МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЖЫ

Қаржылық құқық егемен мемлекеттің өз мұқтаждықтары мен мүдделеріне қажетті қаржыларын қалыптастыруға, яғни қаржылық қызметін ойдағыдай жүзеге асыруға көмегін әрі ұйымдастырушы – реттеуші ықпалын тигізетін әлеуметті құрал болып табылады. Мемлекет пен мемлекеттік қаржылар және қаржылық құқық әрдайым өзара тығыз байланыста болады, сондай-ақ олар бір-бірінсіз көрініс таба алмайды. Мемлекеттік қаржылар нарықтық қатынастарға шешуші қадам жасаған егемен еліміздің болмысының және өркениетті мемлекеттер қатарлы дамуының материалдық негізі болып саналады.

Сонымен қатар, қазіргі кезде мемлекеттік қаржылардың қоғам мұқтаждықтарын және мемлекеттің өзіне тән әралуан қызметтерін қаржыландыру, экономикалық қатынастарды түрлендіру, қаржы жүйесін рыноктық жағдайларға сай келтіру және инвестициялық белсенділікті ынталандыру, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында атқаратын ролі мен маңызы күн санап күшейе түсуде.

Бүгінгі, мемлекеттік қаржылар нарықтық экономика саясатын айтарлықтай жүргізуге себін тигізетін, ал қаржылық құқық әлеуметтік – экономикалық даму аясына күшті ықпал ететін негізгі қуатты құрал ретінде баршаға мәлім болып отыр. Негізінде, мемлекеттік қаржылар болу және қайта бөлу процестері шегінде туындайтын, сондай-ақ тұрақты субъектісі мемлекет болып табылатын экономикалық (ақшалай) қатынастардың жиынтығынан тұрады.

Мемлекеттік қаржылардың материалдық негізін ақша нысанындағы құнның біржақты қозғалысын білдіретін және ақшалай төлемдер мен есеп айырысуға байланысты айналысты көрсететін экономикалық процестер құрайды.

Мемлекеттік қаржылар экономикалық және материалдық тұрғыдан қарастырылады.

Экономикалық категория ретінде мемлекеттік қаржылар деп мемлекеттің және жергілікті жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өз функцияларын атқаруға қажетті ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі экономикалық қатынастардың жиынтығын айтамыз.

Ал материалдық мағынасында мемлекеттік қаржылар мемлекеттің және қоғамның тиісті мүдделерін қамтамасыз етуге қажетті, әрдайым мемлекет меншігінде болатын орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ақша қаражаттары қорларының жиынтығын көрсетеді.

Мемлекеттік қаржыларға тән функциялар қаржыларға тән қызмет ауқымы, сондай-ақ олардың мән-жайының айрықша тәсілдері арқылы көрініс табады. Қаржылардың функцияларына ақшалай қаражаттарды жұмылдыру, ақшалай ресурстарды бөлу және қайта бөлу, бақылау – есептеу функциялары жатады.

Мемлекеттегі қаржылық ресурстарды жұмылдыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру тек мемлекеттің қаржылық жүйесінің ауқымында ғана жүзеге асырылады.

Мемлекеттің қаржы жүйесінің экономикалық негізін мемлекеттік қаржылық қатынастар, ал нормативтік – құқықтық базасын қаржылық заңдар құрайды.

Мемлекеттің қаржы жүйесі өзінің құрылымдық ерекшелігіне, маңызына және басқа да мән – жайларына байланысты материалдық, экономикалық және ұйымдастырылу тұрғысынан қарастырылады. Материалдық мағынасында қаржы жүйесі құқықтық негіздері мен экономикалық мәні айқындалған ақшалай қорлардың жиынтығы ретінде көрініс табады. Экономикалық мағынасында қаржы жүйесі әрқайсысы өзіне тән белгілі бір ақшалай қорды білдіретін қаржылық – экономикалық институттар жиынтығынан тұрады. Ұйымдастырылу мағынасында қаржы жүйесі мемлекеттің органдары мен қаржылық мекемелерінің жиынтығын көрсетеді. Мемлекеттің қаржылық жүйесінің қазіргі кезде атқаратын қызметі мемлекеттік және жекеменшік қаржылар аясындағы мүдделердің біршама болса да теңдестірілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттің қаржы жүйесіндегі әр түрлі қаржылардың функциялары тек мемлекеттің қаржылық қызметінің басымды бағыттарында жүзеге асырылады. Мемлекеттің қаржылық қызметі деп мемлекеттің біртұтас өзінің немесе оның уәкілетті органдарының қоғам мүдделері мен мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге және өздеріне тән функцияларын атқаруға қажетті ақшалай қорларын қалыптастыру, бөлу, сондай-ақ пайдаланылуын ұйымдастыру жөніндегі іс-қимылдары мен қызметтерін айтамыз.

