені – Қорғалжын көлдерінің ай­дынын қасірет құрсаулады. Тың және тыңайған жерлерді игеру желігімен жан-жақтан жи­налған келімсектер өңірде алаң­сыз өрген киіктерді қы­надай қырып, Теңіздің аққу-қаз­дарын топ-топтап атып, көл­дегі балығын жарылғыш кар­бид­пен жусатты. Жергілікті ха­лық ата-баба қорымын, туған табиғатын қорғау мақсатында “төрімізге шығып, киізімізді тілген” келімсектермен талай-та­лай қақтығыстарға да барды. Бі­рақ күш тең емес еді. Келім-сектердің артында “қолты­ғы­на су бүріккен” үлкен империя тұрды.

Күн тәртібінде Теңіз, Қор­ғал­жын көлдерін сақтап қалу мәселесі күннен-күнге өткір қойыла бас­тады. Сөйтіп, 1957 жылдың наурыз ай­ында бұл өңір аңшылық за­казнигі болып жарияланды. Ол да жетіскен шаруа емес еді. Енді бұл көлдердің фаунасы мен флорасы заңды түрде рұқсат қағаздары бар “аңшылар” мен “балықшылардың” майдан алаңына айналды.

Қазақстан ғалымдары мен зия­лы­лары дабыл қағуын тоқтатпады. Осының нәтижесінде 1958 жылы мамыр айында Көн өзенінің оң жағасында бар болғаны 15 мың гектар жерді қамтыған Қорғалжын мемлекеттік қорығы құрылды. Алайда, бұл қорғалатын аймаққа ғажайып көлдердің үштен бірі де енген жоқ. Ол, ол ма, “ұлы жү­гері­ші” атанған Никита Хрущевтің аярлығымен болашақта Ресейге қосу үшін құрылған Тың өлкесі (“Целинный край”) 1961 жылы Қорғалжын қорығын ыдыратып, оған бөлінген жердің жартысынан астамын жыртып тастады. 1962 жылы механикаландырылған орман шаруашылығына айналған Қор­ғалжын қорық-шаруашылығы бір-біріне мүлде кереғар функ­цияларға ие болды. Ол бір мезгілде әрі та­биғат байлығын қорғап, әрі аң­шы­лық-балықшылықпен айналысуға тиіс еді.

Тек 1968 жылдың сәуірінде республика Ғылым акаде­мия­сы­ның ұсынысымен Қазақ ССР Минис­терлер Кеңесі жалпы көлемі 177200 гектар, оның ішінде 147600 гектар су айдыны бар толыққанды Қорғалжын мемлекеттік қорығын құру туралы №124 қаулысын шығарды. 1974 жылы қазан айында халықаралық Рамсар конвенциясы бойынша Қорғалжын қорығы “А” категориясына жататын әлемдік маңызы бар сирек кездесетін сулы-батпақты аймақ ретінде тіркелді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде Елбасының ті­келей назар аударуының нә­ти­же­сінде Қорғалжын мемлекеттік қорығының халықаралық дәре­же­дегі жаңа шежіресі басталды. 1998 жылы Көкшетауда Қоршаған ортаны және табиғи байлықтарын қорғау министрлігі мен Герма­ния­ның табиғат қорғау одағы (NABU) “Адам және биосфера” атты кон­ференция өткізді. Онда Қор­ғал­жын қорығында экологиялық туризм бастамасын жүзеге асыру мәселесі қойылды. NABU тарапынан бұл мақсатқа қаржылай грант бөлінді. 2000 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында өткізілген форумда қорық дүниежүзілік “Тірі көлдер” жүйесіне 19-шы болып енгізілді. 2002 жылы ЮНЕСКО-ның дү­ние­жү­зілік табиғи мұралар қа­тарына қосуға өтініш беріліп, 2007 жылы Теңіз-Қорғалжын көлдері ІВА (халықаралық маңызы бар негізгі орнитологиялық аймақ) дәрежесіне ие болды.

