Оңтүстік қазақстан жеріне көшірілген халықтар (1926-1959 жж.)

Кеңес Одағы тұсында Қазақстанға түрлі ұлт өкілдерінің көшірілуі нәтижесінде халық құрамында айтарлықтай өзгерістер байқалды. Мәселен, өзге ұлт өкілдері репрессия, депортация, Ұлы Отан соғысы және кеңестік биліктің жүргізген әлеуметтік-саяси науқандарының салдарынан Шымкент, Жамбыл, Қызылорда өңірлеріне де көптеп қоныстанды. Олардың өзі бір күнде немесе бір жылда көшіріліп келген жоқ. Оңтүстік Қазақстан облыстарына көшірілгендер басқа облыстарға қоныстандырылғандар сияқты кеңестік үкіметтің қаулы-қарарлары, ұлт саясатын жүргізудегі өктем әрекеттер негізінде жүзеге асырылды.

1926-1939 жылдарда Оңтүстік Қазақстан халқының кұрамы мынандай көрсеткіште болды: 1926 жылы қазақтар — 69,6 %, орыстар — 11,1 %, украин-дар — 5,9 %, немістер — 0,2 %, өзбектер — 6,4 %, басқалары — 6,8 %, болса, 1939 жылы қазақтар — 38,6 %, орыстар — 37,3 % украиндар — 7,1 %, немістер — 0,7 % өзбектер — 4,8 % басқалары — 11,5 % болған. Демек, жыл сайын халық құрамы өзгеріп, өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы артып отырған.

1934 жылы Оңтүстік Қазақстанға кулактық жер аударуда 74 %, болса, 1935 жылы 1004 адам, 1936 жылы 780 адам, 21 % құрады [1]. Бұл сандық көрсеткіштер ресей ғалымының зерттеуде Қазақстанға қатысты мұрағаттан кездестірген мәліметі.

1938 жылы 19 қаңтарда Саяси бюро шешімі бойынша (№ 56/308) 1938 жылы Кеңес Одағының Халком Кеңесі мен ХКІІ басшылары Әзірбайжан мемлекетіне кұпия құжат жолдаған. Ондағы бұйрық бойынша Әзірбайжан территориясының шекаралы аймағында тұратын иран ұлтының өкілдері Қазақстанға көшірілуі тиіс болды. Мәселен, оған мынандай аса құпия құжаттағы бұйрық дәлел бола алады. «Аймақтарында тұратын 2000 отбасын, яғни 600 мың адамды (Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.Молотов жолдастан) Әзірбайжан территориясынан Қазақстанға көшіруді 1938 жылы қазанның 15-нен бастау туралы жобаны бекітуіңізді сұраймыз» — деп, ұсынысты сол кездегі Одақтың Ішкі Істер жөніндегі Халық Комиссары Н.Ежов пен Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының басшысы Л.Берия жолдаған [2]. Одан кейін, 1938 жылы қазан айының 8-інде Халық Комиссарлар Кеңесінің арнайы №1084-269 бұйрығымен: «Әзірбайжан шекаралық аймағында тұратын ирандықтар Қазақстанға көшірілсін» деген арнайы құпия құжат дайындалған. Ол құжатты бекіткен сол кездегі Одақтың Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В. Молотов болды. Бұл нұсқау құпия құжат Әзірбайжанның Халық Комиссарлар Кеңесіне жолданған. Соған сәйкес Әзірбайжан жеріндегі ирандықтарды Қазақстанға көшіру басталған.

1938 жылдың қараша-желтоқсан айларында Әзірбайжаннан-1621 ирандық отбасы Қазақстанға қоныс аударылған. Олар Қазақстанның Оңтүстік облыстары мен Алматы облысы аудандарына орналастырылуы керек болды. Сол тұста қазақ жеріне қоныс аударылып келген иран ұлты өкілдерінің Кеңес өкіметі басшыларына деген наразылығы өрши түскен. Мәселен, күштеп көшіріліп келген ирандық жекелеген азаматтар мен әртүрлі топтар үкімет басшыларына түрлі мазмұнда арыздар жазған. Ондағы арыздардан Кеңестік басшыларға деген наразылықтары байқалды [3]. Демек, 1938 жылы ирандықтарды Әзірбайжан жерінен күшпен қоныс аудартқан ХКІІ-нің адамдары мен ХКК-ның басшылары, олардың бұрынғы тұрған жерлеріндегі дүние-мүліктерін сатуға немесе бірге ала кетуге мүмкіндік бермей, тіпті өздерінің меншікті үй-жайларын, мал-мүліктерін сатып, ақшасын алуға да үлгертпей қуғындаған. Міне, осындай Кеңес өкіметінің озбыр саясатының нәтижесінде иран ұлтының өкілдері Қазақстанға жер аударылған.