Мемлекеттің қаржылық қызметінің басты мақсатына қоғамның әлеуметтік – экономикалық инфрақұрылымдарының ойдағыдай қызмет атқарулары үшін қолайлы жағдай жасау жатады. Ал мемлекеттің қаржылық қызметінің негізгі міндеттері қоғамның ақшалай инфрақұрылымын құру және оның тиісінше қызмет атқаруын қамтамасыз ету; өзінің болмысының материалдық негізі және өзіне тән қызметтері мен міндеттерін жүзеге асырудың қаражат көзі қаржыларды қалыптастыру;қоғамның әлеуметтік – экономикалық дамуының басымды бағыттарын қажетті көлемде ақша қаражаттарымен қамтамасыз ету болып табылады.

Мемлекеттік қаржылық қызметінің басымды бағыттары : мемлекеттің ақшалай қорларын қалыптастыру, мемлекеттің қаржылық ресурстарын бөлу, мемлекеттің қаржылық ресурстарын пайдалануды ұйымдастыру, мемлекеттің қаржылық ресуірстарын бөлу және пайдалану барысында мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру, мемлекеттің қаржылық қызметі аясындағы уәкілетті органдар жүйесін айқындау және олардың тиісті құзыретін белгілеу, айналымға ақшалар және бағалы қағаздар шығару, қаржылық жоспарларды жүзеге асыру болып саналады.

Мемлекеттің қаржылық қызметінің бюджеттік қызмет, валюталық- қаржылық қызмет, қаржылық – банктік қызмет, кредиттік қызмет, қаржылық – сақтандыру қызметі, қаржылық – шаруашылық қызметі, салықтық қызмет, мемлекеттік қаржылық бақылау сияқты түрлері болады.

Мемлекеттің қаржылық қызметі келесі әдістермен жүзеге асады: ақшалай қорларды қалыптастыру, ақшалай қорларды бөлу, ақшалай қорлардың пайдаланылуын ұйымдастыру. Ақшалай қорларды қалыптастыру әдістеріне ақша қаражаттарын олардың иелерінен қайтарымсыз және мәжбүрлі түрде алып қою, ақша қаражаттарын мәжбүрлі және қайларымды түрде алу, ақша қаражаттарын ерікті және қайтарымсыз түрде тарту, ақша қаражаттарын ерікті және қайтарымды түрде тарту, мемлекеттік мүлікті сатудан және пайдаланудан түскен ақша қаражаттарын мемлекет кірісіне айналдыру, мемлекеттік қызмет көрсету негізінде ақша қаражаттарын тарту, эмиссия жатады. Ақшалай қорларды бөлу әдістері қаржыландыру, яғни ақша қаржыларын бюджеттен біржола, ақысыз түрде беру, кредит беру, яғни ақша қаражаттарын қайтарымды, ақылы негізде және белгілі мерзімге уақытша пайдалануға беру, кредиторлары алдындағы мемлекеттің өз қаржылық міндеттемесін орындауы жолымен жүзеге асырылады. Ақшалай қорларды пайдалануды ұйымдастыру ақшалай қорлардың пайдалану бағыттарын белгілеу, мемлекеттің ақшалай қорларынан алынған ақша қаражаттарының пайдалану тәртібін белгілеу, ақша қаражаттарын пайдалануды жоспарлау, ақша қаражаттарын берудің қаржылық нормативтері мен шекті мөлшерін белгілеу, мемлекеттік кәсіпорындардың пайдаларын бөлудің нормативтері мен тәртібін белгілеу, ақшалай қорлардың пайдалануларына бақылау жүргізу сияқты әдістер арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттің қаржылық қызметінің құқықтық нысандары деп қаржылық қызметтің жалпы және арнаулы мәселелері бойынша өз құзыреттері шегінде уәкілетті мемлекеттік органдар қабылдаған нормативтік қаржылық – құқықтық актілерді айтамыз.

