ҚОҒАМДЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ САНА

Адам тарихи қалыптасқан іс-әрекеттер, дағды мен тәсілдерді игеріп, әсіресе тілді үйрену нәтижесінде айналадағы заттар мен құбылыстардың объективті заңдылықтары мен қасиеттерін танып біледі. Адам айналадағы дүниеге өзін қарама-қарсы қойып, белгілі мақсатта іс-әрекетпен шұғылданғанда сол объективті шындық туралы өзінің білетін түсінігі мен біліміне сүйенеді. Бүкіл адамзат тарихының барысында қалыптасып жинақталған рухани қазына, мәдениет, мораль, дін, қоғамдық психология, өнер құрал-жабдық адамның шығармашылығынан туып, оның қолымен жасалған бүкіл заттық дүние түгелімен адамзаттың қоғамдық санасы болып табылады. Сана тарихи тәжірибені, білім мен ойлау тәсілдерін бойына сіңіріп, шындықты, рухани идеалды игеріп, алда тұрған мақсат, міндеттерді белгілеп, адамзат қоғамының бүкіл практикалық іс-әрекетін бағыттайды. Адамдар өзінің шығармашылық ойларын жүзеге асырып, табиғатты, қоғамды дамытумен бірге, өздерін де жетілдіреді.

Құқықтық сана – қоғамдық сананың бір түрі. Саяси және моралдық санамен тығыз байланысты. Мазмұны жағынан тиісті мемлекетте қолданылып отырған құқық нормалары, заңдылық пен құқықтық тәртібі, қылмыс және оны жазалау, қоғам мүшелерінің құқықтары мен көзқарастары жатады. Антагонистік қоғамда таптардың өзіне тән құқықтық санасы болады. Оның мазмұны әр таптың қоғамның экономикалық, саяси, мәдени өмірінде алатын орнына байланысты.

Қоғамдық сана – объективті дүние мен қоғамдық болмыстың адам санасында бейнеленуі. Қоғамдық сана адамның тәжірибелік іс-әрекеттерінен байқалады. Сана қоғамның рухани мәдениетінің құрамды бөлігі болып табылады. Қоғамдық сананың түрлері: саясат, құқық, философия, мораль, өнер, дін, қоғамдық болмысты бейнелей отырып, оған белсенді ықпал етеді. Қоғамдық сананың түрлерінің әрқайсысының өз объектісі мен бейнелеу тәсілі болуына қарамастан, болмыс пен адам санасына өзіндік әсерін тигізеді. Идеологияның саяси құқыклық нысандары қоғамның экономи-калық қатынасын саяси және кұқықтық тілде, ал өнер-көркемдік образдармен, мораль – адамдардың мінез-құлқының белгілі қағидалары мен ережелері түрінде бейнелейді.

Қоғамдық сананың түрлері қоғамның экономикалық базисымен байланыс жасау сипатына қарай әр түрлі болады. Мысалы, идеологияның саяси және құқықтық түрлері басқа нысандарына қарағанда экономикалық базиске жақын тұрады. Бұлар қоғамның өндірістік, шаруашылық қатынастарын тура, тікелей бейнелеп, олардың төте ықпал жасауымен қалыптасады. Қоғамдық сананың түрлері тарихи өзгерістерге түсіп, белгілі тарихи кезінде осы нысандардың бірі қоғамның рухани өмірінде үстем болып, қалғандарын өзіне бағынышты етеді. Мысалы, феодализм дәуірінде дін үстемдік етті. Капиталистік қоғамда құқық пен саясат билік алып, философия, өнер мораль мен діннің дамуына зор ықпалын тигізді.

Құқықтық нормаларды жүзеге асыру – қоғамға пайдалы іс-әрекет құқық нормаларының талабына орындау заң белгіленген мүмкіндікті пайдалану үшін азамат белгілі бағытта әрекет жасап, белсенділігін көрсетуі қажет. Құқықтық белсенділіктің екінші жағы адамның сана сезіміне байланысты. Құқықтық сана-сезім белгілері мыналар:

— Құқықты белгілеу.

