Қазақ диаспорасы және ирреденттері: қалыптасуы және қазіргі хал-ахуалы

Диаспоралогия – диаспора мәселелерін зерттейтін ғылым дейтін болсақ, ең алдымен «диаспора» деген ненің атауы, қарастыратын мәселесі не, терминологиялық жүйесі қандай деген сұрақтар туындары да анық. Осы ретте күнделікті лексиконымызда, БАҚ жүзінде диаспора сөзінің біршама көбірек қолданылатындығын да еске ұстағанымыз дұрыс болмақ. Әсіресе, шетелдерде тұратын қандастарға байланысты «диаспора» термині жиі қолданылғанымен, олардың басым бөлігіне тән «ирредент» термині көп қолданыла бермейді.

«Диаспора» деген сөздің өзі грек тілінде «шашырау», «шашырай орналасу» дегенді білдіреді [1], яғни ұлт шашырандысы деп қолдануға болады. Әу баста Палестинадан тыс жерлерге тарап кеткен еврейлерге байланысты қолданылған болса, бүгіндері әлемдегі күллі діни және этникалық топтарға қатысты терминге айналған. Диаспора міндетті түрде көші-қонның нәтижесінде немесе салдарынан болады және осыған сәйкес қалыптасуы да әртүрлі болуы мүмкін [2].

Көші-қон тіршілік қамына байланысты, қақтығыс-жанжал мәжбүрлегендіктен және түрліше басқа да жүйелі сипаттар негізінде туындайтындығы белгілі. Көші-қонның өзі көшу қашықтығына (алысқа немесе жақынға), қалу мерзіміне (тұрақты немесе уақытша), шекара сызығын кесіп өтуіне (ішкі және сыртқы), тұратын мекенжайына (қаладан ауылға немесе, ауылдан қалаға т.б.), кету себебіне (өз еркімен немесе зорлықпен, экологиялық жағдайға байланысты), кетушілердің сандық ауқымына (жаппай немесе жекелей), әлеуметтік құрылымы мен сипатына байланысты болып келетіндігі белгілі. Біздің қазақ ұлтының көші-қондық сипатына да осы аталғандардың барлығы тән. Ішкі және сыртқы миграция қатар жүрілетін демографиялық құбылыс және қазір ол қазақ халқының пайдасына жұмыс істеп жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. Оның дәлелі жергілікті ұлттың соңғы санақтағы 67 пайыздық көрсеткіші.

Тіршілік қамымен шетелдерге барып тұрақтап қалу – барлық ұлттарға тән. Мысалы, Қытай, Үндістан, Африка елдерінен шыққан жүздеген миллион диаспора өкілдері байырғы мекенінен шет жерлерде тіршілік етуде. Осындай ахуал Қазақстан Республикасында да қалыптасқан. Жоғарыда аталған үш түрлі қоныс аударудың нәтижесінде кең-байтақ қазақ жеріне әр түрлі кезеңдерде орын тепкен 130-дай ұлт диаспорасы өмір сүруде.

Әлем халықтары арасында өзінің байырғы мекеніндегілерге қарағанда шеттегі диаспоралардың пайыздық үлесі басым түсетін жағдайлар көптеп кездеседі. Мысалы, 12 млн армянның 4 миллионнан астамы ғана қазіргі Арменияда өмір сүрсе, татар бауырларымыздың саны да осымен шамалас, ал Татарстанда барлық татарлардың үштен біріне жуығы ғана тұрады. Саны осыншама еврейлердің де жартысынан астамы Израильде тұрмайды.

Енді ирреденттер жайында қарастыралық. Диаспора – жоғарыда атап өткеніміздей, миграция нәтижесінде пайда болса, ирреденттер – соғыс аннекция, даулы шекара сызықтары немесе отарлау саясаты нәтижесінде қайта бірікпей өз елінің шегінен тыс, тарихи автохтонды ұлттың шекаралас өлкелерде қалыпқойған бөлшектері болып табылады. «Ирредент» сөзі, грекше — «қайта бірікпеген» деген мағына береді .

