Жаңа оқыту технологияларын игеру және оқу процесіне ендіру мәселелері

Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру, сапалы білім беру арқылы жоғарғы білікті мамандардыы қалыптастыру, оның ішінде қоғамның сұранысына қажетті мамандарды дайындап, білім мен ғылымды интеграциялау арқылы білім берудің сапасын арттыру және ақпараттық технологияларды ісіне тиімді қолдану мәселелеріне қол жеткізу, еліміздегі білім беру жүйесін дүниежүзілік озық тәжірибеге сай реформалауды пәрменді жүргізуді талап етіп отыр. [1]

Елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, күннен — күнге үдеп келе жатқан ақпараттар ағымдары, еңбек нарығындағы бәсекелестіктің артуы жоғары оқу орнын бітірушілерге қойылатын талаптарды күшейтуде. Уақыт — жоғары білім беру орындарына білім деңгейі жоғары, ойшыл, болашақты болжай білетін және өзгерістерге бейімді мамандар дайындау міндетін жүктеп отыр.

Тікелей экономикалық реформаның нәтижесінде көптүрлі меншіктердің туындауына, нарықтық қатынастарды игеруге, адамдардың жаңа жағдайға бейімделуіне, осыған байланысты өндірістік межелерді шешудің жаңа жолдарын іздестіруге қажеттілік пайда болды.

Осы проблемаларды нақты анықтап оны шешудің жолында болашақ маманға қойылатын ең бірінші талап — оның кәсіби деңгейі. Осындай талаптарға байланысты көп жылдардан бері қалыптасқан сабақ беру әдістері студенттерге дайын білімді сөз жүзінде бере салу, өз көкейкестілігін жоғалтты. Сондықтан, бүгінде қазақстан әлемдік білім берудің бейімделген оқу технологиясын меңгеруге байланысты жаңа кредиттік технологияны оқу процесіне ендіруге бет бұрып отыр. Жаңа технология бойынша оқыту студенттің шығармашылық дамуына, өз бетінше іздену қабілетін жетілдіруге және әртүрлі жағдайдағы мәселелерді сараптай алуға, соны дербес түрде шешу жолдарын айқындау қабілетіне ие болуына жол ашады

Білім және ғылым министрлігі Қазақстан білім кеңістігін әлемдік білім кеңістігіне сабақтастыру мақсатында үлкен жұмыстар жасап жатыр. Кредиттік технологияны енгізу, мемлекеттік аралық бақылау — бәрі-бәрі білім берудің әлемдік стандарттарына сай ойластырылған жаңа қадам. Білім беру саласында кредиттік жүйе әлемдік білім кеңістігінде бірнеше ғасырлық тарихы бар үлкен технологиялық бағдарлама екені белгілі. Бұл жүйе америкалық, еуропалық, британдық және Азия мен Тынық мұқит жағалауындағы елдер университетінде қалыптасқан білім жүйесі жан-жақты талданып, ұлттық және мемлекеттік мүддемізге сай сарапталып енгізілуде. Ол студенттерге оқу жоспарын жасауға көп еркіндік береді және қалаған оқу орнына ауысып оқуына мүмкіндік туғызады.

ҚР-ның жоғары білім беру саласына кредиттік оқыту жүйесін ендіру заман талабы мен қатар, жалпы әлемдік даму тенденциялары қажеттілігінен де туындаған. Қазіргі таңда жоғары білім алуға барлық мүмкіндік жасалған, ол жеке тұлғаның өсуі және карьера жасауының стимулы. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің №636, 03.08.2001 және № 386 07.06.2003 жылғы бұйрықтары[2] негізінде жоғары кәсіптік білімді мамандарды кредиттік оқыту жүйесі арқылы даярлауды жүзеге асыру мақсатында «Сырдария» университетінде 2004-2005 оқу жылынан бастап осы жүйе енгізілді.