— Құқықты түсіну.

— Құқықты құрметтеу.

— Құқықтың дұрыстығына және әділдігіне сену.

— Құқықты сақтауға дағдылану.

Құқықтың талаптарын бұлжытпай орындау.

Құқықтық сана – Қазақстан Республикасы азаматтарының жүзеге асырылып жүрген заңдарға, оларды қолдануға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына және қалауына, құқыққа басқа да құқықтық құбылыстарға құқықтық сезімдерінің, әсерлігінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі.

Құқықтық сана қоғамның құқықтық өмірін жандандыру және дамытуға үлкен үлес қосады.

  1. Құқықтық сана – құқық нормаларының қалыптастырудың қажетті шарты. Олай дейтін себебіміз, құқықтық нормалар заң шығару органның саналы түрдегі ерікті қызмет арқылы өмірге келеді. Адамдардың белгілі бір мүдделері мен қажеттіліктері заң нормаларында бейнеленбестен бұрын, ол нормаларды құрушы лауазымды тұлғалардың ой-санасынан өтеді. Сондықтан да құқық нормаларының сапасы олардың қоғамдық даму қажеттілігіне сәйкес келеді, ол нормаларды құратын органның құқық көзқарасы, құқық санасының деңгейімен тығыз байланыста болады.
  2. Құқықтық сана құқық нормаларының нақты және толығымен іске асырылуының ең басты шарты. Құқықтық нормаларының талаптары тікелей азаматтарға қойылады. Бұл талаптарда олардың саналы түрдегі ерікті әрекеттері арқылы орындалады. Яғни неғұрлым құқықтық сананын деңгейі жоғары болса, соғұрлым құқық нормаларының ережелері нақтырақ орындалады.

Қоғамдық мәдениет саласында құқық мәдениетінің жетістіктерін ғана басқарып, реттеп отырады. Мәдениет өзінің даму процесінде қоғамның рухани байлығын, халықтың сана сезімін дамытып, жоғары дәрежеге көтереді. Құқықта өз кезегінде мәдениетгі қорғап, реттеп отырады. Осыдан келіп құқықтық мәдениет қалыптасады. Ол өзара байланысты элементтер арқылы көрініс табады.

— қоғамдағы құқықтық сананың жағдайы, құқықты түсінудің деңгейі, заңдылықтың талаптарын орындау қажеттігін түсіну.

— заңдылықты сақтау;

— заң шығарудың ерекшелігі, оның мазмұны мен нысанына көңіл бөлу;

— Сот, прокуратура басқа да заң органдарының жұмыс атқару сипаты.

Сонымен сана – объективті шындықты идеалды түрде бейнелеудің адамға тән ең жоғары нысаны. Сана адамның өз болмысы мен объективті дүниенің мән-жайын, мазмұнын, ұғымын білуінде белсенді қызмет атқаратын психикалық процестердің (түйсіну, сезіну, қабылдау, ойлау т.б.) заңды нәтижесі болып табылады. Сана негізінен жеке адам санасы және қоғамдық сана болып екіге бөлінеді.

Құқықтық сана-сезімнің негізгі функциялары: бірінші – халықтың құқықтық білімін арттыру; екінші – сана-сезімді дұрыс дамыту үшін тәжірибелік жұмысты жақсарту; үшінші – қоғамдағы қатынастарды реттеуді, басқаруды жақсарту үшін адамдардың сана-сезімін көтеру. Құқықтық сана-сезім нормативтік актілердің негізгі, қоғамдағы қатынастарды дұрыс реттеуші, басқарушы күш. Ол құқықтық нормалардың дұрыс дамуына, дұрыс орындалуына және оның болашағын дүрыс болжауға ете зор әсер етеді.

