Алғашқы қазақ газеттеріндегі іс қағаздарының тілі

Қазақ тіліндегі кеңсе іс қағаздары тілінің одан ары қарайғы дамуында төмендегі мерзімді басылымдардың алатын орны зор: «Түркістан уалаяты» (1870-1882), «Дала уалаяты» (1888-1902), «Қазақстан» (1911-1913), «Айқап» журналы (1911-1915, «Қазақ» (1913-1918), «Садақ» (1911-1918) т.б. болып келеді. Осы кезеңдегі ресми іс қағаздары стиліндегі материалдарды ғалым Р.Сыздықова бірнеше топқа бөледі: 1. Патша үкіметі тарапынан жазылған бұйрық –жарлықтар (указы, распоряжения, приказы), 2. Заң, сот істеріне байланысты ереже, бұйрық, анықтама. 3. Ресми органдарға жеке адамдар жазған арыз, хабарлау, т.б. /1,273/.

Алғашқы қазақ газеттеріндегі негізгі ерекшеліктер тілдің барлық саласында (атап айтқанда, фонетикалық –орфографиялық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік т.б.) байқалады.

Бұл басылымдардың ішінде кеңес іс қағаздары тілінің дамуына үлкен үлес қосқандары – «Дала уалаяты», «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің беттерінде тілге қатысты материалдар жиі басылып тұрды.

Құжаттық және лауазымдық атаулар «кітаби тілдің» лексика –семантикалық тобының мол бір бөлігін құрайды. Бұл атаулар өмірдің белгілі салаларында пайдаланылып танылған ұлттық лексиканың нақты бір саласы болып саналады. ХІХ ғасырда қазақ тіліндегі ресми құжаттар екі тілде басылып шыққан. Құжаттық материалдар көбінесе ресми хаттар, арыздар, донесениелер және патша өкіметі тарапынан жергілікті билеушілерге жіберілген бұйрықтар түрінде болған. Сонымен қатар орталық үкімет тарапынан жазылған бұйрық –жарлық, циркуляр, указ, үндеу т.б. көбейе түсіп, олардың көпшілігі аударма түрінде беріліп отырған.

Ресей империясының билеуші органдары мен әкімшілік кеңесінің қазақ жеріне қатысты ресми құжаттары ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап үзбей аударылып, көпшілігі баспа жүзінде жарияланып отырды. Үкімет тарапынан жазылған ресми құжаттардың бір қатары хан, аға-сұлтан т.б. жеке адамдарға емес, көпшілікке арналғандықтан мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып тұрған.

Мерзімді баспасөз беттеріндегі ресми құжаттар мазмұнына қарай бірнеше топтарға бөлінеді. Ең алдымен, патша үкіметі тарапынан жіберілген бұйрық –жарлықтар (указы, рапоряжение, приказы), әр түрлі ережелер, оралымдары бар. Үшінші топта ресми органдарға жеке адамдар жазған арыз, хабарлау сияқты материалдар жатады.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысында заң-законға қатысы бар деген бұйрықтар, ережелер, съездерде жасалған заң ережелерінің қазақша мәтіндері және тағы да басқа құжат түрлері жарияланып тұрды. Мысалы: «Дала уалаятындағы» «Облұстардың тергеу турасынан», «О судопроизводстве в степных областях», т.б. ресми құжаттарды атауға болады.

Ресми іс-қатынас, кеңсе қағаздарының барлығына тән стильдік, тілдік ерекшеліктері бар. Олардың бірі – қазақ қолданысындағы осы стильдің бұрыннан келе жатқан дәстүрін сақтау, яғни ортаазиялық жазба тілдің – кітаби тілдің элементтерін молынан пайдалану болды. Бұл – осы стильдің өзге стильдерден ерекшеленетін басты белгісі. Мұнда стандарттар күштірек сақталады. Әсіресе, «түркі» тілдік сипат алған стиль мәтіндерінің орфографиясында, сөз таңдап қолдануында, морфологиялық тұлға – тәсілдерді пайдалануда, тіпті синтаксистік құрылымда да көрінеді. Егер бұл белгілерді жеке – жеке талдайтын болсақ, олар мына төмендегідей.