Ол бойынша студенттер өз бетінше іздену, шығармашылықпен жұмыс істеу, алған білімін кәсіби қызметіне пайдалана білу секілді қабілеттерін ұдайы дамытып отырады. Жоғары білім беру мақсаттарының бірі «жеке тұлғаның сапалы жоғары білім алуға деген мүдделерін қанағаттандыру, әрбір адамға оқытудың мазмұнын, нысанын және мерзімдерін таңдауға кеңінен мүмкіндік беру»[3] деп көрсетілген. Демек оқытудың кредиттік технологиясы дегеніміз студентке таңдау мүмкіндігін еркінше беру деген сөз. Оқытушыдан тапсырма алған ол өз бетінше ізденеді: әдебиеттерді, ғылыми журналдарды ақтарады, интернеттен керектісін табады, сөйтіп берілген тапсырманы орындайды. Оған оқытылатын пәндер тізімі беріледі. Олардың ішінде міндетті пәндер көрсетіледі, ал қалғандарын өзі таңдайды. Бұл студенттің белгілі бір бағытқа күшін шоғырландыруға мүмкіндік береді. Оқытушының да қызмет ауқымы өзгереді. Ол студентті білімді өз бетінше алу, дербес жұмыс істей білу әдістеріне баулиды.

Оқытушы студент таңдап алған бағытында қалай кетіп бара жатқанын бақылап отырады. Ендігі жерде студент тек оқу жолын ғана емес, сонымен бірге қай оқытушымен жұмыс істейтінін де өзі таңдайды. Бұған қарап студент өз бетімен кетеді, көңіл соқса оқиды, көңілі соқпаса — бәрін жауып тастайды екен деген қорытынды шықпайды. Қайта оның қажетті бағытта жүгі ауырлай түседі. Ол берілген тапсырманың игерген бөлігінен ұдайы сынақ тапсырады. Лекциялық сабақтар әңгімелесу, «дөңгелек үстелдер», семинарлар түрінде өтіп, сөйтіп студент күн сайын шағын емтихан тапсырады десе де болады. Студент білімін бақылау кіріспе, ағымдағы, аралық және қорытынды бақылауды пайдалану арқылы жүргізіледі.

Педагогтар алдында қыруар міндеттер тұр. Ол ең алдымен жаңа жағдайға қарай жұмысын қайта, жаңаша құруы керек. Қаншама жылдар бойы нүкте, үтірін өзгертпей оқитын, жылдар бойы пайдаланған, содан сарғайып кеткен дәптерімен қол үзуіне тура келеді. Өзін сыйлай білетін педагог өз білімін күн сайын толықтырып отыруы керек. Ол енді қажетті ақпараттармен жаңалықтарды маусымды басылымдар мен ғылыми жарияланымдардан ғана емес, сонымен қатар интернеттен іздестіреді. Оқытушылар студенттерге үлестіретін материалдар мен құжаттар пакеттерін дайындайды. Бұл студенттердің өтетін курстарында белгілі бір бөлімдерін дербес игеруіне қажет. Педагог тиісті консультацияларын бергеннен кейін, студенттің тапсырманы қалай игергенін тұрақты бақылауға алады. Кредиттік оқыту жүйесін ендіру үшін профессор-оқытушылар тарапынан орасан мол еңбек жасалынуда. Халықаралық білім беру бағдарламаларын зерттеу және сараптама жасау, солардың негізінде жүйені ендіру үшін ұсыныстар дайындау, сабақ өту әдістемесін жетілдіру, өзіндік жұмыстардың тиімді формаларын қолдану т.б.

Қазіргі таңда осы жүйені толық игеру мақсатында төмендегі бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