Құқықтық сана-сезімнің ерекшеліктері:

— құқықтық сана-сезім қоғамдағы тек нормативтік актілер мен құбылыстарды, қатынастарды бейнелейді. Ол жаңа нормалардың қабылдану және олардың процесін қамтиды. Саяси, моральдық, ұлттық т.б. көзкарастар құқықтық сана-сезімге әсер етіп, құқықтық нормалардың дұрыс дамуына, орындалуына ықпал етеді;

— қоғамның даму процесін, құбылыстарын сана-сезім құқықтық тұрғыдан сезініп, сол позициядан қорытынды тұжырымдар жасап, баға береді. Мысалы: құқықтық қатынас, құқықтық жауапкершілік, құқықтық тәртіп т.б.

Қоғамдағы құқықты дамыту үшін, заңдылықты, тәртіпті қатаң сақтау үшін құқықтық сана-сезімнің маңызы өте зор. Бұл сана-сезімді қоғам көлемінде дамыту керек, әсіресе заңгерлердің, органда қызмет атқаратын азаматтардың білімі, тәжірибесін, сана-сезімін көтеруді қажет етеді. Сонда ғана қоғамда заңдылық, құқықтық тәртіп болады.

Халықтың, әсіресе, заңгерлердің белсенділігі үш түрлі, үш деңгейде болады: біріншісі – құқықтың субъектілері өзара қатынасты тек дұрыс басқарып, жаңалыққа ұмтылмау – сылбыр, енжар деңгейі; екіншісі – эвристикалық деңгей – құқықтың субъектілерінің жаңалыққа талпынып, мәселені шешудің жаңа жолдарын табу; үшіншісі – интеллектуалдық деңгей – жаңалықты ашуда үзілістің болмауы, жоғары дәрежеде белсенділікті көрсету. Белсенділіктің соңғы екі түрі Құқықтық сана-сезімнің дамуына өте зор әсер етеді.

Құқықтық сананың мазмұны әр таптың, қоғамның экономикалық, саяси, мәдени, өмірінде алатын орнына байланысты. Құқықтық сана халықтың саяси және құқықтық жауапкершілігін арттырады, өздерінің заңдарда көрсетілген құқығы мен міндеттерін адал орындап отыруына, мемлекет және еңбек тәртібін қатаң сақтауға зор үлес қосады.

Қоғамдық сана-сезімнің басқа нысандарына қарағанда құқықтық сана адамдардың ой-өрісіне, рухани ойлану процесіне өте зор әсер етеді. Себебі құықтық қатынаста адамдар нормативтік актілерді бұлжытпай орындаулары керек, екі жақты құқық пен міндет бар, дұрыс орындалмаса жауапкершілік бар. Сондықтан құқықтық қатынастардың субъектілеріне түсетін ауыртпашылық айтарлықтай мол.

Құқықтық сана-сезім өзінің құрылымы жағынан екі түрге бөлінеді: Құқықтық идеология және құқықтық психология.

Құқықтық идеология дегеніміз – қоғамдағы құбылыстарды, қатынастарды құқық тұрғысынан ғылыми жүйеге келтіру. Құқық жөніндегі пікірлер мен көзқарастар белгілі бір жүйеге түсіріліп, ғылыми негізде дәлелденген күйде болады. Бұл идеологияны қалыптастыруға заңгерлер, саясатшылар, экономистер, философтар, тарихшылар т.б. мамандар қатынасады. Құқықтық идеология қоғамдағы әр бағыттағы, әр саладағы мақсаттарды біріктіріп, дамытады.

Құқықтық психология дегеніміз – қоғамның құқықтық сезімін, ақыл-ойын, әдет-ғұрып, дәстүрін біріктіру. Жеке адамдардың, қоғам мүшелерінің әр түрлі топтарының санасында – заңдарға олардың қолданылуына байланысты туған әсерлер, көңіл-күйі және сезімдер жатады. Қоғамдық көлемде осы мәселелерді біріктіріп дамытып, халықтың сана-сезімін көтеріп, демократияны нығайту, құқықтық мемлекет қалыптастыру.