258963 гектар жерді алып жат­қан Қорғалжын қорығы – Қазақстандағы ірі табиғи аймақ. Оның территориясы Швей­ца­рия­дан да үлкен. Бүгінде осы табиғат та­машасы, құс әлемінің құтты қо­нысы – Қорғалжын қорығының ба­сына үйірілген қасірет бұлты да қалың.

Оның ең бастысы, Теңіз-Қор­ғал­жын айдын көлдерінің су­сын­дайтын жалғыз нәрі – Нұра өзе­ні­нің тартылуы. Әлімсақтан келе жатқан есеп бойынша, Қорғалжын қорығы аумағындағы көлдердің қалыпты жағдайы сақталуы үшін жыл сайын Нұра өзенінен бұл көлдерге 1 миллиард текше метр су келуі керек. Ал қазір Нұра өзенінің өн бойын жағалай қонған су пайдаланушылар бұл меженің 10 пайызын ғана босатып отыр.

Кезінде қорық көлдеріндегі қажетті су мөлшерін реттеп отыру мақсатымен Абылай және Табиақ су бөгеттері салынған болатын. Осыдан бірер жыл бұрын сол бөгеттердің бірін тасқын су шайып кетті. Сол су бө­ге­тін қа­л­пы­на келтіруге облыс­тық би­ліктің мойыны жар бер­мей жүр. Оны қалпына кел­тіруге аса көп күш пен қар­жы да (40-50 миллион теңге шамасында) қажет емес.

Бұлтартпас бір шын­дық, Нұра өзенінен құ­йы­ла­тын су осылай азая бе­ре­тін болса, әлемде сирек кез­десетін бұл көлдерді еш­қан­дай да қолдан жасалған су бөгеттері құтқарып қала алмайды. Мамандардың айтуы бойынша, қорық көлдеріне жыл сайын 700 миллион текше метр су құйылуы қажет. Бұлай болмаған жағдайда, Теңіз-Қорғалжын көлдері суала бастайды. Теңіз көлінің аумағында тұз басқан үлкен сортаң жер пайда болады. Одан ұшқан тұз аймақты үлкен экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін. Оның үстіне Қорғалжын қоры­ғының тәуелсіз мемлеке­ті­міз­дің мақтанышы, экономикамыздың даму локомотиві болып саналатын ғажайып елорда – Астана қала­сынан бар болғаны 164 шақырым ғана қашықтықта орналасқанын да естен шығармауымыз керек.

Туған табиғатымыздың тұнық күйінде сақталуына орасан кесапат келтіріп отырған тағы бір кесел – еліміздің экология-экономикалық дамуының қоршаған ортаға ба­рынша зиянды техногендік ба­ғыт­тағы құрылым сипаты. Басқаша айтсақ, экономикалық дамудың тех­ногендік түрі – табиғат ре­сурс­тарын тез және орны тол­май­тын­дай ойсырата пайдалану, жер қойнауындағы қазба байлықтарын қарақшылықпен игеру, топырақ, орман, су қорларын рәсуа ету, қоршаған ортаны газ, түтін және бас­қа да өнеркәсіптік зиянды қал­дықтармен ластау болып табылады.

Міне, осындай техногендік кесапаттардың зардабы Нұра өзені мен Теңіз-Қорғалжын көлдеріне де орны толмас зиян әкелуде. Осыдан біраз жыл бұрын мамандар Нұра өзеніне Теміртау қаласының өн­ді­рістік аймақтарынан шыққан сы­нап қалдықтарының қосылып кет­кендігі туралы дабыл қаққан бо­латын. Қазір ғалымдардың зерттеу дерегі бойынша, Теңіз-Қорғалжын аймағындағы көлдердің суындағы сынап мөлшері қалыпты межеден екі-үш есе асып кеткен. Бұрын өндірістік сынап қалдықтарын Нұра өзенінің бойындағы Самар­қант және Ынтымақ су қойма­ла­рының түбінде өскен сал ұстап қалатын. 2004 жылы болған қатты су тасқыны кезінде өзен суына қо­сыл­ған сынап қорық көлдеріне дейін жеткен.