Орфография саласында: араб графикасымен жарияланған мәтіндерде қосымшалардың қазақ тіліне тән фонетикалық варианттары кейде ескерілмейді, соның нәтижесінде көптік жалғау тек –лар түрінде, табыс септік –ны, ілік септік –ның, жатыс септік –та, шығыс септік –нан түрінде беріледі: Мысалы: оқуны, қазақлар, адамлар, арызлар, мекемелерін. Немесе қатаң дыбысқа аяқталатын сөздерге –дың, -дық, -дар сияқты ұяңнан басталатын қосымша жалғанып жазылады: хазратдар, қазақдар, халқдың, халықдық т.б. жұрнақтардың да түбірімен үндесуі көбінесе көрсетілмейді: айыплан, сабаблы, башлатқан т.б. Бұл белгілермен қатар сөз басында қазақша ж дыбысы келетін жерлерде й әріпін жазу: йыл, йоли, йазұлды, йахшы, йаман; ш әрпінің орнына ч: барча, чақлы, үнчүн; с әрпінің орнына ш: түйе бошлатқан бір тоғұз, іш (іс), кіші (кісі), йаш т.б. жазу дәстүрі сақталады. Тағы бір ерекше көрсетілетін жай – бұл орфограммалар қатаң сақталмаған иер, жер, іш, іс, бойұнча сайлауынша сияқты бір сөздің немесе форманттың қазақша – «түрікше» екі вариантта жазылған түрі жиі кездеседі. Мұнда қазақтарға арналып аударылған мәтіндерде қазақ сөздерін қолдану бағыты бой көрсеткен.

Араб – парсы сөздері түпнұсқа тілдегідей жазылған.

«Көшпелі халықты басқарып тұру турасында» деген мәтін мен 1891 жылғы «Степное положение» — деп аталға мәтіннің жазуында қазақ тілінің ауызша айтудағы фонетикалық заңдылықтарын мейлінше сақтау принципі ұсталынған. Соның нәтижесінде ерін үндестігі (уйдон, озунун, болуп), түбір мен қосымшалардың дыбыс үндестіктері (кошпели, колыктын, жерлери, агаштар), араб-парсы сөздерінің ауызекі сөйлеу тіліндегі қазақша қалыптасқан вариантта берілуі (колык, локсат, жа, аким, лектіар, кандилат, песир, нагрет т.б.) орын алған.

Орыс сөздерінің жазылуы екі түрлі принципке сай берілген, бірі сөйлеу тілінде қалыптасқан түрікше жазу, екіншісі орысша орфограммасын сақтап немесе соған мейлінше жақындатып жазу. Мысалы, статья, Внутренних дел Минисрт, военный губернатор, начальник, правленіе, закон, волосной, съезд, волостной управитель, Министерство Государственных Имуществ, Общества, чиновник т.б. сөздер жоғарыда көрсетілген түрінде жазылады.

Морфология саласы бойынша: ортаазилық тіл элементтерінен өткен шақ есімшенің –мыш, жұрнақты «оғұздық» вариантын қолдану (қыпшақтық –ған дегеннің орнына: отырмыш, айтылмыш, шығармыш), етістіктің ІІІ жақтағы –ды қосымшасының орнына –дүр вариантын қолдану (естіләдүр, көрінедүр) және осы вариантты пердикаттықты білдіру қызметінде жұмсау (йазмай тұрғандүр, ықтиярлылардүр); етістіктің ІІІ жақ көпше түрін –лар жұрнағымен білдіру (бардылар, қойсалар), тұйық етістіктің –у жұрнағын –ғу вариантымен беру (еткучі, жазғучы, тұрғучы) сияқтылар және илан, бірлән, уа, һәм, аның, үчүн, лекин, һәм ләкин шылаулары жиі орын алған. Ауыспалы осы шақ есімшенің –тын, -тұғын қосымшасының орнына тұрған сөзін елтіру көп кездеседі.

