Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы өмір және өлім мәселесі

Жиырмасыншы ғасырдың басы — қазақ философиясының даму тарихы тұрғысынан әлі күнге дейін толық және терең зерттелмеген кезең. Бұл кезеңде әйгілі ақындар мен жазушылардан, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құралған демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының ерекше шоқжұлдызы: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды алыптар өмір сүрді. Олардың бізге жеткен шығармашылық мұрасын қайта жүйелі зерделеу кезінде бұл ойшылдардың сол заманда-ақ көтер­ген мәселелерінің мәні өте терең екенін және айтқан ойларының мағынасын енді ғана толық түсіне бастағанымызды байқаймыз. Шын мәнінде олар өз заманынан озық туған тұлғалар еді.
Жалпы, Шығыстың бай философиялық және әлеуметтік ойы, оның ішінде қазақ халқының философиялық ойы Батыстағыдай қалыптасқан философиялық жүйелерде емес, поэзияда, фольклорда, музыкада, ауыз әдебиетінде, мифологияда, мақал-мәтелдерде, қанатты сөздерде жатыр. Әлемді, адамды, оның өзін-өзі тануын, тұлғаның өмірдегі орны мен рөлін философиялық және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрықша мән беру қазақ философиясының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ философиясы — шығыстық философиядағы, ең алдымен, толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан философия.  Мағжан поэзиясының көркі мен сұлулығы, сыршылдығы мен жыршылдығы, суреткерлігі мен ойшылдығы талай рет оқырманын тамсандырып, талай дуалы ауыздардың ілтипатын иелендіріп, өзіне тәнті еткен. Атын атауға жасқанып, бұқпантайлаған заманда да тасты жарған тас бұлақтың суындай нәрлі поэзия жасырын оқыған талай жүректі өзіне баурап, өзгеше күйге бөлегені шындық. Мағжан поэзиясының осынау құдірет күшін өз замандастары толық мойындап, кейі ашық, кейі жұмбақтап болса да жазып та, айтып та кеткен.

«Мағжан-культурасы зор ақын. Сыртқы кестесінің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай», – деген еді Мұхтар Әуезов. Өз замандастарынан тума таланты мен білім деңгейі жағынан, жарты ғасыр алға жылжып кеткендіктен, оның сырға толы астарлы ойларын түсінуге төңірегіндегі шала сауаттылар қауқарсыз болды. Бұдан Мағжан қолданған әдеби әдіс тек Европа мен орыс әдебиетіне ғана тән жетістіктер екен, ол қазақ топырағына жат болған деген пікір тумауы тиіс. Мысалдап сөйлеу, ойын астарлап, бірдемеге меңзеп, тұспалдап айту қазақтағы шешендік ділмарлық өнердің ежелден келе жатқан кәнігі тәсілі болған. Мағжан қазақтың шешендік өнерін әлем әдебиетіндегі озық үлгілермен толықтырып, жетілдіріп, жаңа әдеби тәсілдерді енгізді.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік бейнешілдік стилімен дараланған Мағжанның жаңашылдығы әлем әдебиетіндегі символизмнің пайда болуымен де байланысты. Символизм әдеби ағым ретінде ерекшеленбестен бұрын рәміздік мәні, философиялық астарымен дараланған. Әуелгіде символ ұғымы құпиялы, шартты мағынаға ие кез келген заттық белгіні білдірген. Қазіргі уақытта символ ұғымы философия, семиотика, психология, әдебиеттану, мифпоэтика, фольклористика, мәдениеттану, лингвистика, т.б. ғылым салаларының негізгі зерттеу нысаны болып отыр. Символдар осы уақытқа дейін аталған ғылым салалары тұрғысынан жан-жақты зерттеліп келеді.

Зерттеушілер символды мәдениетке тән тұрақты құбылыс деп таниды: ”Символ ешқашан белгілі бір мәдениет кезеңіне тән емес, ол әрқашан бұл өткелді кешіп өтіп, өткеннен болашаққа сапар шегеді, басқаша айтсақ, символ-мәдениеттің тұрақты элементі“ [1].
Әдебиеттану ғылымында символ троптың бір түрі ретінде танылып, оған мынадай анықтама беріледі: ”Бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге, не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу“
Әдебиеттанудың терминдер сөздігінде ”Символ-әдебиетте ойды астарлап, басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне. Жалпыхалықтық тілде кездесетін символда бір нәрсені өз қалпынан басқаша сипатта көрсетіп, сондай-ақ нақтылы бір затты, нәрсені екінші нәрсенің не ұғымның жай баламасы ретінде алу арқылы жасалады. Мысалы, гүл-жастықтың символы, ал көгершін -бейбітшілік символы ретінде алынады. Бұл жағынан символ тұспалдауға (аллегорияға ) өте жақын келеді“ деген тұжырым берген.

