Құқықтық жүйе

Дүниежүзілік қауымдастықтың құрамына кіретін мемлекеттердің өздеріне тән ұлттық дамуы және қалыптасқан мемлекеттік формаларымен қатар құқықтық жүйелері де дамып, материализацияланған құбылысқа ұласады. Құқықтық жүйелердің реттеу функциялары әдістемелері әр халықтың тарихи дамуына, этникалық ерекшеліктеріне, шаруашылық ұйымдастыру жағдайына байланысты болады. Негізінде дүние жүзінде қалыптасқан құқықтық жүйелер жалпы ұғым ретінде қабылданған болса, оның ішкі реттеу тетіктері, қалыптасқан ұлттық ерекшеліктерді, діни, әдет-ғұрып сияқты құндылықтарды ескеруді талап етеді.

Қазіргі кезеңдегі құқықтық жүйе дегеніміз әр мемлекеттерде қалыптасқан құқық реттеу және құқықты қолдануда өзіндік сипат пен ерекшеліктерге ие болған нормалардың, құндылықтардың, көзқарастардың, ерекшеліктердің жиынтығы.

Дүние жүзі мемлекеттерінде ислам діні кен тараған елдерде қалыптасқан жүйе ретінде Сауд Арабиясында кең көлемде және барлық талаптарға сай орныққан. Ливия, Тунис, Йемен, Біріккен Араб Эмираттары, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Индонезия сияқты мемлекеттерде қалыптасқан. Мұсылман құқының пайда болуы ислам дінінің негізін салушы, Мұсылмандық сенімімен Құранның уағызы бойынша, Алланның жердегі елшісі, ұлы пайғамбар Мұхаммедтің (570-632) есімімен тікелей байланысты. Алланың сөзі өлмес өсиет ретінде Қасиетті Құран пайғамбарымызға аят беру арқылы түсірілген. Онда мұсылмандардың барлық мінез-құлықтары реттелген.

Мұсылман құқына тән мынандай ерекшеліктер бар:

  1. Құқықты жасаушы жаратушы болып табылады, оны қабылдау, орындау бәріне міндетті. Құқық бұзушылыққа бару алла қойған талаптарға қарсы шығу болып саналады, құдай алдында кешірілмейтін күнә.
  2. Мұсылман құқының қайнар көздері ретінде құран, хадис, иджма, тәфсир, қыяс танылады.

а) Құран адамдарға Мұхаммед пайғамбар арқылы түсірілген алла сөзі «Жәннәттан бәрінде түсіңдер, — деді — сендерге менен тура жол (кітап, расул) келеді. Кімде-кім сол жолмен жүрсе, оған қауіп-қатер жоқ және олар ешқашан өкінбейді (38). Ал, аяттарымызға күпірлік келтірушілердің және оны өтірікке шығарушылардың орны тозақ. Олар тамұқта мәңгі қалады» (39). Құран алла сөзі ретінде адамдарға жазылған зандар.

б) Хадистер (сунна) — жаңалық, хабар. Мұхаммед пайғамбарымыздың өз ауызымен айтқан ұлағатты сөздері мен істерін баяндайтын, сунниттер аса құрмет тұтатын, ереже, қағидалардың жиынтығы.

в) Иджма (келісім, бір ауыздан пікір білдіру) — қаралған, талқыланған іс бойынша беделді мұсылман құқының білгірлері шығарған, қабылданған қорытынды пікірлері.

г) Тәфсир — құранды оқу барысында оның мазмұнына, аяттарына берілген доктриналдық түсініктемелер жиынтығы.

д) Қыяс (ұқсастык) — қаралатын, шешілетін мәселелерді бұрын шешімін тапқан істермен салыстыру арқылы Құран, хадистер негізінде шешім қабылдау, прецедент жасау.

  1. Мұсылман құқықтық шариғат зандары құқықты жариялық және жеке деп бөліп қарамайды, реттеу жүйесі біртұтастық мағана ретінде танылады.
  2. Адам құқықтарында Алла алдында міндеттіліктің басымдылық танытуы, тыйым салынған әрекеттерді бұлжытпай орындау.
  3. Мұсылман құқы дін, өмір, сана, ар-ождан және тұқым жалғастыру, меншік сияқты бес құндылықтарды қорғауға бағытталған.

Роман-германдық құқықтық жүйе дегеніміз тарихи даму барысында рим кұқығы және оның рецепциясын жасау негізінде нормативтік құқықтық кесімдердің қабылдануы. Бұл құқықтық жүйенің қалыптасып және дамуына VI ғасырда дүниеге келген Византияның императоры Юстинианың «Corpus iuris civilis» деп аталатын құқықтық құжаты ерекше рөл атқарады. XVIII—XIX ғасырдың бас кезеңінде континенталдық Европа мен АҚШ-та Конституциялар мен салық қатынастарын реттейтін кодекстер пайда болды. Мысалы, АҚШ-тың 1789 жылы, Францияның 1791 жылғы Конституциялары 1804 жылы Францияда қабылданған Наполеонның азаматтық кодексі. Роман-германдық құқықтық жүйенің өзіне тән мынандай ерекшеліктері бар:

  1. Мемлекетте міндетті түрде ең жоғарғы күші бар Конституцияның болуы.
  2. Құқықтық жүйенің жариялылық (мемлекеттік, әкімшілік, қаржы, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық) және жеке болып бөлінуі (азаматтық, неке, сауда).
  3. Мемлекетте парламент қабылдаған заңдарды іс жүзіне асыру үшін заңға сәйкес нормативтік кесімдердің қабылдануы (жарлық, қаулы, ереже, шешім және т.б.), заңнаманың делегациялануы.
  4. Қоғамдық, қатынастардың құқықпен реттелінетін негізгі салаларды кодекспен реттеледі.
  5. Құқықтың қайнар көздері ретінде нормативтік құқықтық, кесім болып саналады, құқықтық әдет ғұрыпты пайдалану жоққа тән немесе мүлдем қолданылмайды.
  6. Судьялар мемлекет қабылдаған нормативтік құқықтық кесім негізінде ғана шешім, үкім шығарады.
  7. Сот прецеденті құқықтық қайнар көзі бола алмайды және сот тәжірибесінде қолданылмайды.