Құқықтық сана-сезімнің жүйелері мен түрлері:

1). Қатынастың субъектілеріне қарай құқықтық сана-сезім үшке бөлінеді: жекелік, топтық, қоғамдық сана-сезім. Бұл үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Сонымен бірге олардың өз дербестігі болады. Әр жеке адамның сана-сезімі әр деңгейде болады: өте жақсы дәрежеде, жақсы, орташа, нашар дәрежеде. Егерде топтың, басым көпшілігінің сана-сезімі өте жақсы дәрежеде болса, онда бұл топтан жақсылықты күтуге болады. Топтың көпшілігінің, керісінше, сана-сезімі нашар болса, ол топтан жақсылық күтуге болмайды.

Осы әдіс-тәсілмен қоғамның сана-сезімінің дәрежесін, деңгейін білуге болады. Сол арқылы қоғамның қай саласында, адамдардың қандай тобына жұмыс жасау бағытын анықгауға болады. Осылай қоғамның сана-сезімін реттеп, басқарып отыруға болады.

2). Мазмұнының тереңдігіне қарай құқықтық сана-сезім тағы да үшке бөлінеді: күнделікті құқық саналығы, кәсіпқойлық құқық саналығы, теориялық құқық саналығы. Адамдардың күнделікті құқықтық сана-сезімі олардың рухани, парасаттылық, инабаттылық, өмір тәжірибесі арқылы қалыптасады.

Кәсіпқойлық құқық саналығы қоғамның әр саласында жұмыс істейтін заңгерлердің тәжірибесі арқылы қалыптасады. Олардың құқықтық білімі де, тәжірибесі де мол болғандықтан сана-сезімдері көпшілігінің жоғары дәрежеде болады. Сондықтан құқықтық нормалар дұрыс орындалып, заңдылық, құқықтық тәртіп жақсы дамиды.

Теориялық құқық саналығы қоғамдағы заң ғылымының жан-жақты, жақсы дамуы арқылы қалыптасады. Жақсы дамыған заң ғылымы қоғамның сана-сезімнің дәрежесін, деңгейін көтереді, сол арқылы құқықтың жақсы дамуына зор әсер етеді.

Құқықтық сана-сезімнің бұл жүйелері мен түрлерінің қоғамда атқаратын жұмыстары өте зор. Олар бәрі бірігіп құқықтық нормаларды өмірге әкеледі, оны дамытады, олардың дұрыс орындалуына жан-жақты үлес қосады. Қоғамдағы құқықтық саналықтың деңгейі неғұрылым жоғары болса, соғұрлым заңдылық та, құқықтық тәртіп те жақсы дамиды.

Құқықтық сананың субъектілері, әлеуметтік тұрғыдан бірнеше түрге бөлінеді:

— жеке адамның құқықтық санасы есін білгеннен қалыптаса бастайды;

— ұжымдық құқықтық сана. Әр ұжымның қызметінің ерекшеліктеріне байланысты ұжымдық-құқықтық сана-сезім қалыптасады;

— қоғамдық құқықтық сана. Адамдар жасына, жынысына, ұлтына, әлеуметтік жағдайына, байланысты сан алуан бірлестіктерге бөлінеді. Әр топтың ерекшеліктеріне байланысты құқықтық ой-санасы, көзқарасы қалыптасады.

— Халықтың құқықтық санасы. Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің, бірден-бір бастауы, қайнар бұлағы. Демек, халықтың да құқыққа өз көзқарасы, сана-сезімі бар.

Құқықтық сананың тарихи даму кезеңдері мен типологиясы жобамен төрт дәуірге бөлуге болады: көне дәуір, орта ғасырлар, жаңа кезең және қазіргі заман.

Көне дәуірде ешқандай құқықтық сана деген жеке заңды ұғым болған жоқ. Орта ғасырларда да құқықтық сана толық қалыптасқан жоқ, аздап бұл туралы пікірлер, зерттеулер болды.

XVI-XVIII ғасырларда көптеген пікірлер, ғылыми зерттеулер өмірге келді. Қоғамдық ғылымдардың алдына көп талаптар қойылды: демократияны дамыту, абсолюттік монархияны жою, мемлекеттік билікті бөлу, адамдардың табиғи бостандықтарын, құқықтарын шектеуге жол бермеу т.б.