Символизм алғаш әлем әдебиетінде романтизммен бірге болды. Кейін романтикалық сарын өршіл және кері тартпа болып екіге бөлінгенде, ойды бейнелеп жеткізуде шындық пен жалғандықтың ара салмағын өлшеп көрсететін әдеби құралға айналып, ХІХ ғасырдың ортасында әдебиетте романтикалық сарын мен реалистік шындыққа қосымша – жаңа әдеби әдіс болып, Европа және орыс әдебиетінде қалыптасады.
Қоғамдағы саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты, бірде күшейіп, бірде жоғалып отырады. Оны пайдаланушылардың да көзқарастары әр түрлі болады. Өмірдің шындығын шығармада ашып жазудың қажеті жоқ, оқыған адам қалай қабылдаса солай болуы керек дегендер, сөз сиқыры арқылы айтпақ образды ойларын оқырман санасына сендіру арқылы жеткізіп, қайғыртып, қуантып, түрлі көңіл күйге бөлеуі керек деушілер де табылды. Сиволизмге: «Оқырман мен суреткерді жақын табыстыратын тәсіл», – деп А.Толстой жоғары баға береді.

Символизм күш ала келе әдеби стиль ғана емес, қоғамда өзгерістер жасайтын саяси қару, экономикасы тұралап жатқан елдердің, ішкі ынтымағын ыдыратып, төңкеріліс жасап, басып алу мақсатындағы соғыс тәсіліне де айналады. Ол мақсаттарды іске асыру үшін мағынасыз қимыл мен жекелеген сөздерді пайдалану арқылы санаға әсер етіп, адамдардың ашу-ызасын қоздырып, қытығына тиген. Сондай-ақ символизм – қоғамдық басқару жүйесіндегі кемшіліктер мен көзқарасы келіспегендерді қоғамнан аластаудағы, қоғамдық бәсекелестік күшейгенде, тәртіп сақшыларының қолданған қаруы да болған. Бұдан символизмнің үлкен күрделі процестерді бастан кешіп, дамып келе жатқандығы, оның өміршеңдігі ғана емес, тағдырының да көп жағдайда қоғамдық билікпен тікелей байланысты болғандығына дәлел. Себебі ашық айтылған ой бақылауға алынып қудаланса, баспасөзде жазылған пікірлерді цензура жібермеді. Осыдан келіп мағынасы сырғымалы, ойы екі ұшты, тұманды тұйыққа тірейтін, абстрактылы, философиялық шығармалар пайда болды. Ол бастапқыда поэзияда көрініс берсе, кейін прозаға     ауысты.Мағжан – Батыс әдебиетінде ХІХ ғасырда, орыс әдебиетінде ХХ ғасырдың басынан гүлдене бастаған символизмді, қазақ әдебиетінің топырағында түрлендірген ақын. Бейнешілдікті халықтың әлеуметтік тұрмысымен байланыстырған қазақ әдебиетіндегі символизм мектебінің іргетасын қалады. Ұлттың ұйықтап қалған сезімін ояту үшін жазылған өлеңдерінде қатаң дауысты дыбыстарды іріктеп пайдаланды. Оған «Түркістан» және «Қазақ тілі» өлеңдерін мысал етуге болады. Онда буындарды үндестіру арқылы азамат соғысының салдарынан әлсіреп, иықтары түсіп кеткен этностың намысын оятып, мақтанышын қоздырып, жанына жігер, бойына ерік пен күш дарытып, ұлттық рухын оятып жігерлендіруге әрекет жасағаны