Қазіргі – заман мәдениеттің дамуы

БҮгінгі әлемдегі мәселелердің ішінде Қазақстанға да қатысы бар мына бір көкей­кесті проблема бой көрсетіп тұр. Мәселе адамзатты тұщы сумен қамтамасыз ету туралы. Халықаралық сарап­шылардың соңы болжамдары бойынша, ХХІ ғасырдың аяғына қарай әлемде ауыз су энергетикалық және шикізат ресурстары сияқты ең құнды ресурсқа айналады. Өйткені, Жер шарын­дағы су қорларының 97,5 пайызы ащы су да, тек 2,5 пайызы ғана тұщы су, ал оның өзі іс жүзінде мұзарттар мен жер асты қойнауларында шоғырланған. Ал адамзатқа қолжетімді өзендерде, көл­дерде, су қойма­ларындағы сулар жер үстін­дегі судың 0,007 пайызын ғана құрайды. Мамандардың пікірі бойынша, 2015 жылға қарай Орта және Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Солтүстік Қытай үшін ауыз суды бөлу негізгі мәселеге айналады. Сарап­шылардың пікіріне қарағанда, болжамалы болашақта бұл мәселе шетін сипат алып, әртүрлі шиеленістердің көзі болып, таяу арада адамзат үшін аса өзекті мәселеге айналады.

Бүгінде жаңа әлемнің қоғамдық-саяси өмірінің саяси, әскери, экономикалық, мәдени және экологиялық салаларында өзін­дік ерекше ахуал қалыптасты. Және олар бір-бірімен өзара тығыз қатынастар жүйе­сінде. Міне, дәл осы фактор қазіргі әлем келбетінің ерекшелігін бейнелейді әрі оның дамуын ынталандырады. Сондықтан, қазіргі жаңарған әлемді капитализм дамуының экспансионистік логикасымен, америкалық бұқаралық мәдениеттің әлемге жаппай таралуы­мен немесе әскери экспансиямен түсін­діру біржақты, жеңіл әрі тар өрісті болып табылады. Қазіргі кезеңдегі әлем дамуының жаңа кезеңін тану және білу үшін осы заманғы жаһандық, әлемдік құбылыс­тардың жай-күйі, олардың өзара қимыл бірлігі мен байланыстарының динамикасын тереңнен пайымдау қажет.

ХХ ғасырдың аяқталуымен саяси басқару мен дүниежүзілік саяси ұйымның негізгі нысаны болған империялардың орнына халықаралық реттеу мен басқарудың көп­салалы, тарам-тарам аймақтық және әлемдік жүйелерімен бірге олармен көп салалы байланыстағы ұлттық мемлекеттердің де қалыптасқан жүйесі келді. Егер бұдан бұ­рын­ғы тарихи дәуірлерде дүниеде барлық, немесе көпшілік батыс елдерінің гегемо­ниясы орын алса, бүгінгі дәуірде дара әлеует­ті гегемон қалды. Ол – АҚШ. Бүкіл адам­зат қауіпсіздігі үшін қолайсыздау, бір­жақты, бір полярлық құбылыс болса да, бұл ахуалмен халықаралық қауымдастық тұтас­тай алғанда санасуға мәжбүр болып отыр. Атағы әлемге мәшһүр З.Бжезинский өзінің бірнеше еңбегінде бұл идеяны нақты дәлел­деп, бүкіл әлемді иландырып-ақ келеді. Ол өзінің кейінгі “Таңдау. Жаһандық үстемдік немесе әлемдік жетекшілік” (2005 ж.) атты жаңа зерттеуінде қазіргі әлемде бұрынғы ұлы державалар – Ұлыбритания, Германия, Франция әлсіз, Ресей ендігі жерде импе­риялық мемлекет емес, ол үшін уақыттың басты талабы – әлеуметтік-экономикалық оңалу деп есептейді. Ғалым Жапонияның экономикалық дамуы бәсеңдеді, халқы қартаюда, ал Қытай бүгінгі жоғары экономи­калық даму қарқынын сақтаған күнде де әрі кеткенде аймақтық держава дәрежесіне ғана жетеді деп түйеді. Сондықтан да ол алдағы жиырма жылдықта америкалық күш-қуат жаһандық тұрақтылықтың мызғымас тірегі болып табылады деген қорытынды жасайды. Оған қарсы, осы объективті жағдайды мойындамайтын кейбір елдердің ура-патриоттары және Иран, Венесуэла, Куба, Солтүстік Корея тәрізді бірер елдердің басшылары ғана.