Қазіргі заманда құқықтық сана өмірде де, ғылымда да жан-жақты зерттеліп қоғамның, мемлекеттің дамуына зор үлес қосуда, мемлекеттік аппарат күрделі дамуда, заң шығармашылық процесс сапалы жұмыс жасап, қоғамдағы барлық қарым-қатынастарды реттеп, басқаруда.

Сонымен, құқықтық сана – қоғамдағы құқықтық құбылыстарға адамдардың, сезімдерінің, әсерлерінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі; ол заң шығарудың, нормативтік актілердің дұрыс орындалуының, құқықтың сапалы дамуының негізгі шешуші механизмі деуге болады.

Құқықтық сана-сезім

  1. Қазақстанда құқықтық сананы жақсарту бағыттары

Қоғамды, мемлекетті дамытуда, оның құқығын нығайтуда қуатты құралдың бірі – еңбекші бұқара. Сондықтан заң жобаларын талқылауға, құқықтық нормалардың дұрыс қолданылып, мүлтіксіз орындалуын бақылауға олар белсене қатысады. Құқықтық сананы заңды мінез-құлық деп те атайды. Бұл құқық нормаларының нұсқауларына сәйкес келетін жеке тұлғаның сана-сезімі. Осы сана-сезім арқылы заң орындалады, жүзеге асырылады. Егер адамдардың мінез-құлықтары құқық нормаларының талаптарына сәйкес келсе, онда құқықтық тәртіп нығаяды.

Құқықтық сана-сезім арқылы қоғам басқарылады, оның өмірі қалыпты жағдайда жүргізіледі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жүзеге асырылады. Мұны азаматтардың көбі, түсінеді, сондықтан құқықтық қатынастардың басым көпшілігі заңды мінез-құлық негізінде құрылады. Азаматтар құқықтың талабын белсенділікпен немесе енжарлықпен орындайды. Соған сәйкес сана-сезім екіге бөлінеді: белсенді заңды мінез-құлық және бәсең (енжар) заңды мінез-құлық.

Белсенді заңды мінез-құлық – лауазымды тұлғалардың, азаматтардың өз бастамасы мен белгілі мақсатқа бейімделген заңды әрекеттері. Бұл мінез-құлықтың түрлері сан алуан. Ол – субъектілердің өз міндеттерін адал ниетпен, сапалы атқарып, азаматтардың өздеріне жүктелген міндеттерін қалтықсыз, саналы түрде орындауы, сонымен қатар құқықтарын жүзеге асыра отырып, мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсене қатысып, әлінше көмектесу заңдардың жобаларын талқылауда бет көрсетіп, өз пікірін ортаға салу – міне құқықтық белсенділікке осындай әрекеттер жатады.

Енжар заңды сана-сезімнің көрінісі де сан алуан. Азамат өзіне жүктелген міндеттерді салақтықпен орындайды, нормативтік актілерді жүзеге асыруға енжарлықпен, немқұрайлықпен қарайды. Мұндай мінез-құлық екі тарап та ұтылыста болады. Мысалы, шартты қатынаста субъектілердің екеуі де немесе біреуі міндеттерін дұрыс орындамаса, екі жағы да ұтылыста болады, зиян шегеді. Мұндай енжар мінез-құлық басым болса, мемлекетке де зиян келеді.

Қоғамның экономикалық, әлеуметтік, мәдениеттік дамуы жақсы деңгейде болса, адамдардың сана-сезімі де сол дәрежеде болады. Осыған сәйкес қоғамның құқығы да жақсы дамып, қатынастарды жақсы реттеп, басқарып отырады.

Егерде қоғамның экономикалық, әлеуметтік дамуы дағдарысқа ұшыраса, онда сана-сезімнің сапасы төмендеп, құқықтық нигилизм, немқұрайдылық етек жая бастайды. Қылмыстың саны күрт өседі, қоғамдағы заңдылық пен Құқықтық тәртіп нашарлайды. Оның себептері:

1). Азаматтардың көпшілігінде демократиялық мәдениеттің жоқтығы.

