Құқық және әлеуметтік нормалар жүйесі

Қоғамдағы индивидтердің, адамдардың мінез-құлықтары арнайы нормалар шеңберімен шектелген. Қоғамда қабылданған тәртіп пен өмірдің қатынастары адамды бір қалыпта, тәртіп, талаптар көлемінде, өзінің мінез-құлқын қалыптастыруды талап етеді. Әр индивид, қоғамның мүшесі қоғам қабылдаған нормаларға өзінің қимыл-әрекетін бейімдейді. Керісінше, қоғамның санасына, оның тыныс-тіршілігіне жат талаптар мен ережелерді индивид қоғамның мүшесі ретінде қабылдауы немесе қабылдамауы мүмкін. Жеке адамның мінез-құлықтары қоғамдық қатынастарда пайда болып, қалыптасқан нормаларға сай қалыптасуы қажет. Сондықтан қоғам қабылдаған адамдардың мінез-құлықтарының жиынтығы, ережелері әлеуметтік нормалардың өмірі мен қызметі сан алуан әрекеттерді қалыптастырады. Әрекеттер құқық талаптарына сай, немесе қарсы болуы мүмкін. Ал, әлеуметтік нормалар адам санасына жат, оның табиғаты қабылдамайтын әрекеттерді жасауға тыйым салады, айыптайды. Жеке адамның санасы қоғамдық қатынастардың жемісі ретінде сол орта қабылдаған тәртіп пен нормаларға тәуелді. Қоғамдық сана әрбір индивидтің санасының жиынтығынан қалыптасады.

Әлеуметтік нормалар дегеніміз қоғамдық маңызы бар қоғамдық қатынасты реттейтін, қабылданған және бекітілген норма­лардың жиынтығы. Әлеуметтік нормалардың өзіне тән ерекшеліктері бар:

  1. Әлеуметтік нормалар қоғамдық сана деңгейімен қабылданады, бірақ бәріне бірдей міндетті емес. Мысалы, әдет-ғұрып нормаларындағы қалыңмал төлеу, кит кигізу, автобуста қарт адамдарға орын беру және т.б.
  2. Тарихи дамудың сатысымен бағаланады немесе айқындалады. Мысалы, жасы үлкенді сыйлауды қазақ қоғамында ең жоғарғы құлықтылықты қасиеттеріне жатқызған болса, қазір дағдарсқа ұшырауда.
  3. Қоғамдық қатынастардың барлық салаларын реттейтін нормалардан қалыптасады.
  1. әлеуметтік нормалардың түрлері

Әлеуметтік нормалар қоғамдық қатынастарды реттейтін нор­малардың жиынтығы ретінде мынандай нормалардан қалыпта­сады және түрлерге бөлінеді:

  1. Құқықтық нормалар;
  2. Әдет-ғұрып нормалары;
  3. Діни нормалар;
  4. Корпоративтік нормалар;
  5. Құлықтылық (моральдык) нормалар;
  6. Техникалық нормалар.
  7. Құқықтық нормалар. Мемлекет бекіткен және қабылда­ған бәріне міндетті және орындалуы, сақталуы кажет болған жағдайда күшпен қамтамасыз етілетін нормалардың жиынтығы. Құқықтық нормалар әлеуметтік нормалардың бір түрі ретінде ең маңызды және реттеу, қорғау функциялары қоғамдық қаты­настардың кең ауқымын қамтиды.
  8. Әдет-ғұрып нормалары — деген әрбір этностың тарихи дамуы барысында олардың шаруашылық ұйымдастыру, географиялық факторларға және этникалық ерекшеліктерге байланысты қалыптасып, күнделікті өмірде сан-алуан рет қайталануына байланысты дағдыға айналған нормалардың жиынтығы.

Әдет-ғұрып нормаларын қоғамдағы әлеуметтік нормалардың ішіндегі, құрамындағы ең кең тараған нормалар жүйесіне жатады. Мемлекетте өмір сүретін ұлттар мен этностар көп болатын болса, әдет-ғұрыптар да көп болады. Моно халықтар қалыптасқан елдерде әдет-ғұрыптар бір этностың ғана ғасырлар бойы қалыптасып, қабылдаған нормалардан құралады. Әдет-ғұрып нормалардың пайда болып, қалыптасуы мына жағдайларға байланысты:

Әр халықтың әдет-ғұрып нормаларының сан түрлі болуы географиялық қоршаған ортаға байланысты болып қалыптасады. Климат, жердің көлемі, ландшафты, жердің орналасуы және т.б. табиғи фактор әдет-ғұрыптың мәніне, түрлеріне тікелей әсер етеді. Африка континентінде өмір сүретін этностардың әдет-ғұрыптарымен Еуропаның дәстүрлерін салыстыруға болмайды. Себебі климат, ландшафт адамдардың сол ортаға бейімделуіне байланысты әдет-ғұрыпты қалыптастырады, тәуелді етеді. Мысалы, қазақ халқының қонақжайлық әдет-ғұрпы тікелей географиялық факторларға байланысты қалыптасқан.

  1. Діни нормалар. Адамзат тарихында жаратқан иемізден жер бетіне төрт кітап, өсиет түскен. Мұса пайғамбарға — Тауарт, Дәуіт пайғамбарға — Забур, Исаға — Інжіл және ең соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедке — Құранды жіберді. Діни нормалар осы кітаптарда және діни ілімдерде көрсетілген талаптар мен ережелердің жиынтығы. Діни нормалардың өзіне тән мынадай ерекшеліктері бар:

а) Орындау жеке адамның өз еркімен болды. «Дінде зорлық жоқ», — деп көрсетілген қасиетті Құранда.