Қазіргі әлемдегі жағдайдың тағы бір қыры – қоғамдық қатынастардың барлық салаларындағы үдерістердің қатаң бәсеке жағдайында өтуі. Өйткені, әлемдік саясаттың инфрақұрылымдары мен институттары қызмет пен іс-қимылдардың жаңа тетіктерін қалыптастырып, ол өз кезегінде халықара­лық байланыстар жүйесінде Еуропалық Комиссия дәліздеріндегі күңкіл сөздерден, Бүкіләлемдік сауда ұйымы сарапшыларының пікірталасынан бастап “үлкен сегіздіктің” саммиттеріне балама, үкіметтік емес ұйым­дар мен Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) жыл сайынғы жиналыстарына дейінгі аралықта әлемдік тартыстар мен текетірестер де орын алуда.

Дүние жүзі ғалымдарының қазіргі әлем туралы пікірталастарының бел ортасында осы заманғы мемлекеттік биліктің орны мен рөлі, болашақ тағдыры, даму үрдістері туралы мәселе тұр. Бұл мәселе төңірегіндегі пікірлердің бір парасы көптеген дамыған елдерде мемлекет пен оның билік институт­тарының қайта өрлеуімен сипатталады десе, енді бір тобы қазіргі кездегі мелекеттік билік төңірегіндегі оның “өрісінің тарылуы”, “әлсіреуі”, “жоғалуы” немесе “көмескіленуі” деген бағамдарды қолданады.

Жаһандану жағдайында әлемде осы уақытқа дейін мойындалған, танылған, көптеген жас мемлекеттер әлі де ұмтылып отырған мемлекеттік-ұлттық егемендік мәселесінің өзі терең дағдарысқа түсіп, оған үлкен қатер төніп отырғанына әлем оқымыстылары, саясаткерлер, дипломаттар алаңдаушылық білдіруде. Олар жаһандану үдерісін тек әлемдік игілік, жатымды үдеріс деп біржақты бағалаудан бас тарта бастады.

“Әсіре жаһаншылар” деп аталатын ғалымдар тобының көзқарасы бойынша дәстүрлі ұлттық мемлекеттер табиғи бола алмайды да, олар тіпті дүниежүзілік эконо­миканың коммерцияық бірлігі де болып жарытып кірікпейді. Экономикалық жаһан­дану, сайып келгенде, өндірістің, сауданың, қаржы саласының трансұлттық желілерін құру арқылы экономиканың “ұлтсыздануы­на” әкеледі деп дәлелдемек болады. Бұл “шекарасыз” экономикада ұлттық үкіметтер­ге әлемдік капиталға қызмет ететін “жалғас­тырушы белдік” немесе басқарудың жергі­лікті, аумақтық және халықаралық тетіктері арасындағы байланыстарды қамтамасыз ететін делдалдық институттың орнына ғана ие болады деп дәлелдеуге күш салуда. Олар­дың пайымдауынша, ұлттық экономика әлемдік экономиканың тармақтары ғана болып отырғандықтан, ұлттық мемлекет­тердің өкілеттігі мен легитимдігінің өзі күмәнді болып табылады. Ұлттық мемлекет­тер өз шекарасының ішінде болып жатқан үдерістерді бақылауға және азаматтардың қажеттерін өз беттерімен қанағаттандыруға қабілетсіз. Осы факторлардың нәтижесінде ұлттық мемлекеттер күн өткен сайын эконо­микалық үдерістерді басқарудың өтпелі ұйы­мының бір түрі болып қана қалады деген тұжырымға келеді. Кейбір батыстық оқы­мыстылар ұлттық мемлекеттер қазіргі заман­ның сындарына төтеп беруде әлсіздігін та­ныта түсіп, өзінің мәртебелік құқықтарынан кейбір әлеуетті халықаралық ұйымдардың пайдасына бас тартады дегенді айтады. Қысқасы, мұның барлығы, түптеп келгенде, ұлттық мемлекеттер эволюцияға түсіп, жаһандану жағдайындағы саяси тәртіпке сай келетін саяси ұйым болады, олардың “мемлекет-ұлт” деген табиғаты, сапалық белгісі көмескіленіп, жойыла бастайды деген болжамды негіздемек болады. Формальді түрде халықаралық қатынастардың базалық бірлігі болып табылатын ұлт-мемлекет институты нақты трансформацияға түсіп, мемлекеттердің ішкі істеріне араласуға болмайтындығы, оның ұлттық егемендік қағидатын бұзатындығы туралы дәстүрлі көзқарас уақыт өткен сайын көмескіленіп, іс жүзінде ыдырауға түсуде. Мұндай көз­қарастың институттық факторы болып әмбебап халықаралық ұйымдар, мемле­кеттен үстем юрисдикциялар, әртүрлі халықаралық режімдер, әлемдік гума­нитарлық құқықтар, адам құқықтарының мемлекеттің тәуелсіздігі қағидаттарынан басымдығы болып табылады.