1937 жылы Армения мен Әзірбайжан территориясында тұратын тұрғылықты халықпен қоса күрдтерді де депортациялау жоспарланып, оларды 1938-1939 жылдары Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттеріне жер аударған. Олардың көпшілігі Қазақстан жеріне жеткенше қолайсыз жағдайларда қырылған. Қоныс аударушыларды Орта Азия мен Қазақстанның 14 облысы мен 110 ауданына орналастыру жоспарланып, олардан 20-25 отбасы әр ауылға шашыратылып, қоныстандырылуы тиіс болды. Соның ішінде, 1937 жылдың соңында Қазақстанға бөлінген шаруашылықтың 1121-і Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысының аудандарына орналастырылды [4]. Демек, күрд және армян ұлты өкілдеріне де кеңестік жүйе басшылары «сенімсіз ұлттар» ретінде қараған және оларды ешбір негізсіз қуғын-сүргінге ұшыратқан.

1938-1939 жылдары қоныс аударылып келген ирандықтар негізінен Әзірбайжан КСР-ның Алибайрам, Астрахан — Базар, Ярдумлин, Акжебедин, Массалы, Кориягин, Зайгилан, Ленкоран аудандарынан келгендігіне мұрағат деректері дәлел [5].

1938жылы 11 қазанда ХКК мен БК(б)П-ның №33 қаулысында ирандық 2000 отбасы Қазақстан жеріне қоныстандырылсын деген шешім шығарылып, ол нұсқау жарлық 1938 жылы 6 қарашада Алматыға жолданған. Соған сәйкес Қазақстанның ХКК-нің басшылары Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарына орналастырған. Ол кезде Алматы облысының Қордай ауданы, Қарақұндыз совхозына-80, Қаракемерге — 25, Успеновкаға — 30, Белоговощенкаға — 40, Георгивский совхозына — 60, Чустрой совхозына – 50 отбасы орналастырылды. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының Мерке ауданына және колхоздарына — 70, Жамбыл ауданы мен колхоздарына — 90, Түлкібас ауданы мен оның колхоздарына — 100, Сайрам ауданы мен колхоздарына — 120, Ленгір ауданы мен колхоздарына — 72, Арыс ауданы мен колхоздарына — 40, Шәуілдір ауданы мен колхоздарына — 50, Түркістан және оның колхоздарына — 200, Қаратас ауданына — 33, Келес ауданына — 100, Дарбаза совхозына — 30, Бостандық ауданына — 90, Мақта — Арал совхозына — 300, Каучукпромхозға -100 отбасы бөлінген [3,285].

Ұлы Отан соғысы кезінде Қызылорда облысының өзіне немістер басып алған алты аймақтан адамдар көшіріле бастады. Олардың ішінде Солтүстік Кавказдан — шешендер мен ингуштар, Грузиядан — түріктер, қалмақтар және немістер бар. Ал Молдавиядан бұрынғы кулактар және басқа да 22338 адам, яғни 6665 отбасы келіп қоныстанды. Сондай-ақ Солтүстік Кавказдан келген 4416 отбасы барлық аудандарға таратылып орналастырылды. Егер 1941 жылғы мәлімет осылай болса, НКВД-ның 1945 жылғы материалдарындағы көрсеткіш бұдан біршама жоғары. 1945 жылғы есеп бойынша арнайы қоныстанушы 83348 отбасы, 30266 адам, оның ішінде 16 жастан жоғарысы 14158 адамға жетті. Осылардың ішінде шешендер мен ингуштар — 5528 отбасы, 2207 адам, қалмақтар — 737 отбасы, 2115 адам, месхет түріктері — 370, 1798 адам. Молдавиядан келген бай-кулактар — 461 отбасы, 1286 адам. Мұндай көші-қон жергілікті халыкқа да оңай болмады. Тұрғындардың тұрмысы күйзелісте отырған жұртқа олардың көшіріліп келуі жағдайды одан әрі күрделендірді. 1941 жылдың 29 шілдесінде облыстық партия комитеті мен атқару комитеті қоныс аударушыларды қабылдау, орналастыру жөнінде қаулы шығарып, ол жұмыспен айналысатын арнайы бөлім құрылды. Оларды баспанамен, тамақпен қамтамасыз ету тұрақты бақылауға алынды. Сондай-ақ 1942 жылы 20 қаңтардағы облыстық атқару комитетінің шешімімен қоныс аударушыларға арнап тұрғын үй және тұрмыстық орындар салу үшін 1465500 сом қаржы бөлінді [6].