2). Қоғамда әкімшілік-әміршілік жүйенің ұзақ уақыт өмір сүруі.

3). Ескі мемлекеттің ыдырауы, жаңа жүйенің толық қалыптаса қоймауы.

4). Қоғамның экономикалық-әлеуметгік деңгейінің нашарлауы.

Қазіргі өтпелі кезеңде Қазақстан Республикасының алдында тұрған мүдде-мақсаттар өте көп. Солардың бірі – халқымыздың құқықтық сауаттылығын көтеру, оның негізгі бағыттары:

— елімізде құқықтық тәрбие жұмысын жақсарту. Бұл іске қоғам болып кірісу керек;

— тәрбие жұмысын барлық бағытта жандандыруға көңіл бөлу; инабаттылық, парасаттылық, патриоттық, тәртіпшілік, еңбекшілдік, діни т.б. бағыттарда;

— халықтың рухани сана-сезімін, білімін жақсарту;

— мемлекеттің заң шығару, құқықтық нормаларды орындау жұмысын жақсарту;

— мемлекет аппараттарындағы қызметкерлердің мамандық сапасын көтеру;

— заңдылыққа, құқықтық тәртіпке қатаң бақылау жүргізу. Осы көрсетілген бағыттар арқылы құқықтық тәрбиені жақсарту тек аппараттың ғана жұмысы емес. Бұл күрделі және өте өзекті іске қоғамдағы барлық бірлестіктер, одақтар, ұжымдар, саяси ағымдар мен ұйымдар белсенді түрде қатысулары керек.

Құқықтық тәрбиені жақсарту үшін қоғамның экономикалық, әлеуметтік жағдайын, жақсарту, демократияны, бостандықты, теңдікті дамыту керек, сонда ғана іс нәтижелі болады.

Сонымен, құқықтық сананың сапасын жақсартып, қоғамдағы маңызын көтеруге зор үлес қосатын құқықтық психология мен құқықтық идеологая. Бұл психология мен идеологияны теңестірсек идеология басым болады. Өйткені психология адамдардың санасында заңдарға олардың қолданылуына байланысты туған тек әсерлерін, көңіл-күйін, сезімдерін ғана көрсетеді. Ал, идеологияның қоғамға әсерінің шеңбері де, кеңістігі де өте кең, маңызы да анағұрлым жоғары. Идеология құқық жөніндегі пікірлер мен көзқарастарды белгілі бір жүйеге келтіріп, ғылыми негізде дәлелдеп қызмет атқарады.

Мұндай тұрақты қалыптасқан демократиялық, мәдени әлеуметтік құқықтық идеология әр мемлекетке өте қажет. Онсыз қоғам сапалы, жақсы дами алмайды. Оны біздің еліміздің 10 жыл тәуелсіз дамыған тарихымыз дәлелдеп отыр. Кеңестік дәуірде 60 жыл үстемдік жасаған сорақы коммунистік саясат идеологияға нигилистік көзқарасты қалыптастырып, еліміз көптеген қиыншылықты, қолайсыз жағдайларды бастан кешіп отыр. «Тәуелсіздікке қол жетті, Ата Заң қабылдадық, дүниежүзілік ұйымдарға тең құқылы мүше болдық» дегелі 7-8 жылдан асса да, нені ардақтап, нені мансұқтауды білмейтін пұшаймандық тағы бар. Мұның аты – ұлттық немесе мемлекеттік идеологияның жоқтығы. Идеология дегеніміз – мемлекеттің жүрегі. Жүрегінде өзіне тән қасиет жоқ адамның дара тұлға еместігі кімге құпия? Өзіндік идеологиялық бағыт-бағдары, ұлттық бітімі жоқ мемлекет ше? Ол кімге қажет? Әрине, бізге қажеті жоқ. Бірақ сырттағы біреулерге ол ұнайды. Өйткені мұндай мемлекетті бодандықта ұстау оңай.