Енді қазақ диаспорасы мен қазақ ирреденттері турасына көшелік. Әлемдегі күллі қазақтың саны шамамен 15 млн-дай болса, соңғы санақтың алдын-ала қорытындысы бойынша 10 млн.-нан астамы Қазақстанда, 5 млн.-дайы 40-қа жуық шетелдерде өмір сүріп жатыр және осы 5 млн.-ның 4 млн.нан астамы «ирредент», қалғанбөлігі«диаспора» болып табылатыны анық.

Қазақ диаспорасының пайда болуы, қалыптасуын зерттеген ғалым Г.М. Меңдіқұлова «Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие» атты монографиялық еңбегінде былай деп атап көрсетеді: «За пределами территории Казахстана около 4 млн 500 тыс. казахов проживают в 14 государствах бывшего СССР и 25 странах мира, из которых лишь около 800 тыс. представляют собой диаспору, остальные 3 млн 700 тыс. являются казахской ирредентой, т.е. проживают на сопредельных с Казахстаном землях, оторванных от него и присоединенных к России, Китаю, Узбекистану в разные исторические периоды вследствие аферистических игр и амбиций политической элиты тех времен». Тарихи шындық солай болғандығын айту — бүгінгі тағдыр табыстырған тату көршілерге, әлемдік саясатта үлкен беделі бар державаларға қандай да бір аумақтық талаптар қою, олардан жер даулау емесі анық. Бірақ ғалым тұжырымы нақты фактілермен дәлелденген.

Аталған монографияда автор ирредент қазақтар өмір сүретін аумақты былай деп көрсетеді: «К ирреденте относятся казахи, проживающие в Астраханской, Оренбургской, Курганской, Омской, Горно-Алтайской автономной областях России, районах Алтая, Тарбагатая, Или, Кульджи, Еренкабырги, Барколь-Кумула – Синьцзян-Уйгурского Автономного района Китая, Баян-Ульгинском аймаке Монголии, районах Сырдарьи, Чирчика, Кызылкумов и Мырзашол в Узбекистане» — деп көрсетеді [3].

Демек, жоғарыда көрсетілген ұланғайыр өлкелерде тұрып жатқан қазақтар өздерін атам заманнан бері сол жердің автохтонды тұрғынымыз деп есептейді және осы өңірлерде қазіргі қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына аса зор үлес қосқан көптеген айтулы тұлғалар мәңгілік тыныс тапқан. Мысалы, Ташкент, Нұратадағы Төле, Әйтеке билер, Жалаңтөс баһадүрлер, Астрахандағы күй атасы Құрманғазы, Ангрен бойындағы Күлтөбеде «күнде кеңес жасаған» би бабаларымыз, Әбілмәмбет ханнан тараған, Майлы-Жайырды еркін жайлаған Көгедай ұрпақтары, кешегі Ақыт ақындар бір замандар өткенде жат елдің шегінде қалармыз, сол жерді мекендеген ұрпағымыз «оралман» деген ресми атауды иеленіп, тәуелсіздік алған қара шаңыраққа ат басын шегіне бұрар деп болжады ма екен? Бұл жердегі айтылар түйін — ирреденттер – шеттегі қазақтардың негізгі бөлігі дегенді әрдайым есте тұтуымыз қажет.

Осы ретте айта кететін бір жайт – «оралман» деген ресми биліктің тауып берген ресми атауының шетелдерден келіп жатқан қазақтардың тарихи табиғатын толық танытпайтындығын, оны өзге атаумен алмастыруды Елбасы Н.Ә.Назарбаев біреше рет қадап айтқан болатын [4].

Біздіңше қазақтардың біраз бөлігін, диаспора деп тануға болады. Қазақ диаспорасы кім, оларға кімдер жатады дегенге келетін болсақ, олар — атақонысынан түрлі саяси науқандар мен нәубеттердің, түрлі соғыстардың, бертінгі замандарда табыс пен білім көзін іздеушілерден пайда болған қазақ көшінің нәтижесінде алыс-жақын шетелдерге кеткен қазақтар. Қазақ диаспорасының қалыптасу тарихына үңілетін болсақ, көбінесе ұлтымызды өзіне еріксіз бағынышты еткен алып державалардың күштеп мәжбүрлеуінің басты фактор екеніне көз жеткіземіз.