1943-1944 жылдары кеңестік биліктің депортациялық саясатына Солтүстік Кавказ халықтары ұшырады. Оларды күштеп көшіруге негіз болған Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылдың 14 қазанындағы № 342-і аса құпия қаулысы еді. Ондағы нұсқау бойынша Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына 11 мың қарашай және балқар отбасы қоныстандырылды. Ал, 1944 жылы 31 шілде күні үкіметтің №6279 шешімімен Талдықорған, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарына 40 мың арнайы қоныс аударылғандар Грузия жерінен қуғындалып келді [7].

  • жылы 12 қазанда Кеңес Одағының Жоғары Төралқасы шешімімен Қарашай Автономиялық облысы таратылып, 14 қазанда Саяси бюроның жасырын шешімімен қарашайларды көшіру керектігі атап өтілді. Автономиялы облыстан 14774 отбасы (69267 адам) қуғындалып, олардан Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына 11711 отбасы (45529 адам) қоныстанса, Қырғызстан — 5790 отбасы (23300 адам), Өзбекстан — 95 отбасы (353 адам) қоныс тепті [8].
  • жылы наурыздың ортасына қарай Кеңес Одағы бойынша НКВД 3-і бөлімінің орынбасары Д.А. Аркадьев үкімет басшыларына берген мәліметіне қарағанда Жамбыл облысына — 16565 адам, Оңтүстік Қазақстан облысына 20808 адам қоныстандырылды. Негізінде Қазақстан мен Қырғызстан жеріне 180 эшелон жіберілсе, соның 152 эшелоны жеткен. Олардың 147 эшелоны Қазақстанға келсе, онда 124 (344 589 адам), Қырғызстанға 33 эшелонда 28 (75 342 адам) болды [9]. Бұлар шешен-ингуш ұлтының өкілдері болатын.

Соғыс жылдарындағы көші-қон жайында А. Есимованың «Влияние миграционных процессов на этнографическую структуру населения Казахстана 1941-1945гг.)» деп аталатын мақаласында Қазақстан демографиялық жағдайы баяндалады. Автор соғыс жағдайында эвакуацияланғандардың 40% 4 облысқа бөлінді дейді. Олар: «Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары еді. Ғалымның зерттеуі бойынша республикаға келген шешен, ингуш, татар, қарашай, балқар, еврей, әзірбайжан, түрік тағы басқаларының үлес салмағының көбеюіне байланысты жергілікті жерлерде қазақ халқының үлес салмағы азая түскендігін атаған. Зерттеушінің мұрағат қорларынан келтірген деректеріне қарағанда бұрын Кеңес Одағының ХКІІ начальнигі М.В. Кузнецов 1944 жылы 5 қыркүйекте арнайы қоныс аударылғандар саны Қазақстанда-930000 адам, — деген мәліметтерін кездестірген. Ал, 1945 жылы 1 қаңтарда республикада 224226 неміс, 380397 шешен және ингуш, 41125 қарашай, 2320 қалмақ, 19790 балқар, 4259 адам Қырымнан, 9642 адам Балтық жағалауы мен Молдавиядан болды. Сондай-ақ, депортацияланған халықтар облыстар бойынша шашыратылып былай орналасты деген мәлімет келтірді: қарашайлар Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандырылса, Қырымнан қоныс аударылғандар — Атырауда, Грузиядан келгендер — Жамбыл, Қызылорда, Талдықорған және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналасты, қалмақтар — Қызылордаға, ал, шешен-ингуштар және балқарлар барлық 15 облысқа шашыратылып орналастырылған. Мұрағат қорларымен жұмыс істеген зерттеуші Кеңес Одағының ІІМ Н.Г.Дудоровтың өкімет тарапына Қазақстан жерінде Шешен-Ингуш автономиясын құру керек деген бір кездегі мәліметтері болғандығын да жазып келтірген» [10]. Бұл сол уақыттағы неміс автономиясын құру керек деп, оның жүзеге аспай қалғандығын байқатады. Демек, автор бірқатар мәселелерді көтерген. Сонымен, ізденушінің өзі бұл еңбекте көші-қон толқыны жүрген уақыттарда кейбір мәліметтер толық еместігін айтады. Бірақ, мұрағат деректері мен санақтарда өзге ұлт өкілдері Қазақстанға көптеп көшіріліп, ұлттық құрамға әсерін тигізгендігі сөзсіз.