Әрине, Үкімет тара­пынан бұл проб­ле­ма­ларды шешу мақ­са­тындағы жұмыстар да жүргізілмей отырған жоқ. Екі жыл­дан бері Бүкіл­әлемдік банктің қаржысымен Теміртау қаласында Нұра өзенін тазалау жөніндегі жоба жұмыс істеп келеді. Оған Ауыл шаруа­шылығы минис­трлігінің Су қорлары жөніндегі ко­митеті бақылау жа­сайды. Жоба ластанған су көздерін сынаптан тазар­тумен қатар, Ынтымақ су қой­масын, су бөгеттерін то­лық қалпына келтіру, Қор­ғал­жын қорығындағы көл­дерді қорғау жөніндегі ке­шенді шараларды жүзеге асыруды көздейді. Алайда, қазіргі күнге дейін белгі­лен­ген жоба да, қоршаған ор­таны қорғау жөніндегі игі мақсат та дер кезінде тиімді атқарылып жатқан жоқ.

Қорыта айтқанда, Қор­ғал­жын қорығын қорғау, Рам­сар Конвенциясымен халық­аралық “А” дәре­жесіндегі әлемдік маңызы бар сулы-батпақты аймақ тізіміне енген қоқиқаздың құт мекенін болашақ ұрпақ игілігіне жеткізу – бүгінгі қо­ғам алдында тұрған па­рыз. Бұл мақсат мемлекеттің тікелей араласуымен ғана нәтижелі болмақ.

 Сон­дықтан Үкімет Қорғалжын қорығын сақтап қалу мә­селесін ұлттық және мемле­кеттік маңызы бар экологиялық шұғыл міндет ретінде күн тәртібіне қойып, жүйелі де кешенді шаралар тізімін жасауы қажет.

“Жығылғанға жұдырық” деген­дей, 2006 жылдың соңында Қор­ғалжын қорығының болаша­ғына қауіп төндірген тағы бір суық хабар сумаң етті: “Теңіз көлінің таба­нынан мол мұнай қоры табы­лыпты. Оны зерттеу және игеру құқығына Оңтүстік Кореяның бір фирмасы ие болыпты”. Бұл қауесетті қорғалжындықтардың көпшілігі қуана қабылдады. Оған негіз де жоқ емес. Қорғалжын өңірі әлеуметтік-эко­но­микалық тұрғыдан артта қалған (“де­присивті”) аудан­дардың қатарына жатады. Ешқандай өндіріс ошағы жоқ. Жұмыс орын­да­рының бол­мауынан тұрғындар, әсіресе жастар арасында көші-қон жағдайы жоғары болып отыр. Ал Теңіз мұнайы игеріле бас­таса, бұл өңірдің экономикасы өрге басады. “Жел бол­ма­са, шөп басы қи­мылдамайды” деген­дей, тұр­ғын­дардың мұнай ту­ралы “қауесетті” қуана қа­был­да­уының сыры да осында.

Бірақ “таяқтың екі басы” бар екені де белгілі. Шын мәнінде Теңіз табанынан мол мұнай қоры табылып, ол и­геріле бастаса, туған жері­міздегі табиғаттың тағы бір ғажайыбы Қорғалжын қоры­ғының бола­шағына нүкте қойылады деген сөз. Тағы бір айта кететін мәселе, Теңіз көлінің мұнайы туралы “Аме­рика ашудың” да қажеті жоқ. Бұл өңірде мұнай қоры бар екендігін Кеңес өкіметі өткен ғасырларда-ақ анықтап, зерттеп, мемлекеттік құпия ретінде жасырын ұстаған. Соңғы жыл­дары Қазақстанның мемлекеттік құпиялары көл­денең көк аттылардың “ұстаған уысында, жұмған жұды­ры­ғында” кетіп жатқандықтан, шетелдік фир­малардың оған қызығу­шылық танытуы да ғажап емес.