Дәстүрлік құқықтық жүйе қалыптасқан мемлекеттерде құқықтың мазмұнына және қалыптасуына халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен әдет ғұрыптары әсер етеді, құқықтың негізгі қайнар көзіне әдет-ғұрып жатқызылады. Бұл құқықтық жүйе негізінде Қытай, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Африка, Мадагаскар және т.б.мемлекеттерде қалыптасқан. Дәстүрлік құқықтық жүйенің мәні мынандай ерекшеліктермен сипатталады:

  1. Құқықтық қатынастардың субъектілерінің дау-дамайлары мен шиеленістерді шешуі өзара келісім арқылы болады. Істің сотта қаралуын қоғамдық сана, ұлттың психологиясы мүлдем қабылдамайды. Мысалы, жапондықтардың «санасындағы құқық идеясы осы күнге дейін жаза мен түрмемен байланысты; құқық жеккөрінішті ұғым, адал адамдар құқықтан аулақ жүрулері тиіс». Жапондықтардың экономикалық қатынастардың реттелуі де тәжірибиеге тікелей байланысты болып қалыптасқан, патерналистік көріністер өзінің тиімді нәтижелерін беруде.
  2. Құқықтың қайнар көздерінің негізгі қағидаларын әдет-ғұрып құрайды, жергілікті халықтардың тарихының қойнауынан қалыптасқан діни-мифологиялық, философиялық көзқарастар әдет-ғұрыптың мазмұнын айқындаған.
  3. Көптеген мемлекеттерде осы күнге дейін ұжымдык жауапкершілік үлкен рөл аткарады, рулық қатынастар мызғымайтын көрініс мағанасында.
  4. Мемлекетте қабылданған нормативтік-құқықтық кесімдер әдет-ғұрып, жергілікті ерекшеліктері міндетті түрде ескереді. Дәстүр заңның қабылдануына, реттеуіне тікелей ықпал етеді. Дәстүр мен әдет-ғұрыптарды ескермей қабылданған кесімдердің реттеу функциялары тиімді нәтиже бермейді.
  5. Құқықтық сана құқық бұзушылық жасамауды әдет-ғұрыпты қатаң сақтаумен байланыстырып баға береді. Бұл дәстүр аталмыш мемлекеттерде өзінің тиімді нәтижесін беруде. Мысалы, Жапониядағы гири институты — әркімнің отбасында, ұжымда, келісімшарт жасасуда алатын орнын бекіткен. Әркім өзінің орнына, мәртебесіне қарап әрекет жасауы тиіс. Себебі, қоғамдық құқықтық сана гириді құқықтан да жоғары қояды. Қарыз алдың ба, міндетті түрде гири бойынша мерзімінде қайтаруың тиіс, әкеге бағынуың тиіс, күйеуді әйелі құрметтеуі тиіс және т.б. сондай дәстүрлі талаптар қойылған.

 Мемлекет пен құқықтың типологиясын жасауда формациялық түсінікпен қатар өркениеттік көзқарас қалыптасуда. А.Тоинби, О.Шпенглер сияқты зерттеушілер мемлекет пен құқықтың дамуын арнайы бір мәдениеттің, этностың бір сатыдағы дамуда жеткен нәтижелердің жиынтығы деп бағалап, өркениеттің түрлерін қоғамдық-экономикалық формациядан тыс египеттік, қытай, сирия, мая, православие, араб, иран, батыстық, мексика, инкрлер, ацтектерге бөліп қарайды. Бұл типологияда жалпы көшпенділер өркениеті мүлдем көрсетілмеген. Біздің ойымызша, көшпелі қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтар да адамзат өркениетінің дамуына үлес қосып, өзінін орнын алғаны даусыз. Атап айтқанда көшпенділер адамзатқа құспен аң аулау, шалбар кию, арба, ер тоқым жасау, ту көтеру, темір қорыту, кресті пайдалану сияқты құндылықтарды ойлап тауып, дүние жүзі халықтарына таратқанын естен шығармауымыз қажет. Немістің ірі ғалымы Г.Э. фон Грюнебаум түркі мәдениетінің рөлі туралы мынандай тұжырым жасады: «Тек арабтар мен парсылар ғана емес, түркілер де өз халқының, мұсылман жұртының, жалпы әлемдік мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосқан».

Көшпелі қазақ өркениетіндегі құқықтық жүйе өзінің құндылықтары және ерекшеліктерімен көптеген ғасырлар бойы Еуразия континентінің жартысын мекен еткен көшпенділердің қоғамдық қатынастарын тиімді реттеп, тыныс-тіршілігін, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазіргі кезеңде қалыптасқан құқық-тық жүйеге қарағанда мынандай ерекшеліктермен айшықталады.