Сонымен құқық саласы ретінде қаржылық құқық мемлекеттің ақшалай қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру бакрысында туындайтын қоғамдық қатынастарды, яғни мемлекеттің қаржылық қызметінің барысында пайда болатын мемлекеттік қаржылық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады.

Демек, қаржылық құқық пәні деп мемлекеттің ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастардың жиынтығын айтамыз.

Осы мемлекеттік қаржылық мынадай өздеріне тән белгілірімен ерекшеленеді: бұл қатынастар ақшалай қатынастарға жатады, бұл қатынастар әрқашанда бөлу сипатында болады, бұл қатынастар тауар нысанындағы құнның қарсы қозғаласына жолықпайтын ақша нысандағы құнның біржақты қозғалысын білдіреді, бұл қатынастар мемлекеттің болмысына, оның өсіп – өркендеуіне байланысты пайда болады, сондай-ақ оның қаржылық қызметінің нәтижесі ретінде көрініс табады, бұл қатынастар экономикалық қатынастардың бір түрі болғандықтан базистік қатынастар құрамында болады, бұл қатынастар әрқашанда баламасыз қатынастар қатарына жатады, бұл қатынастар мемлекеттің қаржылық қызметінің барысында туындайтындықтан әрқашанда құқықтық нысанда болады.

Қаржылық құқықтық реттеуші әлеуеті көбінесе мемлекеттің қаржылық қызметінің аясына және қаржылық қатынастардың нақты қатысушыларына әмірлі өктем ықпал ету арқылы көрініс табады.

Қаржылық құқықта пайдаланылатын құқықтық реттеу әдістеріне императивтік мемлекеттік – өктем билік әдісі мен диспозитивтік қаржылық шартты әдіс жатады.

Императивтік құқықтық реттеу әдісінің мынадай өзіне тән белгілері болады: мемлекеттің әмірлі талабы нормативтік сипаттағы біржақты құқықтық акті нысанында көрініс тапқан, осы әмірлі талап екі жақтың жүріс – тұрыстарын мұқият айқындайды, екі жақтың өзара құқықтары мен міндеттері  мемлекет тұрғысынан туындайды және олар және осы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актіде белгіленген, өздері үшін міндетті болып табылатын мемлекеттің әмірлі талабын атқарудан екі жақтың да бас тартуға хақылары жоқ, мемлекеттің әмірлі талабын бұлжытпай орындау мемлекеттік уәкілетті бір жақты түрде не болмаса сот арқылы жүзеге асыратын мәжбүрлеу механизмімен қамтамасыз етіледі, екі жақтың да жүріп – тұру қағидаларын таңдауға, оның ішінде өзара келісім негізінде таңдауға мүмкіндіктері мүлдем болмайды, ал болған жағдайда елеусіз, болымсыз мән – жайларды қамтиды, қаржылық құқықтық қатынасқа мемлекеттің уәкілетті органы ретінде қатысатын субьект, мемлекттің әмірлі талабын мәжбүрлеп орындатқызуға мүмкіндік беретін өктем уәкілеттілікпен қамтамасыз етілген.

Мемлекеттің қаржылық қызметінің аясында негізінен  императивтік – әмірлі құқықтық реттеу әдісі жиі қолданылады. Сонымен бірге, қажетті кездерде диспозитивтік – шартты құқықтық реттеу әдісінің де жеткілікті көлемде қолданылатынын білу қажет. Осы диспозитивтік құқықтық реттеу әдістері мынадай өздеріне тән айрықша белгілерімен көзге түседі: екі жақтың құқықтары мен міндеттері осы қатынасты реттейтін нормативтік актілер мен өзара жасалған шарттың негәзәнде қалыптасады, мемлекеттің біржақты -өктем әмірлі талабы қаржылық қатынастағы мән – жайларды толығымен қамтитын сипатта болмағандықтан, осы қатынастың субьектілеріне өз еріктерін білдіру құқығын қалдырады, қаржылық құқықтық қатынастағы екі жақтың құқықтары мен міндеттері, императивтік әдіске тән өктем билік және тәуелділік сияқты үзілді – кесілді формуламен көрсетілмей, сәл болса да теңестірілген, яғни өктем уәкілетті субьектінің де өз контрагентінің алдындағы тиісті заңды міндеттері анықталған, мемлекеттің өз контрагентінің жүріс- тұрысына тигізетін реттеуші  ықпалы тек біржақты – өктем мәжбүрлеу нысанында болып қана қоймай, сонымен бірге экономикалық ынталандыру мен материалдық мүдделерді пайдалану арқылы қызықтыру нысанында да көрініс табады, қаржылық – құқықтық шарт қаржылық  қатынасқа қатысушы екі жақтың құқықтары мен міндеттерін туындатумен қатар, ол мемлекетке немесе оның уәкілетті органына қажетті құқықты көбірек береді, диспозитивтік әдістің көмегімен реттеу кезінде қаржылық – құқықтық шарт қаржылық қатынастың заңды нысаны ретінде көрініс табады.