Көңілімізді күпті қылған осы мәселе бойынша қоршаған ортаны қорғау мәселесімен айналысатын кейбір мамандар­мен пікірлескен едік. Олардың бұл мәселедегі пікірі мынаған саяды: “Сіздің сұрағыңыздың жаны бар. Бұрынғы Кеңес өкіметінің кезінде де біз ол жерде мұнай барын білетінбіз. Бірақ, ол қоғамдық назардан тыс бо­латын. Қазір Қорғалжын ау­данындағы Теңіз көліне барлау жұмыстары жасалып жатыр. Алдымен осы жұмыс­тардың қорытындылары шы­ғарылып, содан кейін эколо­гиялық сараптама жасау керек. Қорғалжын мен Наурызым қорықтары біріккен Сарыарқа но­минациясы бойынша ЮНЕС­КО-ның табиғи мұ­ралары тізіміне үміткер. Егер, Қорғалжын қорығы осы аталған тізімге ілінетін болса, мұнда ешқандай пайдалы қазбаларды игеруге, оның ішінде мұнай өндіру жұмыстарына жол берілмейді. Өйткені, ол үшін әлем жауапты”.

Табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтап, оны келер ұрпақ игілігіне қалдыру – қоғамның да, бүгінгі биліктің де болашақ алдындағы тарихи парызы. Оның үстіне Қазақстан экономикасы бүгінде шикі­заттық бағытқа тәуелділіктен арылып, инновациялық-техно­логиялық үрдістерге бет бұрды.

Ендеше, қасиетті жеріміздің құт қойнауындағы ұрпақ игілігін тақырлай бермей, қазіргісін де қанағат қылар уақыт жетті. Сондықтан Үкімет Қорғалжын қорығын қорғау мәселесіне мемлекеттік жауапкершілік тұрғысынан қарауға міндетті.

Биыл Қорғалжын мемлекеттік қорығының құрылғанына 50 жыл толғалы тұр. Оның содан бергі жетістіктері ұжымның табанды еңбектерінің жемісі деп білеміз. Осы уақыт ішінде ғылыми қыз­мет­керлердің 35 түрлі еңбектері жарық көріп, 1958 жылдан бастап қорғалатын аймақтарға бай­ла­нысты әртүрлі салада 351 ғы­лыми жұмыс жарияланды. 1970-1980 жылдары “Қорғалжын көл­де­рінің құстары” атты моно­гра­фия жарыққа шықты.

Теңіз-Қорғалжын көлдері ба­тыс мамандарының да қыз­ығ­у­шы­лығын туғызып отыр. Әсіресе, Гер­мания, Финляндия, Англия, Голландия, АҚШ орнитологтары ғылыми зерттеулер жүргізуде. 1998-2004 жылдары неміс ор­ни­толог мамандары қорық қыз­мет­­керлерімен бірлесе отырып, суда жүзетін құстардың санын ан­ықтау, мониторинг жасау мақ­сат­тарында жүйелі жұмыс жүргізді.

2004 жылдың екінші жар­ты­сы­нда Қазақстанның сулы-батпақты жер­лерінің биологиялық алуан түр­лі­лігін сақтау мақса­тындағы табиғи ор­таны қорғауды тиімді басқару мә­селесіне арналған ірі оқиға бол­ды. Яғни, Ғаламдық экологиялық қор­дың қолдауы арқасында Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйелерін мекендейтін сирек кездесетін су құстарын және олар өмір сүретін жерлерді сақтау жөніндегі жоба іске асырыла бастады. Ол “Қазақ­стан­ның БҰҰ Даму бағдарламасы ҒЭҚ жобасы (БҰҰДБ: KAZ/00G37/A/ІG/99, №00013215 “Әлемдік ма­ңызға ие құнды сулы-батпақты жер­лерді қоныс аударатын құс­тар­дың мекендейтін орны ретінде кешенді сақтау” деп аталады.