Ресми –құжаттық, лауазымдық атауларда жазба әдеби тіл көрінісі ретінде араб сөздерінің көбірек қолданылатынын атауға болады. Ол сөздер ең алдымен жоғары лауазым атауларына байланысты. Жоғары лауазымдарды атайтын стандарттарға патша хазратлары (его величество), генерал –губернатор хазратлары, әр алуан ресми атаулар –терминдер ретінде келген: махкама (учреждение), хизмет (служба), міндетлі, хизмет, хисап даторы (список служебный), бұйрық қағазы (приговоры), халық (общества, которые выбирает должность волостного управителя), жария бұйрық (приказ опубликованный, обнародованный), уалайат (территория по определенному административному делению), арыз (прошение, передаваемое на имя лиц), тартиб тәртіб (порядок распоряжение), қазына (государственное казна, собственность), низом (положение).

Газеттер бірқатар орыс тіліндегі сын есім мен зат есімдік тіркестер өзгертілмей қолданылады, бірақ тіркестер компоненттерінің род, жекеше – көпше түріне қарай қиысуы көбінесе сақтала бермейді. Мысалы: Областной провление, уволнительный приговор, уездный начальник, волосной управитель, аулной страшиналар, Внутренних Дел Министр, Степной генерал –губернатор, военный губернатор, Оренбургский Ново-линия районы, государственный совет, подабной инспектор, казенное палата, докладной лист.

Ресми құжаттар тіліндегі кітабилық элементтер қатарына мағлүмдұр (известно), төменде (гі), жоғарыда (ғы), бұйыромын, бұйырыладұр, тағайын қылынады, атамыш, бойунча, турадағы, пәлен болысқа, не мекемеге қараған деген сияқты лексикалық бірліктер жатады. Бұлардың көпшілігі калька жолымен жасалғаны байқалады: төмендегі – нижеследующий, жоғарғы көрсетілген – вышеуказанный, жоғарыда аталмыш –вышеназванный, бекітіледі, тағайын болады – назначается, атына –на имя…

Ресми құжаттық атаулардың тағы бір белгісі, олардың кейбірі термин болып қалыптаса бастағандығында. Мысалы: приказ термині – бұйрық, распоряжение – жарлық, положение – ереже, прошение – арз, арыз, подпись – қол (қою), кибитковладелец – шаңырақ иесі, повинности – олық – солық, чиновник – төре, начальник – ұлық, абақты (лабақты, нобақты) т.б.

«Алғашқы қазақ газеттерінің дүниеге келуіне себептердің ең негізгісі патша админстрациясының бұйрық-жарлығын жергілікті әкімдерге өз тілінде жеткізу болды», — дейді Б.Момынова.

Алғашқы қазақ газеттерінің тілін зерттеген Б.Әбілқасымовтың, Р.Сыздықованың, С.Исаевтың, Б.Момынованың зерттеу еңбектерінде «Дала уалаятының газеті» екі бөлімнен (ресми және ресми емес) тұратындығы, «Бұйрықтар жазылатын бөлімінде» патша үкіметінің жергілікті әкімдерінің қазақтарға қатысты бұйрық –жарлықтары аударылып басылып отыратындығы, ал «басқа бөлігінде» ел басқару, егіншілікті өркендету, сауда хабары, мектеп ашу, мәдениет, оқу –ағарту саласына қатысты мәселелер көтерілгендігі айтылады. /1/

Бұл екі ақпарат құралдары өз кезінде көптеген саяси — әлеуметтік мәселені әр түрлі тақырыпта қозғады.

