Қазақ хандары

Бөкей  Ордасы

Ішкі Қазақ Ордасы (Бөкей Ордасы) — Ресей империясының вассалы ретінде Еділ мен Жайық аралығында 1801 ж. құрылған. Бөкей Ордасы — қазақтардың және әлемдегі ең сөңғы Шыңғысхан ұрпақтарымен меңгерілген мемлекеттік құрылым.Хандық сұлтан Бөкей Нұралыұлының есімімен аталды.Бөкей Ордасы Еділ мен Жайықтың аралығында орналасқан. Солтүстікте Самар губерниясы, шығыста — Орал облысы, оңтүстікте Каспий теңізі батыс жағында — Астарахан губерниясының Царёв, Енотаев және Краснояр уездері. Жер көлемі — 92 144 5 km2 19 ғ. аяғында Астархан меже бөлімі бойынша — 77 624 km2.                                                                           Орда өңірініңдегі дала көпшілігі құмды мен сазды жерден тұрады. Көтеріңкі жерлері төмпелі, ойпаттарда жабындық жерлер орналасады, бірақ кей тұстарда былқылдақ құм бар. Солтүстік жағында (Тарғын, Тал, Камыс-Самар, Калмақ) қара топырақты дала кездеседі, Оңтүстігінде көбінесе құм жайлайды. Оңтүстікте құм төбелерінің арасында құмаршық өсетін ойпаттар кездеседі. Төмпелерде ештеңе өспейді, теңізге жақындағанда тегістеніп кетеді де сорларға айналады. Оңтүстік-батыста Бэр төмпелерікөріне бастайды. Орданың солтүстігінде бірде жалғыз, бірде топтасқан обалар бар, соңғысында әдетте ортасында біреуі ірілеу болады. Ең ірілердің шеңбер диаметрі 30 m шамасына жетеді. Бұл обалар мола екенін қазба жұмыстар дәлелдеді, соның ішінде адам мәйітінен басқа дүние-мүлік табылған, ал кейбіреулерінде зертасты кірпіш қалауы бар.                                                        Хан Жәңгір Бөкей ордасына келген ғалым-зерттеушілерді ерекше құрметпен қабыл алған. Осы өңірде болған Г.С. Карелин, В.И. Даль, т.б. хан үйінің қонақжайлылығына ризашылықтарын естелік — зерттеулерінде жазып көрсетеді. Бұлардан басқа Бөкей ордасында 100-ден астам ресей және шетел зерттеушілері болған.                                                                     1842 ж. Жәңгірдің өтінішімен белгілі картограф, Орыс жағрапиялық қоғамының мүшесі Я.В. Ханыков Бөкей ордасының аумақтық картасын[1] жасайды.   Хандықта Кіші жүзден шыққан 5 мың жанұя болды, 19 ғ. 50 жж. Бөкей ордасында 300 мың адам тұрды (50 мың жанұя).

Бос жатқан [1801 жылы Нұралы ханның екінші ұлы Бөкей сұлтан Орыс патшасына Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы атамекеніне көшіп-қоныстануға рұқсат сұраған өтініш жолдайды. Ресей императоры Павел I Бөкей сұлтанның өтінішін қабыл алып, 1801 ж. наурызыдың 11 былай деген рескриптісін (жарлық) шығарады:

Қырғыз-Қайсақ Кіші ордасының Хан кеңесінің төрағасы Бөкей сұлтан Нұралы хан ұлын өзіме ризашылықпен қабылдаймын, өзі қалаған жеріне көшіп жүруіне рұқсат етемін және менің рахым етуімнің белгісі ретінде қара лентамен мойынға тағатын өз суретім бар алтын медаль тағайындаймын.

Сол жылдың күзінде Бөкей сұлтан өзіне қарасты 5 мың түтін ауылымен Жайықтың ішкі бетіне көшіп-қоныстанады. Тарихта Ішкі Қазақ немесе Бөкей ордасы аталған өлкенің іргесі осылай қаланады.