Жаһандану үдерісінің басты дем берушілерінің бірі – АҚШ-тың Гарвард университетінің профессоры К.Омэ ұлт­тық мемлекеттің күні өткендігі, олардың саяси тарихының ақыры таянғандығы туралы пікірді ашық айта бастады.

Мұның бәрі Қазақстан мемлекетінің, қазақ халқының ұлттық мүдделеріне де қайшы келетін ұстанымдар. Бұл бол­жаулар мен көзқарастар өз тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізген ТМД елдерінің де терең ұлттық мүдделеріне қайшы.

Қазіргі заманғы мемлекеттік биліктің мәні мен қызмет ету, көріну тетіктерінің әлсіреуі туралы көптеген пікірлер тым қарабайыр болып табылады. Өйткені, қазіргі заман нарық пен мемлекеттің өзара қарым-қатынастарының бүкіл жүйесін қайта құруды қажет ететін­діктен де дамыған капиталистік мемлекеттер мен олардың әр түрлі инсти­туттары бұл үде­рістерге терең тартылған, солардың қайнаған ортасында тұр. Қазіргі заманғы жаһандық экономикалық үдерістер әсте мемлекеттік биліктің әлсіреген­дігін білдірмейді. Ол, керісінше, бұл биліктің іс-қимылының өрісін кеңейтті және қызмет жасау шарттары мен жағдайын өзгертті.

Көші-қон, экология, мәде­ниет және білім салаларында дамыған капиталистік елдер, олардың бүкіл мемлекеттік басқару мәшинесі белсенді рөл атқарып, саясат сала­сында аймақтық және әлем­дік басқаруды айрықша күшей­туде жетекші орын алуға жан­таласуда деуге әбден болады. Бұл үрдістер мемлекеттің әлсіре­гендігінің немесе жойылуының көрінісі болмаса керек. Мұның барлығы қазіргі әлем елдеріндегі терең жаңару, құры­лымдық қайта құру мен өзгерулердің нақ­ты нышандары.

Халықаралық беделді сарапшылардың талдауы бойынша, қазіргі өзгерген және жаңарған әлемде ұлттық мемлекеттердің рөлі төмендейді немесе олар екінші кезекке кетеді деген пікір негізсіз.