2005 жылы БҰҰДБ жобасының арқасында түрлі ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының бас­тамасымен мемлекеттік қорықтың ау­мағында 10 жылдан аса уақыттан бері қолға алынбаған кешенді гидрологиялық және биологиялық-далалық зерттеулер жүргізілді. Осы­ның нәтижесінде Қорғалжын ма­ңын­дағы кейбір жерлердің қо­рық­тың аумағына енбеуі себебінен, сол жерлерді мекендейтін биотүр­лі­лік­тің толық қамтылмайтыны және де олардың тиісті деңгейде қор­ға­лу­ы­ның қамтамасыз етілмейтіні анық­талды. Бұл жөнінде ерекше қор­ға­ла­тын табиғи аймақтарды кеңейту жөнінде ұсыныстар жасалды.

Қорғалжын мемлекеттік қо­ры­ғын қорғаудың 2011 жылға дейінгі бас­қару жобасы бар. Ол Орман және аңшылық шаруашылығы ко­митетінің бұйрығымен бекітілген. Осы­ның негізінде қорықтың ма­те­риал­дық базасын нығайтуға қо­мақты көмек көрсетілуде. Атап айт­қанда, мұндағы әкімшілік ғима­ра­тын­дағы бұрынғы Табиғи мұражай күрделі жөндеуден өтіп, орнына қа­зіргі заман үлгісімен арнайы ор­талық салынды. Оған Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті Үкіметтен 118 миллион теңге бөлінуіне ықпал етті.

Жобаның қаржысы есебінен қо­рық қызметкерлерін оқыту ша­ралары ұйымдастырылды. Ма­ман­дар Алматы, Минск, Мәскеу, Астана қалаларында оқу курс­та­рынан өтті. Қорық өкілдері Ресей, Гер­мания, АҚШ, Үндістан, Авс­трия елдерінде болып, кәсіби ма­ман­дар ретінде тәжірибе алмасты.

Қорғалжын депрессивті ауданға жатады. Жұмыс орындары жетіс­пейді, мұның әсері, әсіресе, жас­тарға ауыр тигендіктен, олар бұл өңі­рден жаппай қоныс аударуда. Бұл мақсатта жобаның ауданның әлеуметтік-экономикалық мәсе­ле­лерін зерттеуде біршама тиімді көмек болары анық. Аталған құжатпен әрі қарай жұмыс жасау бізге, бірінші кезекте – мемле­кет­тік қорықтың және тұтас аудан көлемінің биотүрлілігін зерттеуге, сонымен қатар қорыққа күзет қызметінің, ғылымның, эколо­гия­лық салауаттандыру жағынан ма­тер­иалдық базасын нығайту бо­йынша нақты жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.

Біз “Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы” ҚР Заңының 50-53-баптарына сәйкес жобаның әрі қарай да мемлекеттік қорықтың қазіргі кездегі аумағын кеңейту жө­ніндегі техникалық-эконо­микалық негіздеулерді дайындау бойынша жұмысы жалғасын табады деп сенеміз. Сонымен бірге аумақтық және географиялық орналасуын ес­кере отырып, біз биосфералық резерватты Қорғалжын ауданының барлық шекарасы бойынша құру қажет деп есептейміз. Бұл шара биотүрлілікті сенімді түрде қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауданның барлық аумағы бірегей болып табылады. Бірақ та қорыққа шектес аумақтарды мекендейтін жануарлар да қамқорлыққа зәру. Іс жүзінде балық кәсіп­кер­шілігі де толықтай бақылан­байды.

Біздің пікірімізше, мемле­кеттік табиғи резерват жасау үшін ғылыми негізде жұмыстар жүргізу қажет. Ал егер резерват құрылса, оның аумағындағы жануарлар әлемін лайықты қорғау қамтамасыз етілер еді. Қорықтың жаңа статусы экологиялық туризмді белсенді түрде дамытуға мүмкіндік береді және жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін болады.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!