Қаржылық құқықтың нормалары мен институттары іштей белгілі бір қисындылықты ескере отырып жүйелендірілгендіктен, осыған орай қалыптасқан қаржылық құқықтың оның жүйесін білдіреді.

Демек қаржылық құқықтың жүйесі мемлекеттік қаржылық қатынастар жүйесімен обьективті түрде негізделген қаржылық құқықтың ішкі құрылысын, сондай-ақ оны құрайтын қаржылық-құқықтық нормалардың өзара бірігуін және өздері реттейтін, негіздейтін тиісті қаржылық қатынастарға байланысты белгілі бір тәртіппен орналасуын көрсетеді.

Қаржылық құқықтың жалпы бөлімі мыналар: 1. Мемлекеттің қаржылық құрылысының құқықтық негіздері; 2. Ақша жүйесінің құқықтық негіздері; 3. Мемлекеттік қаржылар саласындағы басқару; 4. Қаржылық жоспарлаудың құқықтық негіздері; 5. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың құқықтық негіздері; 6. Қаржылық-құқықтық жауапкершілікті құқықтық реттеу сияқты институттардан тұрады.

Ал ерекше бөлімі мынадай: бюджеттік құқық; қаржылық-банктік құқық; қаржылық сақтандыру құқығы ; қаржылық-шаруашылық құқығы сияқты өте ірі бөлімдерден тұрады.

Мемлекеттік қаржылық құрылысының құқықтық негіздері мемлекеттің қаржы жүйесінің құрамын және оның ұйымдастырылу құрылымын белгілейтін қаржылық құрылымды құрайтын және тиісті қаржыларды басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар жүйесін айқындап, құзыреттерін белгілейтін қаржылық құқықтық институттары болып табылады.

Мемлекеттік қаржылық құрылысы өзара байланысқан 1. тиісті қаржылық-экономикалық институттармен көрсетілген мемлекеттің ақшалай қорларының жиынтығы ретіндегі мемлекеттің қаржы жүйесінен 2. мемлекеттің қаржылық органдарының жүйесінен 3. мемлекеттік қаржылық реттеуден тұрады.

Мемлекеттің қаржы жүйесін құрайтын қаржылық – экономикалық институттар : бюджет жүйесі, бюджеттен тыс мақсатты қорлар, мемлекеттік сақтандыру қаржылары, мемлекеттік банктердің қаржылары, мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің және мемлекеттік басқару органдарының қаржылары түрінде көрініс табады.

Мемлекеттің қаржылық құрылымын арнайы мамандандырылған және өздеріне тиесілі қаржылық өктем өкілеттіліктерін жүзеге асыратын мына мемлекеттік органдар:

  1. ҚР Қаржы министрлігі;
  2. ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті, Қаржы дақылау комитеті және Қазынашылық комитеті;
  3. ҚР Қаржы министрлігінің құзырындағы аудандық қаржы бөлімдері мен облыстық қаржылық басқармалар;
  4. ҚР Ұлттық банкі;
  5. ҚР Ұлттық банкінің банктік және сақтандыру қадағалау департаменті, бағалы қағаздар рыногын реттеу департаменті, төлемдік баланс және валюталық реттеу департаменті;
  6. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі құрайды.

Мемлекеттік  қаржылық реттеу мемлекеттің қаржы жүйесінің ойдағыдай қызмет атқаруын, сондай-ақ оның құрылымдық бөлімдерінің өзара қарым-қатынастарын айтарлықтай деңгейде қамтамасыз ету мақсатында оған ұйымдастыру сипатында және бағытталған түрде ықпал ету болып саналады.