Елді хан басқарды. Жәңгір-Керей хан кезінде хан билігі абсолютистікке жақын болды. Дегенмен, 1828 ж. сәуірдің 1 хан жанында 12 би кеңесі ұйымдастырылды. Бірінші шақырысындағы болған билер (депутаттар): шеркештен — Мүпәт Айдаболұлы, ноғай-қазақтан — Шомбал Ниязұлы, байбақтыдан — Қонаш Сопақұлы, масқардан — Шора Кедейұлы, беріштен — Бәтке Құдайбергенұлы, алашадан — Алтай Досмұхамедұлы, жаппастан — Көшетұр Мапақұлы, ысықтан — Жантөре Абдалұлы, адайдан — Байту Төменбайұлы, қызылқұрттан — Дуантай Айтуғанұлы, есентемірден — Татан Сәкенбайұлы, таздан — Құдайшүкір Базайұлы, жетірудан (табын, тама, кердері рулаларынан) — Кендірбай Ырысбайұлы және кетеден — Бос Боздайұлы.

Бөкей хандығында хан билігі институты, екі ханның Бөкей хан мен оның баласы Жәңгір ханның басқару кезеңін қосып есептегенде 45 жылға созылды.

Ішкі Орданы қадағалауды Орынбор әскери губернаторы және Россия империясының Сыртқы істер министрлігі іске асырды.

Бөкей хандығы Ресей үшін мал, ет, жүнмен жабдықтаушы болды. Хандықта ақша-тауар қатынасының дамуы қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымының өзгеруіне, рулық-қауымдық шаруашылықтың қалдықтарын жоюға ықпал етті.

Хан Жәңгір Бөкей ордасындағы мал басының санын көбейтіп қана қоймай, оның тұқымын асылдандыруға, әсіресе, жылқы малына үлкен мән береді. Хан ставкасында, Ресейдің Орск, Элиста қалаларында ат көрмелері өткізіліп, ат жарыстары ұйымдастырылып тұрады.

1841 ж. желтоқсанның 6 Нарынқұмда Қазақстан тарихында ең түңғыш қазақша-орысша білім беретін мектеп ашылды. Бұл мектептен есімі елге танылған талай тұлғалар білім алды. Солардың бірі — қазақтан шыққан ғалым-этнограф Мұхамедсалық Бабажанов. Оның қазақтар жөніндегі зерттеулері, тарихи мұралары туралы басылымдары жоғары бағаланып, 1862 жылы Орыс жағрапиялық қоғамының күміс медалімен марапатталады. Жәңгір мектебінен білім бастауын алған жүзден астам ғалым-зерттеушілер, Асан Тайманов сынды жиырмадан астам академиктер шықты.

1844 ж. Қазақ жастарының Ресейдің жоғары оқу орындарында оқуы үшін вакансиялық орындар алынды. Осы уақытта көшпелі және жартылай көшпелі қазақ халқына қызмет ететін дәріхана және емдеу орны, өте сирек кездесетін экспонаттары бар қару-жарақ музейі ашылды.

Бөкей хандығынан шыққан көрнекті композиторлар Құрманғазы мен Дәулеткерей Қазақстанның мәдениеті мен қоғамдық ойының тарихында орасан зор рөл атқарды.

Бөкей хандығы құрылуының алғашқы жылдарынан бастап шұрайлы тәуір жайылымды жерлерде хан өз туыстары мен хан сарайындағы ақсүйектерге бөліп берді. Өйткені Бөкейдің — Ішкі орданың хандары тақты ұзақ ұстап отыра алмайтындарын түсінді.

Жәңгір өз қоластындағы халқының денсаулығына да үлкен көңіл бөліп отырған. 1825 ж. С. Жәнібеков деген қазақты шешекке қарсы екпе жұмысын жүргізуді үйрену үшін оқуға жібереді. 1826 ж. бастап Ордада шешек ауруына қарсы екпе жұмыстары жүргізіледі. 1832 ж. Жәңгір ханның шақыртуымен Хан ставкасына дәрігер А.А. Сергачев келеді. Кейін 1839 ж. тұңғыш дәріхана ашылады. Осы кезеңдерде Ордада В.Ф. Евланов, Пупорев, т. б. дәрігерлер қызмет атқарады. 1852 ж. Ордада 16 кереуеттік қоғамдық аурухана ашылады. Бүл аурухана күні бүгінге дейін сақталып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр.