  1. Кредиттік оқыту жүйесінің әлемдік тәжірибесі. Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу жүйесіне ендірудің проблемалары және де ұлттық моделдің ерекше белгілері.
    2. Кредиттік окыту жүйесінің негізгі үғымдары, мәні мен ерекшеліктері рейтинг ережелері. Оку процессін жоспарлау.
  2. Кредиттік жүйе бойынша оку жоспарлары мен бағдарламаларының кұрылымы.
    4. Оқу процессін ұйымдастыру ерекшеліктері.
  3. Студенттердің өзіндік жүмысын ұйымдастыру және оның ерекшеліктері.
  4. Оқу курстарына әдістемелік материалдардың пакетін дайындау және студенттерді сол материалдармен камтамасыз ету: (1 курс студенттеріне жаднама, кредиттік оку жүйесінің тәртібі, рейтинг жүйесінің ережесі, аттестациялардан өткізу, бітіру, оқудан шығару және ауыстыру, Syllabus — оқытудың бағдарламасы, студентке берілетін тапсырма тізімдері, студенттің өзіндік жұмысының мазмұны, лекция конспекттері, практикалық және семинар дәрістерінің жоспарлары, оқытушының басшылығымен өтетін студенттің өзіндік жұмысты ұйымдастыру үшін ұсыныстар мен жоспары, есептер және ситуациялар, тесттер, рейтингттік бақылау жүйесі және т.б.).
  5. Студенттердің білімін бақылау және бағалау жүйесінің ерекшеліктері.
  6. Окытудың белсенді (активті) әдістері және оларды жүзеге асыру жолдары.
  7. Кредиттік жүйе бойынша емтихан сессиясын ұйымдастыру және өткізу ерекшеліктері.
    10. Оқу процесі мен практиканы жүзеге асыру регламенті.
  8. Оқу бағдарламаларын құрастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар (окытушылар және студенттер үшін).
  9. 1-курс студенттеріне анықтама-таныстырғышын жасау. [4]

Кредиттік технология бойынша оқу процессін ұйымдастырудың міндетті шарттары: Syllabus-ты лектор дайындап, мүмкіндігінше практикалық сабақтарды өткізуге қажет.

Кредиттік технология жүйесінде қазіргі заманғы педагогтың негізгі принципі — мақсатты түрде студенттің тұлға болып тұлға болып қалыптасуы ықпал жасау, соның тиімді түрін табу. «Сырдария» университетінде барлық мамандықтар кредиттік оқыту жүйесіне өткізілген. Оның негізгі міндеті студенттің оқуға түскеннен, бітіргенге дейін білім алу жолын қадағалап, білікті маман болып шығуына ықпал ету. Қазіргі кезде оқулық мәселесі кез келген жоғары оқу орнында негізгі проблема. Әсіресе арнайы пәндер бойынша оқулықтардың аздығы білім жүйесіндегі үлкен олқылық болып отыр. Оқулықпен қамтамасыз ету үшін барлық кафедра оқытушыларының пәндер бойынша оқитын дәрістері жинақталып, соның негізінде сапалы оқу әдістемелік құралдар (силлабустар) дайындалуда. Университеттің типографиясы арқылы әр пәннің жұмыс бағдарламалары мен студенттерге арналған силлабустары көптеп шығарылуда.

Кредиттік технологияға көшуге дайын емеспіз дегенпікір де айтылып жатыр. Өткенге алаңдау, ескірген жүйенің шырмауынан шыға алмау — ілгері басқан қадамға кедергі ғана. Бүгінгі заман талабының басқаша екенін түсіне отырып, түпкі мақсатымызға бірте-бірте сатылап жетуіміз керек екенін ұмытпауымыз қажет сияқты. Алдағы уақытта университет ұжымының алдында нарықтық бәсекеге төтеп бере алатын қабілетті маман дайындау, оқу жүйесінде менеджменттік басқаруды қалыптастыру міндеттері тұр.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  • «Педагогикалық кадрлар дайындаудың қазіргі заманғы өзекті мәселелері және жаратылыстану ғылымдарының даму перспективалары» — атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция еңбектері. Шымкент, 2006. – 262 б.
  • http://www.edu.gov.kz/
  • БжҒМ 2001 жылдың 3 тамыз № 636 бұйрығы, өзгертулер мен толықтырулар 2003 ж. (№ 386 бұйрық)
  • Основы кредитной системы обучения в Казахстане / С.Б.Абдыгаппарова, Г.К.Ахметова, С.Р.Ибатуллин, А.А.Кусаинов, Ба.А.Мырзалиев, С.М.Омирбаев; Под общ. ред. Ж.А.Кулекееева, Г.Н.Гамарника, Б.С.Абдрасилова. Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 47 стр.