Қаржылық реттеудің әдістеріне: мемлекеттің қаржы жүйесінің құрамын қалыптастыру; қаржы жүйесінің құрамына кіретін ақшалай қорлардың түрлері мен бағдар-бағыттырын айқындау: мемлекеттің кірістерді қаржы жүйесі буындарының арасында бөлу: мемлекеттік шығыстарды қаржы жүйесі буындарының арасында бөлу; өз қарамағына бекітілген ақшалай қордың функциясын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың құзыреттерін белгілеу; ақшалай қорларды қалыптастыру және бөлу процестерін жоспарлау; мемлекеттік қорлардан бөлінетін ақша қаражаттарын пайдалануды ұйымдастыру; мемлекеттің ақша қаражаттарының пайдаланылуына бақылау жүргізу; қаржылық заңдарды бұзғаны үшін қаржылық – құқықтық жауапкершілік белгілеу және заңда белгіленген тәртіппен осы  жауапкершілікке тарту жатады.

Ақша жүйесінің құқықтық негіздері еліміздің ақша жүйесінің, соның ішінде ұлттық валюта жүйесін белгілейтін, сондай-ақ оның қоғам мен мемлекет мүдделеріне сай тиісінше қызмет атқаруын қамтамасыз ететін  қаржылық құқықтың институты болып табылады.

Осы институт реттейтін обьект ретінде мына: ақша жүйесінің құрылымы; ақша жүйесін ұйымдастырудың қаржылық – құқықтық аспектілері; валюталық реттеу сияқты үш элемент көрініс табады.

Ақша жүйесі деп тарихи қалыптасқан және тиісті ұлттық заңдармен бекітілген еліміздегі ақшалар айналымын ұйымдастыру нысанын айтамыз. Ақша жүйесінің элементтеріне : ресми ақша бірлігі, ақша түрлері, ақшаларды шығару тәртібі, валюта айналымы режимі, ақша айналымын ұйымдастыру жатады.

Ақша бірлігі еліміздегі барлық тауарлардың бағасын өлшеу жөніндегі қызметті атқаратын және ұлттық валюта аталымын көрсететін мемлекет тарапынан белгіленген ақша, яғни ҚР Ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесі болып табылады.

Ақшалардың түрлері дегеніміз заңды төлем құралы болып табылатын ақшалар мен олардың номиналдары.Ақшалар қағаз ақшалар және металл монеталар түрінде көрініс табады.

Мемлекетіміздегі бірден-бір негізгі эмиссиялық орталық алтынмен қамтамасыз етілмеген банкноттарды және ұсақтаушы монеталарды мемлекет атына шығаруды жүзеге асыратып Қазақстанның Ұлттық банкі болып табылады.

Ақша айналамы тауарлар, сондай-ақ тауарсыз төлемдер мен есеп айырысу айналысына қызмет көрсететін қолма-қол және қолма-қол емес нысандағы ақшалардың қозғалысын білдіреді. Ақша айналымын реттеу әдістеріне ақшалай операцияларды жүргізу тәртібі мен қағидаларын белгіеу, нақты ақшалай операцияларды реттеу және ақшалай операцияларды жүзеге асыру тәртібін айқындау жатады.

Мемлекеттік қаржылар аясындағы ақшаларға тән функциялар қаржылық міндеттемелер бойынша есеп айырысу құралы және мемлекеттің ақша қорларына жұмылдырылуына байланысты қазына жинақтау құралы сипатында болады.

Ақша айналымын тұрақтандыру ақша реформаларын жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

Ақша реформаларын жүргізу кезінде: нуллификация, деноминация, девальвация және ревальвация сияқты әдістер қолданылады.

Нуллификациялау – айналымнан құны жойылған ақшаларды алып тастап, оның орнына жаңа валюта енгізу, деноминациялау – айналымдағы ақшаларды белгілі бір ара қатынастарын қолдана отырып жаңадан шығарылған ақшаларға айырбастау, ақшалар құнын өзгерту және массасын азайту, девальвациялау – айналымдағы ұлттық валютаның ресми курсын төмендету, ревальвациялау – ұлттық валюта курсын, басқа елдердің валюталарымен салыстырғанда ресми түрде жоғарылату сипатында жүргізіледі.

Ақша жүйесінің құрамдас бөлігіне ұлттық валюта жүйесі жатады. Ұлттық валюта жүйесі деп халықаралық валюталық құық нормаларын есепке ала отырып ұлттық валюталық заңдармен бекітілген валюталық қатынастарды ұйымдастыру және реттеу нысанын айтамыз.