ә) Діни нормалар зайырлы мемлекеттерде адам және азаматтардың бәріне бірдей міндетті емес. Дін мемлекеттен, мешіт мектептен бөлінген. Діни нормаларды қабылдау әркімнің жеке басының ісі. Ал, мұсылман мемлекеттерінде, әсіресе ислам діні мемлекеттік дәреже санатындағы Сауд Арабия, Иран, Пәкістан, Марокко, Йемен, Біріккен Араб Эмираттары сияқты 28-ге жуық елдерде діни нормаларды орындау өздерінің барлық азаматтарына міндеттелінген.

б) Мемлекет діни нормаларын уағыздайтын қоғам, ұйымдардың қызметтерінің антиконституциялық насихатқа жол берілмеуін қадағалайды, қажет болған жағдайға сот арқылы тыйым салады. Мысалы, Қазақстанда «Хизбуд Тахри» діни ұйымы ан­тиконституциялық деп танылған, олардың қызметіне тыйым салынды.

в) Діни нормаларын насихаттау арқылы гуманизм, адамгершілік сияқты қағидаларды іс жүзіне асыру қажеттігі бүкіл қоғамға пайдалы жемістерін бермек. Діни нормалар құдайға құлшылық етуге шақырып, құқық бұзушылықты ең ауыр күнә деп таниды.

  1. Корпоративтік нормалар. Мемлекетте арнайы тіркеуден өткен қоғамдық ұйымдар, партиялар және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың жарғылары негізінде қызмет атқаратын заңды тұлғалар мүшелерінің арақатынастарын реттейтін нормалар.

Корпоративтік нормалар:

а) Бекітілген жарғы негізінде қалыптасады.

ә) Қабылдаған нормалар Конституцияға қайшы болмауы ка­жет.

б) Нормалардың реттеу шеңбері мен қолданылуы тек ғана ұйым мүшелеріне ғана қатысы бар.

  1. Құлықтылық (моральдық) нормалар. Қоғамды реттеу қабілеті кең, барлық индивидтерге қатысы бар және сол тарихи қоғамда қабылданған ізгі-ниеттілік, адамгершілік сияқты құндылықтарды өмірдің қажеттілігіне айналдырған нормалардың жиынтығы. Құлықтылық нормаларға мынандай сипаттар тән:
  2. Тарихи даму барысында таптық қоғамның ерекшеліктеріне байланысты қальштасады. Құл иеленушілік мемлекеттегі құлықтылықтың талаптары қазіргі заманның құндылықтарына сай келмейді. Мысалы, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамында саудамен айналысу, алыпсатарлық ісімен шұғылдануды қоғамдық көзқарас жағымсыз қасиет деп қабылдады. Ал, қазіргі көзқарас мүлдем басқа.
  3. Құлықтылық нормаларды іс жүзіне асыру — тек сендіру арқылы болатын құбылыс.
  4. Реттеу шеңбері бойынша құлықтылық нормалар құқық нормаларына қарағанда өмірдің барлық саласын қамтиды.
  5. Құқықтық нормаларының теориялық негізін этика құрайды.
  6. Қоғамда қабылданған құлықтылық нормалар жеке адамдардың мінез-құлықтарын бір қалып көзқарасымен қабылдайды. Одан тысқары қимыл-әрекеттер қоғамдық санамен айыпталады. Мысалы, автобуста қарт адамдарға орын беру, немесе бермеу және т.б. көптеген әрекеттер.

Кұлықтылык қоғамдық тәртіпті сақтаудың ең негізғі қағидаларының бірі. Г.В.Ф.Гегельдің пікірі бойынша «Құлықтылық дүниеде мейірімділіктің үстемдік етуі». Мейірімділікті қалыптастыру құқықтық сананың клеткалық дәрежесінде иман, ұят ұғымдарын ең қажетті құндылықтар ретінде қабылдау. Одан ауытқып кетуді индивидтің ішкі сезімі айыптауы тиіс. Ондай болмаған жағдайда құлықтылықтың санаты еш уақытта мейірімділік дәрежесіне көтерілмейді. Мейірімділікті қалыптастыруда ислам дінінің рөлі өлшеусіз және әлі де тәрбиенің ең тиімді құралы.

Техникалық нормалар. Әлеуметтік нормалардың бір түрі ретінде адамдардың техникамен табиғатты игеруде қабылданған нормалардың жиынтығы. Бұл нормаларды қолдану ғылыми-техникалық прогресс дамыған сайын арта түседі. Табиғаттың Құпия заңдарын ашу және оны адам игілігіне пайдалану тари­хи дамудың талабы болып табылады. Сонымен қатар техникалық нормаларды сақтамау адамзатқа өлшеусіз зардаптар туғызуы мүмкін. Мысалы, атомды бейбіт өмірде пайдалану барысында бекітілген техникалық нормаларды сақтамау электростанциясының жарылуына әкеп соқтырып, радиацияның таралуынан зардаптардың болуы және т. б.

Техникалық нормалар экологиялық, техникалық құралдарды пайдаланудағы нормалар, санитарлық-гигиеналық, агрономиялық және т.б. нормаларға бөлінеді.

Техникалық нормаларды сақтау және оларды бұлжытпай орындау өмір талабы және оларды бұзу үлкен катастрофаларға әкеп соғуы мүмкін.