1832 ж. хан Жәңгір халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, сауда-саттық саласын дамытып, жолға қою мақсатында жәрмеңке ұйымдастырады. Жәрмеңке көктем және күз айларында өткізіліп, оған Ресейдің Сарытау, Мәскеу, Нижний Новгород, т.б. губернияларынан саудагерлер келген. 1846 ж. көктемгі жәрмеңкеге 3883 адам қатысса, 1851 ж. тауар айналымы 1,5 миллион күміс ақша құраған.

Жәңгір бөкейлік қазақтардың өз дінін жоғалтпай, сақтап қалуы үшін 1835 ж. өз үйінің ауласына ерекше архитектуралық үлгімен мешіт салдырады. Ел ішінде оны «Хан мешіті» деп атаған.

Сол кездегі хандықтың құрамына қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Қазтал (Казталовка), Жаңғала, Бөкей ордасы (Орда) аудандары, Атырау облысының Махамбет, Құрманғазы аудандары, көршілес Ресейдің Волгоград облысы Палласовка ауданының, Астархан облысы Құмөзек, Володарский, Қарабайлы аудандарының бір бөлігі енген.

Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы (15-17 ғғ.)

Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде 14-15 ғғ. болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдевІ 15 ғ. 2 жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.

Әсіресе Әбілхайыр(1428-1468) Жошы-Шайбан- Дәулет-Шайх оғланның ұлы хандығы өте нашар еді. Территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты.Бір орталықа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. 30 жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандады. Сыр бойындағы далада Жошы әулетінің Махмұтханы мен Ахметханын(Тоқа Темір тұқымы) жеңді. 1446 жылы Әбілхайыр Темір ұрпақтары мен Ақ Орда хандары ұрпақтарынан Сыр бойы мен Қаратау баурайындағы — Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты қалаларды басып алады. 1457 ж. Үз-Темір тайшы бастапан ойраттардан (жайылым жер іздеген) Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Масқара ауыр шарт жасасып, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілхайыр өз ұлысында , қатал тәртіп шараларын орнатуға кіріседі. Бұл халық бұқарасының оған деге өшпенділігін күшейтті. Нәтижесінде халықтың жартысы Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп барулары еді. Оны Жәнібек пен Керей басқарды.

Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі бұқара феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстарға наразылық ретінде , хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударды. Сөйтіп, 15 ғ. 50-70 жж, яғни 1459ж. Әбілхайыр хандығынан Жетісудың батысына Есенбұға хан иелігіне Шу мен Талас өзендерінің жазықтығына көшіп келді. Олардың қоныс аударуының бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өз ықпалын тигізді. Жетісу рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталыпына айналды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Моголстан ханы Есенбұға өзінің солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланғысы келді. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы. Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы табиғи құбылыс. Мырза Мұхамед хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465-1466 жж.) жатқызады.

Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Бұлардың тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайтуға үлес қосты. Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинапан және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 ж. Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері- оның ұлы Шайх -хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды.

Сыр өңірі мен Қаратау — қазақ хандарының Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандар сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз құқықтарын орнатуға тырысты. Сондай-ақ Сырдың төменгі және орталық сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді.

70-жылдары Сауран, Созақ түбінде, үлкен шайқастар болды. Асыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Осындай шайқастардың бірінде көрнекті қолбасшы Керейдің ұлы Мұрындық болды. Ол 1480 жылдан бастап хан болды. Соның нәтижесінде 15 ғ. 70-ж-да қазақ хандығының шекарасы кеңейе берді. Оңтүстік қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да толастамады. Батыс Жетісудағы иеліктеріне оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің орнығуы, Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға кетуге мәжбүр етті. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды.