Ұлттық валюта жүйесі халықаралық валюталық жүйемен тығыз өзара қарым-қатынаста және еліміздің экономикасы мен сыртқы экономикалық байланыстарының даму дәрежесіне тәуелді болады.

Халықаралық валюта жүйелердің тарихи даму кезеңдеріне орай мынадай түрлері болған:

  1. Париж валюталық жүйесі (1867 ж)
  2. Генуя валюталық жүйесі (1922 ж)
  3. Бреттон-Вуд валюталық жүйесі (1944 ж)
  4. Ямайка валюталық жүйесі (1976 – 1978 ж)
  5. Европалық валюталық жүйесі (1979 ж)

Ұлттық валюта айналымына, сондай-ақ шетелдік валюталарға қатысты мемлекет тарапынан белгіленіп, қойылған шеектеулер валюта айналымының режимі деп аталады.

Валюталар толығымен айналыста болатын, жартылай айналатын, айналысқа түсетін болып бөлінеді. Қазақстан валютасы жартылай айналыста болатын валюталар қатарына жатады.

Валюталық манаполия валюталық құндылықтармен мәміле жасау жөнінідегі текекмемлекеттің құзырындағы нарықтық айрықша қатынастар мен халықаралық валюталық қордың талаптарына сәйкес шектелген құқық болып табылады.

Қазақстандағы валюталық құндылықтарға: шетелдік валюта, номиналдары шетел валютасымен көрсетілген төлем құжаттары мен бағалы қағаздар, толығымен тазалау процесінен өткен алтын құймасы және резиденттер мен резидент еместердің арасындағы  операцияларды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын ұлттық валюта, сондай-ақ номиналдары ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар мен төлемдік құжаттар жатады.

Мемлекеттің валюталық монополиясының обьектілері ретінде мынадай төлемдік құжаттар мен бағалы қағаздар:

  1. Шетелдік банктердің чектері, аккредитивтері және пластикалық карточкалары;
  2. Шетелдік банктердің депозиттік сертификаттары;
  3. Шет мемлекеттердің заемдық облигациялары;
  4. Шет мемлекеттердің қазыналық бондары мен вексельдері;
  5. Шетелдік акционерлік қоғамдар мен компониялардың акциялары;
  6. Шетелдік заңды тұлғалардың облигациялары түрінде көрініс табады;

Валюталық реттеудің негізгі әдістері: валюталық реттеу обьектілерін айқындау; валюталық операцияларды жүргізудің қағидаларын белгілеу; мемлекеттің валюталық монополиясының обьектілерін айқындау; мемлекеттің валюталық монополиясының обьектілерімен жасалатын операцияларды жүзеге асыруға хақы бар мемлекеттік органдардың құзыреттерін белгілеу; валюталық операцияларды, оның ішінде шетелдік валютамен жасалатын операцияларды жүзеге асыруға  хақы бар заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу; валюталық операцияларды жүзеге асыруға байланысты қызметтерді лицензиялау: резиденттердің тысқары жерлерден шетел валютасымен беретін және алатын ссудалары мен кредиттерін тіркеу; валютамен жасалатын операцияларға бақылау жүргізу; белгілі бір валюталық операцияларды жүргізуге салынатын тыйымдар мен қойылатын шектеулерді белгілеу сипатында жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қаржылар саласындағы басқару мемлекеттік қаржыларға қатысты тиісті қызметтерін жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік және арнайы қаржылық органдардың жүйесін айқындайтын, сондай-ақ олардың осы саладағы құзыреттерін белгілейтін қаржылық – құқықтық институт болып табылады.

Мемлекеттік қаржылар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар жүйесінде:

А. Мемлекеттегі өкілді билік органдар:

  1. Жоғарғы заң шығарушы және өкілді орган – ҚР Парламенті.
  2. Жергілікті өкілді органдар – Мәслихаттар.

Ә. Мемлекеттің атқарушы билік органдары:

  1. Жалпы құзыретті орталық атқару органы – ҚР Үкіметі.
  2. Орталық салалық құзыретті органдар – ҚР министрліктері мен ведомствалары.
  3. Жалпы құзыретті жергілікті атқару органдары – Әкімдіктер.
  4. Жергілікті салалық және функционалдық органдар.
  5. Министрліктер мен ведомствалардың аумақтық органдары.
  6. Жергілікті әкімдіктердің бөлімдері мен басқармалары.

