Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі

Мемлекеттік бюджет мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын жасау және оны ұдайы өндіріс пен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсаттарына пайдалану жолымен қоғамдық өнімнің құнын бөлу және қайта бөлу процесінде мемлекет пен қоғамдық өндірістің басқа қатысушылары арасында пайда болатын экономикалық қатынастар болып табылады.

Мемлекет пен кәсіпорындар, ұйымдар және халық арасында пайда болатын қаржылық қатынастар бюджеттік  қатынастар деп аталады. Қаржы қатынастарының негізгі бөлігі ретіндегі бұл қатынастардың ерекшелігі олардың, біріншіден, қоғамдық өндіріс процесінде пайда болуынан, және, екіншіден, орталықтандырылған қаржы ресурстарының қалыптастыру, бөлу және пайдалануға бағытталуынан көрінеді.

Қаржы қатынастарының белгілі бір жиынтығы ретіндегі мемлекеттік бюджетке ең алдымен жалпы қаржы категориясынан ажырататын өзгеше белгілер тән: бюджет қатынастарының бөлгіштік сипаты, әрқашан ақша нысанында жүзеге асырылады, мақсатты ақша қорларын қалыптастыру мен пайдаланумен қосарлана жүреді.Сонымен бірге, бюджет қатынастарына белгілі бір өзіндік ерекшелік тән, алайда ол қаржымен ортақ өзгеше белгілердің шеңберінен шықпайды.

Құндық бөліністің айрықшалықты сферасы ретінде мемлекеттік бюджет мына өзгеше белгілермен сипатталады:

  1. мемлекеттен жалпы қоғамдық өнімнің бір бөлігін оқшауландырумен және оны қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға пайдаланумен байланысты бөлгіштік қатынастардың айрықша экономикалық нысаны болып табылады;
  2. құнды жасау және оны тұтыну процесін шарттастыратын материалдық өндіріс қаржысынан және құнды тұтынуға қызмет ететін өндірістік емес сфера қаржысынан мемлекеттік бюджеттің айырмашылығы ол ұлттық шаруашылықтың салалары, аумақтар, экономикалық секторлары, қоғамдық қызметтің сфералары арасында құнды қайта бөлуге арналған;
  3. қоғамдық өнімнің оның тауар нысанындағы қозғалысымен тікелей байланысты емес құндық бөліністің стадиясын білдіреді және одан белгілі үзілісте жүзеге асырылады, ал қаржы қатынастары материалдық өндірісте де, өндірістік емес сферада да тауар-ақша қатынастарымен тығыз байланыста болады /7,21/.

Мемлекеттік бюджет экономикалық категория ретінде жалпы қаржы сияқты бөлу және бақылау функцияларын орындайды. Бұл функциялардың іс-қимылы, мазмұны, мәні мен маңызы бюджет қатынастарының қаралған айрықшалығымен айқындалады.

Бөлгіштік функцияның іс-әрекетінің өзіндік ерекшелігі сол, қоғамдық өнімнің құны қоғамдық өндірістің сфералары, ұлттық шаруашылықтың секторлары, аумақтар, салалар, жеке шаруашылық жұргізуші субъектілер арасында бөлінеді. Мемлекеттік бюджет арқылы бүгінде Қазақстанның жалпы қоғамдық өнімнің шамамен 10%-ы және жалпы ішкі өнімнің 20%-ы бөлінеді. Сонымен бірге мемлекет қаржысының негізгі буыны ретінде мемлекеттік бюджет бөлгіштік функция шеңберінде қосалқы функцияларды, атап айтқанда: ұлттық табыс пен жалпы ішкі өнімді қайта бөлу; экономиканы мемлекеттік реттеу және ынталандыру; әлеуметтік саясатты қаржымен қамтамасыз ету; ақша қаражаттарының орталықтандырылған қорын жасау және пайдалануға бақылау жасау сияқты сипатты функцияларды орындайды.

Бақылау функциясы бюджет қорларын бөлудің сандық үйлесімдерінде, олардың қоғамдық өндіріс дамудың қажеттіліктеріне сай келетіндігінде, бөлудің ұнамсыз барысынан ауытқуын анықтау және оларды жою мүмкіндігінен көрінеді.