өте сәтті шыққан. Осы өлеңдегі сөздердің сиқырлы күші оқырмандарының бойына қуат беріп, делебесін қоздырып, көкірегінде ыстық қанын ойнатып, ұлттық рухын динамикалық қозғалысқа келтіреді. Мағжан оны ашаршылық пен азамат соғысының қасіретіне ұшыраған қазақтың сезімін сергітіп, намысын оятып, бойына қуат, ойына от беріп, жасыған жанын жадырату үшін пайдаланған. «От» өлеңінде қанында оттай ойнаған қуатты екпін мен жігерлі сөз нөсерінен отты құйын ойнатады. Сол арқылы, халықтың белсенділігін арттырып, жігерлендіріп, бойына күш-қуат құюға ұмтылады. Олардың өліп жатқан санасындағы қорқынышты отпен аластап қуалап, қатердің алдына тосқауыл ретінде алып шықпақшы болады. Өлеңнен оттай қуатты сөз нөсері мен өршіл екпін байқалатыны содан. Үнді, ұяң дыбыстарды пайдалану арқылы, жігіт пен қыздың бір-біріне деген ішкі құштарлық сезімдерін өлең шумақтарындағы үзіліп бара жатқан дыбыстардың нәзік жаңғырығы арқылы образдауы – «Шолпы» өлеңінде. Адам тағдырындағы өзгерістер «Толқын» өлеңінде толқындардың бірін-бірі жуып кетіп жатқан қозғалысы арқылы бейнеленген.Қазақ символизмінің кульминациялық апогейі (шарықтау шегі) Мағжанның отты жырлары болып табылады. Мағжан тызетпе сезімнің емес, бауыры кең тұлпардай көсілетін арналы жүйеліліктің ақыны. Бұл тұрғыдан Мағжан өлеңдері де сол жүйенің кірпіші болып қаланады. Мағжан лирикасының жұлын-жотасына айналады. Сондықтан ол ұлт апатын елден ерек бұрын сезіп, өз бояуында бейнелеп беруге мүмкіндік алды. Ақиқатты ол өз уысына шеңгелдеп қан ұстап тұрып айтудан еш тайсалмайды.Сөйтіп, ақын уақыттың үніне, өзіне айналды. Сондықтан Абайдың ”улы сия, долы қол“ Мағжанда мүлде басқа рең алады. Ақынның жан-тән күйзелісі лирика шеңберін үзіп, ұлы трагедияға ұласқандай. Мағжанның жан түкпіріндегі жүрек сөзі боямасыз ақтық сөзі болып ақтарылады.
Мағжан поэзиясында «бала» символының қолданылу жиілігі еріксіз назар аудартады. «Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған, Жан сусынын көз жасымен қандырған» немесе «Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды, Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған» деп келетін жолдарда ақынның «Жұмбақ» өлеңіндегі астарлы ойдың бір ұшығы жатқан тәрізді. Тұтас символға құрылған «жұмбақ» өлеңдегі «Дала – жұмбақ, Бала – жұмбақ, Шешусіз» деген астарлы ойдың негізінде жаңа заманға тап келген «дала» бейнесіндегі қазақ пен «бала» бейнесі арқылы саяси ой берілген деуге негіз бар.

«Өмір – дала, Ақын – бала қаңғырған» деп жырлаған Мағжанның әйгілі өлеңіндегі «бала» образы-ақын болмысының символы. «Ақын – бала» бейнесі бір-бірімен тектес, болмысы жақын, егіз ұғым. «Бала»– ақыл мен сезім күресінің бейнесі.