Б. Мемлекеттің арнайы мамандандырылған қаржылық – экономикалық органдары:

  1. ҚР Қаржы министрлігі, оның құрылымдық және аумақтық бөлімшелері.
  2. ҚР Ұлттық банкі; оның құрылымдық бөлімшелері мен оған бағынышты кредиттік – қаржылық ұйымдар.
  3. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі көрініс тапқан.

Мемлекеттік қаржылар саласындағы басқару деп мемлекеттік қаржылар аясындағы өзекті мәселерді шешуге, алға қойылған  мақсат – міндеттер мен күтілетін нәтижелерге қол жетізу үшін қаржылық механизмінің ынталандыру тәсілдері мен басқа да жолдарын және санкцияларын қолдану арқылы мемлекеттің қаржылық қызметінің аясындағы барлық субьектілердің, сондай-ақ қарамағында мемлекеттің ақша қаражаттары бар уәкілетті органдардың жүріс-тұрыстары мен іс-қимылдарына жоспарланған және бағдарланған негізде реттеуші-ұйымдастырушы ықпал етуді айтамыз.

Қаржылық жоспарлаудың құқықтық негіздері қаржылық жоспарларды әзірлеу, қарау, бекіту, атқару және жабу жөніндегі негізгі қағидаларды белгілейтін қаржылық – құқықтық институт болып табылады.

Қаржылық жоспарлау мемлекеттің ақшалай қорларын қалыптастыру, бөлу және қайта бөлу жөніндегі экономикалық процестерді, сондай-ақ қаржылық жоспарларды әзірлеу, қарау, бекіту және атқарылуын ұйымдастыру процестерін жоспарлы түрде басқару, немесе қаржылық жоспарларды  әзірлеу, қарау, бекіту және атқару жөніндегі мемлекеттік уәкілетті және арнайы мамандандырылған органдардың тиісті заңдарда көзделіп, белгілеген қызметтері түрінде көрініс табады.

Қаржылық жоспарлау обьектісі ақшалай қор болып табылды. Ал ақшалай қорлардың жиынтығы мемлекеттің қаржылық ресурстарын құрайды.

Қаржылық жоспарлардың міндеттері: ақшалай қорлардың қалыптастырылу көздері мен жалпы көлемін анықтау, ақшалай қорларды пайдаланудың басымды бағыттарын айқындау, қажетті қаржылық резервтерді құру, орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ақша қаражаттары мен экономика секторлары мен салаларының және әкімшілік – аумақтық құрылымдардың арасында бөлудің ұтымды пропорциясын белгілеу болып табылады.

Мемлекеттік қаржылық бақылаудың құқықтық негіздері деп қаржылық бақылауды жүргізуге уәкілетті органдардың жүйесін айқындайтын және олардың мемлекеттік қаржылық бақылау аясындағы құзыреттерін белгілейтін, сондай-ақ қаржылық тексерулерді жүргізу тәртібі мен нысандарын белгілейтін қаржылық – құқықтық институтын атаймыз.

Мемлекеттік қаржылық бақылау мемлекеттік бюджет пен бюджеттен тыс қорлардың атқарылуын, ақша айналымының ұйымдастырылуын, кредиттік ресурстардің пайдаланылуын, мемлекеттің ішкі және сыртқы қарызы мен мемлекеттік резервтердің жайын қаржылық және салықтық жеңілдіктердің берілуін тексеру түрінде жүзеге асырылатын қызмет болып табылады.

Мемлекеттік қаржылық бақылаудың негізгі міндеттеріне: 1. қаржылық заңдардың сақталуын қамтамасыз ету; 2. қаржыц жүйесінің тиісінше қызмет атқаруын қамтамасыз ету; 3. қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету; 4. мемлекеттің қаржылық ресурстарын заңды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету; 5. қаржылық тәртіптің бұзылуын жою; 6. мамандандырылған қаржылық органдардың өздеріне жүктелген міндеттерді бұлжытпай атқаруына қоолғабыс ету; 7. қаржылық қатынас субьектілерінің мемлекет алдындағы өз міндеттемелерін уақтылы және мүлтіксіз орындауларына қолғабыс ету жатады.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!