Мемлекеттік бюджеттің сан-қырлы маңызын ескере отырып, оны тек экономикалық категория және мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры ретінде ғана емес, сонымен  бірге негізгі қаржы жоспары, әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеу механизмінің жиынтық ұғымы ретінде қарауға болады. Мәселен, мемлекеттік бюджетте қоғамдағы барлық экономикалық процестер бейнелетіндіктен, сондай-ақ барлық негізгі қаржы институттары – салықтар, мемлекеттің шығыстары, мемлекеттік несие, мемлекеттік қарыздар және т.б. өзінің шоғырланған көрінісін табатындықтан бюджет мемлекеттің негізгі қаржы жоспары ретінде сипатталады. Ол нақты кезеңге, әдетте, бір жылға жасалынады, бюджеттің кірістерін, шығындарын, орталықтандырылған қаржы ресурстарының шешуші бөлігінің қозғалысын анықтайды. Бюджетті негізгі қаржы жоспары деп мойындау оның ұлттық табысты қайта бөлудегі маңызды орнын, сондай-ақ қоғамдық ұдайы өндірістегі айрықша рөлін айқындайды.

Мемлекеттік бюджет ұлттық экономиканы басқарудың басты механизмдерінің бірі. Ол экономикаға мемлекеттің орталықтандырылған ақша  қорын жасау мен пайдаланудың нысандары мен әдістерінің жиынтығы болып табылатын бюджеттік механизм арқылы ықпал етеді. Жалпы экономикаға ықпал етудің құралы ретіндегі бюджеттің рөлі осында көрінеді. Экономиканы реттеу орталықтандырылған ақша қорының сандық көлемін анықтау, оны жасау мен бөлудің нысандары мен әдістерін реттеу, бюджеттің атқарылу процесінде қаржы ресурстарын қайта бөлу жолымен жүзеге асырылады.

Ақырында, мемлекеттік бюджет орындалуы міндетті мемлекет заңдарының бірі болып табылады (мысалы, келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң).

Шығындар мен салықтар арқылы бюджет экономика мен инвестицияларды реттеудің және ынталандырудың, өндіріс тиімділігін арттырудың маңызды құралы болып табылады.

Мемлекеттік бюджет негізгі қаржы категорияларын кіріктіре отырып (салықтар, мемлекеттік несие, мемлекеттік шығыстар) қандай да болмасын мемлекеттің қаржы жүйесінің басты құраушысы болып табылады және қазіргі қоғамда маңызды экономикалық, сонымен бірге саяси рөлді атқарады.

 Мемлекеттік бюджет құрылысы

Мемлекеттік органдардың өздерінің функцияларын орындауы үшін басқарудың барлық деңгейлерінде тиісті қаржы базасы болу керек. Осы мақсатпен әр елде аймақтардың шаруашылығын, әлеуметтік сферасын, әрбір әкімшілік-аумақтық бірліктерді абаттандыруды, заң шығарушы билікті, басқару аппаратын ұстауды және басқа да шараларды қаржыландыру үшін олардың ақша ресурстарын жұмылдыруды қамтамасыз ететін бюджеттер тармақтарының желісі құрылады. Бюджеттердің жекелеген түрлерінің кірістері мен шығындарын қалыптастыру, оларды теңдестіру процесінде заңмен реттеліп отыратын белгілі бір қаржылық өзара қарым-қатынастар пайда болды. Осы элементтердің барлығы – бюджет жүйесін ұйымдастыру мен құрудың қағидаттары, оның буындарының өзара қатынастары мен байланыстарының ұйымдық нысандары, бюджет құқықтарының жиынтығы – бюджет құрылысын құрайды.

Дүниежүзінің әр түрлі елдерінде бюджет құрылысы мемлекеттің құрылысына, аумақтық-әкімшілік бөлінісіне, экономиканың даму деңгейіне және нақтылы мемлекеттің басқа айрықша белгілеріне байланысты өзгешеліктермен ерекшеленеді .

Федеративтік мемлекеттерде бюджет жүйесі үш буыннан тұрады:

  • мемлекеттік, федералдық немесе орталық мемлекеттің бюджеті;
  • федерация мүшелерінің бюджеттері (АҚШ-та – штаттардың, ГФР-да – жерлердің (ландтардың), Канадада – провинциялардың, Ресейде – федерация субъектілерінің бюджеттері);
  • жергілікті бюджеттер.

Унитарлық мемлекеттерде екі буынды бюджет жүйесі қолданылады:

  • орталық (республикалық) бюджет;
  • жергілікті бюджеттер.