Мағжанның жүрек сырын жеткізетін құралы – оның поэзиясы. Ақынның
жүгінері де – жүрегі, сырласы да – жүрегі. «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға» деп жырлаған ақын үшін ”жүрек“ – өмірдің символы.
Символдың көркемдік мәні, символдық поэзия мен оқырман арақатысынан туатын әсер табиғаты жайлы пікірлерден символизмнің шығыстың сопылық дүниетанымымен үндестігін сезінгендей болдық. Мағжан поэзиясындағы кейбір символдардың мәні сопылық поэзиямен байланыс тұрғысынан зерттелгенде ашыла түсетін секілді. Жас ғалым А.Әбдірәсілқызы «Қожа Ахмет Йасауидің ақындық әлемі» атты монографиясында пернелеу (символ) сопылық поэзияның ең айшықты көркемдік құралдарының бірі екендігіне тоқтала келіп, «…«көңіл адамы» саналған сопы ақынның ең басты мақсаты – «жүректі қозғау, жүрек сезіміне әсер ету болып табылатындықтан, хикметте баяндалатын ой мен оқиға аста-төк сезімдермен астасып отырады. Қарапайым тіркестердің өзінде тұнып тұрған эмоция аңғарылады» [5]дейді. Сопылық поэзияға тән символдардың Мағжан поэзиясында көрініс беруі тек қана тәжірибелік ізденістің көрінісі емес екендігі даусыз. Керісінше, әуел бастан қанға сіңген ұлттық, әрі шығыстық поэзияның бұл асыл сипаты Мағжан поэзиясында жаңғырып, жаңаша мазмұнға ие бол-ды. Мағжан символизмінің даралық сипаты да осы тұстан зерделей түскенде барынша ашыла түспек Мағжан символизмінде ұлттық, батыстық-шығыстық символдың ақын жүрегінен қорытылып шыққан синтезі мен ешкімге ұқсамайтын   даралығы бар.
Мен жастарға сенемін! (“Мен жастарға сенемін”) Өлеңдегі балапандардың қанатын жаюы – күш жинау, талаптану, алыс армандарға бет алуды білдіреді.
Халық мұрасында қанаты бар тұлпар бұл – арғымақтың мистикасын айқындай түсетін элемент, оның ерекшелігін, қандай да бір тылсым күшке ие екенін білдіретін деталь. Ал Елтаңбадағы қанатты арғымақ биікке ұмтылу, дамудың төменгі сатысынан жоғарғысына дейін көтерілу – әлемдік өркениетке жетуді білдіріп тұр. Асқақтық, самғау, биік мақсаттарға жету біздің халықтың жаңа заманда игерген жаңа танымы. Қанаттың өзі алтын түстес болуы – молшылықты білдіреді. Аңызға айналған ай мүйізді тұлпар – қазақтың киесі.
ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының ең басты жүгін көтеріп, оған негіз болып тұрған –шаңырақ. Ол – елтаңбаныңжүрегі.Шаңырақ – «Отан – от басынан басталады» деген киелі ұғымға ие. Шаңырақ бейнесі – бүкіл қазақ елі үшін  тіршіліктің,шексіз    өмірдің нышаны.
Мағжанның символистік тәсілдері санаға психологиялық сендіру арқылы үстемдігін жүргізуге негізделгені байқалады. Сол арқылы ол өз құдіретіне өзі сенбей жасқанып тұрған халықтың бойына жігер, ойына қуат пен рух беріп, санасындағы күдік пенен күмәннің ара қатынасын үзіп, өз-өзіне баға беруге үйретіп, ұлттық сезімін ояту арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға тәрбиелейді.
Орыстың Д.С. Мережковский, К. Бальмонт, А. Белый, Вяч. Иванов сынды символист-ақындары аталмыш ағымның өнер ретіндегі мәні мен мақсатын таныту ісіне белсене атсалысты. Символистердің адам жүрегінінің Жаратушымен, жаратылыспен байланысына ерекше мән беруі оны ағымның асыл мұраты деп қабылдауымызға тірек болды. Д.С. Мережковский символизмнің ықпалды ағымға айналуының сырын өзі өмір кешкен дәуірдің ерекшелігімен байланыстырады. Ақынның пікірінше, өткен ғасыр басындағы кезеңді шегіне жеткен материализм мен жан сілкінісінің көрінісі арқылы бағалауға болады. Кез-келген жоғары дәрежелі материалдық өркениет рухани мәдениеттің әлсіздігі салдарынан тоқырауға ұшырауы мүмкін. Сондықтан, руханият қана, ақынның пікірінше, дінге деген сенімге жетелейді Вяч. Иванов пен А.Белый да нағыз символдық өнер мен дін арасында терең рухани байланыстың бар екендігін ескертеді. А.Белый «Символизм как миропонимание» атты еңбегінде «… таным теориясындағы өзгерістен өнерге деген қатынас та өзгереді. Өнер діни танымға жол ашпақ. Дін – жүйелі түрде күшейтілген символдар жүйесі» деген ой айтады.