Үлкен державалардың үлкен ойыны салдарынан екі жүз жылдан астам уақытқа созылған қазақ-ойрат соғысының ауыр зардаптары салдарынан көптеген қазақтар Орталық Азияның ішкері бөліктеріне қоныс аударуға мәжбүр болуы — қазақ диаспорасының пайда болуының басы болған сияқты. Мұнымен қоса, ІІ Александр патшаның Ресейдегі басыбайлылықты жою туралы декретінен соң Ресейдің, Украина мен Белоруссияның ішкі губернияларынан ағылған шаруаларға, казактарға, алпауыт капиталистерге және басқаларға қазақ жерін мемлекет меншігі есебінде еріксіз молынан таратуынан қазақтар арасында шетелге ауа көшу үрдісі ХІХ ғасырдың басынан үздіксіз жалғаса берген.

Атам заманнан бері рулық сипаттағы ортақ пайдаланысқа негізделген қасиетті қазақ жеріндегі көшпенді мал шаруашылығына бейімделген көші-қон циклі өрескел бұзылды. Коммунистік дәуірдегі әдеби туындылар мен ғылыми еңбектерде айтылатынындай, шаруалар көтерілісінің шығу себептері ешқашан таптық сипатта болған емес еді. Сонау Сырым Датұлынан бастап, Исатай-Махамбет, Есет, Жанқожа, Саржан – Кенесары, Қарқара, Созақ, Шұбартау көтерілістері – барлығы да «қара қазан, сары бала қамы үшін» еріксіз қолға қару алдырған ұлт-азаттық сипаттағы, қазақ халқының азаттық жоындағы бұлқыныстар болатын [5].

Қазақ халқының басына қара бұлт үйірілген 1916 жыл оқиғасынан бастап отызыншы жылдарға дейін жалғасқан азамат соғысы, байлардың мал-мүлкін тәркілеу, «жапонның т.б тыңшыларын әшкерелеу», зұлмат нәубет аштық (ұлы нәубет емес), ұлтымыздың ақиқаты мен ары іспетті бар қаймағын сыпырып алған 37-нің қасіретті қырғыны – қазақ диаспорасының алыс-жуық шетелдердегі санының еселеп артуына әкелді.

«1932 жылы Қазақстан байырғы халқының 64 процентінен айрылған. Қазақстан халқының саны 1930 жылы 5,9 миллион адамнан 1933 жылы 2,5 миллион адамға дейін азайды. Алапат ашаршылық жылдары Қазақстан шекарасынан шығып, босқыншылыққа ұшыраған шаруалар саны – 1 миллион 31 мың. Олардың 165 мыңы бұрынғы Кеңестер Одағының шекарасынан әрі асып, Қытайға, Монғолияға, Ауғанстанға, Иранға, Түркияға өтіп кеткен. Сөйтіп туған жерлеріне қайтып орала алмаған. Ал көрші республикаларға, Ресейге қоныс аударып, орнығып қалғандар саны – 450 мың»,- деп көрсетеді «Қызылдар қырғыны» атты деректі зерттеу мақалалар жинағында. Дегенмен, осынау дүрбелең жылдары шетел асқан қазақтардың көбісі, әсіресе Қытайға өткендері өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін туған жерлеріне қайта оралғаны мәлім. Ал Ауғанстан, Түркіменстан, Өзбекстанның ішкі аудандары, Тәжікстанға, Ресейге өткен қазақтардың бірсыпырасы тұрақты мекендеп қалды. Міне, осылар – қазақ диаспорасының негізгі шоғыры.