Екі жағдайда да бюджеттердің оқшаулану мен дербестігінің түрлі дәрежесі болуы мүмкін, бірақ, әдетте әлеуметтік-экономикалық процестерді басқаруды орталықтандыру деңгейіне байланысты төменгі бюджеттерге қатынасы бойынша белгілі бір реттеуші рөл орталық бюджетте сақталады /4,296/.

Бюджет кодексіне сәйкес, мемлекеттік бюджет – араларындағы өзара өтелетін операцияларды есепке алмағанда, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітуге жатпайтын жиынтық бюджет /Қосымша А/.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік бюджеттің басты бөлігі республикалық бюджетте шоғырланған.

Республикалық бюджет – бұл салықтық және басқа да түсімдер есебінен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясаттың жалпыреспубликалық бағыттарын жүзеге асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры.

Жергілікті бюджет (әкімшілік-аймақтық бірліктердің бюджеттері) – облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеті.

Бюджет кодексімен айқындалған салықтық және басқа да түсімдер есебінен қалыптастырылатын және облыстық деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, оларға ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры облыс бюджеті, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті болып табылады .

Тісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен, жергілікті бюджеттер мәслихаттардың шешімдерімен бекітіледі.

Қазақстан Республикасында төтенше немесе соғыс жағдайында төтенше мемлекеттік бюджеттің әзірленуі, бекілілуі және атқарылуы  мүмкін. Төтенше мемлекеттік бюджетті бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі /1/.

Республикалық және жергілікті бюджеттер кез-келген басқа мемлекеттердегідей Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің орталық буыны болып табылады. Бюджет – мемлекеттің қажетті атрибуты және оның егемендігінің негізі. Бюджеттің көмегімен тиісті мемлекеттік және муниципалдық құрылымдарының ақша қорлары құрылады, бұл қорлар олардың жалпы маңызды міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді, мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функцияларын жүзеге асырудың қаржылық негізін жасайды. Бюджеттерде мемлекеттің қаржы ресурстарының аса ірі бөлігі шоғырландырылады. Бюджетте қаржы ресурстарын шоғырландыру мемлекеттің қаржы саясатын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қажет.

 Мемлекеттік бюджеттің құрамы мен құрылымы

Мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты болып келетін бюджеттің жұмыс жасауы ерекше экономикалық нысандар – бюджеттің кірістері мен шығыстары арқылы болып отырады. Олар құндық бөліністің жеке көздерін білдіреді. Категориялардың екеуі де бюджеттің өзі сияқты объективті және олардың өзгеше қоғамдық арналымы болады: кірістер мемлекетті қажетті ақша қаражаттарымен қамтамасыз етеді, шығыстар орталықтандырылған ресурстарды жалпымемлекеттік қажеттіліктерге сәйкес бөледі.

Кірістер мен шығыстардың құрамы мен құрылымы нақты әлеуметтік-экономикалық және тарихи жағдайларда жүзеге асырылатын мемлекеттік бюджет пен салық саясатын жүргізудің бағыттарына байланысты болады. Бұл кезде мемлекет белгілі бір жағдайларда кірістерді қалыптастырудың және шығыстарды жұмсаудың қолайлы нысандары мен әдістерін пайдаланады.

Дағдыдағыдай, кірістердің көзі салықтар немесе оларға бара-бар төлемдер болап табылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті кірістерінің құрамы мен құрылымы салық төлемдерінің қолданыстағы жүйесімен және салыстырмалы тұрақсыз сипатағы салықтық емес қаражаттардың түсімдерімн айқындалады.

Бюджет кодексіне сәйкес бюджеттің құрылымы мына бөлімдерден тұрады:

  1. кірістер:
  • салықтық түсімдер;
  • салықтық емес түсімдер;
  • негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер;
  • ресми трансферттер түсімдері;
  1. шығындар;
  2. операциялық сальдо;
  3. таза бюджеттік несие беру:
  • бюджеттік несиелер;
  • бюджеттік несиелерді өтеу;
  1. қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдо:
  • қаржы активтерін сатып алу;
  • қаржы активтерін сатудан түскен түсімдер;
  1. бюджет тапшылығы (профициті);
  2. бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану):
  • қарыздар түсімі;
  • қарыздарды өтеу;
  • бюджет қаражаты қалдықтарының қозғалысы /1/.

Бюджеттерді бекіту және бюджеттердің атқарылуы туралы есептерді түзу осы көрсетілген құрылым бойынша жүзеге асырылады.