1944 жылы Қазақстан территориясында арнайы қоныс аударушы 12342 отбасы (45500 адам) қарашайлар орналасты. Олардан Оңтүстік Қазақстан облысында 6643 отбасы (25216 адам), Жамбыл облысында 5699 отбасы (20285 адам) тұрақтады. Арнайы қоныс аударушыларды қамтамасыз ету үшін 24 комендатура тағайындалып, оның 13 комендатурасы Оңтүстік Қазақстанда және 11 Жамбыл облысында болды. Қоныс аударылып келген қарашайлар колхоздардан жұмыстарға орналастырылып, олар негізінен ауыл шаруашылығын дамытуда жұмыс істеді [11].

1949 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төралқасының орынбасары А.П. Заголовельев атына жолдаған өкімет адамдарының мәліметінде 1949 жылдың 20 маусымында №490 бұйрықпен Оңтүстік Қазақстан облысының Киров және Қызылқұм аудандарына 2500 грек отбасы қабылданған. Олар негізінен сол жерлердегі мақта шаруашылығымен айналысуға тартылды [12].

Оңтүстік Қазақстанға 2764 отбасы келсе, Көкшетауда 1953 жылы 663 отбасы, Көші-қон қозғалыс кезінде 1958 жылы Украинадан 1957 жылы 2703 отбасы көшіп келіп, 671 отбасы кері қайтқан. Ал, 1958 жылы 2780 отбасы тұрды [13]. Қазақстан Министрлер Кеңесіне жіберілген тағы бір мәліметте 1959 жылы Украина мен Беларуссиядан келетін 70 мың отбасын шаруашылықтарға орналастыру жөнінде дерек бар.

Міне, осы аталған кезең аралығында кеңестік билік Қазақстан жеріне қаншама өзге ұлт өкілдерін қуғындау, депортациялау, эвокуациялау, соғыс кезінде күштеп көшіру, тың игеру сияқты науқаншылдықты желеу етіп, қоныс аудартты. Бұлардың бірқатары 1950 жылдардың ортасында өз еліне қайтуға рұқсат алса, кейбіреуінен шектеулер алынбады. Сондай қиын-қыстау заманда келгендердің қайтадан қайтуы да қиындықтарға толы болды. Ал, қазіргі күнде республикамызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі біркездері тағдырдың айдауымен келген жұрттың ұрпақтары. Олар бүгінгі таңда Қазақстанның тең құқылы азаматтары ретінде өсіп-өніп, қазақ жерінде мәдениет, білім, ғылым, экономиканың дамуына үлес қосып еңбекке араласып, еліміздің дамуына атсалысуда.

ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Земсков В.Н. Спецпоселенцы (по документации НКВД — МВД СССР // Социалагическое исследование. 1990. № 11. 4 б.
  2. Валиханов Э.Ж. Переселение иранцев в Казахстан / Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. — Алматы: Арыс-Қазақстан, 1998. 153 б.
  3. ҚРОММ. 1208-қ., 1-т., 3-іс, 284 п.
  4. Садыков У. Курды: депортация в Казахстане / Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. — Алматы: Арыс-Қазақстан, 1998. 159 б.
  5. Енсенов Қ.А. Депортация: Қазақстанға қоныс аударылған иран ұлтының өкілдері // Қаз ҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. А., 2003. № 3. 89 б.
  6. Қожақов Ө. Қызылордаға қоныс аударылған халықтар // Ақиқат, 1999, №2. 73 б.
  7. Хасанаев М. Для расселения выделить районы Казахстана… (Архивные документы о депортации народов в Казахстан) / Депортация народов проблема прав человека. Материалы семинара. — Алматы, 12 июля 1997. Алматы: Фонд «XXI ВЕК»
  8. ҚРОММ. 1987-қ., 1-т., 16-іс, 6 п.
  9. Бугай Н.Ф. Правда о депортации чеченнского и ингушского народов // Вопросы истории, 1990. — № 7, 4 б.
  10. Есимова А. Влияние миграционных процессов на этнодемографическую структуру населения Казахстана (1941-1945 гг.) // фемида, 1998. — № 9. 63-69 бб.
  11. 11. Кульбаев Т., Хегай А. Депортация. — Алматы: — Данекер, 2000,128 б.
  12. ҚРОММ. 1137-қ., 17-т„ 418-іс, 7 п.
  13. ҚРПМ. 708-қ., 31-т., 1547-іс, 18,21, 24 пп.