Моңғолия қазақтары арасында 1916-1937 жылдар аралығында қазіргі Қазақстан аумағынан ауып барған қазақ отбасылары санаулы ғана түтін екендігін ескерген жөн. Яғни, олардың жалпы саны 1991 жылға дейін мекендеген Баян-Өлгий қазақтары арасында 100 отбасынан аспайды. Мысал үшін, 8000 қазақ мекендеген Улаанхус өлкесінде жан-жақтағы отауларын қоса есептегенде 4 түтіннен тұратын бір ғана тобықты рулы әулет болатын. Қазақстан аумағынан еріксіз ауғандар Қазақтар шоғырлана отырған Баян-Өлгийге қарағанда, Ұланбатыр маңында, ішкі өлкелергесіңуді жөн санаған. Себебі, 1938 жылы оларды отанынан қашқандар есебінде қудалады. Аман қалғандары ру сұрап, тегін тектеп жатпайтын моңғол арасына кетіп жан сақтауды қолай көрген.

Қазақ диаспорасын құраушы келесі бір топ – ІІ дүниежүзілік соғыста неміс тұтқынына түсіп, кейіннен Одақтастар азат еткен соң Сталиннің атақты бұйрығынан соң, елге келгенде алдан күтіп тұрған сенімсіздік, қуғын-сүргін мен жазалаудан қаймығып, Еуропада қалып қойған, одан әрі әлемге тараған қазақтар.

Келесі бір шоғыры – Шыңжаң қазақтарынан шыққан қазақ диаспорасы. Ежелгі Шығыс Түркістан, кейіннен қытайлар Жаңа өлке (Синь-Цзянь) атандырған шұрайлы мекенде өмір сүрген Үш аймақ қазақтарының гоминданшылар мен олардан соң билік басына келген маошыл коммунистік билікке қарсы көтерілген күресі жеңіліс тапқан соң, біраз бөлігі Гималай асып, Үндістан, Пәкістанды басып өтіп, оншақты жыл жүзінде әрең дегенде Түркияға ірге тепкен ұзақ та азапты көші – қазақ диаспорасының елеулі бөлігін құрады. Қазірде Түркия мен Еуропаның көптеген мемлекеттерінде тұрып жатқан қазақтардың көбісі осы қазақтардың ұрпағы болып табылады. ХХ ғасырдың «Елім-айы», туған жерден еріксіз ажыраудан туған зарлы шер– «Ағажай, Алтай» әні сол қасіретті жылдардың халықтық туындысы.

Қазақ ирреденттері де өздерінің байырғы мекенінен тыс, өзі тұратын мемлекеттердің астаналары мен ірі қалаларында, өнеркәсібі дамыған өлкелерінде диаспора түрінде өмір сүріп жатыр. Атап айтқанда, Мәскеудегі 12 мың қазақ соған себеп бола алады.

Сонымен, ирредент пен диаспораның ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай дейтін болсақ – екеуі де Қазақстаннан тыс жерлерде тұрады. Мәдени-рухани проблемалары да бірдей. Және оларға ұлттық құндылықтарды сақтаудағы мүмкіндігіне қарай әркелкілік сипат тән деуге болады. Ал айырмашылығы – ирреденттер – ата-бабасының мұраға қалдырған жерінде отырған қазақтар, диаспоралар – тағдыр талайымен шетелде жүрген ұлт шашырандылары.

Қазіргі күні қазақ диаспоралары мен ирреденттері атажұрт Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнап отырғандығын айтып өткен жөн. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы аясындағы іс-шаралар олардың өзге елде этникалық топ ретінде сақталып қалуына ықпалын тигізіп отыр. Өткен жылы Норвегияның астанасы Ослода құрылтай, Франция астанасы Парижде ақындар айтысы өткізілді. Қазақстан Республикасы шетелдегі қандастарын тұрақты қоныстануға қабылдайтын әлемдегі төрт мемлекетің бірі ретінде оншақты жылдың жүзінде жоғарыда аталған ирреденттер мен диаспоралардың ресми түрде 700 мыңдайын, бейресми санақ бойынша миллионға жуығын қара шаңыраққа жинай алған екен. 2008 жылы мамырдың соңындағы қазақ газеттері редакторларымен болған сұхбатында Елбасы Н.Ә. Назарбаев та осы деректерді келтіре отырып, аталған шараны одан ары қарай дамытуды шегелеп айтуы да қазақ диаспорасы мәселелерін оңынан шешуге ықпал ете түсері анық.