Сонымен қазақ хандығының құрылуына ұйтқы болған себептер — саяси және этникалық процестер болды. Оның басты этапы — Керей мен Жәнібектің қол астындағылармен бірге көшпелі өзбектердің басшысы Әбілхайырдан кетіп, Моғолстанның батысына қоныс аударуы. Мұндағы маңызды оқиға — Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың өзбек-қазақтар, кейін тек қазақтар деп аталуы. Әбілхайырдың өлімінен кейін Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына келіп, үкімет билігін басып алуы. Жаңа мемлекеттік бірлестік Қазақстан атана бастады.

16-17 ғғ. қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында «жерді біріктіру» процесін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым.. Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты.Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Ұлы князь 3 Василий (1505-1533) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді.

«Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды.Дегенмен Қасым хан тұсында Қазақ хандығы бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Ол Қасым өлгеннен кейін бірден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушілеріне қарсы одағы қалыптасты.

Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы және мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Таһир (1523-1532) хан болды. Оның айырықша елшілік әне әскери қабілеті болмады. Маңғыт және Монғол хандарымен әскери қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болмады. Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бір бөлігінен айрылып, оның ықпалы тек Жетісуда сақталып қалды. ТаҺир ханның інісі Бұйдаштың (1533-1534) тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ.

16 ғ. 2 ж. әлсіреген хандықты біріктіруде Қасым ханның баласы Ақназар (1538-1580 жж.) өз үлесін қосты. Ноғай Ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өзенінің сол жағындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд- Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді. Ақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Ақназарды у беріп өлтірді.

Ақназардың мұрагері Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайған Шығай (1580-1582) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұқар ханы Абдоллаға келді. Абдолла Шығайға ходжент қаласын сыйға тартып онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшеді.

Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін күресті. 1583 жылы ол бұрынырақ Бұқарамен жасалған шартты бұзып, Сыр бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Андижан, Акси, Самарқанд сияқты қалаларды қазақ хандығына қаратты. Бұқара қаласын қоршауға алған кезде Тәуекел хан жараланып қаза болды. Одан соң хандыққа Есім хан Шығайұлы (1598-1628) билік етті. Ол 1598 жылы Бұқарамен бітім шартын жасасты, шарт бойынша өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойы қалалар мен Ташкент қазақ хандығына бекітіп берілді. Сөйтіп, Сыр бойындағы қалалар үшін, Оңтүстік Қазақстанның жерін кеңейту үшін бір жарым ғасырға созылған күрес біраз бәсеңдеді.Есім хан елді жуасытып бағындыру саясатын жүргізді. МСондықтан ол қанға қан, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, зекет, ұшыр жинау, айып салу және т.б. уағыздады. Халық Есім хан заңдарын “Есім хан салған ескі жол! Деп атады.

16 ғасырда қазақ хандығы солтүстікте құрылған Сібір хандығымен (орталыпы Түмен) шектесті. 1563 жылы Шайбани әулеті мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестен кейін Сібір хандығы Шайбани әулеті Көшім ханның қолына көшті.

Сібір хандығының халқы түркі тілдес қырық рудан құрылған және угар тайпаларының жиынтығынан тұрды. Хандықтың негізгі халқы түркі тілдес «Сібір татарлары» деген атпен белгілі болды. Сібір хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды.1552 ж. Ресей Қазан қаласын жаулап алғаннан кейін, ол Сібір хандығымен көрші болып шықты. 1581 ж. Ермактың сібірге жорығы басталды. Көшім хан жеңілгенмен, Ермак жеңісті баянды ете алмады, ол 1584 ж,. қаза тапты. Бірақ Сібір хандығы да көтерілмеді. Сөйтіп ол 1598 жылы Ресей құрамына енді.

17 ғ. 2 ж. Қазақ хандығының жағдайы нашар болды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып осы аймақта көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұқара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастапан кезде, қазақ хандарының бірі Жәңгір Бұқар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. Жәңгір жоңғарларға қарсы жорықта 1652 ж. қаза тапты. 17 ғ. 90-ж-да жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы бәсеңдеді. Бұл кезде қазақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күшті жүрді.