Өз заманында бір өзі ондаған басылымның (мәселен, күнделікті ақпараттық, әдеби, қоғамдық –саяси, ғылыми, т.б.) рөлін атқарған «Қазақ» газетінің беттерінде іс қағаздарына қатысты статистикалық материалдар, жарнамалар, шағын әрқилы хабарламалар көптеп кездеседі. Мысалы, «Военная цензура» мақаласында: 20 ильде шыққан патшаның әмірі бойынша Россияда шығатын газета, журнал, хат, телеграмм у ғайри басқа баспа һәм жазба сөздер военная цензура туралы шыққан положение бойынша қарамағына тапсырылған. Военная цензураның положениесі деген мобилизация (әскер жию) кезінде һәм соғыс уақытында мемлекеттік соғыс турасындағы мақмұтына қолайсыз почта һәм телеграмм хабарларын жұртқа шашпасқа шығарған положение…» деп баяндай келе, осы заң ережелерімен таныстырған.

«Қазақстан солдат алу туралы» мақаласында: «Қазақстан солдат алу турасындағы газеталарда болған хабарларды өткен нөмірде теріп жаздық. Онан кейін жаңғырыққан хабар кең. Жалғыз –ақ, ұзынқұлақ қазақтан солдат алу турасындағы закон жобасы 87 статья бойынша өтеді екен деген хабар бар» — деп, заң-ережелерімен қоса ақыл-кеңес берген жолдарды оқимыз.

Жаңа үкіметтің жиналыстар һәм союздар туралы қаулысы:

  1. Үйде де ашық, ашық жерде де әдейі сұрамай-ақ, барша Россия азаматтары жиналыс жасауға ерікті.
  2. Шойын жолдар үстінде жиылысу, басқа жолдар үстінде, көшелерде, алаңдарда жүруге бөгет болмаса болды…

Сонымене бірге газет беттерінде әр түрлі хабарландырулар мен жарнама беріліп отырған. Мысалы:

«Учредительное собраниенің члендерінен қаралған комитет өкілдерінің Торғай облысының халқына таратқан жарнамасы:

Торғай облысының халқына!

Әлеумет! Мұнан бірнеше ай бұрын большевиктер қолдағы құралының күшіменен жаңа ғана жүз жылдардан бері самодержавиенің тізесінің астынан бұлқынып шыққан, отанның келешектегі қамын жеуге кірісейін деп тұрған учредительное собраниені қуып жібереді…»

«Дала уалаяты» газеті Дала генерал-губернаторының органы ретінде шығып тұрғандықтан, оның мазмұны екі бөлімнен тұрады: ресми бөлім, ресми емес бөлім. Бірінші бөлімде үкіметтік -әкімшілік өкімдер, лауазымға тағайындау туралы жарлықтар, ал екінші бөлімде тиымға байланысты әр түрлі хабарлар беріліп отырды.

Мысалы, қазақ рәсімдері айдарымен берілген құжаттан үзінді:

«Қазақ сот яғни тексерушілерінің себеп жөндері әуелі бастан қазақ сот дегеніміз халық тексеру соты –дүр. Дәл осылай деп мағынасына қарай ұғылады. 1-ші бітімдері халықтың рәсімдері бойынша қылынады. 2-ші бітірушілері бітер халықтың өздерінің орталарынан сайлап қойған халық арасында би деп аталған адам таза, әділ, ақылды һәм қазақ рәсім, әдеттерін анық жақсы білсе керек: …» деп, рәсімдер тақырыптарға бөлініп көрсетілген. / 2,275/

Алғашқы қазақ газеттері іс қағаздар тілінің дамуына сол кезеңде өз үлестерін қосты.

Әдебиеттер тізімі

  1. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы «Ана тілі». 1993. -320 б.
  2. «Дала уалаяты газеті». – Алматы: Ғылым, 1992. -576 б.
  3. Энциклопедия «Айқын» / Бас редактор Р.Нұрғалиев. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995.