Қазақ елінің өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қалуға мүмкіндік беретін жері Қазақстан Республикасы болғандықтан, этнодиаспоралық кеңістіктерден Атамекенге қоныс аудармақшы болған ұлт өкілдеріне мемлекет тұрғысынан заңды түрде көмек көрсетілгені жөн. Бұл құбылысты реттеудің өзіндік қисыны мен бағыт-бағдары әрбір тұлғаның өмірлік таңдау еркіндігімен сәйкестенгенде ғана ұтымды жүзеге асады [6].

Соңғы жиырма жылда сырттағы қандастарымыз өздері тұрып жатқан елдердің саяси-әлеуметтік жағдайларының тұрақсыздығы мен кейбір қажеттіліктерінің орындалмауына байланысты (қазақ мектептерінің жабылуы, басшылық орындарға алмау, жұмыссыздық т.с.с.) тарихи Отанға оралуда. Осыған байланысты елімізде көші-қон департаменті, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, Нұрлы көш, т.с.с мемлекеттік және қоғамдық орындар жұмыс істеуде.

Орталық Азия елдерінен оралған қандастарымыздың басым бөлігі мәселен, Өзбекстан, Қарақалпақстандағы қазақтар Оңтүстік облыстарға орналасса, Түркіменстан, Қарақалпақстандағы қазақтар Ақтау, Ақтөбе облыстарына орналасуда. Дегенмен де мемлекеттің қаулысымен оларды Қазақстанның солтүстік аймақтарына да орналастырылып жатқандығы құжаттардан белгілі. Заң жобасына оралмандарды бейімдеу мен кіріктіру орталығы бойынша қосымша бап енгізілді. Заң жобасы қабылданған жағдайда оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің осы орталықтарда болу мерзімі және оларға бейімдеу қызметтерін көрсетудің тәртібі айқындалды. Оралмандарды бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын құру ең алдымен, тәжірибе жүзінде, республика бойынша оралмандар едәуір көп қоныстанған Маңқыстау облысында жүзеге асырылуда. Бұл орайда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Республика Үкіметіне, барлық облыстар мен Астана, Алматы қаласы әкімдеріне мүмкіндігінше өз бетімен көшіп келгендерге де қарайласу, қамқорлық жасау қажет екендігін үнемі ескертіп келеді. Сонымен осы қандастарымызды бауырмалдықпен қарсы алып, олардың өз елінде өгейсімей, ортамыздан орын тауып, елге сіңісті болып кетуіне жағдай жасау. Мәселен, оларды әр ауданға, әр ауылға әр бөлімшеге орналастырғаннан гөрі бір жерге топтастыра орналастыруға тырысу керек. Себебі, қаймағы бұзылмаған халқымыздың игі дәстүрлерін сақтап қалған олар елімізде болып жатқан күрделі өзгерістерді таразылап, жаңаша ойлау мәселелеріне әсер етумен қатар, халқымыздың ұмытыла бастаған тамаша қасиеттерін тірілтуге, өткеннің өнегесінен үйренуге баулиды. Біртұтас орналастыру олардың бейімделуін тездетеді.

Шетелдегі қазақтардың ата-мекенге оралуы Қазақстан мемлекетінің даму стратегиясының басым бағыттарының бірі болып саналады. Ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтуда және экономикамызды жаңа еңбек ресурстары мен қамтамасыз ету үшін, Елбасымыз 2015 жылға дейін республика халқы санын 20 миллионға жеткізуді міндет етіп отыр. Сондықтан халықтың санын көбейтіп, құрамын нығайтатын, тарихи- демографиялық ғылым айқындаған екі жолды, табиғи өсім мен сырттан келетін көші-қонды тиімді пайдалану керек [7]. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға әсіресе, жаңа отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың жас ұрпақтарына Қазақстан үкіметі тарапынан жан-жақты, нақтылы түрде қамқорлық ұйымдастырылуы қажет. Ал, сырттан келетін оң көші-қонға келсек, шет елдердегі қазақтарды елге қайтару үшін квотаны шектемей, қазақтар тұрған мемлекеттермен дипломатиялық жолмен көші-қон үрдістерін жеңілдетіп, тездету, ал көшіп келгендер үшін барлық жан-жақты жағдай жасау қажет.