 1680 ж. Жәңгірдің баласы Тәуке (1680-1718) хан болды. Оның тұсында «Жеті жарғы» деген заңдар жинапы құрастырылды. Жеті жарғы көшпелілердің ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни біревдің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға 1000 қой, әйелге 500); ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылыққа өлім жазасы кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады; денеге зақым келтірсе, оған сәйкес құн төленеді (бас бармақ 100 қой, шынашақ 20 қой); егер әйел ерін өлтірсе өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса жазадан босатылады); төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді; егер ері әйелін өлтірсе, әйел құнын төлейді.

Феодалдық қанау көптеген салық түрін енгізді. Малшыдан зекет, егіншіден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушы хандар болды. Олар тек Шыңғыс тұқымынан шықты. Феодалдық шартты жер иеленушілік, жерге меншіктің тұрақты түрлері, әсіресе Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Сыр бойындағы қалалар аймағында қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлері болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жерді иеленушілер онда тұратын егіншілерден, қолөнершілерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеуметтік-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеуметтік шығу тегі негізге алынды. Жоғары аристократтық топ ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері хандар, сұлтандар, оғландар төрелер, қожалар жатты. Ал басқа халық әл-ауқатына қарамастан қара сүйеккке жатқызылды

Қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары Шалкиіз (15 ғ.), Доспамбет (16 ғ.), Жиембет (17 ғ.). Қазақтың батырлар жыры тарихи оқиғаларға құрылған. Мысалы: Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыс, Ер Сайын, Қамбар батыр дастандары. Ислам діні толық тарады. Араб әліпбиі қолданылды.

Қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі.

18 ғасырда қазақтар үз жүзге бөлініп өмір сүріп жатты. Әр жүздің өз ханы болды. Кіші жүзді Әбілхайыр, Орта жүзде Сәмеке (Шахмұхамед), Ұлы Жүзде -Жолбарыс, Түркістан қаласын астана еткен Үлкен Орданың ханы Тәуке еді. Қазақ жерінде орталықтанған мемлекет болмауын көршілері өз пайдасына шешуді ойлады. Оңтүстік-батыстан Жайық казактарының қолдауымен Еділ бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кіші жүзге тынымсыз шабуыл жасады. Солтүстіктен Сібір казактары тыным бермеді. Орта Азиядағы Бұқара мен хиуа хандықтары да қазақ жерінен дәмелі болды. Олардың бәрінен асып түскен жоңғарлар еді.

16 ғасырдың соңында ойраттар(қалмақтар) төрт тайпалық бірлестіктен тұрды. Олар Тарбағатайдан Шығысқа қарайғы өңірді алып жатқан торғауыттар, Ертістің жоғары ағысында қоныстанған дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының маңындағы хошауыттар, Іле өзенінің жоғары жағындағы шоростар еді.Қазақтар мен ойраттар арасындағы жайылым жер үшін күрес 15 ғасырда-ақ басталды. 16 ғ. соңында ойраттардың шағын бөлігі қазақ ханы Тәуекелге бағынды. 1635 ж. Хонтайшы Батурдың бастауымен Жоңғар хандығы құрылды. Қазақ-жоңғар қатынастары Батур хонтайшы (1634-1654) билік құрған кезде шиеленісе түсті. Онан кейінгі жоңғар хандары (Сенге, халдан) Оңтүстік қазақстанды, маңызды сауда жолдары өтетін қалаларды өздеріне қаратуға тырысты.

1718 жылы Тәуке өліп, орнына Болат хан болды. Оның кезінде қалмақтардың қазақ жеріне жорығы күшейді. Бұл жорықтардың табысты болуына шведтің артиилерия сержанты Иоганн Густав Ренаттың әсері күшті болды. 1709 жылы Полтава түбінде орыстардың қолына түскен Ренат Тобыл қаласына айдалды, осында Ертістің бойында Бухгольцтің экспедициясы құрамында Кереку қаласының маңында 1715 жылы қалмақтарға тұтқынға түседі. 1733 жылға дейін қалмақтардың қолында болды. Ол қалмақтарға зеңбірек құюды, баспахана жасап, әріп құюды үйретеді.Жан-жақты әскери дайындығы бар жоңғарлар 1710-1711 жж. қазақ жеріне басып кіріп соғыс жүргізді. Олар 1717 жылы жазда Аякөз өзені жағасында қазақтардың 30 мың жасағын талқандады. Келесі жылы жоңғарлар қазақтарды Бөген, Шаян, Арыс өзендері бойында тағы да қырады.