Оның үстіне мәселенің өткірлігі мен ауқымдылығының тағы бір қыры мынада жатыр: қазіргі жаһандану, жаңару және өзгеру үрдісіндегі әлем және саясат жағ­дайында әр ұлттық мемлекеттің алдын­дағы ең күрделі міндет – өзінің мемле­кеттік тәуелсіздігін, тұтастығын, эконо­микалық дербестігін, ұлттық тақы­леттестігін сақтап қалу. Әлемдік алпауыт трансұлттық компа­ниялардың, халық­аралық экономикалық ұйымдар мен одақ­тардың саясаты мен мақсаты көп ретте ұлттық мүдделерге қайшы келетіні, олар­дың өз мүдде-міндеттерін жеке мемлекет­тер мен ұлттардың мүддесінен жоғары қоятыны әлімсақтан белгілі саясат.

Ол ең алдымен жаһандану, экономи­калық интернационализация үдерістері­нің ұлттық мемлекеттердің билік инс­ти­тут­тары қызметіне түсірер салмағы­ның күрделеніп, ауқымының арта түсуі және ұлттық қауіп­сіздік, ұлттық терең мүд­делер тұрғысынан бұрын-соңды бол­маған жаңа міндеттерді қоюына байланысты.

Сондықтан жаһандану жағдайында мемлекеттік билік институттары ұлттық мемлекеттерге төнген осындай қатер­лерді дер кезінде танып, табиғатын, ауқы­мын, келер зиянын бағамдап, болжай біліп, өз әреке­тінде, іс-қимы­лында тиісті басым­дықтарды батыл және түбегейлі қамта­масыз етуге ұмтылуға тиіс деп есептейміз.

Қазақ мемлекеттігін нығайтуда келе­шекте билік тармақтарының ішінде пре­зидент және парламент институттарының жауапкершілігі ерекше ауқымды және күрделі. Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер Парламент пен оның депутаттары жауап­кер­шілігін еселеп арттырады. Бұл жауапкер­шіліктің салмағы мен мәнін саралау, пайымдау және соған сәйкес ұлт мүддесіне сай қызмет жасау, әрине, уақытты және ізденіс пен біліктілікті талап етері ақиқат.

Президент институтының алдында тұрған жаңа міндеттер бұрынғыдан күрделі, ауқымды және, ең бастысы, әлеу­меттік жағынан құнды және әлеуметке етене һәм түсінікті. Ол түп нәтижесінде Қазақ елінің әлеуметтік бірлігіне, әлеуметтік тұтастығына, әлеуметтік жаңаруы мен кемелденуіне, әр адам мен азаматқа қызмет ететін гуманистік кең ауқымды іс-қарекет. Өйткені, еліміздегі президенттік институттың құқықтық өрісі кең және жеткілікті. Ал кімге құқық пен би­лік көп берілсе – оның тарих пен ұрпақтар алдындағы жауапкершілігінің де еселеп артатыны белгілі. Бұл жауап­кершілік миссия­сынан да осынау мүм­кіндігі мен құқы мол билік институты алда да абыроймен шығарына халқымыз сенімді.

Әрине, жаңа әлем өзгермелі, мазасыз және күрделі. Осы әлемде бүгінгі және болашақ ұрпақтар мүддесі үшін жоғарыда кел­тірілген өркениеттер жүйесінен өзінің лайықты орнын алу – Қазақстан үшін күр­делі де ең абыройлы міндет. Осы міндетке бүкіл еліміз бет бұрып, танып, түсініп отыр деуге толық негіз және сенім бар. Оның саяси, әлеуметтік-эконо­микалық бастауы, негізі және әрі басты кепілі Президент Н.Назарбаевтың соңғы үш жылда елімізді жаңарту жөніндегі стратегиялық жолдау­ларының мазмұны мен талаптары.

Сөз соңында айтарымыз, осынау, эко­номикалық, технологиялық және әлеу­меттік мүмкіндіктері мол һәм қайшы­лықты да тайталасты жаңа әлемде бүкіл билік инс­титуттарының аса абыройлы міндеті – ұлт мүддесі үшін ұлы күрескер Ахмет Бай­тұр­сыновтың сөзімен айтқанда, Қазақ елін “ол­жалы жерде үлестен, ордалы жерде орыннан, жоралы жерде жолдан” қалдырмау.