Мағжанның символистік тәсілі екі арнада қалыптасты. Алғашқысы, этногенетикалық тегімізбен байланысты. Себебі, Мағжанның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ояну дәуірімен тұстас келгендіктен, ұлтының көне тарихын тірілту арқылы ұлттық санасына қозғау салуға ұмтылды. Екіншісі, Европа және орыс әдебиетінің озық тәсілдерін пайдалана отырып, қазақ әдебиетін жанрлық және көркемдік жағынан байытты. Этногенетикалық тарихымызға назар аударсақ, қазақ символизмінің алғашқы бастауы тау шатқалдарындағы қашап салынған суреттерден басталған. Ата – бабаларымыз дүние танымдарын аңдардың, құстардың образында бейнелеп отырған. Бұл сол кездегі ата-бабаларымыздың ойларын суреттермен образдап айта білгендігін дәлелдейді. Демек, қазақ даласындағы тау шатқалдарына қашап жазылған суреттер образды ойлау адам жаратылысымен бірге келе жатқандығын дәлелдейді. Мысалы жартастағы суреттер. Ойды символдап айту, символдап беру тәсілі қазақ топырағына жат болмаған. Оның шығу тегі: «Адамзат табиғат құбылыстарын түсініп болмаған, айналасындағы қас күштердің қастандығынан қауіптеніп, оларды алдап, астарлап сөйлесу керек», – деген нанымы мен де астасып отырған, – дейді профессор Ш.Керім [6; 78-б] Символист ақындар ақсүйектер әдебиетінің өкілдеріне жатады. Ендеше ойды бейнелеп айту тәсілі, этногенетикалық қанымызбен қабысып, көнеден келе жатқан дәстүр десек, С.Кенжахметов: «Қазақ халқының символизмі, ұлттық психологиямызға негізделген. Ол ішкі сезімдер мен іс-әрекетті сөзбен айтпай, ыммен, ишарамен, қимылмен, еппен сездіретін ұғымдар болып табылады. Мұны әдет-ғұрып деп атайды», – дейді.

Мағжан ойды бейнелеп айтатын генетикалық көне дәстүрді поэзиясында ойларын образды бейнелеу үшін пайдаланған. Сөйтіп оқырманның сезімін басып, көңіл күйіне ықпал етіп, ойын толқытқан. Бұл арқылы Мағжан поэзиясына Европа мен орыс әдебиетінің әсері болмаған екен деген ой тумаса керек, керісінше ол Европа мен орыс әдебиетінің үздік тұстарымен кеңінен танысқан, нәрімен сусындаған адам. Оның ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен көрінген символистік тәсілі Сарыарқаның ызғарлы көктемінің арасынан басын көтерген бәйшешектей болды.. Себебі, осы кезеңде 1906 және 1914 жылдарды қамтыған орыс революциясының ызғары, қазақ даласына да сезіліп, өз өктемдігін жүргізе бастаған. Сол кездегі қоғамдық қысым оның символистік шеберлігін шыңдап, бейнешіл ақын болып қалыптасуына септігін тигізді.

Символистер поэзиясына тән сентименталистік сарын Мағжан поэзиясында да бар. Әсіресе, ұлттың ата-бабалары өткен даңқты тарихын ұмыта бастауы сезімтал ақынның поэзиясына күйректік (сентиментализм) сарынын қосты, сондықтан «жылауық ақын» аталды. Ол Мағжанның поэзиясындағы табиғат лирикасынан көрінгенде: мұң-зарына үн қосып, қайғысына ортақтасып қалтырап-дірілдеп тоңып жансызданып, ыстыққа күюі тәрізді, шарасыздықтар арқылы жасалды.

Бұл – кезінде Еуразия құрлығын ат тұяғымен дүбірлеткен, алыс-жақын ұлыстарға мәдениет пен шаруашылықтың жаңа тәсілдерін үйреткен, бірақ кейін тағдырдың жазуымен әлемдік өркениет көшінен кенжелеп қалған өлке перзентінің аспандағы айды алам деп секірген тарпаңдағы емес, бұл – өз халқының бойындағы биік рухқа сенген, сол рух қайта бір дүр сілкінсе, армандаған азаттыққа қол жеткізеді, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қайта косылуға болады деп үміттенген азаматтың парасатты да мақсатты     әрекеті.
Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі “күн”, “барыс”, “тұлпар”, “қыран”, “жұлдыз” т.б. символдардың тәуелсіз Қазақ Елінің мемлекеттік рәміздері мен ел болашағын айқындайтын мемлекеттік маңызды бағдарламалардың нышанына айналуы оның ұлттық дүниетанымы мен көрегендігін, философиялық ой тереңдігімен қоса, елінің жарқын болашағына сенген оптимистік рухын да айқындап тұр. Олай болса, Мағжан поэзиясы елімнің ертеңіне баруға лайықты қазынамыздың бірі деп айтуға толық негіз бар.
Біздер үшін Мағжантану мәңгіге жалғаса бермек.