1723 жылы ерте көктемде жоңғарлар қазақ жеріне тағы да соғысуға келді. Шуна Дабо деген қалмақ басқарған бұл шайқас екі бағытта жүруі тиіс еді. Бірінші бағыт Қаратауды басып өтіп, Шу мен талас өзендеріне шығу болса, екінші бағыт қазақтарға соққы беріп, Шыршық өзеніне жету болатын. Бұл жоспарды іске асыру үшін әскерлер жеті топқа бөлініп, оның бірі Жетісу Алатауының етегіндегі Балқаш көліне құятын төрт өзеннің бойына топтастырылды. Қалмақтың ірі қолбасшысы Амурсана басқарған 70 мың адамнан тұратын екінші бір тобы Іле өзені бойына, Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағынадғы Кетпен тауы баурайына орналасты.Бейғам отырған қазақтар аямай қырылды. Жоңғарлар Жетісуды, Ұлы жүзді қырып-жойып, Ұлы жүз, Кіші жүз жеріне де жетті. Халық басы ауған жаққа шұбырды. Ұлы Жүз бен Орта Жүздің қазақтары Самарқан пен ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазағы хиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың біразы Сырдың сол жағындағы Алакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңді «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атады. «Елім-ай» деген ән туды.

халық ең соңында бірігудің қажеттігін түсінді. 1728 жылы Әбілхайыр бастапан Кіші жүз жасақтары, Тайлақ батыр, Саурық батыр бастапан әскерлер Ырғыз уезінің оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қалмақтарға қарсы соққы берді.

1730 жылы көктемде Балқаш көлі маңында тағы соғыс басталды. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, сияқты батырлар бастапан қазақ жасақтары жоңғарларға аяусыз соққы берді. Бұл жер кейін «Аңырақай» деп аталып кетті. Шуно Дабо бастапан қалмақтар Іле өзені бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Қазақ жерін азат ету жолындағы соғысты жеңіспен аяқтау үшін Үш жүздің әскерлері Шымкентке таяу Ордабасы деген жерге жиналды. Қолбасшы болып Әбілхайыр мен Бөгенбай сайланды.Осы тұста Тәуке ханның баласы Үлкен Орда иесі Болат хан қайтыс болды. Таққа талас басталды. Болат ханның інісі, Орта Жүздің ханы Сәмеке (Шахмұхамед) тақтан үміткер болды. Сондай-ақ қалмақты қыруда үлкен ерлік танытқан Кіші жүз ханы Әбілхайырда тақтан дәмеленді. Алайда аға хан болып Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбет сайланды. Әбілхайыр бұған наразы болып, майдан шебінен әскерін алып кетті. Сәмеке де Шу бойымен Бетпақдалаға қарай өз әскерін алып кетті. Жоңғарларға қарсы майдан әлсірей бастады. Ұлы Жүздің ханы Жолбарыс жоңғарлармен мәмлеге баруға мәжбүр болды.Осы тұста әрбір жүздің ішінде феодалдың бытыраңқылық күшейді. Кіші жүз сұлтандары Батыр мен Нұралы (Әбілхайырдың баласы) өз алдына ел биледі. Сол сияқты Орта жүзде Күшік пен барақ сұлтандардың да өз иеліктері болды. Қазақ хандығының Бұхара, хиуамен қатынасы да нашар болды. Еділ өзені бойында қалмақтар мен башқұрттар Кіші Жүздің жеріне шабуыл жасап, үнемі қауіп туғызды.