Бюджеттің кірістері салықтық және басқа міндетті төлемдер, ресми трансферттер, мемлекетке өтеусіз негізде берілетін, қайтарылатын сипатта болмайтын және мемлекеттің қаржы активтерін сатумен байланысты емес, бюджетке есептелуі тиіс ақшалар болып табылады. Салықтық емес түсімдер – бюджетке төленетін міндетті, қайтарылмайтын төлемдер, сондай-ақ ресми трансферттерден басқа, бюджетке өтеусіз негізде берілетін ақша. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге мемлекеттік мекемелерге бекітіліп берілген  мемлекеттік мүлікті, мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды, мемлекет меншігіндегі жер учаскілерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден, мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақшалар жатады. Ресми трансферттердің түсімдері – бұл бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне, Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттердің түсімдері .

Мақсатты трансферттерді қоспағанда, кірістердің нысаналы мақсаты болмайды.

Бюджеттің шығындары – қайтарылмайтын негізде бөлінетін бюджет қаражаттары. Шығындардың қатаң мақсатты арналымы болады.

Бюджет шығындары мынадай түрлерге бөлінеді:

  1. мемлекеттік мекемелердің қызметін қамтамасыз ететін шығындар;
  2. тұрақты сипаты жоқ іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты шығындар;
  3. мемлекеттік тапсырысқа арналған шығындар – мемлекеттік саясатты іске асыру меқсатында (мемлекеттік органдардың өздерінің тұтынуына арналмаған) өндірілетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) мемлекеттік органдардың ақы төлеуі;
  4. жеке тұлғаларға ақшалай төлемдер – қызметкерлерге еңбегі үшін ақшалай төлемдерден басқа, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жеке тұлғаларға ақшалай нысандағы төлемдермен байланысты шығындар;
  5. заңды тұлғаларға субсидиялар – мемлекеттік мекемелер және қоғамдық бірлестіктер болып табылмайтын заңды тұлғаларды өтеусіз және қайтарылмайтан негізде қаржыландыру;
  6. ресми трансферттер – бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына трансферттер төлеу.

Операциялық сальдо бюджет кірістері мен шығындары арасындағы айырма ретінде айқындалады. Бюджет шығындарының бюджет кірістерінен асып түскен сомасы теріс операциялық сальдо, ал бюджет кірістерінің бюджет шығындарынан асып түскен сомасы оң операциялық сальдо болып табылады.

Таза бюджеттік несие беру бюджеттік несиелердің және бюджеттік несиелерді өтеудің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Қаржы активтерімен жасалатын операциялар:

  1. қаржы активтерін сатып алуды;
  2. мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдерді кіріктіреді.

Қаржы активтерін сатып алу – заңды тұлғалардың, соның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерін, бағалы қағаздарын мемлекеттік меншікке сатып алу операцияларымен байланысты бюджет шығыстары.

Мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түскен түсімдер – мемлекеттік меншіктегі заңды тұлғалардың, соның ішінде халықаралық ұйымдардың, мүліктік кешен түріндегі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қатысу үлесін, бағалы қағаздарын, сондай-ақ олардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуіндегі өзге де мемлекеттік меншікті сату жөніндегі операцияларға байланысты бюджетке түсетін түсімдер /4,312/.

Бюджет тапшылығы (профициті) таза бюджеттік несие беруді және қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдоны шегеріп тастағандағы сальдоға тең. Теріс белгімен алынған шама бюджет тапшылығы, оң белгімен алынған шама бюджет профициті болып табылады.

Бюджет тапшылығын қаржыландыру – қарыз алу және бюджт қаражатының бос қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабуды қамтамасыз ету. Оның көлемі алынған қарыздар сомасының, бюджет қаражаты қалдықтары қозғалысының қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасынан асып түсуі ретінде белгіленеді. Бюджет тапшылығын қаржыландыру мәні оң белгімен белгіленеді және бюджет тапшылығының шамасына сай келеді.

Бюджет профицитін падалану – қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бюджет профицитін, қарыздар қаражатын, бюджет қаражатының бос қалдықтарын жұмсау. Оның көлемі қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасының алынған қарыздар және бюджет қаражаты қалдықтарының қозғалысы сомасынан асып түсуі ретінде белгіленеді. Бюджет профицитін пайдалану мәні теріс белгімен белгіленеді және бюджет профицитінің шамасына сай келеді .

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!