Тәуелсіз жас мемлекеттің іргесін нықтауға байланысты тұжырымның бірі ілімдік жағынан қорытылуға тиіс. Ондай ұлттық идеологияның негіздері бізде жоқ емес. Тек оны нақтылай, дәлелдей түсу керек. Ғылым дәрежесіне қарай бейімдеу қажет. Құқықтық қоғамы бар мемлекет құрамыз, оған керегі жалпы адамзаттық идея деп тұрсақ та, Қазақстанның өзіне лайық идеологиясы болуын ешкім жоққа шығармас.

Қорыта айтсақ, құқықтық идеологияны жаңғырту, озық өркениет жетістігін қабылдау, мәдениет пен өркениетті ұштастыру, ұлттық тұлға тәрбиелеу, мемлекетімізде қаржы-қаражат, заң, өндіріс, өндіргіш күш, білім беру, денсаулық сақтау мен бұқаралық ақпараттың үйлесімін тауып үндестіретін құрал – мемлекеттік ұлттық, құқықтық идеяны қалыптастыру.

Бұл жерде ескеретін мәселе – Кеңестік дәуірде заң ғылымын марксизм теориясына сәйкес түсініп, ғылыми зерттеулерді, құқықтық мамандарды дайындауды осы бағытта жүргізіп келдік. Дүниежүзілік заң ғылымымен байланысымыз жоқтың қасы болды. Олардың мемлекет және құқық теориясының жаңалықтары мен жетістіктерін біз қолданбадық, пайдаланбадық. Сөйтіп, Кеңестік заң ғылымы біржақты дамып, көп кемшіліктерге әкеп соқты.

Қазіргі кезеңде ТМД (тәуелсіз мемлекеттерінің достастығы) елдерінде заң ғылымы бір идеологияның құрсауында болудан бостандық алып, дүниежүзілік ғылыммен қауышып, мемлекет және құқық теориясын жан-жақты дамытуға мүмкіншілік қалыптасып, бұрынғы жіберілген қателіктерді, кемшіліктерді түзетуде.

Марксизм XX ғасырда қоғамның объективтік даму заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеп, қорытынды тұжырымдар жасады. Оны дүние жүзіндегі ғылымның барлық саласы пайдаланып отыр. Сондықтан марксизм өзінің классикалық теория маңызын – ешқашан жоймайды.

Қазақстанда құқық жүйесінің болашақта даму бағыттары:

  1. Құқықтық идеологияны қалыптастыруға қоғамдағы барлық саяси, әлеуметтік күштер, ұйымдар бәрі бірігіп, үлес қосуы қажет. Әрбір одақ әр жаққа тартса, қоғамда тұрақты бірлік те, сапалы құқықтық идеология да болмайды. Мұндай қоғамның болашағы жоқ деуге болады.
  2. Құқықтық идеологияны қалыптастыру жұмысы жариялы, ашық, демократиялық түрде жүргізіліп, барлық халықты, олардың құрған ұйымдарын қатыстыруға толық мүмкіншілік беру қажет.
  3. Құқықтық идеологияны қалыптастыру процесінде халықтың көпшілігінің мүддесін іс жүзіне асырамыз деп, азшылықтың, жеке адамдардың мақсатына нұқсан келтірілмеуі қажет. Өйткені демократиялық қоғамда жеке адамдардың бостандығы мен құқықтарына шектеу жасауға қатаң тыйым салу қажет.
  4. Құқықтық идеологияның алдындағы сан қырлы мүдде-мақсаттың ең күрделісі, ең маңыздысы: қоғамның саяси-экономикалық және Қазақстанның тәуелсіздігін, қорғанысын күшейту. Міне осы мәселелерге мемлекет, халық, барлық ұйымдар, бірлестіктер, ұжымдар, саяси партиялар бірігіп іс-әрекет жасаулары өте кажет. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігі күшеймей, басқа жақсылықтарды күту, болады ғой деп сену – жай қиял.