1742 жылы 20 тамызда Ор қаласында Ресей, жоңғар және қарақалпақ, қазақтардың Кіші, Орта және Ұлы жүздің өкілдері қатысқан келіссөз жүргізілді. Онда Ресей өкілі қазақ пен жоңғар арасындағы қақтығысқа байланысты уәж айтпақшы болды. Бірақ жоңғарлар оны тыңдаған жоқ. Олар орыс қамал-бекіністеріне, қазақ қоныстарына жақын жерде 20 мың әскер ұстап, қазақты мазалауын қоймады. Ендігі жерде қазақтар өз күшіне ғана сенуіне тура келді. Осы идеяны орнықтыруға Абылай хан зор күш жұмсады.

1711 жылы дүниеге келген Абылай Уәлиұлының бастапқы есімі Әбілмансұр болды. Ол жастай жетім қалды. 1731 жылы жоңғарлармен шайқаста көзге түсті.Жоңғарияның ханы Қалдан Серен 1745 жылы өліп, оның мұрагерлері таққа таласты. Осы кезде оған Цинь империясы тиісе бастайды. Абылай осы сәтті пайдаланды. Ол сыр бойындағы қалаларды азат етуге кірісті. Ол бұл жорықта қазақ әскерлерін үш топқа бөлді. Оның бірінші тобын Қанжығалы Бөгенбай мен Үмбетей жырау басқарды. Бөгенбай басқарған 10 мың әскер Түркістанның солтүстік жағына, Созақ бекінісіне барып тиісуге тиіс еді.

Екінші қолды Жәнібек батыр басқарды. Оған Тәтіқара жырау қосылды. Олар Сырдың төменгі ағасына қарай кетті. Үшінші негізгі қолды Абылайдың өзі басқарды. Жорыққа қатысушылар Шиелі, Жаңақорған бойымен Түркістанның күнбатыс жағына қарай жылжыды. Бұл топта Қабанбай, Баян, Сырымбет, Малайсары, Жанұзақ болды.Жоңғар әскерін басқарған Қалдан Сереннің ортаншы ұлы Цевен Доржи де өз әскерін үшке бөлді. Ол өзінің басты күшін Абылайға қарай бағыттады. Оның қару-мылтығы, түйе үстіне орнатқан 15 зеңбірегі бар еді. Қазақ жасақтары сойыл, шоқпар, садақпен қаруланды.Цевен Доржи өзінің ауыр қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, Жаңақорғанға бекініп алды. Абылай Жаңақорған бекінісін алуды Қабанбайға тапсырды. Сырымбетті оң жақ қанатқа, Баянды әскердің сол жақ қанатына қойды. Олардың сыртынан үш мың қолы бар Малайсары, Оразымбет батырлардың әскерін топтастырды.Бұл соғыс екі айға созылды. Қазақ әскерлері Жаңақорғанды, Шымкентті жаудан тазартты. Түркістанға дейін жетті. Бөгенбай басқарған әскерлер Созақ пен Сайрамды босатты. Батыр Баян Талас өзеніне дейін барды. Жәнібек батырдың әскерлері қарақалпақ жерін босатып, қалмақтарды Сырдың жоғарғы сапасына шегіндірді. Амалы таусылған Цевен Доржи Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болды.Келісім бойынша Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қалалары Әбілмәмбеттің қарамағына өтті. Түркістан туралы мәселе кейінірек шешілетін болды. Абылой бұл жолғы жеңістерін жоңғар хандығының күйреуінің бастамасы деп есептеді. 1745 жылғы соғыс осымен бітті.Қазақ жерін қалмақтардан толық тазарту мақсатымен Абылай бастапан қазақ жасақтары 1750 жылы жауды жоңғар қақпасы маңында оңдырмай соққы берді.1755 жылы жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кетті. Осыдан кейін 1758 жылы Жоңғар мемлекеті құлады. 1758 ж. Цинь қытайлары Шығыс Түркістандағы қазіргі Синь-Цзянь жерін басып алды. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерімен шектесті. Қытайлар дүркін-дүркін шабуыл жасап қазақтарға тыным бермеді. Абылай келісімге келу туралы Пекинге адамдар жіберді. Сөйтіп, Қытаймен сауда, экономикалық қатынас орнату жолдарын іздестірді. Ол Ресеймен де қарым-қатынас орнатты.

