ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРНЫ, ТАБИҒАТ ЖАҒДАЙЛАРЫ

Қазақстан Республикасы Еуразияның орталық бөлігінде, Орал тауларынан оңтүстікке қарай, ал оның астанасы – Астана қаласы Еуразия құрылығының географиялық орталығына мейлінше жақын орналасқан.

Қазақстан Ресей Федерациясымен, Түркменстанмен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Қытаймен шектеседі, Каспий теңізіне шыға алады.

Республика аумағы батысында Еділдің төменгі ағысынан шығысында Алтайға дейін, солтүстігінде Батыс-Сібір жазығынан оңтүстігінде Тянь-Шань тауларына дейін созылып, 2 миллион 725 мың шаршы километр жерді алып жатыр. Жер көлемі жағынан Қазақстан дүние жүзінде 9-орын алады.

Республика аумағының басым бөлігі жазық және ойпатты болып келеді. Елдің орталық ауданында Қазақтың шоқылы қыраттары, оңтүстігінде Қазақстан аумағындағы ең биік нүкте – биіктігі 6995 метр болатын Хан тәңірі шыңын қоса алғанда Тянь-Шань тауларының сілемдері жатыр.

Республика аумағы арқылы ағып өтетін, Солтүстік Мұзды мұхит бассейніне жататын шығысындағы – Ертіс, ал солтүстігіндегі – Есіл өзендерін қоспағанда, Қазақстан өзендерінің көпшілігі Каспий, Арал теңіздері мен Балқаш көлінің ішкі тұйық бассейндеріне жатады.

Мұхиттардан қашық, жер аумағының кең болуы және табиғат ерекшеліктері климатының күрт континенталдығы мен аймақтық ерекшеленуіне, жауын-шашын мөлшерінің аз болуына әсер етеді. Республиканың көпшілік жеріне желдің күшті болуы тән. Аумақ төрт табиғи аймаққа – орманды-далалық (солтүстік, шығыс), далалық (солтүстік, шығыс, батыс, орталық), шөлейтті (батыс, орталық, оңтүстік, шығыс) және шөл (батыс, орталық, оңтүстік) аймақтарға бөлінеді.

Қазақстан Республикасының аумағындағы соңғы кездегі дүлей табиғат құбылыстарының қатарына Каспий теңізі деңгейінің одан әрі көтерілуі, жер сілкіністері, гидрометеорологиялық дүлей құбылыстар жатады. Арал теңізі бассейнінің құрғауын және атом полигондары қызметі зардаптарының экологиялық жағынан жайсыз әсерін ең ірі антропогендік зардаптар қатарына жатқызуға болады.

1978 жылы басталған Каспий теңізі деңгейінің көтерілу процесі орташа қарқыны жөнінен жылына 0,14 метр болып үдемелі түрде жалғасып келеді. Теңіздің деңгейі төрт метр дерлік көтерілді.

Республика аумағының үштен бірі сейсмикалық жағынан қауіпті аймақта орналасқан. Оған 6 миллиондай халық тұратын 400-ден астам елді мекен – үлкенді-кішілі қалалар енеді.

Қазақстан аумағының бір бөлігіне желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге ететін ақтүтек борандар және минус 37-38 градусқа дейін төмендейтін үскірік аяздар секілді гидрометеорологиялық дүлей құбылыстар тән.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ

Республика шикізат ресурстарына бай. Қазба байлықтарында іс жүзінде Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кездеседі. Қазақстанда 155 кен орны, тас көмір мен қоңыр көмір, жанғыш тақтатас шығарылатын 102 орны бар. Мұнай мен газ қоры орасан зор. Каспий ойпатында Орталық Азиядағы ең ірі Теңіз мұнай кен орны орналасқан.

Экономикалық даму Қазақстанды бес ірі экономикалық-географиялық аймаққа бөлуге негіз болды.

Батыс Қазақстан экономикалық аймағы мұнай-газ өндіру, өңдеу, мұнай-химия, металлургия, балық өнеркәсібі мен мал шаруашылығына маманданушы аймақ ретінде қалыптасты.

Оңтүстік Қазақстан экономикалық аймағы түсті металлургияға, химия және цемент өнеркәсібіне, суармалы егіншілікке, жүзім өсіру мен қаракөл қой шаруашылығына маманданған.

Орталық Қазақстан экономикалық аймағы көмір мен темір кендерін және басқа да кен байлықтар өндірумен, дамыған металлургия өнеркәсібімен, қуатты отын-энергетика кешенімен ерекшеленеді.

Солтүстік Қазақстан аграрлық-индустриялық аймағында астық, сүт және ет өндірумен қатар, машина жасау, кен өндіру мен кен байыту өнеркәсібі, электр энергиясын өндіру дамытылған.

Шығыс Қазақстан экономикалық аймағы түсті металлургия, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі дамыған орталық болып табылады.

Республикаға шетел инвестициясы молынан тартылуда. 1999 жыл ішінде тікелей шетел инвестициясының көлемі 1 799,3 млн. американ доллары болды. Оның ішінде көлемі жөнінен негізгілері – АҚШ (50,2%), Нидерландия (12,1%), Ұлыбритания (9,0%), Италия (7,0%), Қытай (2,8%), Түркия (1,9%), Оңтүстік Корея (1,6%).

ХАЛҚЫ

Санақ мәліметтері бойынша 1999 жылы Қазақстан халқының саны 14953 мың адам болды. Қазақстанда барлығы 131 ұлттың өкілдері тұрады. Қазақстан халқы құрамының 53,4 проценті – қазақтар, үштен біріне жуығы – орыстар, украиндердің, немістердің, татарлардың, корейлердің және басқа ұлт өкілдерінің үлкен топтары тұрады.

Түркі тілдері тобына жататын қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.

Қазақтар 55 шет елде, соның ішінде бұрынғы КСРО-ның барлық одақтас республикаларында және алыс шетелдегі 41 елде тұрады. Қазақтардың ең көп орналасқан жері – Өзбекстан, мұнда – 967 мың адам, Ресей Федерациясында – 687 мың, Түркменстанда – 87 мың, Қырғызстанда – 42 мың, Украинада – 10 мың, Тәжікстанда – 10 мың, Әзірбайжанда – 4 мың, Грузияда – 3 мың, Молдовада – 2 мың, Латвияда – 1 мың адам тұрады. Алыс шетелдерде, мысалы, Қытайда – 1 млн. 258 мың, Моңғолияда – 83 мың, Ауғанстанда – 28 мың, Түркияда – 20 мың, Иранда – 3 мың қазақ тұрады.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!