1771 жылы Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін, Түркістанда Абылайды Орта жүздің ханы етіп сайлады. Бір жылдан кейін 1772 жылы вице-канцлер М.Л. Воронцовтың жарлығымен Абылайға арналып Есіл өзеніне таяу жерде Жаңғызтөбеге ағаш үй салынды. Абылай 1780 жылы мамыр айында Ташкентте 69 жасында қайтыс болды. Орнына Уәли сайланды.

Абылай хан (1711-1781)

Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш.Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек.
Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді.
Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
Абылайдың жиырма жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады. Бұл, әрине, Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, Абылайдың 1730-33ж. Болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1730 жылы да, 1731 жылы да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп…» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі. XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.И.Левшин: «1739 ж. Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген»,- деп жазды. Ш.Уәлиханов та осы пікірді қолдайды.
1738-41 ж. Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншылырына бірнеше мәрте соққы берді. 1742 ж. Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында абыржушылық туғызып, Абылайды босатып алу үлкен саяси мәселеге айналады. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасайды. Бұл деректің шындық екенін осы кезеңде Орынбор губернаторы И.Ш.Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттары да дәлелдей түседі. Қазақтың үш жүзінен Толе би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 ж. 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады. Бұл жөнінде Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған хатында қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кете ме деген қауіп те білдірген.
Абылай билігінің күшейге түсуінің жаңа кезеңі 1744ж. Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды.
Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломат жолдарды да тиімді пайдалаңды. 1740 ж. тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісім білдіреді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. Абылай 1745 ж. Қалдан Серен дүние салғаннан кейін, Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және жоңғар-қытай соғысын Шығыс Түркістанмен іргелес өңірдегі ойраттардың уақытша билігінде қалған казақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті. 1745ж. Орта жүздегі Әбілмәмбет, Абылай және Барақ сұлтан қатар аталса, 3-4 жылдан кейін мұндағы жағдай мүлдем өзгерді. 1749ж. тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Бірақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр»,- деп көрсетті.
Жазба деректерде Абылайдың шетел басқыншыларына қарсы табанды соғыс жүргізгендігі айқын көрсетіледі. 1752ж. ол бастаған қазақ әскері шамасы 15-20 мың адамдай ойраттар қолының шабуылына тойтарыс берді. 1753ж. желтоқсанда Абылай 5 мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754ж. сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, (Қаратал өз бйынша), сол жылдың шілде-тамыз айында 4 мың әскермен Жоңғарияға жорық жасап, 3000 қалмақты тұтқынға алып келген. 1756ж. Абылайдың бастауымен қазақтар қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жетеді. 1757ж. Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасынан соң, қытайлар Абылайдан бітім сұрады. 1753-1754 жылдардағы шайқастарға Қабанбай, Бөгенбай, Жанатай, Керей Жәнібек, Өтеген батырлар қысы – жазы үзбестен қатысады. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген дипломатиялық әрекеттері Абылайды өз заманының ұлы қайраткерлері деңгейіне көтерді. Осының нәтижесінде Абылай әскері 1771ж. Мойынты өзенінің бойында болған қалмақтармен ауыр шайқаста жаңа жеңіске жетті.
Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754-55 және 1764 ж. қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарды шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ пен Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755, 1765 жылдары Қырғыз ұлысына қарсы жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды.
Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-67 ж. Абылай қолының қоқан билеушісі Еркенбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды. Екі жүз жылға созылған қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің соңғы жаңғырығы алаш жұртының санасында « шаңды жорық » деген атпен белгілі. Бұл 1771ж. Еділ қалмақтарының жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы соққы береді. Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жібереді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып–жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі Абылай түйінінің аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатыр. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Билікке таласқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргенде де Абылай ел билігін ойлап қынжылып, Төле бимен тізе қоса қимылдап, бұзық сұлтанды жазаға тарту жағында болады.Абылай соғыс жағдайынасай қол астындағы елде, әсіресе, әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болған. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. Абылай қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.
1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды.
Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде 3 мың әскерімен «Қасірет белдеуі» бойындағы орыс бекіністерін шапты.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!